• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2017

«Теманы» шешу үшін жүрміз ғой...»

746 рет
көрсетілді

Ол тіпті сөйлемей-ақ түрлі қимыл жасап, бет-бейнесін құбылта бас­тағанда, кө­рермен күл­кіге қарық болады. «Жақ­тырмасаң, жақтырма. Ойыншық па саған, ақ тырна?» дейміз кейде өзімсінген жа­қынға. «Жақында екі клипім шығады» деп мақтанамыз. «Жү­рейін сол боти киіп ап», – деп кергитініміз тағы бар. Аңқау ерлі-зайыптыға кез бол­ған арамза тәуіп те, халықтың жағ­дайынан хабары жоқ шікірейген шенеунік те әлі ес­тен шыға қойған жоқ. Домбырасына үкі орнына түл­кінің те­рісін байлап шығатын мақтаншақ ақын, рухани әлсіздігін жасы­ру үшін мықты боп кө­рінуге тырысатын қуыс кеуде әкім, ауған соғысы ақылын шай­қап жіберген едірең ба­тыр, ұсақ-түйек үшін әйелімен сал­ғы­ласатын мыл­жың күйеу, бас­қа да көптеген бір-б­іріне мүлде ұқ­­самайтын кейіп­керлердің галереясын жасаған бір сатира актері бар болса, ол – Нұржан Төлендиев. Иә, ол біресе даңғой режиссер, біресе бейшара миллионер. Халық оны Тука деп, Қошан деп таниды. «Тема не? Теманы айтсай, шешу үшін жүрміз ғой!» – деп зілденетін оққағардың «қамқоршысы» да жадымызда қап қойған. Ол қандай рөлді ойнаса да, барын салып, жанын салып, ең бастысы – сендіріп ойнайды, күлкінің жеңіл-желпі түрін емес, ызалы, уытты күлкі туғызады, «шынында да, осындай адамдар бар ғой, ә» деген сияқты ойлантып тастайды. Қазіргі «Алдараспан» ойын-сауық отауы­ның басшысы Нұржан Төлендиев халыққа «Шаншар» театры арқылы танылды. Нұржанның белгілі режиссер Райымбек Сейтметов сынды ұстаздың алдын көрген кәсіби актер екенін, Түркістан театрының сахнасында драмалық рөлдерді де сомдағанын былайғы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Екінші мыңжылдықтың басында біздің кейіпкеріміз Түркістан театрының сахнасында драмалық рөлдерді сомдай жүріп те өзін талантты актер ретінде көрсете білді. Жуырда Нұржанмен аз-кем сөйлесудің сәті түсті. Сауалды үнемі гас­трольдерде жүретін өнер адамының уақытқа құрметі жөнінен бастағанбыз. – Уақытты босқа жіберіп алудан асқан өкініш жоқ. Басшылық пен актерлікті қатар алып жүргеннен кейін әрбір атқан таңымды босқа жібермеуге тырысамын, – дейді актер. Түрлі образдар шығару үшін көпшілік ортада көбірек болатынын да айтып қалды. – Сомдайтын бейнелердің бәрін елдің арасынан аламыз. Содан болар, халықтың жүрегіне тез жетеді деген ойдамын. «Нұржан, сенің ана образың менің жездеме ұқсайды екен, мына образың бір туысыма ұқсайды» – деп жатады таныстарым. Мүмкін ұқсайтын да шығар? Әшірбек Сығайдың керемет бір сөзі бар. «Суретші бояуы­на, әнші даусына сенеді. Ал актердің бар сенері – жан дүниесі, жүйкесі, жүрегі». Осы тұрғыдан келгенде шынайы ойнауға тырысамыз, барымызды, жанымызды саламыз. Яғни «сол адамды» алып шығуға әрекет етеміз. Актер қоғамдағы болып жатқан жаңа­лықтарды, оқиғаларды қалт жібермей бақылап отыратынын, әрдайым халықтың талғамымен санасатынын жеткізді. – Арзан күлкіні, асығыс жасалған дүниені халыққа өткізу қиын. Қазір адамдардың бәрі ақылды, көзі ашық. Олардың талғамымен санасу қажет. Бүгін күлкілі болған оқиға дәл ертең күлкілі болмай қалуы ықтимал. Бүгін өзекті болған мәселе біраз уақыт өте келе өзектілігін жоғалтып жатады. Сол үшін біз әрдайым ізденісте жүреміз. Адамдарды күлдіру, халықтың көңілінен шығу оңай емес. Өнер адамының көңілі көктемнің күніне ұқсас. Көктем бірде дауылды, бірде жауынды, бірде шуақты болмай ма? Актер де бірде сыршыл, бірде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды, – дейді кейіпкеріміз. Ізденіс те, халықпен араласу да актер үшін керек дүние ғой. Бірақ, Алла талант бермесе, халық қошеметтеп қол соқпаса, мойындамаса, қанша ізденіп, тер төккеніңнен, адамдардың арасында жүргеніңнен не пайда? Әрине, бұл Нұржанға мүлде қатысы жоқ сөз. Керісінше, ол өз талантымен, шеберлігімен әбден мойын­далған, бұдан кейін де мойындала беретін, халық қошеметтеп қол соғып қарсы алатын актер. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»