• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2020

Қияда шыңдалған қазақ

1526 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс оңай келген жоқ.  Өйткені, бұл соғыс адамзатқа ауыр зардабын тигізді. Енді оның салқыны ұмытыла қоймас, сірә! Сол соғыста миллиондардың сүйегі майдан даласында қалды. Миллиондардың үміті үзілді. Миллиондар жесір, миллиондар әкесіз қалды. Өмір өзгерді, заман түзелді дегенмен, соғыс салған жара жазылмайды. Әкесін, атасын, жарын күткендер әлі де күрсінеді, әлі де жүрегі қарс айырылады...

Сұрапыл соғысқа Атыраудан 42 мыңнан астам азамат аттаныпты. Бәрі қан майданда жаумен кескілескен ұрысқа қатысты. Солардың арасынан 13287 боздақ майданда опат болды. Жауға қарсы жан алысып, жан беріскен арпалыстағы ерлігі үшін 3441 атыраулық ордендер және медальдармен марапатталыпты. Көзсіз батырлығы мен жанқиярлығы үшін 9 майдангер Кеңес Одағының Батыры, тағы бесеуі үш дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.  

Дәл осындай жоғары марапатқа ие болмаса да,  жауға қарсы шайқаста тауы шағылмаған, қияда қалықтаған қырандай шыңдалған майдангердің бірі – Айдын  Айбаров.

Майдангер биыл 99-шы көктемін қарсы алды. Бір ғасырға жуық мерзім бұрын Доссорда кіндік қаны тамған еді. Соғыс басталардан бір жыл бұрын Атырау қаласынан орта мектепті бітірді. Бала күнгі арманы –ұшқыш болу.  Құс қанаты талатын көк аспанның «көлігін» меңгеру үшін алдымен  Ақтөбедегі ұшқыштар дайындайтын мектепте оқып, 1941 жылдың  мамырында 40 курсантпен бірге бітірді. Бірақ сол сәтте бір айдан кейін жұмыр жерді алапат соғыс өрті шарпитынын білген жоқ.

Әрине, оны бірден майдан даласына жібермеді. Өйткені, кеңес армиясына әуеден шабуылдайтын білікті ұшқыштар қажет еді. Сондай-ақ, тек әуеден шабуылдап ғана емес, барлау жасайтын  ұшқыштардың  қажеттігі  туындады. Ал, мұндай топ Орынбор қаласындағы ұшқыштар училищесінде дайындалатын. Қазақ жігіті Айдын Айбаров та  бастапқыда Орынбордағы, кейін Пермь қаласындағы әскери училищеде білім алды. Әскери ұшақпен маневр жасауды меңгерді. Әуеден барлаудың қыр-сырына әбден қанықты.

Сөйтіп, 1944  жылы ғана Суворов және Кутузов атындағы шабуылдаушы әуе полкының ұшқыш-барлаушысы атанды. Әскери ұшақты басқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауға батыл кірісті. Әуеден жау ошағына барлау жасады. Белоруссия мен Прусьяны азат етті. Соғыс жылдарындағы  ерлігі еленіп, Екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Жеңіс сағатымен соққанмен, бірден елге оралуына рұқсат берілмеді. Өйткені, 1947 жылға дейін әскери тәртіпке сәйкес, жас ұшқыштарды оқытуға тапсырма алды. Капитан шенінде елге  оралысымен еңбек жолын облыстық  «Социалистік Құрылыс» (бүгінгі «Атырау») газетінде әдеби қызметкер болып жалғастырды.

Жастайынан еңбекқор, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаратын Айдын Айбаровтың іскерлігі облыстық комсомол комитетінің басшыларын қызықтырды. Осылайша, 1949 жылы оның басқару саласындағы еңбек өтілі басталды. Ұйымдастырушылық қабілеті зор майдангер облыстық партия комитетіне шақырылды. Кейін қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы ретінде облыс орталығының өркендеуіне, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына үлесін қосты. Еңбек демалысына шыққанша бірнеше кәсіпорынның партия комитетіне жетекшілік етті.

Бірақ, майдангер өзі туралы айтудан гөрі, өзіне үлгі-өнеге болған ұстаздары жайлы сыр шерткенді қалайды. Бұл абыз жасына жеткен қарияның қарапайымдылығы шығар. Қазір балаларынан өрбіген немере-шөберелеріне ғибратты әңгімесін айтып отырады.

–Бүгінгі ұрпақ соғысты көрмесе екен. Жастарымыз білімді, еңбекқор болса, алар асуы көп болары даусыз. Елімізде тыныштық болсын, -дейді ғасырлық ғибратты ғұмыр иесі Айдын Айбаров.