Қазақта адамның мінезі мен ниетінің қалай болмағын Абайдай айтқан адам бар болса да, сирек. Тұтас халық үшін қамыққан, бүтін ұлтқа ақыл тереңдігімен рухани көсем болған Абай адамға қайрат пен ақыл, әділет пен шапағат жарасатынын айтады. Осы қасиеттері түгел адам шынайы адам болмақ. Мұндағы айтпағымыз – бойында кісілік қасиеттері түгел, дәуірінің дарабозына һәм көптің құрметіне бөленіп, есімі мен еңбегі туған халқымен бірге жасасып келе жатқан ардақты қайраткер азамат Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов турасында.
Осы тарихи тұлға жөніндегі еңбектерге, пікірлерге назар аударсақ, нағыз адам мен үлкен қайраткердің өнегелі ғұмыры көз алдымызға елестейді. Топырағы мен ауасына сан ғасырлардың тағылымы сіңген, үзілмес өнегесі дарыған, өзі «Мен – Түркістанның түлегімін» деп жазғанындай көне Йассы, қасиетті Түркістан жерінде бұдан тура бір ғасыр бұрын дүние есігін ашқан. Аяулы азаматтың барша өмірі қазақ халқы үшін қиындыққа толы жылдарға сәйкеседі. Ойлап қарасақ, ол кісінің бірінші мүшелінде 1917 жылы бүкіл дүниені өзгертуге серпін берген Ақпан және Қазан төңкерістері болыпты. Сонымен қоймай Нұртас Дәндібайұлы өзі «Қысқаша өмірбаяным» атты жазбасында: «1917 жыл бір тамшы жауын болмай, қатты құрғақшылық болды. Жылына екі рет таситын Сырдарияның суы сағасынан шықпай қалды. Қанша елді және оның миллиондаған бас малын асырап келген егістіктері, майса шабындықтары, байтақ жайылымдары шөлге айналды, қыс аса қатты болды. Осылар сияқты жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Біздің әкеміз де бірнеше балалары-немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Бұл сұмдық қаралы жыл – «Ақтабан шұбырындыдай» қазақ халқының есінде «Жылан жылы» деп аталып тарихта қалды» деп жазыпты. Осындай қиындықтар бала кезінен оны шынықтырды, төзімділікке, мехнатты еңбекке үйретті. Содан 1920 жылдары және 1930 жылдардың ортасына дейін білім алды. Сөйтіп, еңбекқорлық пен білімге деген құштарлық оны азамат ретінде де, қайраткер ретінде де бүгін біз білетін һәм құрметтейтін үлкен биікке көтерді.
Нұртас Оңдасыновтың саяси және қоғамдық қызметімен бірге туған тілімізге жасаған еңбегі де орасан деп білемін. Ол кісі әлі де өзектілігін сақтаған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» құрастырды, сондай-ақ бірнеше мақала жазды. Тілге арналған мақаласында: «Осымен қатар тағы бір айта кететін нәрсе – ғылым дамыған сайын оның салалары жіктеле беретіні. Бұл үдеріс алуан түрлі ғылымның өзара байланыстары мен қатынастарын тереңдете түседі», дейді. Біздің ойымызша, бұл – үлкен көрегендік. Себебі қазіргі зерттеулердің дамуы екі немесе үш ғылымның түйісіндегі ғылымдардың қалыптасуына әкеледі. Соған орай ұғымдар да пайда болады. Бұл терминологияға тікелей ықпалын жасайды. Міне, осы мәселені бұл кісі осыдан жарты ғасырдай уақыт бұрын айтқан екен. Сондай-ақ қайраткердің қазақ тілі емлесіне байланысты қызықты әрі өзекті ойларын «Алдымен қазақ тілінің емлесінше бірге және бөлек жазылатын сөздері туралы» мақаласынан оқимыз. Аталған мақаласында тілдің емлелік мәселелерін орынды көтерген. Біздің білуімізше, мұндай мәселе – әлі де күн тәртібінде. Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған Республикалық орфографиялық комиссия осындай міндеттерді орайымен шешеді деп ойлаймыз. Бұған қоса қайраткердің қазақ терминологиясы жөнінде, әсіресе ана тіліміздегі сөздерді терминдерге айналдыру туралы ойлары аса қызғылықты.
Нұртас Оңдасыновтың үлкен қайраткер ретінде атқарған тарихи еңбегінің бірегейі – қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетін ашуға тікелей ұйытқы болуы. Қыздар институты ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ашылып, міне, содан бері мыңдаған қазақ қызының негізгі, еңселі білім ордасына айналды. Биыл 80 жылдығын атап жатқан еліміздегі іргелі оқу орны бүгінде сан буын ұрпақты тәрбиелеген тәрбие мен білімнің, ғылымның үлкен ордасына айналғанын баршамыз жақсы білеміз. Осы оқу орнының түлегі ретінде өзім де сол Нұртас ағаның жақсылығын көрдім деп толық сеніммен айта аламын.
Мектеп бітіргеннен кейін диспут болды. Ол жерде сөз сөйледім. «Мен қазір ұстаздың шәкірті болсам, шәкіртке ұстаз болғым келеді. Мұғалімдікті қалаймын. Бірақ мен биыл оқуға бара алмаймын. Отбасылық жағдайға байланысты дедім де, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңін оқыдым. Осы диспутты жүргізіп отырған директордың орынбасары Күлзағира Аманбаева апайымыз шақырып алды да: «сен неге оқуға бармайсың?», деді. Мен ағамның студент екенін, анамыз екеуімізді бірден оқыта алмайтынын, ағам оқу бітіргеннен кейін екі жылдан кейін оқуға баратынымды айттым. Ол кісі: «Алматыда қыздарды оқытатын педагогикалық институт бар, ол жерде бәрі тегін, ал сабақты жақсы оқып кету сенің қолыңнан келеді», деп сеніммен айтты. Ұстазымыздың бұл сөзін анама айттым. Мемлекеттің қамқорлығына сенген әрі менің талабымды қолдап, анам Кәден бір қойын сатты да оқуға жіберді. Оқуға түстім, институтты қызыл дипломмен бітірдім. Мен сияқты қарапайым отбасынан шыққан мыңдаған қыздың білім алуына Нұртас Оңдасынов сияқты елшіл қайраткерлердің үлкен үлесі бар деп ойлаймын.
Осы тұста Қыздар институтына сапалы біліммен бірге қыздар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуді өтінер едім. Қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ананы оқытқанда, кәсіби білімнен бөлек, зәру білімін оқыту керек», депті. Қазір бізге керегі – ең зәру білім мен білік ұлттық тәрбиеге байланысты мазмұн. Бүгінде білім алуға мүмкіндік өте көп. Университет ғимараты да заманауи талаптарға сай.
Қазіргі таңда Қыздар университеті халықаралық байланыстарын күшейткен. Оның бастамашысы – жоғары оқу орнының ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызының бастамасымен көптеген жаңалық жүзеге асырылып жатыр. Әлбетте, біз өзімізге ыстық оқу орнының осылайша дамығанын қолдаймыз һәм қуанамыз. Ендігі қажеттісі, қыздарымызға ұлттық тәрбие беру бойынша арнайы мықты бағдарлама деп ойлаймын. Бұл үшін ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың бай тәрбие дәстүрінен бүгінгі заманымызға лайық мазмұнды алып, соны болашақ жар, келін, болашақ аналардың саналарына сіңіріп, жүректеріне ұялатсақ. Мұндай үлкен тәрбиелік жұмыстарды дәл осы Қыздар ұлттық университеті бере алады және басқа университеттер мен колледждерге үлгі көрсетіп, бастамашы болады деген оймен, сеніммен жазып отырмын. Сондықтан ұлттық тәрбие дарытуды университеттің маңызды миссиясына айналдыру қажет деп білемін.
Менің санамда Нұртас Оңдасыновқа деген құрмет айрықша. Содан болса керек, облыс әкімі орынбасары кезімде 1994 жылы қайраткердің 90 жылдығын өткізуге тікелей мұрындық болдым. Мерейтойға Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Наурызбай Хакімжанов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, тағы да қаншама танымал азамат қатысты, ырза болып, баталарын берісті.
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың азаматтық тұлғасына және қайраткерлік болмысына бұрын да, қазір де көптеген еңбек жазылғанын жақсы білеміз. Десек те, осылардың ішінде Әбіш Кекілбайұлының пікірі айрықша. Мақаланы Әбекеңнің аталы пікірімен аяқтағым келеді: «Ендеше, халқына қызмет қылуды мансап деп емес, парыз деп ұғып, ерінбей еңбек етіп өткен абзал ағаларымызды тек «Қайран, Азаматым-ай!» деп аңсап, «Есіл ерім-ай!» деп еске алып жатқанымыздың өзі де елдіктің еңсесін көтергеніміз шығар. Қандай кер замандарда да тобасынан жаңылмай, тағылымды тағдыр кеше білген тарландар табылғанына шүкіршілік дейік!».
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
қоғам және мемлекет қайраткері