Бұл маманды арнайы іздеп келетіндер көп. Оның бір себебі, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, тапсырысты сапалы атқаратындығында болса керек. Екіншіден, мұндай маман тапшы. Қызметін жоғары бағалағандардың жарнамасы арқылы қалаға да, өңірдегі аудандарға да танылып үлгерген ол тапсырыссыз қалған емес.
Иә, темірден түйін түйетін шебер болуға қызығатын жастардың қатары сирек екені рас. Десек те Түркістан қаласының тұрғыны Құрбанәлі Расулов токарь болуға бала кезінен қызыққан. Бүгінде жиырма жеті жастағы жігіттің жұмысшы мамандығын таңдап, токарьлық қызмет көрсетіп келе жатқанына он жылға жуықтапты.
«Бала кезімнен әкеме көмекші болдым, қасынан шықпайтынмын. Он екі жасымнан бастап тұрмыстық техникаларды, су шығаратын моторларды, басқа да түрлі техникаларды жөндеуді, олармен жұмыс істеуді үйрене бастадым. Бертінірек әкем токарьлық станок сатып алды. Сол қондырғыда маған көптеген жұмысты үйретті. Жалпы, әкем өз білетінін маған да ерінбей үйретіп, осы бір бейнеткеш мамандықтың қыр-сырын меңгеруіме септігін тигізді. Оған қосымша, интернет кеңістігі арқылы да көп нәрсені оқып-үйрендім. Он жылға жуықтапты, осы іспен айналысып келемін», дейді Құрбанәлі Әбдіманапұлы.
Токарьлық станокта металл мен басқа да материалдарды пайдалана отырып түрлі беттерді, бүйірлік жазықтықтарды өңдеп, кесетін, сондай-ақ бұранда кесу, бұрғылау сынды көптеген операцияларды орындайтын шебер жұмысының оңай еместігін айтады. Сұранысқа ие жоғары деңгейдегі токарь болуға ең кемі екі-үш жылдық тәжірибе керек екен.
«Кез келген өндірісте, құрылыста металл конструкциялар, станоктар, металл бөлшектер қолданылады. Сәтті жұмыс істеп, сенің қызметіңе жүгінген адамдардың сұранысын қанағаттандыруда шебердің дәлдік, ұқыптылық, қара жұмысқа төзімділік сияқты жеке қасиеттері болуы керек. Дәлдігіңіз математика, геометриямен ұштасады, сызу, физиканы да білу маңызды. Мұны айтып отырған себебім, білімі таяздар жұмысшы болады деген теріс түсініктің бары белгілі. Сонымен қатар кез келген токарь физикалық тұрғыда мықты болуға тиіс. Өйткені таңның атысынан станокты маңайлап тізе бүкпей жұмыс істеу оңай шаруа емес. Станок жабдығы жоғары кернеуде жұмыс істейді, жылдам айналатын ыстық металл элементтері көп. Сондықтан қауіпсіздікті сақтау да аса маңызды. Рас, қазіргі таңда токарь өте аз. Жаңа айтып өткенімдей, жұмысы оңай емес. Сондықтан да шығар бұл мамандықты таңдайтындар сирек, сондай-ақ токарьлықты оқытатын оқу орындарының жоқтығын алға тартатындар да бар. Енді бірі жалақысын қанағат тұтпайды», дейді маман жұмысшы.
Құрбанәлі жұмысшы мамандығын таңдағанына өкінбейтінін айтады. Жұмыс істей жүріп, кәсіптік колледжді тәмамдаған оған 3d дизайнері болу жөнінде ұсыныс та түсіпті. Біраз тапсырыс қабылдап, оны орындаған да. Соның арасында кейбір тапсырыстарға байланысты электрмонтажшы да болып істеген. Алайда көп ұзамай токарьлыққа қайта оралған.
«Басқа салаға ауысып көргенім болмаса, бұл мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. Токарьдың жұмысы өте жауапты, күрделі. Берілген тапсырмаларды сызбалар арқылы дәлме-дәл етіп жасап шығару, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған станоктың шуылы, сегіз сағат бойы аяқта тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ тапсырыс берушінің көңілінен шығып, күнделікті өндіріске қажетті бұйым жасап шығарғаныңда бар қиындықты ұмытып, өз кәсібіңнен ләззат аласың. Негізі жастардың, замандастарымның оқып-үйренгені жақсы. Білімін растайтын дипломы болса, жұмысқа кіруі де оңай болады. Осы орайда Президентіміздің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы ертеңгі күнге сенімді нығайтады. Яғни бүгінде тапшы болып отырған жұмысшы мамандықты таңдаушылар қатары артады. Әрине, шеберлерден үйренгендер де жаман болмайды. Жас мамандарға теорияны көбірек зерделеп, үдерістің мәнін терең білу өте маңызды. Қазір әлем күн сайын өзгеріп, даму үстінде. Түрлі курстарға қатысып, токарьлық істің жаңалықтары туралы оқып-үйренуге тырысса, үлкен жетістіктерге жол ашылады. Жалпы, еңбек нарығында токарь мамандары жоғары сұранысқа ие», дейді жұмысшы.
Елімізде кәсіпорындардың, зауыт-фабрикалардың көптеп ашылғанын қалайтын Қ.Расуловқа токарьлықты үйретуін сұранып хабарласатындар да баршылық. Алайда олардың көбісі басқа өңірлерден екен. Яғни қызығушылықтары болғанымен, жердің шалғайлығына байланысты келе алмайды. Дегенмен Құрбанәлі токарьлықты үйренуге ниет еткен жастарға көмектесуге әр кез дайын.
ТҮРКІСТАН