Өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесу барысында жабайы жануарларды, аң-құстарды заңды және заңсыз аулаудың көбейіп кеткендігі себепті олардың кейбір түрлерінің мүлде азайып бара жатқандығы туралы деректерді естідік.
Бүгінгі күні Қазақстанда балықтың 104 түрі, құстың 488 түрі және сүтқоректілердің 175 түрі өмір сүреді. Олардың арасында сүт қоректілердің 34-і, құс түрлерінің 59-ы аңшылықтың негізгі нысанасына айналып отыр екен. Алайда, осы жабайы жан-жануарларды қорғау мәселесінің жүйелі реттелмеуінің және адамдардың қоршаған ортаға келтіріп отырған зиянкес әрекеттерінің салдарынан олардың саны азайып, жойылып бара жатқандығы алаңдатады.
Үкімет тарапынан жабайы жануарларды қорғау, олардың өсімін қамтамасыз ету жұмыстарының әлі де жеткіліксіз екендігін айтуымыз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тек көктем кезінде құстар мен жан-жануарларды атуға уақытша тыйым салу туралы бұйрығы бұл мәселені толыққанды шешпейді.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір Қазақстанның кейбір қорықтарында қасқырлар жоқтың қасы деуге болады. Кезінде жабайы аң-құсқа аса бай болған Сыр бойында осы күндері қоян, арқар, тауешкі, қырғауыл, жабайы шошқа жойылып кетудің алдында тұр.
Жануарлар әлеміне негізгі қауіп-қатерлер адамдар тарапынан жасалып жүрген аңшылық пен браконьерліктің әсерінен болып отыр. Қазіргі таңда, Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, елімізде есепке алынған, тіркеліп, пайдаланылып жүрген 247 мың аңшылық қару бар көрінеді. Әлі де болса тіркелмей, қолда жүрген қарудың бар екендігі де жасырын емес. Көптеген жабайы жануарлар осы факторлардың зардабынан ауып кетіп жатыр. Сандары да жыл өткен сайын азая түсуде.
Хайуанаттар – табиғаттың қайталанбас, генетикалық бірегей туындысы, олардың әрбіреуін толықтай құртып алу дегеніміз – табиғаттың баға жетпес сыйынан айырылумен барабар. Ластанған су мен ауаны да тазартуға, қалпына келтіруге болады, ал жойылып кеткен биологиялық түрді қайта тудыру, дүниеге қайта келтіру мүмкін емес!
Сондықтан осы аса маңызды мәселеге ел Үкіметінен бастап, қалған барлық тиісті мекемелер баса назар аударатын кез келді деп есептейміз. Өйткені, ел экологиясында үлкен рөл атқаратын жабайы жануарлар мен аң-құстардың санын тиімді реттеу мұқтаждығы пайда болып отыр. Оларды қорғау мақсатында кейбір түрлерін атуға, аулауға кемінде бес жылға дейін мораторий жарияланса, нұр үстіне нұр болмақ.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты