Руханият • 29 Наурыз, 2021

Құнды туынды

987 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорда төрінде орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада ұлт руханияты үшін бағалы туынды – ескі жазба тілінде (қадымша) осыдан жүз отыз жыл бұрын жарық көрген сұлтан Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» атты кітабының қазіргі әріпке түсірілген аударма нұсқасының тұсауы кесілді. Бұл шараға, Парламент Мәжілісінің депутаттары және тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Құнды туынды

 

Маңызды шараны ашып, көпшілікке жолданып отыр­ған аталған туындының қа­­зіргі қазақ қоғамы үшін ма­­ңызы қандай және бұл шы­ғар­ма несімен құнды, деген сұрақ төңірегінде таныс­тырылым жасаған, сонымен қатар кітаптың алғысө­зі­нің авторы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Бас­пасөз хатшысы Берік Уәли шығарманы қа­зі­ргі әріпке түсіріп, оған қоса фак­сими­ле­сін жасауда жас қа­лам­­гер Ербол Ал­шын­бай­дың еңбегі зор екенін айтып өтті.

«Кенесарының жорық жол­дарының картасы және ғы­лыми түсіктемелер жа­сал­ған туындының жарық көруіне демеушілік жасаған Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры. Бұл еңбекте Кенесары хан мен оның әулеті, ұлы Сыдық сұлтан туралы көптеген ғылыми жаңалықтар айналымға еніп отыр. Шығарма ұлттық көз­қараспен жазылған, біздің хал­қымыздың мүддесі тұр­ғы­сынан пайымдалған тарихи еңбек. Жазба авторы әкесі Кенесары хан мен ағасы сұлтан Сыдықтың сан қилы күреспен өткен өмірін көрген, сол күрестердің бел ортасында өзі де жүрген. Қазақтың соңғы ханының жолбарыс­тай жортып өткен өнегелі өмірін, оның еуропалық үлгідегі әскермен бетпе-бет келген кезде, қаруы кемшін түссе де, ерекше әскери айлаларымен талай жеңіске жеткенін біз осы кітаптан көреміз. Бұл кітап Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» еңбегі сияқты қа­зақ тарихын қазақтың көз­қа­расымен, қазақ тарих­шы­сының пайымымен ба­ғам­даған санаулы еңбектің бірі. Кітапты парақтап отырып, бұдан бұрын қазақ тарихы үшін белгісіз болып келген тұлғалар мен тарихи оқиғаларға да кез боламыз. Оның бірі – Ғұбайдолла хан. Кітапта «Абылай хан қайтыс болған соң оның бәйбішесінен туған Ғұбайдолла хан болды. Ол он жыл хандық құрды» деген дерек кездеседі. Со­ны­мен қатар Кенесары хан Қытай мемлекетімен дип­ломатиялық байланыс ор­на­туға тырысып, інісі Құ­дай­мен­ді Саржанұлын Құлжаға елшілікке жібергені айтылады. Бұл дерек тарихшылармыз үшін тың дүние» деді Берік Құрманғалиұлы.

Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы керек. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік берері анық дегеніндей, жиын­да тұсауы кесіліп отыр­ған туынды туралы сөз айтқан Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінің аппарат басшысы Ернат Мұхамадиев, аталған еңбек қазақ тарихы үшін бағалы болары анық, сонымен қатар мұндағы оқиғалар желісі тарихшылар арасында ғана қызығушылық туды­рып қоймай, көпшілік оқырманның жүрегінен де орын алары сөзсіз, деген па­йымын жеткізді.

Сондай-ақ кітапқа рецензия жазып, ғылыми түсі­нік­темелерді орнықтыруға атсалысқан тарих ғы­лым­да­рының докторы Жамбыл Артықбаев мұндағы бастан-аяқ өрілген Сыдық сұлтанның іс-әрекеті ортаазиялық түркі-мұсылман жұртына ортақ құндылық ретінде дә­ріп­тел­уі тиіс. Сондықтан кітап көр­ші өзбек-қырғыз ба­уырлар арасында насихат­талса, өйткені туын­ды­дағы оқи­ғалар туысқан ха­лық­тар­ды ұлт азат­тық күрес жолында біріктіретін «алтын көпір» десе, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай бұл туынды әлем тарихшыларының Кенесары-Сыдық қозғалысын зерт­теуіне шамшырақ бол­ға­нын атап өтті.

Келесі кезекте пікір біл­дірген Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Дархан Мыңбай, мазмұны түркі ха­лық­­тарына ортақ осындай текс­тологиясы сақталған жол­­­­жазбамен жұмыс жасау­да тарихшылардың ортақ ғы­лыми бірлігі керек еке­ніне тоқталса, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы, Ха­лықара­­лық Түркі акаде­мия­сы­ның пре­зиденті Дархан Қыдырәлі: «Бұл кітап ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғына тарту болуы­мен қатар, орта толтырған, олжа салған еңбек. Өйткені тә­уел­сіздік ұлттық сана ар­қы­лы қалыптасса, ұлттық сана тарихи сана арқылы қа­лыптасады. Осы орайда, тұ­са­уы кесіліп отырған туын­ды тарихи сананы ояту тұр­ғы­сынан лайықты еңбек екені анық. Тарихи еңбектің жазылу әдістемесінің өзі қа­зіргі тарихшыларға үлгі бо­лар­лық жағдайда. Сонымен қатар кітаптың өнебойында субьективті пікір, артық ауыз сөз жоқ, оқиғаны бұра тарт­­пай сол қалпында жет­кіз­ген. Шығарманың басты құндылығы – автор оқиға желі­сін кейіпкердің өз аузынан жазып алған және тү­зе­тулер жасап отырған. Оның сыртында Сыдық сұлтан – туысқан түркі ха­лық­та­рын отарсыздандыру идеясы­на біріктіретін және ХІХ ға­сыр­дың екінші жартысында Түркістан ұлт азаттық қозға­лы­сының басында тұрған тұл­ға» деді.

Тілші-ғалым, Шерубай Құрманбайұлының, аталған еңбек қазақтың ескі жазба тілінде жазылған және қа­зір­гі тіл мамандары үшін аса құнды мәліметтер бар. Со­ның бірі сол кезде қол­дан­ған әскери атаулар мен терминдер халқымыздың жауынгерлік тарихын зерт­теу­шілер үшін құнды дүние, деген тұжырымы көкейге қонса, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Сыдық тағдыры трагедияға толы. Әкесі Кенесарының аманатын жалғастырып 15 жыл отарлаушылармен шайқасса, інісі Ахмет сұлтан ресейлік тарапта қызмет атқарса да қазақтың қамын ойлады. Бұл кісінің баласы Әзімхан Кенесарин да алаш мақсаты, идеясы жолында еңбек етті. Осы сабақтастықты ұрпаққа үлгі етудің жолын қарастыру керек» деді.

Расында, Майлықожа ақын «Ахмет сұлтан төре­лер, Ақырғы ханның арты еді» дегеніндей, кітап авторы Ахмет (1842-1888) Кене­сарының бәйбішесі Кү­нім­жаннан туған үш ұлдың кішісі. Ер жеткен соң Қоқан хандығының әскери сапында қызмет жасап, Ре­сей империясы Жетісуды жау­лап алу кезінде олармен шайқасады. 1860 жылы Ұзынағаш маңында болған же­ңілістен кейін Ахмет пен бауыры Тайшық отарлаушылар билігін мойындап, олардың қол астына өтуге өтініш білдіреді. Сырдария шебінің басшысы генерал Дебу сұлтандардың өтінішін қабылдайды. Артынан барар жері қалмаған Сыздық сұлтан да інісі Ахмет Кенесариннің беделінің арқасында ресейлік биліктің кешіріміне қол жет­кізген.

Дәл осы оқиға жайлы Сыр­дария облыстық са­нақ ко­­­миетінің мүшесі Е.Т.Смир­новтың 1888 жылы жаз­­­ған ес­телігі бар. Онда: «Сыз­дық­тың (Сыдық) бізге қарсы дұшпандық әрекеті Хиуа жорығынан кейін көп ұзамай тоқтады. Қазақ халқының өз алдына ел болуы үшін күрескен ең соңғы жауынгер, Қытай әскері Қашқар қаласын алып, Тарым бойындағы Якупбек орнатқан мұсылман мемлекетін жойған соң Қашғар ханы Бекқұлы бекпен бірге, 1877 жылы біздің қол астымызға келіп кірді. 1886 жылы Сыдық сұлтанға өмірбаяныңызды жазып бе­рі­ңіз деп тапсырған едім. Бірақ Сыдықтың жазуға икемі болмады ма кім білсін, істі інісі Ахмет сұл­тан­ға тап­сы­рыпты. Ол ағасы Сы­дық­тың айтуымен 1887 жылы қазақ тілінде жазып әкеліп берді» дейді.

Осы қолжазбаны Смирнов 1888 жылы Ташкент қала­сын­да «Кенесары и Садық» деген атпен Ташкенте орыс тілінде бастырған болатын. Дәл осы нұсқаны жазушы-аудармашы Ғалым Ахмедов 1992 жылы қазақ тіліне аударып, «Жалын» баспасынан шығарғаны бар.

Ал мына тұсауы кесі­ліп отырған кітаптың ерек­ше­лігі – жоғарыда атап өтке­ні­міздей, тұпнұсқадан айна қатесіз қазіргі қазақ тіліне қотарылып, ең бастысы зерт­теушілер салыстыра оқу үшін көне нұсқасы қатар бе­рілуінде.