Ірі мемлекет қайраткері, қазақы білік пен ұлттық болмыс-бітімді санасына жасынан сіңірген замандасымыз Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Амал – ауызбіршілік мерекесі» атты мақаласы қалғыған көңілді сергітерлік, ұлт санасын тағы бір сілкіндірерлік дүние екен.
Ең бастысы – философиялық мағына-мәнісі өте терең, ұқсатуы мен ұстануы келісіп жатса, біздің қазақы мемлекет қана емес, жыл санап жылуы азайып бара жатқан күллі адамзатқа үлгі-өнеге, рухани мызғымас құбыла етіп ұстануға боларлық ұлы Наурыздың мәңгілік, Адамата ұрпағына ортақ идеялық мазмұнын, рухани өнегесін, адамгершілік құбыланамасын еліміздің, ұлтымыздың санасына бүгінгіден гөрі тереңірек, бүгінгіден гөрі жұғымдырақ, бүгінгіден гөрі табиғи, шынайырақ сіңіру қажеттігі өте сәтті баяндалғандығы.
Қазақтың «ашқан қарны тойынып, ашылған етегі жабылғанына» көп болды, бұл – ақымақтан өзгенің бәріне аян нәрсе, бірақ бұл адам үшін, ұлт үшін, мемлекеттің басыбүтін егесіне айналған халық үшін мәңгілік жасаудың, ділі берік, санасы шыңдалған, небір өткелдерден аман өтіп, өз мықтылығын неше мәрте дәлелдеген елдерден құралған, қатері мол, сынағы есепсіз әлем ортасына кеше ғана енген халық үшін мықтылар қоғамында мәңгілік қалуына ұмтылуының әліппесі ғана. Осылай ойлап, осылай сезінгенде ғана мәңгілік ел идеалынан дәметуге болады. Қазір мемлекет үшін ең басты нәрсенің бірі – халықтың рухын шыңдау, оның рухани-мәдени болмысын орнықты етіп қалыптастыру. Бізге белгілі «Рухани жаңғыру», соның құрамдас бөлігіндей «Ұлы даланың жеті қыры» соңғы жылдары тәп-тәуір қолға алынып отырғанының себебі – осы.
Аталмыш мақаланың да түпкі мақсат-мұраты осыған саяды. Наурыз идеясы, әсіресе Амал – осы мұратқа қызмет ете алатын, ұлт рухын өзіне толық табыстыра алатын, күллі халықтың санасын сергітіп, рухын шыңдай алатын дүние. Ендігі мәселе – осыны біліктілікпен халық санасына орнықтыру. Ал бұл оп-оңай нәрсе емес. Үлкен жауапкершілікті, білікті қалайтын жұмыс.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ