Батыс Қазақстан облысындағы киік саны биыл 2 млн басқа жетуі мүмкін. Мамандар бұл өңірде ақбөкен кеңес заманында 350-400 мың бастан аспағанын айтады. Мемлекеттік қорғаудың нәтижесінде кейінгі жылдары есептен тыс көбейген киік даланың көркі емес, шаруаның дертіне айналып отыр.
Орал популяциясындағы киік жыл сайын төлдер алдында Жәнібек ауданының Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдарының аумағына шоғырланады. Қазір ақбөкеннің 90%-ы негізінен осы ауылдардың маңында жүр. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындар тарапынан шағым көп
Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде осы киік санын реттеу мәселесіне байланысты тағы бір жиын өтті. Басқосуға Астанадан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким, Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директорының міндетін атқарушы Айхан Сұлтан, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Асқар Әбдірахманов, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы өкілі Ерлан Молдашев арнайы келді. Алайда жергілікті халықтың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі жуырда шешілмейтін сияқты.
«Батыс Қазақстан облысы ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша киіктің біздің облысымыздағы оптималдық саны 500 мың бастан аспауы керек. Күні бүгіннің өзінде олардың саны 2 еседен де артып отыр. Биылғы төлдеуден кейін 2 миллионға жетеді деген болжам бар», дейді Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов.
Орал популяциясындағы киік жыл сайын төлдер алдында Жәнібек ауданының Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдарының аумағына шоғырланады. Қазір ақбөкеннің 90%-ы негізінен осы ауылдардың маңында жүр. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындар тарапынан шағым көп. Мөлшерден тыс көбейген жабайы жануар қазір төрт түлік малмен араласып кеткен. Ал киік ішінде түрлі ауру тарағаны, ақбөкеннің кенеге таланып, далада қансырап жатқан көрінісін жергілікті халық бейнежазбаға түсіріп, таратып, дабыл қағып жатыр.
2022 жылы 1 шілдеде Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандарының аумағында 657 мың гектар алаңда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылған еді. Ол жерде 78 адам қызмет етеді. Қазір резерват өз жұмысын бастаған көрінеді. Бірақ ол жерде ашық су көзі жоқ, сондықтан киік те ұзақ тұрақтай алмайды. Қазір мамандар резерват аумағынан су көздерін іздестіруде.
Қ.Есімовтің айтуынша, инспекция қызметкерлері, «Бөкейорда» резерваты, «Охотзоопром» мекемесі және Жәнібек ауданының әкімшілігі бірлесе отырып, киікті резерваттың аумағына бағыттап айдамақ. Ол үшін түрлі кедергі, тосқауыл орнатып, адами ресурсты да пайдаланамыз деп отыр.
«Дегенмен киіктің биологиялық негіздемеде көрсетілген санынан күрт өсуі облыстағы ветеринарлық ахуалға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Себебі жер тапшылығына байланысты киік үй жануарларымен тығыз араласып кетті. Сол себептен олардың бір-біріне түрлі ауру жұқтыру ықтималдылығы артады», деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.
Бұл – әрине, жәй сөз емес. Батыс Қазақстан облысында ғана осы ширек ғасыр ішінде екі мәрте киік қырғыны болған. 2003 жылы елімізде 1 млн киіктен 21 мың бас қана қалған. Ал 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысында ақбөкен тағы да жаппай өліп, 12 мың жануарды жерге көмдік. Екеуінде де апаттың себебі пастереллез деген ауру делінді.
Ақбөкен Еділ мен Жайық арасына сыймай жатқанымен, бүкіл әлемдік, тіпті елдік өлшеммен қарағанда жойылып бара жатқан жануар қатарында тұр. Әлем бойынша киік популяциясының 90%-ы Қазақстанда шоғырланған. Ал осы 90 пайыздың 90 пайызы Батыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі 3-4 аудан аумағына жиналғанына не дерсіз?
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, киікке қатысты түйткіл шетел мамандарының да назарында тұр. Биыл ақпан айының аяғында СИТЕС-ке, Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағының шартына және Жануарлардың қоныс аударатын түрлері туралы конвенцияға сай халықаралық және ұлттық сарапшылар онлайн байланыс арқылы елдегі киік санын реттеу мәселесін талқылаған. Халықаралық ұйымдардың сарапшылары мамыр айында талдау жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысына келгелі жатыр. Одан кейін жұмыс тобы жыл соңына қарай бұл бағытта нақты шешім ұсынуға тиіс. Ал Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің былтыр 28 желтоқсанда шыққан бұйрығы бойынша елімізде киік санын реттеуге 2024 жылға дейін тыйым салынған.
«Сіздер әрдайым «халықаралық қауымдастық не дер екен?» деп жалтақтайсыздар. Біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп келе жатқанымызға ондаған жыл болды. Шетелдік сарапшылар бір мәмілеге келгенше бәрі де кеш болуы мүмкін. Әр жердің өз ерекшелігін, табиғи жағдайын ескеру керек. Ойлап қараңыз, Батыс Қазақстан облысында киік саны биыл 2 млн басқа жетпек. Ал бүкіл облыста мәпелеп бағып отырған қой мен ешкі саны – 1,2 млн ғана. Ауыл халқының, шаруа қожалықтарының жағдайын түсініңіз: мал шаруашылығын дамытып, сол үшін несие алып, шығынға батып отырған фермерлердің жайылымы мен шабындығы оталып жатыр. Әлі күнге мәселенің шешілетін түрі көрінбейді. Біз, осы жерде отырған мамандар, ашынған ауыл халқына не айтамыз?», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қазыбай Бозымов.
Бұл рас. Ауылдағы шаруалардың киіктің кесірінен тартқан шығын есебі қайтпайды. Ол үшін мемлекет тарапынан өтемақы қарастырылмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаменті директорының міндетін атқарушы Айхан Сұлтанның айтуынша, шаруалар шығынын толтырудың жалғыз жолы – сақтандыру. Бірақ «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы өкілі Ерлан Молдашев «даладағы жайылымды сақтандыру біріншіден, шаруалар үшін өте қымбатқа түседі, екіншіден, ол жайылым киіктің кесірінен жарамсыз болғанын дәлелдеу өте қиын, бұл мәселеде сыбайлас жемқорлық қатері өте үлкен, оның үстіне сақтандырудың мұндай түрін халықаралық сақтандыру компаниялары қолдамайды», дейді. Осылайша, ауыл шаруасы өз қайғысымен оңаша қала бермек.
«Ақбөкен мәселесін тек тарихи тұрғыда қарастырып қана оңынан шешуге болады. Бұл мәселе қайдан шықты? Неге осыдан 30-40 жыл бұрын мұндай мәселе болған жоқ? Өйткені киіктің бұрын жайлаған жері, бауыр басқан өлкесі Нарын құмы, Қамыс – Самар көлдерінің аумағы, Тайпақ даласы еді. Кейінгі ондаған жыл бойы ол жақта су азайды. Қамыс – Самар көлдері құрғап қалды. Ресей Федерациясы аумағынан Еділ өзенінен, Қараөзен мен Сарыөзеннен келетін су көлемі азайды. Мәселенің мәнін осы жақтан іздеу керек. Бұл жағдайды кешенді түрде қарастырмаса болмайды. Біз ақбөкеннің Орал популяциясының санын қалай реттеуге болатынын жан-жақты зерттеп, өз тұжырымдамамызды ұсындық. Алайда тиісті министрліктер тарапынан еш жауап ала алмай отырмыз», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаров.
Т.Сатқалиұлының «Былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі, облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен дайындалған тұжырымдама бойынша не атқарылатын болды?» деген сұрағына Андрей Ким «барлық ұсыным егжей-тегжейлі зерттеліп жатқанын» айтып, «бірақ бәрібір дүниежүзілік қауымдастық пікірін ескеру керек» деп жауап берді.
«Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысының далалық аймағында су тапшылығы анық сезіліп отыр. Соның кесірінен шұрайлы жерлер азайып, қуаңшылық жайлап барады. Оңтүстік аудандарда су көзі азайған соң ақбөкен де солтүстікке қарай жылжи бастады. Су көздерін барлау арқылы киікті бұрынғы ареалына қайтаруды көздеп отырмыз. Шаруалар ақбөкеннің жайылым мен шабындықты таптап, егін өсіруге зиянын тигізіп отырғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Бірақ киіктің ауыл шаруашылығына келтірген залалын өтеуге байланысты нақты әдістеме жоқ. Мұндай механизм әлемдік қауымдастық тәжірибесінде де қарастырылмаған. Киік аулауға рұқсат берілгеннен кейін оның дериваттарын өңдеу жайын әлі пысықтай түсуіміз керек. Сондықтан халықаралық сарапшыларды тартып, киік популяциясын реттеуге байланысты үшжылдық бағдарлама қабылдауды жоспарлап отырмыз», дейді облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев.
Енді көп кешікпей киік төлдей бастайды. Орал популяциясының саны 2 млн басқа жетеді дейді мамандар. Бұрын әсем әнге, әдемі теңеуге ғана арқау болған ақбөкен кейінгі жылдары Ақжайық өлкесінде ащы айғай мен ашу-ызаға өзек болды. Кім кінәлі?
Батыс Қазақстан облысы