• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 09:48

Ғасыр жасаған қаржыгерлер

32 рет
көрсетілді

Осыдан тұп-тура ғасыр бұрын дүние дидарын Целиноград облысы, Алексеевка ауданы, Рамадан ауылында ашқан, күні кеше 100 жастың биігіне жеткен Өтелбай Орымбаев ақсақалдың өткен ғұмыры, өнегелі тұғыры көпшіліке үлгі.

Ө.Орымбаев 1942 жылы 5 тамызда өз еркімен соғысқа аттанып, Ясско-Кишинев операция­сына, Курск және Сталинград шайқасына қатысып, Украина, Мажарстан, Румыния мен Аустрияны фашистік басқын­шылардан босатады.

Елге аман-есен оралған соң еңбек жолын 1948 жылы ақпанда Ақмола қаласындағы байланыс ЛТУ құю бақылаушысы болып бастайды. Осы аралықта бір жыл бойы қосымша бухгалтерлік курсты оқиды. Әр жылдары нұсқаушы, жинақ кассасы басқармасының аға тексерушісі, облыстық атқару комитетінің аға референті, тексеру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1975-1991 жылдар аралығында Саран қаласында банк саласында еңбек етті. Зейнет жасына дейінгі он жылында қалалық банк бөлімшесінің басшысы болып, қала экономикасының, қаржы нарығының оң дамуына еселі еңбегін, елеулі үлесін қосты.

«Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгердің ең негізгі міндетінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс жасау. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Қаржы нарығы бір орында тұрмайды. Құлдырайтын да, қайта өрлейтін де кезі болады», дейді.

Алты баласынан 16 немере, 6 шөбере тарап отыр. Қара домбырасы жанына әлі күнге дейін серік. Ән салып, күй тартып, арагідік қылқаламмен сурет салатыны да бар.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan» 

 

Қарағанды облысы

 

* * * 

 

Біраз жыл Ұлттық банк жүйесінде қызмет атқарған. Бүгінде жасы жүзге жеткен кейуана – немере-шөберелерінің ортасында шалқып отырған қадірі асқан ақ әже. 

Бибіәмина Садыққызы 1948 жылы Ұлттық банкке қызметке қабылданған. Содан 1985 жылға дейін 37 жыл бойы маңызды құрылымда табан аудармай еңбек етті. Жан жары Зайдолла Валиюлинович Үржар ауданының прокуроры болып, абыройлы қызмет қылды. Бірі құқық, бірі қаржы сала­сы­ның ыстығы мен суығына төзе жүріп жеті бала­ны өсіріп, жеткізді.

Бала жасынан көргені, көңілге түйгені еңбек болғандықтан олар да талпыныс пен табандылықтың арқасында көпшілікке қадірлі болды. Ұл-қыздары Ринат, Марат, Сұлтан, Талғат, Майгүл, Мадина, Ришат түрлі саланың маманы атанып, өмірден лайықты орнын тапты.

Ұлттық банктің есепшісі болған жанның өмірден түйгені де, ұрпағына өсиет етер сөзі де көп.

«Өз мамандығыма сай қызмет етіп әрі үй шаруасына да көңіл бөліп, балаларды бағу мен отағасының бабын келтіруге уақыт таптым. Қиындықтың өзін еңбекке жеңдіріп, ештеңені елемеуге тырыстық. Адам үлкен табысқа кенелуі үшін мамандығын сүю жеткіліксіз, соны­мен қатар отбасының да қолдауы қажет. Осы тұрғыдан алғанда мен өзімді бақытты жар әрі анамын деп ойлаймын», дейді банк саласы­ның ардагері.

Жүздің биігіне жетіп, жеті баласынан тараған тұқым-жұра­ғатының қуанышын қызықтаған ана бұл күндері ғасыр куәгері атанып отыр.

 

Қуат Қиықбай,

«Egemen Qazaqstan»

 

Абай облысы

* * * 

Күләш Жақыпқызы – банк жүйесінде 39 жыл бойы қызмет етіп, еңбек жолында адалдық пен кәсібилікті серік еткен жан. Кейуана тың, сергек. Радио тыңдап, балаларына газет оқытып, қоғам тыныс-тіршілігінің ортасынан табылуға тырысады. Қазір 3 жиен, 10 жиеншар көріп отыр. 

Күләш апа 1924 жылы 12 желтоқсанда бұрынғы Абыралы ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген.

– Мен 1942 жылдың 1 маусымында Қайнар орта мектебінің 9-сыныбын бітірдім. Ол кезде соғыс жүріп жатқан еді. Әкем қолымнан жетелеп Қайнар ауылындағы мемлекеттік банк бөлімшесіне жұмысқа орналастырды. 9-сыныпты бітіргеннен кейін Абыралы ауданында есепші болып, кейін бас есепшінің орынбасары, бас есепші болдым. Одан кейін бір-екі жыл үзіліс жасап, 1947 жылдың сәуір айында Абай ауданына көшіп келдім. Банкке бас есепшінің орынбасары болып жұмысқа кіріп, 1949 жылдың қарашасынан 1950 жылдың желтоқсанына дейін бас есепші қызметін атқардым. 1950 жылдың қазан айынан 1981 жылдың 15 маусымына дейін Абай ауданының Қарауыл ауылындағы банк бөлімшесінде басқарушы қызметін атқардым, – дейді әжеміз.

Күләш апа өнімді еңбек ету, адал болу әрі өмірдің әр күнін жақсылыққа толтыру деген ұстаныммен ғұмыр кешкен.

– Теңге – егемендік белгісі, экономикалық дербестігіміздің айғағы. Өмірімнің көптеген жылын қаржы саласына арнап, теңгенің әрбір кезеңіне куә болдым. Теңге – тек ақша құралы емес, ол біздің еліміздің өсіп-өркендеуіне жасалған қадамымыздың, арманымыздың рәмізі, – дейді Күләш Жақыпқызы.

 

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар