• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 27 Шілде, 2023

Шетелде танымал тауарлар

365 рет
көрсетілді

Үкіметтің алдын ала деректеріне сәйкес биылғы қаңтар-мамырда еліміз шетелге 31,6 млрд доллардың тауарын саудалаған. Соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ға, яғни 10,2 млрд долларға дейін ұлғайыпты. Дегенмен шикізаттық емес өнім экспортының оң динамикасы тұрақты түрде ілгерілеп отыруға тиіс.

Жаңа нарықтарға шығу барысында сақтандыруды қажет ететін түрлі тәуекел ілесіп жүреді. Сондықтан экспорттық несие агенттіктері түрлі елдің компаниялары арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар сауда серіктестері арасында жүзеге асырылатын мәмілелердің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге көмек­те­седі. Бізде отандық компанияларды нарықта жылжытумен экспорттық мәмі­лелерді сүйемелдеуде көпжылдық тәжі­ри­бесі бар «Бәйтерек» ҰБХ еншілес компаниясы ‒ «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы айналысады.

Компания мәліметінше, 2016 жылдан бері ол 200-ден астам отандық экспорттаушыға 845,3 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Соңғы үш жылда компания отандық өндірушілердің 599 млрд теңгеге жуық экспорттық жеткізілімдеріне қолдау танытқан. Өткен жылы шикізаттық емес тауарларды шетелге жеткізетін отандық кәсіпорындар «KazakhExport» компаниясынан 259,1 млрд теңге көлемінде көмек алды. Қазірде еліміздің тауар жеткізу географиясы тек Ресеймен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен, Қырғызстанмен шектелмейді. Бұл сондай-ақ Қытай, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Түрікменстан, Литва, Украина, Польша, Беларусь, Германия және басқа да елдерді қамтиды. Бұл ретте KazakhExport қолдауымен отан­дық өндірушілер өз тауарларын экс­порт­­тайтын топ-5 ел ұсынылған. Соңғы үш жылда компания тарапынан қабыл­дан­ған міндеттемелер көлемі бойынша экспорттық бағыттар тізіміне Өзбекстан (102,2 млрд теңге), Ресей (80,7 млрд теңге) және Тәжікстан (шамамен 11 млрд теңге), Қырғызстан (5,4 млрд теңге) және Украина (2,3 млрд теңге) кірді.

«KazakhExport» құралдары экспорт­таушылардың нақты қажеттіліктерін негізге ала отырып, экспорттық-кредиттік агенттіктердің халықаралық тәжірибесіне сүйену арқылы қолданылады. Компания желісінде кәсіпкерлердің нақты қажет­ті­ліктеріне сәйкес 18 қаржы және сақ­тан­дыру құралы бар. Олардың бас­ты мақсаты ‒ мәмілелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық экспортты дамытуды ынталандыру. Мысалы, экспорттық несиені сақтандыру құралы экспорттаушыны төлемді кейінге қалдыра отырып, өнімді, жұмыстарды/қызметтерді өткізу кезінде шетелдік тапсырыс беруші тарапынан төлемей қою қаупінен қорғайды. Сол секілді экспорт алдындағы қаржыландыру тетігі экспорттаушыға өнім өндіру немесе жұмыстарды/ қызметтерді орындау үшін төмендетілген сыйақы мөлшерлемесі бо­йынша айналым қаражатын толықтыруға көмектеседі. Қарыздарды сақтандыру қаржы инс­титутына қарыз шарты бо­йынша экспорттаушының міндеттемелерін орындамау тәуекелінен қорғауды, ал экспорттаушыға кепілмен қамтамасыз ету жетіспеген кезде қаржыландыруды алу мүмкіндігін береді. Сауда-саттықты қаржыландыру шетелдік компанияларға отандық тауарларды еліміздің банктері арқылы аккредитивтік есеп айырысу нысаны бойынша сатып алу үшін беріледі. Қысқамерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру экспорттаушы үшін төлемді кейінге қалдыру арқылы экспорттық келісімшарттардың бүкіл портфелін сақтандыруға жағдай жасайды.

Отандық экспорттаушылар көбіне айналым қаражатын толықтыру кезінде қаржылық қолдау қызметіне жүгінеді. Мысалы, бұл құралды «АГФ Групп» өндірістік комбинаты пайдаланып, экспорттық сақтандыру компаниясының қолдауы есебінен қосымша тігін жабдығын сатып алды. Сондай-ақ өндіруші IKEA-ға тоқыма өнімдерін жеткізу бойынша міндеттемелерді орындау үшін айналым қаражатын толықтырды. Жобалау-құрылыс саласындағы отандық компания ‒ «AAEngineering Group» «KazakhExport» ұсынған қолдау аясында Қырғызстандағы Джеруй кен орнында алтын өндіру фабрикасын салу бойынша ЕРС-келісімшартын жасады. Келісімшартты орындау үшін ҚДБ «KazakhExport» сақтандыру өтемімен 10,75 млн доллар және 2 27 млн доллар экспорттық банктік кепілдіктер шығарды. Компанияны қолдау «KazakhExport» сақтандыру өтемімен лизингтік қаржы­лан­дыру схемасы бойынша отандық тауар­лардың экспортына байланысты халық­аралық деңгейдегі алғашқы ірі жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. Әңгіме «Локомотив құрастыру зауыты» өндіретін және «Әзербайжан темір жолдары» мен «ҚДБ-Лизинг» арасында қол қойылған қаржылық лизинг шартына сәйкес жеткізілген тепловоздар туралы болып отыр. Бұл жобаны ҚДБ енші­лес­ ұйымы «KazakhExport» сақтандыру өтемі­мен­ қаржыландырды.

Жалпы, еліміздің экспортты игеріп жатқан тауарлар құрылымы негізінен мұнай, металдар және басқа да ресурстардан тұратыны мәлім. Дегенмен соңғы кездері шикізаттық емес тауарлардың экспорты ұлғайып келеді. 2022 жылы шикізаттық емес өнімдерді шетелге жеткізу көлемі ел экспортының үштен бірін – 26,5 млрд долларды құрады. Мысалы, отандық кілемдерді Біріккен Араб Әмірліктерінің дүкендерінен кездестіруге болады. Біздің зауыттар шығарған өсімдік майлары Германия, Польша, Бельгия және басқа да елдерде сатылады. Қытайда отандық азық-түлік өнімдері ерекше танымал. Компанияларымыз сыртқы саудада машина жасау және металлургия, қызмет көрсету, химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынады. Сусындар, тұз, ұн, жарма, крахмал, май-тоңмай, шұжық, ет, кондитерлік өнімдер жоғары сұранысқа ие. Әрине, еуропалық және азиялық нарықтарға шығуда өнім сапасына қойылатын талаптар күшейеді, жаңа, әдеттен тыс бизнес-ортада жұмыс істеуге бейімделуге тура келеді.

Өткен жыл экономикалық жағынан да, геосаяси тұрғыдан да күрделі болды. «KazakhExport» экспорттаушыларды қол­дау бойынша негізгі операцияларды жүзе­ге асыратын ресейлік үш банкпен серік­тестікті тоқтатты. Сауда-саттықты қаржы­ландыру бойынша Ресей нарығына бұ­рын болған рубльмен қолдау көлеміне ора­лу мүмкін емес. Бұл негізгі ресейлік банк­тердің санкцияларына байланыс­ты. Сондай-ақ біздің банктер Ресейдің санк­цияға ұшырамаған банктерімен де­ ынтымақтастықтан тартынып отыр. Сон­дықтан экспорттық жұмыс негізінен Орта­лық Азия елдеріне бағдарланды. Был­тыр көптеген елдің экспорты­ тұрақ­сыз экономикалық жағдайға байланысты айтарлықтай төмендесе, кейіннен ком­па­ниялар өзгерістерді еңсеріп, сырт­қы­ сауда операцияларын қалпына келтіре алды.