Қазақстан астанасында «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы жұмысын аяқтады. Digital Bridge – бұл интернет-компаниялар, технологиялық кәсіпкерлер, венчурлік инвесторлар, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, корпорациялар, IT-мамандар, блогерлер және цифрлы БАҚ үшін өтетін жыл сайынғы форум. Биыл форумға әлемнің 25 елінен 5 мыңнан астам адам қатысты.
Биыл «Digital Bridge» форумы еліміздің жас IT-мамандарын қолдау үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткенін айта кеткен ләзім.
Форум барысында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері халықаралық технопарктерінің дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар техникалық кәсіпкерліктің экожүйесіндегі ғылыми-зерттеу институттары, технопарктер және мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін ШЫҰ елдері технопарктерінің мүмкіндіктерін талқылады. Дөңгелек үстелге Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер, «IT Park Uzbekistan» технопаркінің бас директорының орынбасары Абдулахад Кучкаров, Қырғыз Республикасының Жоғары технологиялар паркінің директоры Алтынбек Исмаилов, «Future Laboratory» бас директоры Иракли Кашибадзе, «Innoland» даму корпорациясының негізін қалаушы Маммад Карим, Қытай Халық Республикасындағы «Сколково» инновациялық орталығының өкілі Евгений Косолапов, Қытай Халық Республикасындағы серіктес. инвесторлар үшін «Angel Labs» акселераторы Тугче Эргул және «Techstars» акселераторының аймақтық менеджері Анураг Малу қатысты.
«Инновацияның шегі, шектеулері жоқ. Біз бірге жұмыс істегіміз, біліммен бөлісіп, стартаптарға мақсаттарға жетуге көмектескіміз келеді. Ешкім толыққанды экожүйені дербес жасай алмайды. Мен жұмыс істеп үлгерген ең үздік стартаптар да жақсы команда мен ресурстарсыз ешқашан дамымаған. Бізде әртүрлі даму деңгейі бар, бірақ бұл жаман емес. Мысалы, Грузиядан біздің нарыққа келетін дамыған нарық ойыншыларын елестету керек. Олар біздің нарықта өте табысты жұмыс істей алады. Өйткені мұнда үлкен бәсекелестік жоқ. Олар осында келіп, стартаптар ашып, оқитын жергілікті тұрғындарды жалдайды. Бұл өз стартаптарын құруға көмектеседі» деді Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер.
«Digital Bridge» алаңында Next Tech Entrepreneur Forum стратегиялық секциясы өтті. Секция шеңберінде «Болашақ білім беру: технологиялар білім беру жүйесін қалай өзгертеді?», «Орталық Азиядағы корпоративтік инновациялар», «Кәсіпкер әйелдер бизнесіндегі табыс құпиялары», «Венчурлік инвестициялар: Стартапты қалай табысты етіп жасауға болады?» және басқа да тақырыптар талқыланды. «Цифрлы экономика үшін кадрлар» сессиясы аясында IT-технологиялар мен білім беру саласының сарапшылары жаңа буынды дайындауға, білімді өзгертуге және кәсіптер әлемін жасанды интеллект арқылы өзгертуге болатынын әңгіме арқауына айналдырды.
«Машиналарды басқару жаңа мүмкіндіктерге әкеледі. 10 жыл бұрын біз машиналармен қалай жұмыс істеу керектігі туралы білімге көңіл аудардық. Бүгінде жасанды интеллект адамның қызметін алмастырды. Бірақ бізге адамдар қажет, бізге осы өзгерістерді басқаратын көшбасшылар қажет», деді 01 Edu System негізін қалаушы Николя Садирак.
«Болашақтың білімі: технологиялар білім беру жүйесін қалай өзгертеді?» сессиясындағы пікір алмасу кезінде Future Laboratory бас директоры Ираклий Кашибадзе өз компаниясының білім берумен және инновациямен айналысатынын жеткізді. Ол зерттеулер нәтижесінде тек Грузияда ғана емес, сонымен қатар әлемде адам білім алу мен оны қалыптастыру процесін қайта ойлау керек деген қорытындыға келгендерін айтады. И.Кашибадзенің айтуынша, адамның нейропластикалық миы бар. Бұл бұрыннан келе жатқан миф. Яғни адам бәрін оқи алады. Осы орайда ол өз кәсіпорнының болашақтың мәселелерін зерттейтініне қуанатынын атап өтті.
Форум аясында IT-қауымдастығы мен цифрландыру жөніндегі бес вице-министр, атап айтқанда, Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев, Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов IТ қоғамдастық өкілдерімен ашық әңгімелесті.
5 CDO Open Talks сессиясы Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінде өтті. CDO немесе Chief Digital Officer дегеніміз – цифрлы трансформацияға жауап беретін менеджерлер. Вице-министрлер сессия кезінде ІТ-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, цифрлы жобаларды іске асырудағы мемлекеттік органдардың ІТ-нарықпен ынтымақтастығын талқылады. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ағымдағы жобаларын іске асырудың қиындығы мен ІТ-нарықтың мемлекетке көмегін ортаға салды.
«Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық IT-компания тіркелген және жұмыс істейді. Бұл компаниялар орындайтын өндіріс көлемі бүгінде 700 млрд теңгені құрайды. IT-нарықта жұмыспен қамту 43 мыңға жуық маманды құрайды. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. IT-нарыққа инвестиция 31 млрд теңгені құрады. Бұл ретте Astana Hub-пен бірге жұмыс істейтін компаниялар салықтық преференциялар алады», деді Абылайхан Оспанов.
«Digital Bridge» аясында биыл серіктес ретінде «Қазақтелеком» АҚ қолдауымен Boost Esports Academy академиясы киберспорт бойынша жарыс өткізді. Counter-Strike: Global Offensive бойынша турнирдің жеңімпазы 100pingGOD’s командасы болды. Турнирдің жүлде қоры 300 мың теңгені құрады. Сонымен қатар форум аясында жыл сайынғы Astana Hub Awards сыйлығы берілді. Жеңімпаздарға сыйлықты Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев тапсырды. Бұл сыйлықтың басты мақсаты – стартаптардың табысты кәсіпкерлік бастамаларын ынталандыру, инновацияларды дамытуға және қолдау инфрақұрылымын нығайтуға жәрдемдесу, сондай-ақ Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету. Биыл Antidolg.kz – «Жылдың ашылымы», Biometric» – «Жылдың IT-стартапы», Рамиль Мухоряпов «Жылдың IT-кәсіпкері» аталымы бойынша марапатталды. Сондай-ақ Astana Hub Battle технологиялық стартаптарының жарысы өтті. Алдын ала өтінімдерді іріктеуден кейін сахнада өнер көрсету құқығын 90 команда алса, олардың 10-ы жартылай финалға өтті. Үздік ондықтан қазылар алқасы үш жеңімпазды таңдады. Финалда сөз сөйлеудің қорытындысы бойынша Astana Hub Battle жеңімпаздары белгілі болды. Оның ішінде бірінші орын – Kid Security – GPS трекинг бойынша қосымшасына берілді, бұл баланың ұялы телефон арқылы орналасқан жерін қадағалауға мүмкіндік береді; екінші орын – Abscrypt – Киберқауіпсіздік бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету; үшінші орын – Antidolg.kz-онлайн-қарыздар бойынша қарыздары бар халыққа көмек көрсетуді ұйымдастыруға маманданған заң қызметін көрсетуге бағытталған.
Форум Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруы бойынша «Зерде «Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің қатысуымен және «Қазақтелеком» АҚ, «Хуавей Текнолоджиз Қазақстан», «Майкрософт Қазақстан» компанияларының қолдауымен өтті.