• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Сәуір, 2019

Алқаптағы жұмыстар жанданды

1129 рет
көрсетілді

Жамбыл өңірінде ақпан айының соңын ала жердің тоңы жібіп, қардың көбесі сөгілді. Наурыз айы келе салысымен-ақ көктемнің самал желі есіп, өңір табиғаты өзгеше күйге енді. Мезгілдің бұл мінезін көпшілік жақсылыққа жорып, биыл егіннің бітік шығатынын, жердің ылғалы мол болатынын айтып жатты. Ал халқымыз «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп бағасын арттырған сәуір айының алғашқы күндерінен бастап-ақ өңірде көктемгі егіс жұмыстары қыза түсті.
Биылғы сәуір айының егін және мал шаруашылығына жай­лы туғаны шаруалардың да тірлігін тіктеуге ыңғайлы бол­ғаны рас. Әрбір шаруа өзінің жыл­дағы дәстүрі бойынша биыл да даладағы егіс жұмыстарын бастап кетті. Облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының мә­ліметінше, өңірде аталған мақ­саттағы жер көлемі – 4,6 мил­лион гектар. Оның ішінде 781,8 мың гектар жер егістік, 182,4 гектар суармалы алқап, 3,9 мың гектар көпжылдық егіс алқабы, 123,5 мың гектар шабындық және 3,5 миллион гектар жер жайылым жерлері болып есептеледі. Биыл өңір ал­дында табиғаттың осынау ен байлығын тиімді пайдалану мәсе­лесі тұр. 

 Бүгінгі таңда асыраушы саланы жылдағыдан да қарқынды дамы­ту мәселесі өзекті. Сол се­беп­ті, облыс тарапынан аудан­дарға берілген тапсырма да ауқымды. Басқарманың мәлі­метіне сүйенсек, биыл дәнді және бұршақты дақылдар жос­пары 310,4 мың гектарға дейін жет­кізіліп, өткен жылғыдан 3,5 пайызға көбейген. Облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Берік Нығ­машев ағымдағы жылы май­лы дақылдарды 3, қант қызыл­шасын 6, картопты 7,6, көкөніс-бақша дақылдарын 1,5, ал мал азығы дақылдарын 1 пайызға арттыру көзделіп отырғанын айтады. 

Жалпы, көктемгі егіс жұмыс­тарының қарқын алуы әкімдікке ғана емес, шаруаларға да тікелей байланысты. Әрбір диқан өзіне белгіленген межені бағындыра алса, жемісінің де жақсы болатыны ақиқат. Бұл орайда өңір аграршылары биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 673,8 мың гек­тар­ға жеткізуді жоспарлап отыр екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда 8 пайызға артық орындалады деген сөз. 

Өңір диқандары биылғы көктемнің жылдағыдан өзгеше болып тұрғанын айтуда. Себебі биыл 103 734 гектар жер жыртылуы тиіс болса, осы уақытқа дейін 93 301 гектар жер егістікке дайын тұр екен. Ал өткен жылы дәл осы уақытта 64 917 гектар жерді ғана жырту мүмкін болыпты. Негізінен Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 397 284 гектар жер дайындалу керек болса, бүгінге 297 766 гектар жер дайын екен. Жамбыл облысында бірқа­­­тар аудандар негізінен ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға қолайл­ы. Ал жері бай, табиғаты бөлек Жуалы ауданы биыл 22 335 гектар жерді жыртуды жос­парласа, әзірге мұның 21 910 гектарын әзірлепті. Бұл мақ­­­сатқа жуалылық шаруалар да ерекше құлшыныс танытып отыр. Сол сияқты өңірдегі Меркі, Шу, Қордай аудандары да жер жыртып, алқапты егіске дайындауда тиісті жұмыстар атқаруда. Ал өңірдегі аудандар бойынша жаздық масақты дақылдар 181 801 гектар жерге жоспарланған болса, бүгінде 159 180 гектар алқапқа дақыл себіліп қойыпты. Жалпы, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қолайлы. Қыс қаһары ерте кетіп, көктем ерте шығатын өңірде енді бірер аптада дала жұмыстары да өз межесіне жетіп қалады.  Жамбыл облысы 
Соңғы жаңалықтар