Елордада жастар UNICEF Talks алаңында өздерінің бастан кешкен оқиғаларын баяндап, қазіргі қоғам үшін маңызды проблемаларды жеңу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Дегенмен сіз өрімдей жастарда қандай өмірлік тәжірибе болуы мүмкін дерсіз... Алайда сөз тізгінін алған 15 пен 24 жас аралығындағы спикерлердің сөзіне зер салсаңыз, түйіп алар ой көп.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Public Talk форматында ұйымдастырған UNICEF Talks жастар конференциясында 8 спикер сөз алды. Алаңға алғаш болып шыққан Алматы қаласының тұрғыны, ашық АИТВ дертіне шалдыққан оқушы Аида көпшілікке мұндай «таңбамен» қалай өмір сүруге болатынын айтып берді. Созылмалы ауруы туралы Аида 6 жасында білген. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінге ауруы туралы білу оңайға соқпады, әрине. Өзгелерді былай қойғанда, тіпті, жақындарының арасында ауруын бетке басып, кемсіткендер болғанын Аида аудиториядан жасырып қалмады.
Стигма тақырыбын Қызылорда облысы «Атамекен» балалар ауылының түлегі, болашақ журналист Ақмарал Сартова жалғастырды. Балалар үйінде тәрбиеленген Ақмарал өткен өмірі туралы бүкпесіз баяндап берді. Әсіресе ол балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздар жөнінде қоғамда қалыптасқан стереотиптер туралы бүкпесіз жеткізді. Қазіргі таңда Ақмарал бұл мәселелермен белсенді түрде күресіп, әлеуметтік, құқықтық жағынан әлсіз балалардың мүддесі мен құқықтарын қорғаумен айналысып келеді.
– Өкінішке қарай, көп адам балалар үйінен шыққандар ұры, залым, бұзақы, жалқау болады деп ойлайды. Мен балалар үйіне 2010 жылы түстім. Анам жүрек талмасынан қайтыс болды. Ол кезде 8 жастамын. Анам қайтқан соң оның туған сіңілісі мені қолына алды. Бірақ олар мені өз баласындай қабылдай қоймады, бір-бірімізбен түсінісе алмадық, ақыры мен ол кісілердің үйінен қашып кеттім. Бала едім, қысты күні мұзда сырғанап ойнап жүрген жерімнен полиция қызметкерлері келіп алып кетті. Уақытша балаларды ұстау орталығына апарды, сонда 3 ай болып, кейін балалар үйіне жіберді. Балалар үйінде 10 жылдан астам уақыт тәрбиелендім. Басында қатты қорықтым. Дегенмен, уақыт өте келе жаңа ортамен танысып, бәріміз бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әрине, балалар үйінде кілең судан таза, сүттен ақ періштелер тұрады деуге болмайды. Бірақ өз отбасында өсетін балалар да әртүрлі болады емес пе?! Сол сияқты балалар үйінде де табиғаты әртүрлі балалар бар. Бірақ олар ерте қиындық көргендіктен, бір-біріне демеу, қамқор болуды біледі, – дейді Ақмарал.
Қаршадай қыз қоғамда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты қалыптасып қалған тағы бір стереотипті атап өтті. Ол – балалар үйінен шыққан бала жұпыны киінуі, бейшара халде болуы керек деген «қағидат».
– Мен ол жақтан кеттім, бірақ балалар үйінде әлі қаншама жеткіншек бар. Қоғамның теріс көзқарасынан сескеніп, барған жерінде әке-шешесіз өсіп жатқанын айтуға қысылатын қанша ұл мен қыз бар?! Олардың еш кінәсі жоқ. Тағдырдың жазуы солай. Балалар үйінде өсіп жатқан ұл мен қыздардың да жүрегі, сезімі бар, олар да өздерін жақсы қырынан көрсеткісі келеді, өмірде өз жолын тауып, жақсылыққа ұмтылғысы келеді. Сондықтан, оларды бөліп-жармай, өз балаларын бауырмалдыққа бейімдеу – ересектердің міндеті, – деп жетім балалардың өмірінен сыр шертті Ақмарал.
Ал жеке наноспутнигін жасауды жоспарлап отырған ҚазҰУ-дың түлегі Өрісім Құдайбергенова инженерлік тек ерлердің ісі деген стереотипті жоққа шығарды. Өрісім – наноспутникті стратосфераға жіберген топтың мүшесі. Ол биыл ұлттық университеттің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша магистрі атанған.
– Бұл мамандықты таңдауыма бала кезден математика, физика, өсе келе жаңа технологияларға, олардың адам баласы үшін ашқан мүмкіндіктеріне деген қызығушылығым түрткі болды. Алайда қоғамда техникалық ғылымдар тек ұлдарға арналған, қыздар бұл сала үшін жаралмаған деген стереотип бар. Өкініштісі осы «жазылмаған қағидаға» қыздар да сеніп, армандарынан ерте бас тартып жатады. Мен қыздарға барлығын тастап осы жолға түссін демеймін, бірақ қазіргідей қарқынды дамып жатқан заманда ғылымнан қалыс қалу дұрыс емес деп санаймын. Адам дами білу керек. Қыздардың техникалық салаға деген қабілеті ұлдардікінен асып түспесе, кем емес. Қандай да бір қабілеті бар ма, оны тұншықтырмай, дамыту керек. Қазір не көп, мүмкіндіктер көп, сол себепті әрдайым ізденісте болу керек. Технология, нақты ғылымдар тек ер азаматтар үшін деу дұрыс көзқарас емес. Қыздардың қолынан келмейтін іс жоқ, – дейді Өрісім Құдайбергенова.
Ал көзі нашар көретін Ақбота Сүлеймен барлық қиындықты жоюға, мүмкіндіктерінің шектелуіне қарамастан, табысқа жетуге болатынын айтады.
– Бала кезімнен сан алуан қиындыққа тап болдым, бірақ кедергілер мен қиындықтар мені жасытқан жоқ, керісінше рухани шыңдалдым. Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған арнайы мектеп-интернатта оқыдым. Қазір өзге адамдарға көмектесетін ұйымда жұмыс істеймін. Басқаларға жәрдемдесу мені шабыттандырады. Армандағанды жақсы көремін, себебі кейде сол армандарыңнан нақты мақсаттар туады, – дейді ол.
Алаңға шыққан Ақбота өзіне 108 мақсаттан тұратын тізім жасап қойғанын айтты. Ең басты мақсатын жігерлі қыз – 2019 жылы жан-жақты дамуым керек деп айқындаған көрінеді. Осылайша, ол қаржылық сауаттылық, актерлік шеберлік, әлеуметтік кәсіпкерлік, бизнес негіздері, SMM және маркетинг, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты тренинг-семинарларға бара бастаған.
– Спортпен де айналыса бастадым. Қазір менде 14 медаль бар. Пара-велоспорттан Қазақстан кубогында 1 және 3-орын алдым, пара-дзюдодан республикалық спартакиадада 3-орын, шоудауннан екі рет 2-орынға ие болдым. Триатлон жарысына да қатыстым. Алматыда өтетін түрлі марафондарға қатысамын. Кітап оқығанды жақсы көремін. Кітап оқығанда кәдімгідей тынысым кеңейгендей болады. Көзім көрмейді деп сылтауратпаймын, кітаптарды AB3715 кітапханасы арқылы тыңдаймын, – дейді Ақбота.
Қазіргі таңда Ақбота «Жан» қоғамдық бірлестігінде жұмыс істейді. Бірлестіктің басты көздегені – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау. Ақбота сол бірлестіктің кеңсе менеджері, СММ менеджері, бухгалтері әрі педагогтердің көмекшісі.
– Таңертең жұмысқа асығамын, өйткені жұмысымның мән-мағынасы бар, өзгелерге көмегі бар. Үнемі тұнжырап, неге мен осындай болып тудым, неге мен әкесіз өстім деп еңсеңді түсіре бергеннен не пайда?! Өмірімді өкінішпен, өкпе-ренішпен емес, барынша қызықты, мәнді өткізгім келеді, – деп Ақбота UNICEF Talks алаңына жиналғандарға үлкен мотивация берді.
UNICEF Talks-тің тағы бір спикері – Семей облысындағы ядролық жарылыстардың зардабын шеккен Диана Мырзағалиева. Ол ЮНИСЕФ-тің волонтері ретінде мүгедек балалардың қоғамда әлеуметтенуі бойынша халықаралық жоба ұйымдастырғанын айтып берді. Оның сөзінше, жоба тәлімгерлерінің көмегімен балалар өз қабілеттерін анықтап, талантын дамыта алады.
«UNICEF Talks-тің мақсаты – балалар мен жастарға өздерінің мүддесін қозғайтын барлық мәселелер бойынша жеке көзқарастарын еркін білдіріп, қоғаммен бөлісу үшін сөз сөйлеуге ашық алаң беру», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
– ЮНИСЕФ-тің ұраны балалар мен жастар туралы кез келген шешім ең алдымен солардың мүддесі, пікірлері ескеріле отырып қабылдануға тиіс дегенді білдіреді. Ол шешім экологиялық саясат, қалалық құрылысты жоспарлау немесе мектептегі тамақтануға қатысты да болуы мүмкін. Біз жастар, болашақта қандай әлемде өмір сүргіміз келетіні жайлы ойланамыз, уайымдаймыз. Біз оны тең құқылы және инклюзивті түрде көреміз. Кез келген шектеуге, кемсітуге және қудалауға жол берілмейтін әлем ретінде көреміз. UNICEF Talks конференциясында спикерлер арқылы осы әлемге – «Ертең» деп аталатын әлемге көз сала алдық. ЮНИСЕФ-пен бірге біз барлық ересектерді әлемді бүгіннен бастап жақсы жаққа қарай өзгертуге шақырамыз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизеннің айтуынша, 20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні – бүкіл әлемді бір мақсатқа біріктіретін күн. «Әрбір бала қауіпсіздікте өмір сүріп, білім алып, өз әлеуетін жүзеге асыруға тиіс. Бұл күні бүкіл әлемде ЮНИСЕФ балалар мен жастардың үні естілуі, олардың пікірімен санасуы үшін көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Көбіне балалардың мүддесіне, олардың пікірін білдіру құқығына қатысты мәселелер қалтарыста қалып қойып жатады. Сол себепті UNICEF Talks алаңында еркін пікір білдіру құқығы жүзеге асырылып отыр. Спикерлер өз идеяларымен бөлісті, ал бұл идеялар қатарластарын шабыттандырады деген сенімдемін», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.