• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Желтоқсан, 2023

Кенеп бетіндегі қарсылық

178 рет
көрсетілді

Өнерді өміршең, өзгелерден дара ететін оның астарындағы автордың ішкі «мені». Ал сол «мен» жеке адамның таным ауқымынан шығып, тұтас ұлттың, тіпті күллі адамзаттың арманына ұласқанда саф өнердің тынысы қайта ашылады.

Иә, талантты жазылған шы­ғарма да өнегелі адамның өмірі тәрізді мәңгілік жасайды. Ал та­лантқа батылдық қо­сыл­ғанда ол туындының құны тіпті тең­дессіз. Алпыс бес жыл бұрын Қанапия Тел­­жановты толғандырып, қала­мына шабыт сыйлаған «Ата­мекенге» көз сал­ған сайын сөзбен айтып жеткізгісіз сондай бір қуат­ты рух қанаттандырып әкетіп, қазақтың тарам-тарам тауқыметті тарихының қатпар-қойнауына сүңгітіп жібергендей болады.

...Қазақтың кең жазиралы шеті мен шегі жоқ байтақ даласы. Бергі бөлігі соқа жыртқан соқта да, оның арғы беті боз жусаны жайқалған киелі байтақ. Екі өркениеттің шекарасында тұрған ат үстіндегі кейіпкердің көзқарасы санаңды сілкіп алатындай. Мән беріп қараған кісі оның көздеріндегі өңменіңнен өтіп кетер сұмдық ызғардың ұшқынын сезер еді... Нанымды бейне. Таңғажайып ракурс. Тың көтеруге қарсы кейіп­керінің драмалық шиеленісі. Ішкі эмоция. Осы­лай кешегі Алаштың кеудесінде айтылмай кеткен зарлық күйді қамырықты қоңыр күй қылқаламынан қою тамған Қанапияның кейіпкері жер жаһанға айтып, жар салатындай...

Сенбесеңіз, сіз де көз салып, көр­кемдігі мен кемелділігі қатар келіс­кен туындының астарына үңіліп, тағы­лымына ой жүгіртіп көріңізші. Кенептен тараған қарсылық күйі, азаттыққа де­ген аңсар сезім қалғып кеткен ру­хыңыз­ды қайта сілкіп алатындай ма, әйтеуір айбатты да айбынды. Енді бір­де Міржақыптың «Оян, қазағы» мен Мағ­жанның «Сағынышын» бір арнаға тоғыс­тырған да дәл осы сурет секілді санаға сан түрлі ой ұялатады.

Тағы бірде Телжанов туындысы Оралхан Бөкейдің әйгілі «Жетім бо­­тасын» көз алдыңызға әкеледі. Он­да да ежелгі қазақ мәдениеті мен жаһан­дану­­дың арасына шекара сызып, бота жетектеп бара жатқан қыздың бей­несі – қаламгердің өзі жатсынған қоғам­ға қарсылығын көрсетуші еді ғой. Сол ақиқат Қанапияның қиялынан туған «Ата­мекенмен» үнсіз астасып жатқандай. Жар­ты қабырғаны тұтас алатын зор кар­тинаның шындығы да тар заманға, кер кезеңге айтылған суретшінің қарсылығы іспетті. Тек біреуі сөзбен сөйлетсе, екін­шісі қылқаламмен құбылтады.

Қанапия Телжанов – кеңес одағының тұсында бір картина­сымен-ақ ұлттық идеяны көтере білген бірден бір майталман. Су­рет­ке ұзақ үңіліп отырып суретші империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінде қылқаламынан мынандай бояуды қалай төккен деп таңырқайсың еріксіз! Қаһар­мандығына бас иесің!

Қазақтың жанына айналған картина­ның өн бойы тұнып тұрған контраст, қар­сылық. Бірақ соған қарамастан «Ата­мекен» ананың алақанындай жып-жылы. Қоңыр және сары-күрең бояуға бай, ал алқызыл мен алтын түстердің кенепте қалдырған сирек үшкір жағылымдары жаныңды алапат әсерге бөлеп, бойыңа рух бе­ре­тін бұл туынды атымен ғана емес, затымен де қазақтың өзін, ұлттың тұтас болмысын бей­нелейді. Бір қызығы, тек суық түсті бояу­лар пайдаланылған сурет­ке қарасаң көңілің жылып сала береді. Қатқыл түсті бояумен бе­дерленсе де жанарға жылу ұя­лататын қасиеті – суреттің бас­ты құндылығы. Өйткені «Ата­мекен» – бүтін бір ұлттың бол­мыс-бітімін, жүріс-тұрысын, кес­кін-келбетін барынша айқын жет­кіз­ген Алаштың автопортреті десек, еш қателеспейміз. Суретке бір қарағаннан-ақ қазақтың иісі аңқып, туған жердің самал лебі маңдайыңды сипап өткендей ғаламат күй кешесің. Сұсы мен салтанаты қатар өрілген өнердің құдіреті сол – бұл қазақтың өзі туралы туынды. Кеңес одағының кертартпа кезеңінде билік­тің жүйесіз саясатын аяусыз сынай алған шығарма. Яғни оның салтанатты болатын себебі – онда рух бар. Ал сұстылығының астарында суретші қыл­қа­ламы арқылы жеткізілген қазақтың өр мінезі жатыр. Ал сол мінездің асқақ көрінісі – намыс емес пе? Демек өр намыс өз кезеңіне қарсылық көрсетіп тұр.

Туындыға негізгі арқау болған та­қырып – тың және тыңайған жерлер­ді игеру кезеңі. Қазақ халқының тари­хындағы қаралы бет. Партияның көзсіз жасалған бұл саяси науқанының артында тұтас халықтың ауыр қасіреті жатыр. Ұлттың ұлы байлығы, басты құндылығы – Жер десек, қасиетті Жер-Ана сайқал саясаттың ке­сірінен нендей қорлық көрмеді? Қазақтың құнарлы топырағына сарт етіп кірген соқа тісінің қан­дай қасіретке бастағанына тек уақыт-ағзам куә, тарих – төреші. Қайран, Атамекен!

Міне, Телжанов тың туын­дысы арқылы осы бір траге­диялы тақырыпты тереңнен тол­ғады. Солақай саясаттың қазақ мәдениетіне, ұлттық рухына, ежелгі түркі дүниесінің дидары­на түсірген түнек таңбасын әш­кереледі. Картинаға мұқият зер салсаңыз, құлап бара жатқан бал­бал тас, құнсыз құлпытасты көресіз. Осы арқылы суретшінің тек ел мен жерге емес, оның мұрасына, құдіреті мен киесіне жасалған тағылық көріністі де ашық айыптағанын аңғару қиын емес. Сөйте отырып жыртылған жердің үстіне Телжанов ат ойна­тып, көкпар тартқызып, Ма­хам­беттің мінезін алып келді. Бұл суреткердің қазақы өз мі­незі, өмір сүрген заманына деген ішкі қарсылығы еді. Олай айту үшін ішкі рухың берік болуы керек-ау... Сол қай­рат, сол қаһармандық Қанапия бойынан табылды. Ал «Атамекен» – оның ұлтын сүйген ұлы жүрегінің асқақ үні еді. Ол үнсіз айғайлап кетті...

Бұл картина – сөз жоқ, бір­не­ше буынды тәрбиелеген ұлы шығарма. Бар қазақтың сан ғасыр­лық ғұмырын өз бейнесіне сый­ғыз­ған теңдессіз туынды. Мұн­дай рухтағы туындылар қазақ сурет­шілерінде аз болған емес, бірақ рух күйін шертетін «Атамекеннің» орны бөлек. Себебі ол – тұтас бір халық­тың тағдырын толғаған туын­ды. Қазақ­стан­ның халық су­рет­­шісі Қанапия Тел­жановтың 65 жыл қазақ ұлтына қалт­қысыз қыз­мет етіп келе жатқан шедеврі.

«Атамекен» полотносы сан ғасырлық тарихымызды терең­нен толғаса, қа­зір­гі Тәуел­сіз елі­міздің қылқалам ие­ле­рін не толғандырады? Бүгінде осы «Ата­мекенмен» сарындас, үн­дес полотнолар салынып жүр ме? Он­дайда аз-кем ойланып, мүді­ретініміз рас. Се­беп бүгінгі сурет­шілерімізге дәл Тел­жановтың бойын­дағы табандылық, Қа­на­пия­ны мәңгілік еткен көзсіз қаһар­ман­дық жетіспейтіндей сезіледі.

Ал «Адам мен Ғалам – менің ой ізде­ністерімнің әлемі мен кеңістігі, мұңым мен үмітім. Жер бетіндегі бақыт пен болашаққа деген сенім рухына бөлен­ген ойлар көрінісі. Менің картина­ларым адамның жарқын мақсат-мүддесі мен оның жан дүниесінің әсемдігіне ба­ғышталған» деп толғанып, бар қазақ­тың сұлбасын бір шаршы метрге сыйғызған суретшінің ғи­баратты ғұ­мы­ры да «Атамекен» картинасындай мәңгілік жасайды.