• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:23

Киелі мамандық иесі

26 рет
көрсетілді

Адамның жүріп өткен өмір соқпақтарынан оның бітім-болмысы, таным-парасаты айқындалады. Негізі жасынан жақсылыққа құштар жаңашылдық жанына жақын, кішіпейілдікті, қайырымдылықты бойтұмар етіп, еліне қызмет етуге талпынған жандар халық қалаулысына айналары сөзсіз. Осындай өмір жолы өзгелерге өнеге тұтуға лайық азаматтың бірі – еліміздің білім саласының өркендеуіне елеулі үлесін қосқан, білікті басшы, беделді ұстаз, Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Әділхан Жүсіпов.

Тарихта аты қалған Абылай­хан­ның сардары Тілеулі батырдың ұрпағы саналатын ата-анасы Шаймағамбет ақсақал мен Тоқтар ана ұл-қыздарына өнегелі тәлім-тәрбие беріп, берекелі де, ұлағатты отбасын құрған жандар еді. Шаймағамбет ақсақалдың кәсібі қайың, тал тәрізді ағаштардан ат шана, арба, ер-тоқым, қамыт, үй жиhаздарын және темірден шалғы, тырма тәрізді шөп шабатын құралдарды жасайтын ағаш шебері. Ел арасында ұста атанған, тіпті киім де пішетін, ішік, тымақ тігіп, қойдың қара жүнінен қолдан пима да басатын. Ал Тоқтар ананы барлық қазақ отбасын­дағы аналарымыздай үйдің берекесі мен тыныштығын сақтап, ұрпақ тәрбиесімен айналысқан мерейлі жан болған деп бүгінде ұрпақтары ризашылықпен еске алып отырады.

Осындай өнегелі отбасында дүниеге келген Әділхан кіш­кентайынан зерек, алғыр, атына сай әділ болып өсті. Мектепте сегі­зінші сыныптан бастап төменгі сыныптармен тәлімгерлік жұмыстар атқаратын. Сол кезде ұстаздары оның математика­ға зеректігін ескеріп орта сыныптарға математика пәнінен сабақ беруді де сенімділікпен тапсыратын.

Ерте қалыптасқан ұстаздық маман­дыққа деген сүйіспеншілік оның осы жолды таңдауына себеп болған­дай. Әділхан 1971 жылы орта мектепті бітір­ген соң, ұстаздық мамандықты таң­дап, Қостанай педагогикалық инс­титуты­ның физика-математика факуль­тетіне оқуға түсті.

Сөйтіп, институтты 1975 жылы мате­­­матика пәні мамандығы бойынша бітір­ген, жас маманның алғашқы еңбек жолы кешегі Торғай облысы­ның Жаңа­дала ауда­нындағы Г.С.Титов атын­дағы кең­шар­дың орта мектебінде математика пәні­нің мұғалімдігінен басталды. Ол оқушы­лардың білім сапасын көтерумен қатар, тәлім-тәрбие­сіне де ерекше көңіл бөліп, педагогика­лық әдіс-тәсілдерді тиімді қол­данатын.Мектеп әкімшілігі бір жыл ғана мұға­лімдік қызмет атқарған жас маманды ұстаздық қабілетін ескеріп, үлкен сенім артып мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.

Осы қызметті атқарған үш жыл ішінде мектепте тиянақты, жауап­кер­шілікті сезінетін, бірін-бірі бағалай білетін ұжым қалыптасты, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

Осылайша, Әділхан Жүсіпов оқу мен еңбекті қатар ұштастыруға күш салды. Оның оқу-ағарту ісіне сіңірген еңбегі, шығармашыл ізденімпаздығы, білімі мен біліктілігі жоғары бағаланып, зор сенімге ие болды. Сөйтіп, ол 1990 жылы Торғай облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бұл қызметтегі ерекше еңбегінің бірі – облыста ұлттық мектептер мен бала бақшалар ашу болды. Үлкен ұйым­дас­тырушылық жұмыстардың нәтиже­сінде 1997 жылы бұл өңірде ұлттық мектептерді қосқанда жалпы мектеп саны 260-қа дейін, ал бала бақшаларының саны 123-ке дейін көбейді, 1990–1997 жылдар аралығын­да қосымша 3 мектеп пайдалануға беріл­ді. 1991 жылы қазақ тілі мен әде­биеті пәндері бойынша алғаш рет рес­пуб­ликалық олим­пиада Торғай облы­сын­да өтіп, Моңғо­лияның Баян-Өл­гей ай­мағынан қазақ балалары келіп қатысты.

1991 жылы Ұлт ұстазы Ы.Алтын­са­рин­­нің 150 жылдық мерейтойы рес­пуб­­лика көлемінде кеңінен аталып, ғылы­ми-практикалық конферен­ция ұйымдас­тырылды. Мерейтой қар­саңында облыста үш мектепке Ы.Алтын­сарин аты беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды. Осы жылдары Ақкісі ауылы тұрғындарының тілегі еске­ріліп, өзі әліппе бетін ашқан бастауыш білім ұясының орта мектеп қатарынан орын алуына көп еңбек сіңіріп, ауыл­дастарының алғысына бөленді.

1992 жылы Торғай жерінде тұң­ғыш рет халық педагогикасына арналған Рес­публикалық семинар-кеңес өткізі­ліп, оны ұйымдастыру барысында Жан­гелдин ауданының оннан астам мекте­бінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, Білім министрлігінің бұй­рығымен Арқалық қаласындағы А.Құнанбайұлы атындағы №6 орта мектеп республика бойынша тірек мектеп болып танылды. 1992 жылдан бастап Түркия, Мажарстан елдеріне ондаған жас жоғары оқу орында­рына жіберіліп, уақыт талабына сай білім алу­ға жағдай жасалды. 1993 жылы облыс­та шағын мектептердің кешенді даму мәселелеріне арналған Республикалық семинар-кеңесі өткізілді. Осы жылы облыста қазақ балалары үшін қазақ-түрік лицейі ашылып, келешек ұрпақтың жаңа мазмұнда шет тілінде білім алуына мүмкіндік жасалды.

Елінің елеулісі, халқының қалау­­лысы бола білген Әділхан Шай­ма­ғам­бетұлы 1997 жылы еліміздің ардақ­ты азаматының бірі – Шайсұлтан Шаях­метұлының шақыруымен Мәде­ниет, ақпараттандыру және қоғам­дық келісім министрлігі жаны­нан құ­рылған мемелекеттік тілді оқыту рес­публикалық орталығы дирек­торының орынбасары болып таға­йын­далды. Бұл қызметте де ол өзінің кәсіби шеберлігін таныта білді.

Сол жылдардағы Білім және ғылым министрлігі шебер педагог, білікті бас­шы ретінде білім саласына қосқан үлесін ескере отырып, Жүсіпов Әділхан Шаймағамбетұлын 2001 жылдың 5 қыр­күйегінен бастап Астана қаласының Гума­нитарлық колледжі директоры лауазымына тағайындайды. Сөйтіп, ол 2018 жылдың қыркүйегіне дейін осы қызметті абыроймен атқарады.

Колледж 2001–2002 оқу жылынан бастап басшының тың бастамасымен маңызды өзгерістерге қол жеткізді, оқу ордасы жаңа тұрпатты білім ордасына айналды. Оның дәлелі ретінде білім беруді басқару жүйесінің рөлін, білім ордасының оқу-техникалық базасын арттыру мақсатында 2002 жылы колледждің Даму бағдарламасы арқылы үш жылға жоспарлау жүйесі енгізілді.

Осы жылдар ішінде колледжде жаңа мамандар даярлайтын бөлімдер ашылып, елеулі өзгерістер болды. Білім беру үдерісін ақпараттандырудың алғаш­қы қадамдары жасалды, компьютерлік ­кабинеттер жабдықталды, интернет желісі қосылды. Оқу орнының жаңа талапқа сай оқу-әдістемелік норматив­тік құжат­тары әзірленді. Жаңа бағыт­та­ғы түрлі іс-шаралар колледждің «Даму бағдарламасы» негізінде жүйелі түрде қарқынды жүзеге асты.

Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру оны жүйелі дамыту мақсатында колледжде этнопедагогика кабинеті және арнайы этно-зал алаңы ерекше ұлттық дизайнмен жабдықталды. Колледж мұра­жайы ашылды.

Колледж оқытушыларының шығар­машылық-ізденіс жұмыстары, оқу орны­ның тынысы, жаңалықтары жария­ланып отыратын «Педагогика­лық жаршы» жур­налы жарыққа шық­­ты. Ғылыми және әлеу­меттік ын­ты­мақ­тастықты іске асыру үлкен ма­ңызды істердің бірі ретінде қаралды. Халық­аралық деңгейдегі Түркияның мек­­тепке дейінгі білім беру саласы мен кол­­леджі және Ұлыбритания­ның Кем­бридж колледжімен білім сала­сындағы өз­ара теңдік, түсіністік және тиім­ділік негі­зінде ынтымақтастық келісімшартқа отыр­ды. Осы келісім шарт негізінде білік­тілікті жетілдіру, тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту, жаңашыл талап­тарға сай білімді дамыту, кадрларды бағдарлы даярлау сияқты мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар Біріккен Араб әмірлігі, Швеция мен Эстония мемлекеті делегациялары тәжі­рибе алмасу мақсатында, Италия мемлекетімен бірлескен семинарлар өтті. Ресей білім беру академиясымен және Беларусь республикасының Янки Купала атындағы Гродно мемле­кет­­­­тік университетінің гумани­тар­лық кол­лед­жімен студенттердің ака­демия­лық ­алмасуы туралы келісім шарт­қа отырды.

Білім беру үдерісінде оқу каби­нет­те­рін жаңа заман талабына сай жаб­дық­тау, оқу құралдарымен қамта­масыз ету, мате­риал­дық-техникалық базаны нығайту ­негі­зінде республикалық қанат­қақты жоба «Электрондық оқы­ту» қолға алын­ды. Колледж студент­тері халық­аралық, рес­пуб­ликалық дең­гей­дегі іс-шаралар­ға, жарыстар мен турнир­лерге белсене қатысты. 2008 және 2017 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «Үздік колледж» грантын жеңіп алуы білікті басшы мен кәсі­би шыңдалған ұжымның жемісті еңбегі­нің нәтижесі екендігінің дәлелі.

Әділхан Шаймағамбетұлы басқар­­ған кезеңде Гуманитарлық колледж елі­міз­дегі білім беру ұйымдары үшін сапалы маман даярлап келе жатқан келешегі зор оқу орындарының біріне айналды.

Бір сөзбен айтқанда, еліміздің білім беру ісінде кәсіби шыңдалып, білім­ді ұстаз, мәртебесі биік, абыройы асқақ, бі­лікті басшы атанған Әділхан Шайма­ғам­бетұлының педагогикалық өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі өнеге.

 

Базаркүл АХМЕТ,

Ақпарат саласының үздігі

Соңғы жаңалықтар