• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 01 Желтоқсан, 2023

Күн тәртібінде – ақпараттық қауіпсіздік

142 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы, Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қарады. Сондай-ақ депутаттық сауалдарын жолдады.

 IT мемлекет –  стратегиялық міндет

Отырыс кезінде «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. М.Әшім­баев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар осы заң аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Одан бөлек, төрт кодекске және он заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатымен адамдарға банктік қарыздар мен микронесиелер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқы­ғы беріледі. Бұл шара заңдағы маңыз­ды жаңашылдықтардың бірі болып сана­лады. Сондай-ақ бұған дейін де ай­тыл­ғандай, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпарат­тандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдаланып субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспа­ғанда, жеке басты куәландыратын құжат­тардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу белгіленеді.

«Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауын­да Қазақстанды IT мемлекетке айналдыруды маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселелері­нің маңыздылығы артып отыр. Соған байланысты Парламенттің бір топ депутаты осы заңды әзірледі. Алдағы уақытта ма­құл­данған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңды қарады. Бұл құжат осы сал­а­дағы нормативтік-құқықтық базаны жетіл­діруге бағытталған.

Талқылау нәтижесінде Сенат депутаттары заңды концептуалды түрде қол­дады. Алайда оған бірқатар ұсыныс енгі­зіп, заңды Мәжіліске қайтарды. Нақ­ты айтқанда, сенаторлар елдегі қолай­лы инвестициялық ахуалды сақтау­ға және еліміздің инвестициялық тартым­ды­лығын жақсартуға арналған түзетулер енгізді.

Палата отырысында «Қазақстан Рес­­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжатта кәсіпкерлер үшін қолайлы орта құруға және инвестициялар тартуға бағыт­­талған ережелер бар. Заңнамалық тү­зетулер арнайы экономикалық аймақ­тар­ға қатысушыларды олар іске асыратын жо­баның құнына қарай санаттарға бөлу­ді көздейді. Жобаның құны неғұрлым жоғары болса, кәсіпорынға мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мерзімі де сон­шалық ұзағырақ болады. Мұндай тәсіл АЭА қатысушыларының салық аударым­дары есебінен республикалық және жер­гілікті бюджеттерді толықтыру­ға бағыт­тал­ған. Сондай-ақ жоғары техноло­гиялық, капиталды қажет ететін және инновациялық өндірістерді тартуды ынталандырады.

Еліміз азаматтарына өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауда конституциялық құқықты толық іске асыруға мүмкіндік беру жөніндегі норма да заңға енгізілген маңызды новелла­лардың бірі екенін атап өткен жөн.

«Бұл заңдар Мемлекет басшысы­ның Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсаты­мен әзірленген. Салық кодексінде сот­тарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейін­ге қалдыру тәртібі мен шарттары анық­талады. Бұған қоса, келесі жылдан бастап азаматтар Конституциялық сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемейді. Бұл ережелер сот төрелігіне қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ заңдар аясында салықтық әкімшілендіру­ді одан әрі оңайлатуға және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған нормалар қарастырылған. Талқылау барысында заңға бірқатар түзету енгіздік. Алдағы уақытта осы заңдар еліміздің салық заң­намасын одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М. Әшімбаев.

 

Ұлттық фольклор қойылымдары жеткіліксіз

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жол­­­дады. Мәселен, Руслан Рүстемов ба­лалар театр­лары мен қуыршақ театр­­лары­ның репертуарында ұлттық фольк­лорға негізделген қазақ тіліндегі қойы­лымдардың бол­мауына қатысты мәселені атап өтті.

Депутаттың айтуынша, балаларға үлгі болатын ұлттық фольклор кейіп­керлеріне негізделген бейнелерді белсенді түрде қалыптастыру және насихаттау қажет. Сенатор біздің балалар уақыт өте келе және технологияның дамуына байланысты ұлттық салт-дәстүрден алшақтап бара жатқанына назар аударды. Балаларға арналған ұлттық сапалы шығарма-туындылар топтамасының жетіспеушілігі де байқалып отыр. Сенатор сонымен қатар балалар театрлары мен қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорға негізделген қазақ тіліндегі қо­йы­лымдарының жоқтығына да тоқталды.

«Бірен-саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас ре­жис­серлер, драматургтер, креативті ин­­дус­трия өкілдері отандық балалар дра­­ма­тургиясына баса назар аударғаны жөн. Әдебиетімізде, фольклорымызда та­қы­рып та, мазмұн да, контент те әбден жет­кі­лікті. Тек оны заманауи форматта көп­ші­лікке жеткізу қажет», деді сенатор Рүстемов.

Депутат осыған байланысты Үкімет басшысына ұлттық контентті қалыптас­тыру мәселелеріне стратегиялық тұрғыда мән беруді, сондай-ақ театрлар құры­лысын салу мен балалар мұражайының ашылуына қолдау жасауды ұсынды.

 

Кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселе

Нұрлан Бекназаров Қарағанды облы­сындағы кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, жоғары айыппұлдар­ға, жеке сот орындаушыларына шамадан тыс төлемдерге және салық есептілігіне байланысты түйткілдерге назар аударды. Ол Қарағанды облысындағы кездесулер кезінде кәсіпкерлердің сенаторларға жет­кіз­ген тілектерін жария етті. Айтыл­ған мәсе­лелердің қатарында бизнес субъекті­леріне қатысты реттеушілік ықпал ету мәсе­ле­лері, айыппұлдар мөлшерінің жоғары­лығы, жеке сот орындаушыларына шамадан тыс төлемдер белгілеуі және салық есеп-қисабындағы проблемалар бар.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 2019 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, адам денсаулығына зиян келтірмеген санитарлық-эпидемио­логия саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін, шағын кәсіпкерлік субъектісіне салынатын айыппұлдың мөлшері 20 АЕК-тен 230 АЕК-ке ұлғайды, орта кәсіпкерлік субъектісіне тиісінше 40 АЕК-тен 310 АЕК-ке дейін өсті», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, отандық бизнес пен кәсіпкерлерге қатысты камералық бақылау жүргізу әдістері алаңдатады. Бұл тетік іс жүзінде салық заңнамасын бұзу­дың алдын алу ретінде жұмыс істеуі керек болатын, алайда шағын және орта бизнес өкілдері бұл кәсіпкерлік қыз­метіне араласу құралына айналды деп санайды.

«Камералық бақылау нәтижесі бо­йынша мемлекеттік кірістер органына заң бұзушылық анықталған жағдайда салық төлеушінің банктік шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру және электрондық шот-фактураларды қол­дануға шектеу қою құқығы берілген. Алай­да бұл шектеулер дәлелденген факті­лерге емес, салық заңнамасын бұзған­дығы туралы болжамдарға негізделетіні айтылды. Сондықтан бұл мәселе де өз шешуін талап етеді», деді Н. Бекназаров.

Сонымен бірге Палата отырысын­да сенатор Ольга Булавкина еліміздің шекаралас аймақтарындағы инфрақұры­лымның жай-күйін сынға алса, Сұлтан Дүйсембинов тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша басқару жүйесінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Амангелді Нұғманов Үкіметке жергілікті жерлерде ауқымды жобалар­ды және бағдарламаларды сапалы әрі тиімді іске асыру үшін мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін белсендірек жұмылдыру қажет екенін айтты. Ал Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында ауыр жүктердің салдарынан жолдардың бұзылу проблемасына тоқталды. Депутат бұл бағытта бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында ауыр жүк көліктерін бақылау мен өлшеуді полиция функцияларына қосу жөнінде ұсыныс бар. Сенатор Андрей Лукин әріптестерінің назарын зияткерлік меншік құқығын сақтау, соның ішінде ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасау және пайдалану мәселелеріне аударды.