Қазіргі таңда елімізде «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) тарапынан «Қандастарды Отанына қайтаруды мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу» зерттеу жобасы қолға алынып отыр. Аталған құрылым өкілдері осы жоба аясында бірқатар мемлекетке іссапарымен барып қайтты. Бұл елдердің қатарында Израиль де бар. Бұл мәселеде израильдік тәжірибенің озық үлгілері бізді қызықтыратынын ескере отырып, таяуда қазақстандық делегацияны Израильге бастап барған «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басқарушы директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевты әңгімеге тартқан едік.
–Еркін Әнуарұлы, «Қандастарды Отанына қайтаруды мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу» жобасын жүзеге асырудағы негізгі мақсат қандай?
–Біздің зерттеу жобамыздың мақсаты – тұрып жатқан елдерінде диаспораларды қолдаудың түрлері мен нысандарының халықаралық тәжірибесін, мемлекеттік және басқа бағдарламалар негізінде шетелде тұратын отандастардың елге оралуын, қоныс аударуын, елде бейімделуге көмек көрсетуді және диаспораның мәселелері бойынша кейбір мемлекеттердің заңнамасын зерделеу.
–Таяуда өзіңіз қазақстандық делегацияны басқарып Израильге барып қайттыңыз. Сырттағы отандастарын қолдау, елге оралғандарына жағдай жасау мәселесі бұл елде заңнамалық тұрғыда қалай, қандай деңгейде шешімін тапқан екен? Олардың аталған бағытта қандай ерекшеліктері мен артықшылықтарын аңғардыңыз?
–Израильде репатриация процесі еврейлердің Израиль мемлекетіне көшіп келу үдерісін реттейтін «Оралу туралы», сондай-ақ «Азаматтық туралы» заңдарына сәйкес қарастырылады. Мысалы, «Оралу туралы» заңына сәйкес Израиль мемлекетіне еврейлердің үшінші буынға дейінгі ұрпақтарына және олардың отбасы мүшелеріне келуге рұқсат етіледі. Негізгі репатриантқа оның еврей ұлтынан ата-анасы немесе әжесі/атасы бар екенін растайтын құжат қажет. Бұл ретте Израильде ұлттық тегі анасынан берілетінін ескерген жөн. Бірақ оған қарамастан, Алия (иммиграция/репатриация) құқығы еврейлердің балалары мен немерелеріне әкесі жағынан да беріледі.
Елге оралудың маңыздылығы «Алия күні туралы» заңында белгіленген. Бұл заңның мақсаты – Израиль мемлекетінде Алия маңыздылығын білдіретін жыл сайынғы атаулы күнді белгілеу.
–Израиль билігінің шеттегі қандастарын елге қайтару ісінде мемлекеттік қолдау ісі қалай жүйеленген? Оларда осы іспен шұғылданатын қандай құрылымдар бар?
–Израиль мемлекеті жаңа репатрианттардың келуіне қызығушылық танытуда. Осыған байланысты мемлекет олардың жағдайын реттейтін нормаларды үнемі жетілдіруде. Репатрианттарды бейімдеуге бағытталған ең маңызды қадамдардың бірі – тұрақты тұруға келіп жатқан адамдарға білім алу және дағдыларын жетілдіруге бағытталған мемлекеттің көмегі.
Алия және интеграция министрлігі қоныс аудару бағдарламасының бірегей операторы бола отырып, елге келген репатрианттарға көмектің, кеңестер мен қолдаудың кең спектрін ұсынады. Аталған министрлік жаңа азаматтар үшін көптеген жеңілдіктер, оның ішінде бірнеше жылға «нөлдік табыс салығы», сондай-ақ медициналық сақтандыру бойынша жеңілдіктер ұсынады. Израильге келгеннен кейін репатрианттар қосымша «Background Check» атты тексеруден өтеді. Содан кейін Израильдің жаңа тұрғындарына ішкі паспорт, «көтерме» ақша, тегін sim-карта, медициналық кепілдіктер (аурухана кассасына жазылу) беріледі.
Израильге репатриациядан кейін бірінші жылы жаңа репатрианттар «абсорбция кәрзеңкесін» («саль клита») алуға құқылы. «Абсорбция кәрзеңкесі» – бұл репатрианттарға Израильге келген соң бастапқы кезеңде жайғастыруға арналған ақшалай көмек. Көмек Ульпанда (иврит тілін оқытатын мектеп) оқу кезеңінде (6 ай ішінде) өмір сүру құралдарымен қамтамасыз ету ретінде ұсынылады және Израильде өмір сүрудің алғашқы 12 айында тұрғын үйді жалға алуға дотацияны қамтиды. «Абсорбция кәрзеңкесі» барлық репатрианттарға, олардың шыққан еліне қарамастан, беріледі.
«Абсорбция кәрзеңкесін» алуға «репатриация үшін» визасы бойынша Израильге алғашқы рет келген репатрианттар, жаңа репатриант мәртебесін алу алдындағы үш жылдың 24 айынан аспайтын уақыт аралығында Израильде үздіксіз немесе жалпы уақыт санағанда тұрған репатрианттар, репатрианттар-азаматтар – шетелде туған және жоғарыда аталған барлық критерийлерге жауап беретін израильдіктер және Израильге оралған кәмелетке толмағандар құқылы.
Репатрианттардың репатриант мәртебесін алған сәттен бастап бір жыл ішінде «абсорбция кәрзеңкесін» алуға құқығы бар. Шетелге кету «абсорбция кәрзеңкесі» бойынша төлемдерді тоқтатуға себеп болады. Сондай-ақ әртүрлі бағдарламалар бар. Мысалы, «Ваучер» бағдарламасы Алия және интеграция министрлігі арқылы жаңа мамандыққа оқыту құнының 80%-ын немесе Израильде еңбек нарығының талаптарына сәйкес ескі мамандық бойынша білімін жетілдіруді мемлекет өтейтіндігін қарастырады.
Ульпан – барлық репатрианттарды иврит негіздеріне үйрететін арнайы мектеп. Ульпанның басты мақсаты – репатрианттардың израильдік қоғаммен барынша жеңіл ықпалдасуға дайындау.
«Менің қаламнан келген Таглит» атты сапар бағдарламасы Израильдің аумақтарына баруға арналған 10 күн аралық қызықты саяхатқа бағытталған. НААЛЕ – репатриацияға құқығы бар оқушыларға Израильде орта білімді аяқтауға және әлемнің барлық жоғары оқу орындары мойындайтын израильдік кемелдік аттестатын алуға мүмкіндік беретін Израиль үкіметінің және Еврей агенттігінің бағдарламасы. МАСА жобасы – Израиль үкіметі мен Еврей агенттігінің бірлескен жобасы. Жобаның мақсаты – диаспора елдерінде тұрып жатқан 18-30 жас аралығындағы еврейлердің жыл сайын Израильде болуын қамтамасыз ету.
–Бұл елде осы мәселеде мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі іске қосылған ба?
–Бұл сұрағыңызға орай «Сохнут» еврей агенттігінің қызметін мысалға келтіруге болады. Агенттік 80 жылдан астам уақыттан бері Израиль мен әлемдегі еврей халқының арасын байланыстырушы болып келеді. «Сохнут» еврей агенттігі 1929 жылы құрылған, Иерусалимде орталығы бар, коммерциялық емес халықаралық еврей ұйымы. Агенттіктің қызметі еврей халқының тарихи отанына оралуына ықпал етуге, Израильде жаңа репатрианттарды бастапқы орналастыруға бағытталған. Сонымен қатар агенттік Израильде және бүкіл әлемде жас еврейлердің ұлттық сана-сезімін нығайту үшін негізгі күш-жігерді шоғырландырады. Сохнут жеке қорлармен қаржыландырылады, сондай-ақ қайырмалдық көмектерін де қабылдайды. Сонымен қатар ол өз мүлкі арқасында ақша табады. Қазіргі уақытта Израиль мемлекеті мен Сохнут арасында елге репатриация бойынша көмек көрсету, сондай-ақ шетелдегі еврей қауымдастықтарына қатысты ақпарат алмасу туралы ресми шарт бар. Осыған орай, Сохнут қызметі ішінара Алия және интеграция министрлігінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Сохнут агенттігінің міндеті: басқа елдердегі еврей халқы мен Израиль мемлекеті арасындағы байланыстарды нығайту, еврей мәдениеті, тарихы және дәстүрі саласындағы ағартушылық қызметті, иврит тілін үйренуге ұмтылысты қолдау, Израиль мемлекетінде қоныстануға шешім қабылдаған репатриацияға құқығы бар азаматтарға ақпараттық және кеңестік көмек көрсету, еврей мәдениетін, тарихын, иврит тілін және дәстүрлерін зерттеумен айналысатын Израильден тыс өзге мемлекеттердегі еврей қауымдастықтарына жәрдемдесу, балалар мектебі және мектепке дейінгі мекемелерге, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларға қайырымдылық, ұйымдастырушылық және қаржылық қолдау көрсету.
–Израильдің шеттегі отандастарын шақыру ісіндегі нәтижесі қандай? Жалпы, олардың бүгінге дейін қанша қандасы еліне оралған?
– Алия және интеграция министрлігінің деректері бойынша соңғы жылдары репатриация деңгейі бірнеше есе өскен (көбінесе Франция, ТМД елдері: 1/3 – Украинадан, 1/3 – Ресейден, 22 мың – Қазақстаннан) және өңірдегі саяси жағдайға, міндетті әскери қызметке және жоғары бағаларға қарамастан, соңғы отыз жылда елге 1,5 млн-ға жуық адам келген. Соңғы жылдары, ТМД елдерінен Израильге келген репатрианттар саны бойынша рекордтық көрсеткіш орын алуда және бұл сан әлі де өсуде. Егер 10-20 жыл бұрын Израильге негізінен орта таптың өкілдері, түрлі мамандығы бар жұмысшылар келсе, соңғы жылдары тұрғылықты жерін ауыстыруды шешкен бизнесмендердің үлкен үлесі тіркелуде.
–Аталған сала бойынша израильдік озық тәжірибелерді өзімізде қолдануға біздің мүмкіндігіміз бар ма?
–Израиль мемлекетінің тәжірибесін қазақстандық заңнаманы жетілдіруде қолдануға болады. Осы орайда айта кетейін, «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасының Тұжырымдамасын, «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын, «Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша» 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Тұжырымдамасын, «Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша» 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында Израиль мемлекетінің тәжірибесін қолдану көзделуде.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Израиль мемлекетінің тәжірибесі мысалында репатрианттарға, сондай-ақ шетелде тұратын отандастарға қатысты қолдау жүйесін, балалар және жастар бағдарламаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесін, еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңа мамандыққа оқыту немесе ескі кәсібі бойынша білімін жетілдіру бағдарламаларын, жас дәрігерлер мен медициналық ЖОО студенттеріне (18-29 жас), IT, нақты ғылымдар, басқару және бизнес саласындағы жас мамандарға (18-26 жас); спортшылар мен белсенді өмір салтын ұстанатындарға (18-26 жас); фотографтардың, дизайнерлер мен өнер қайраткерлерінің (18-26 жас) мүдделері мен кәсіби қызметіне бағытталған арнайы бағдарламаларын елімізде қолдану қажет.
Бұған қоса, аталған елдің тәжірибесі мысалында Израиль колледждері мен университеттеріне түсуге арналған әмбебап және ең танымал бағдарламасын (17 жастан 21 жасқа дейін), инвестициялық капиталды тарту ретінде көші-қон үрдісінің тиімділігі бойынша есептеу әдістемесін, репатрианттарды «абсорбция кәрзеңкесі», медициналық сақтандырумен және репатрианттарға қатысты өзге де жеңілдіктермен қамтамасыз ету тәжірибесін қазақстандық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып қолдану маңызды.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»