Елордада 24-25 қазанда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты XI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.
Конференция қатысушылары қатарында Қазақстанның әр өңірінен келген мұғалімдер, ғалымдар, білім беру мекемелерінің басшылары, сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Норвегия, Нидерланды, Франция, Жапония, Сингапур, Гонконг, Вьетнам, Австралия, Испания, Ресей, Түркия, Армения секілді 17 мемлекеттің өкілдері бар.
Шара барысында қала әкімі Алтай Көлгінов педагог мамандығы - қазір әлемдегі ең маңызды мамандықтардың бірі екенін атап өтті.
«Ұстаз-қоғамдағы басты тұлға. Педагог балаларды тәрбиелеп, білім береді. Баланың тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Жаһандық әлемнің еңбек нарығында болып жатқан трансформациялар әрбір мұғалімді «өмір бойы білім беру» принципін түсінуді және қабылдауды талап етеді. Мұғалімдеріміз әрдайым бір-екі қадам алда болуы керек», - деді А. Көлгінов.
Ал «Назарбаев Зиякерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова баяндамасында ұстаздардың қандай болу керектігіне тоқталды.
«Мұғалімнің дүниетанымы мен өзіндік сезінуі басты қозғаушы күштердің бірі болып табылады. Мұғалім ең алдымен өзіне-өзі сенуі тиіс. Барлық балалардың оқып, дами алатынына, әрқайсысының оқу нәтижелерінің жақсара алатынына сенуі керек, өйткені оның барлығы өзгермелі. «Баланың деңгейі осыдан артпайды» деп бір жақты бағалауға болмайды. Мұғалім өз әрекеттері арқылы оқушыға оны түсініп, қолдайтынын көрсетуі тиіс», деді К. Шәмшидинова
Шара барысында Кембридж университетінің білім беру инновациялары орталығының директоры Коллин МакЛафлин, Израиль Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз, KidZania халықаралық білім беру бағдарламаларының директоры, балалар алдындағы еңбегі үшін Британ империясы орденінің құрметті офицері Гер Граус, Утрехт университетінің профессоры Тео Вуббельс (Нидерланды), Стэнфорд университеті Халықаралық дайындық бағдарламаларының атқарушы директоры (АҚШ) Рик Соммер сияқты белгілі эксперттер мен ғалымдар және білім саласының басқа да әлемдік өкілдері баяндама жасады.
Екікүндік конференция барысында үш пленарлық отырыс, 12 шеберлік сабағы, 24 секциялық отырыс өтеді. Сондай-ақ сала үздіктері 12 бағыт бойынша жүзден астам баяндама, алты семинар, автограф-сессиялар, постер-сессияларға қатысып, білім беру ресурстарының көрмесін тамашалайды.
Жыл сайын халықаралық конференцияда тәжірибе алмасатын және зерттеу нәтижелерін ұсынатын Зияткерлік мектептер мұғалімдерінің, педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өлшеулер және білім беру орталықтары қызметкерлерінің саны артып келеді. Шараның екінші күні халықаралық қазылар алқасы «Үздік постер» және «Үздік презентация» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап, марапаттайды.