• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Бюджет – үзіліссіз жүретін үдеріс

290 рет
көрсетілді

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда ел өміріне қатысты екі маңызды мәселе қаралды Күн тәртібіне енгізілген мәселелердің бірі – еліміздің Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы, екіншісі – Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері. Бірлескен отырысты ашқан Пар­ламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бірінші мәселе бойынша сөзді Конституциялық Ке­ңестің төрағасы Игорь Роговқа берді. Ол биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігіне 25 жыл толатынын, сондықтан, бұл жолдауда Конституциялық Кеңестің ел Конституциясында бекітілген құндылықтарға сәйкес, мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихы бойынша көзқарасы білдіріліп, Конституциялық Кеңес актілерінің осы үдерістегі маңызы көрсетілгенін айтты. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы Консти­ту­циялық заңға сәйкес, еліміздің тәуел­сіздігі салтанатты түрде жария етілді. Еліміз азаматтары үшін Қазақ­стан тәуелсіздігі негізгі консти­ту­циялық құндылық ретінде қабыл­данады. Ел азаматтары Қазақстан­ның тәуелсіздігін басты консти­туциялық құндылық және ұлтты сақтап қалудың түп қазығы деп қабыл­дайды. Тәуелсіздігімізді қалып­тастыру мен нығайтуда, Жаңа Қазақстандық мемлекеттілікті сәтті­лікпен құруда түбегейлі рөл Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа тиесілі. 1991 жылғы 1 жел­тоқсанда тікелей сайлау барысында халықтың толық сеніміне ие болып, Елбасы конституциялық негізде жаңа дәуірге серпілуді қамтамасыз етті және Қазақстанды бейбітшілік пен өркендеу жолымен алға бастап келді», деді И.Рогов өз сөзінде. Тәуелсіздік – негізгі конституциялық құндылық Сонымен қатар, ол еліміздің жолы «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқын көрсетілгенін айта келе, бүгінде мемлекеттің дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы мақсат-міндетті жүзеге асыруға күш салып келе жатқанын жеткізді. Егемен еліміз халықаралық қо­ғам­­дастықтың толыққанды мүше­сіне айналды. Қазақстан түрлі сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру, бейбітшілікті, келісімді, толе­рант­тылықты сақтау және нығайту, экономикалық өсімге қол жет­кізу секілді ұстанымдарды қуат­тайды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның ресми құжатына айналған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде айқын көрініс тапқан, деді Конституциялық Кеңестің төрағасы. И.Роговтың атап өткеніндей, тәуел­сіздігіне қол жеткізген сәттен бастап, Қазақстанның алдында мем­лекеттік егемендіктің құрамдас бө­лігі ретінде еліміздің құқықтық егемендігін қамтамасыз ету міндеті тұрды. Осыған сәйкес, 25 жылдың ішін­де жоғары халықаралық стан­дарттарға, қазақстандық дәстүрлерге, мемлекеттік басқару мен қоғамдық құрылыстың барлық салаларын қар­қынды жаңғырту мүддесіне сай келе­тін жаңа құқықтық жүйе жа­сау бойын­ша, құқық саласында жо­ғары ха­лықаралық стандарттарға сай ке­летін ауқымды жұмыстар жүргі­зіл­ген. Үкімет пен Есеп комитетінің баяндамалары Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2015 жылғы республикалық бюд­­жеттің атқарылуы туралы Үкі­мет пен Республикалық бюд­жеттің атқа­рылуын бақылау жөнін­дегі есеп комитетінің баяндама­лары тыңдалды. Алдымен сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бюджеттің кіріс бөлігі 105,7 пайызға орындалғанын айтты. Министр бұл Ұлттық банктің теңгенің еркін бағамына көшу шараларын жасағандығы оң әсерін тигізгенін атап өтті. Сонымен бірге, өткен жылдан 264,0 млрд. теңге қалдық (бос қалдық) қалған екен, ол қаржылық міндеттемелерге алдын ала кепіл болғанын жеткізді. Екінші жағынан шығыстарды барынша оңтайландыру бюджетті барынша рекордтық көрсеткіштермен атқаруға мүмкіншілік берген. Шы­ғыстар тек 0,2 пайызға ғана иге­ріл­меген. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалған. Сөйтіп, бұл бағыттың шығыстары ІЖӨ-нің 7 пайы­зына дейін өсе отырып, барлық шығыстардың 39%-ын қамтыған. «Нұрлы Жол» бағдарламасының шығыстарына бюджеттен 492 млрд. және «Бәйтерек» холдингі арқы­лы 215 млрд. теңге бөлініп, игеріл­ген. Ол 80 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 456 шақырым автожол және 11 мыңға жуық пәтер салу­ға жұмсалған. Сондай-ақ, ШОБ-тың 342 жобасына несие берілген. «Агро-бизнес» саласы 220 млрд. теңге­ге қаржыландырылған. Көктем­гі дала және күзгі жиын-терін жұмыс­тарына 2249 агроөнеркәсіп кеше­нінің субъектілері қаржылан­дырылған. Мемлекеттік индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасының іс-шараларын жүргізуге 127 млрд. теңге бөлінген. «Жол кар­тасы» жобаларына 43 млрд. теңге жұмсалып, соның арқасында 10 мың­нан астам адам жұмыспен қамтыл­ған. Дағдарысқа қарсы шаралар жасауға бөлінген қомақты қара­жат қатаң бақыланып, сомасы 388 млрд. теңге бұзушылықтар анықтал­ған. Квазимемлекеттік сектор субъек­ті­лерінің есепшоттарындағы қалдық­тарды азайту шаралары жасалған. Есеп комитетінің баяндамасын тыңдау үшін сөз осы қызметтің төр­ағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршинге берілді. Ол бюджетті атқарудың негізгі проблемалары және Есеп комитетінің негізгі тұжырымдары мен ұсынымдарына тоқталып өтті. Үкімет республикалық бюджетті атқару бойынша мойнына алған міндеттерінің жалпы параметрлерін орындады. Сонымен қатар, бірқатар жүйелі кемшіліктер мен проблемалар орын алды. Біріншіден, бюджетке түсетін қосымша түсімдер әлеуеті толығымен пайдаланылмады. Мәселен, жалған кәсіпкерлер бойынша кінәлілер анықталмады және олар іздестірілмеді. Осы бағытта қозғалған істердің жартысына жуығы тоқтатылған. Осыған байланысты біз уақытында төленбеген салықтар бойынша талап қою мерзімдерінің ескіру уақытын ұлғайтуды ұсынамыз, деді Қ.Жаңбыршин. Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 459,2 млрд. теңге болып отыр екен. Рес­пуб­ликалық бюджеттің 7,8 млрд. теңге қаражаты игерілмепті. Есептік қаржы жылының соңында бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне және квазимемлекеттік сектор субъек­тілеріне бюджет қаражатын бөлуге тыйым салу мәселелері қаралуы керек. Экономиканың басым сапаларын дамытуда мемлекеттің мүдделерін қорғаушы болып табылатын квазимемлекеттік сектор оны жаңғыртуды және бә­се­кеге қабілеттілігін арттыруды қам­тамасыз етуге тиіс. Осы мақсат үшін соңғы жылдарда бюджеттен 300-ден 500 млрд. теңгеге дейін қаражат бөлініп келеді. 2015 жыл­дың басында квазисектор субъек­тілерінің есепшоттарында 344,5 млрд. теңге қалдық болған. Ал жыл соңында 137,3 млрд. теңге қалдық қалыптасыпты. 2014 жылы біз осы секторға бюд­жет қаражатын бөлінген қар­жы­лардың игерілуіне қарай кезең-кезеңмен беру туралы ұсы­ныс жасаған едік, алайда, бұл ұсы­нысты ешкім құлағына ілмеді. Квази­мемлекеттік сектордың бюджетін қалыптастыру мен қарау тәртібінің әдістемесін әзірлеуге және бекітуге кірісу керек. Ол оңай шаруа емес, бірақ бүгіннен бастамаса болмайды, деді Қ.Жаңбыршин. Одан әрі төраға нысаналы трансферттерді игеруде заң бұзушылықтарға жол берілетініне назар аударды. Есепті кезеңде оның сомасы 410,5 млрд. теңгені құрады. 2014 жылмен салыстырғанда ол 67,6%-ға ұлғайды. Бұлардың әкім­шілері орталық мемлекеттік органдар, олар тиісті саланы дамыту сая­сатын айқындайды. Алайда, транс­ферттерді игергені жөнінде жер­гілікті атқарушы органдардың жауап­кершілігі бюджет заңна­масында қарастырылмаған. Есеп­ті кезеңде 64 инвестициялық жоба аяқталмады. Оларды іске асы­ру кезінде орын алған заң бұзу­шы­лықтардың жалпы сомасы 502 млрд. теңгені құ­ра­ды. Есептеулердің негізсіздігі және техникалық құжаттаманың кемші­ліктері жобалар құнының 222,8 млрд. теңгеге қымбаттатуға соқтыр­ған. Қорыта айтқанда, Есеп коми­тетінің 2015 жылғы бюджетті атқа­ру барысында анықтаған заң бұзушы­лықтарының жалпы сомасы 1,6 трлн. теңгені құрап отыр. Соның 1,2 трлн. теңгесі қаржылық бұзушылықтар, деді баяндамашы сөзінің соңында. Қаржы не себепті игерілмей қалады? Осыдан әрі депутаттардың баян­дамашыларға сұрақ беру рәсімі басталды. Бірінші болып депутат Шафхат Өтемісов Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен былтырғы жылдың аяғында Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес жасалған «Дағдарысқа қарсы жоспардың» жарты жылдағы орындалу барысы қандай деп сұрады. Біз былтырғы жылдың аяғында экспорттық шикізаттардың баға­сының құлдырауынан секем алдық, деп бастады өзінің жауабын Премьер-Министр. Әсіресе, мұнайдың брент маркасының бір баррелі 26 долларға дейін түсіп кеткенде қатты қауіптендік. Бұл баға ұзақ тұратын шығар деген болжамдар да болды. Бүгінгі күні мұндай қатерлі фазаның өтіп бара жатқандығының куәсі болып отырмыз. Мұнайдың ба­ғасы қазір 50 доллардың төңірегінде тұр. Басқа шикізаттардың бағалары да тұрақтанып келеді және осы үде­ріс ұзаққа созылатын түрі бар. Дегенмен, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы бойынша кейбір түзетулер жасалатын болады. Біз жуырда барлық аймақтарды аралап шығып, түзетулердің қай бағыттарда жасалуы керектігін анықтаймыз, деді К.Мәсімов. Сенатор Владимир Бобров Пре­­мьер-Министр К.Мәсімовтен игеріл­меген 7,5 млрд. теңгенің себебін сұрады. Сондай-ақ, Есеп комитеті оған жауапты болған 400-ден артық лауазымды тұлға жазаланды дегенін еске сала келіп, мұндай жазалар жылда қолданылса да іс түзетілмей тұрғанын айтты және, бәлкім, жазаны жаңа заңнамалық нормалармен қатайтудың жолын қарастыру керек шығар деген пікірін де білдіріп қалды. Оған Премьер-Министр К.Мәсімов жаңадан енгізілетін Бюджет кодексі жобасында осы мәселені ескеріп, жауапкершілікті қатаңдату мәселесін қарастыру керек болатын шығар, деп жауап берді. Қарыз күліп келіп, қиналып қайтады Мәжіліс депутаты Омархан Өк­сікбаев Үкімет анықтаған қарыз 465 млрд. теңге болғанын айта келіп, есепті жылда бюджет тапшылығын жабу үшін заеммен бірге алғанда 1,1 трлн. теңге жұмсалғанын көл­денең тартты. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 9 есе көп. Есепке қарағанда, біз республикалық бюджет шығындарының 16 пайызын сырттан алған қарызбен жабамыз. Сөйтіп, «көрпеге қарай көсілудің» орнына қарызға бата түсеміз. Үсті­міздегі жылы ғана бюджет тап­шылығын жабу үшін 2 млрд. АҚШ долларын қарызға алдық. Осы бағытта Үкімет өз жұмысын өзгерте ме, әлде қарызға бата бере ме? деді ол К.Мәсімовке қаратып. Жауап сөзінде Премьер-Министр мұның елдегі тұрақтылықты шай­қалтпауға бағытталған маңызды мә­селе екенін атап көрсетті. Біз өзіміз­дің дамуымыз және сыртқы қарыз арасында баланс жасап отыру керектігін түсінеміз. Бірақ әлем­дік қаржылық институттармен ын­тымақтастық жасау біздің бәсеке­лестікке қабілеттілігімізді арттыруға көмектеседі. Алайда, теңгенің еркін бағамы жағдайында, қарыздың бәрі тек доллармен берілетіндіктен, сырттан алынған қарыз өсімі бізді қауіпті кезеңге жақындата түсетінін де ескерудеміз. Сондықтан алдағы уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Медициналық сақтандыру қоры және банктерге реформалар жүргізу арқылы сырттан қарыз алу саясатын өзгертетін заң жобаларымен сіздердің алдарыңызға келетін боламыз, деді ол. Бұдан әрі депутаттар Е.Астаев, Е.Ни­­китинская, С.Бектұрғанов, С.Құ­­сайынов, С.Біләлов, т.б. сұрақ­тарын қойды. Бұл күні Қазақстан Үкіметінің жә­не Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп ко­митетінің 2015 жылғы республи­калық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша Парламент Мәжі­лісінің депутаты Қожахан Жабағиев қосымша баяндама жасады. Ол өзінің сөзін «2015 жыл­ғы республикалық бюджеттің па­раметрлері негізінен Үкімет тарапынан орындалды» деп бастады. Мәселен, кірістер бойынша сөз қозғаған депутат Үкімет бюджеттің кіріс бөлігін 105,7 пайызға орындауды қамтамасыз еткенін, бірақ, бюджетке екі мәрте жүргізілген нақ­тылаудан кейін бюджеттің кі­ріс бөлігі 938,2 млрд. теңгеге қыс­қар­ғанын ескеру қажеттігін жеткізді. Теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының еркін айналымға көшуі есебінен бюджеттің кіріс бөлігі қосымша 300 млрд. теңгеге салықтық түсімдер есебінен толықты. Сондай-ақ, республикалық бюджет кірісінің құрылымы өзгеріп, Ұлттық қор мен төмен тұрған бюджеттерден берілетін трансферттер салықтық түсімдердің орнын басты. Бюджетті жүйелі түрде үнемі нақтылап, түзету енгізу, Ұлттық қордан трансферттер алу бюджет кірісінің аса қиындықсыз орындалуына жеңілдіктер беріп отыр. Дегенмен, жоспарлаудың сапасы мен тиімділігі және бюджеттің кіріс бөлігін әкімшілендіру жақ­сармай келеді. Қолдағы бар салықтық және кедендік түсімдер әлеуетін толық пайдаланбау және жеткілікті дәрежеде тиімді салықтық әкімшілік етудің болмауы салдарынан бюджет кірісі зардап шегуде, деді Қ.Жабағиев. Мәжіліс депутаты, сонымен қатар, республикалық бюджет шығысы туралы сөз қозғап, оның орындалуы 99,8 пайызды құра­ғанымен, 16 млрд. теңгенің игеріл­мей қалғанын атап көрсетті. Бірлес­кен отырыс барысында депутат жыл бойы инвестициялық жобалардың тізбесін қайта қарау жалғасқанын, мысалы, басым инвестициялық жо­балардың тізбесінен 13 жоба алы­нып тасталғанын, қосымша 40 жоба енгізілгенін, ал 177 жобаны қар­жы­ландыру сомасы түзетілгенін жеткіз­ді. Бұған қоса, 2015 жылы аяқта­луы тиіс 96 республикалық инвес­ти­ция­лық жобаның 15-і аяқ­тал­ма­ғы­нына, соның салдарынан әлеумет­тік маңы­зы бар объектілер уақтылы пайда­лануға берілмегеніне назар аударды. Уақыт ұзақ ойлануды көтермейді Ал Парламент Сенатының атынан қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Ольга Перепечина жасады. 2015 жылғы бюджет саясатының негізгі параметрлері экономиканы өндірістің төмендеуінен сақтауға, қаржылық тұрақтандыруды қамта­масыз етуге негізделді. Ол үшін шұғыл шаралар қолға алынды. Олардың қатарында экономикалық дағдарыстың алдын алу бағытында ұлттық валютаны тұрақтандыру мәселесі де тұрды. Мұндай жағдайда біздің бюджетіміз дағдарысқа қарсы маңызды рөлді ұстанды. Өкінішке қарай, экспорт, импорт, ішкі жалпы өнім алдын ала болжанғанынан төмен болып шықты. Ал инфляция деңгейі – жоғары. Бюджет – үзіліссіз үдеріс. Біз қазіргі кезде алдымыздан шыққан кез келген кедергілерді жедел жоюға күш салуымыз керек. Себебі, ұзақ ойланып, толғануға, талқылауға уақыт жоқ. Бізде дағ­дарысқа қарсы стратегиялық бағдар­лама бар. Олар – «Нұрлы Жол» және әлеуметтік шығындарға қатыс­ты бағдарламалар. Олардың барлы­ғы 2015 жылы басталған. Алайда, олар әлі де жүзеге асырылуы тиіс. Мәселен, бюджет өңірлерді дамы­туға және ел тұрғындарының әлеу­меттік ахуалын жақсартуға барынша бағытталуы керек, деді депутат. Бірлескен отырыс барысында ол бірнеше мәселеге назар аударды. Мәселен, сенатор мемлекеттік сатып алуларды өткізу критерийлерін қайта қарау қажеттігін атап көрсетті. Аз мөлшердегі мемлекеттік сатып алуларды тікелей, яғни мемлекеттік сатып алулар процедураларынсыз өткізу қажет деп санаймыз. Ол өз кезегінде жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің дамуына қосымша серпін берер еді. Мәселен, 2015 жылы Қаржылық бақылау жөніндегі комитет осы мемлекеттік сатып алулар бойынша шамамен 80 млрд. теңгені құрайтын заң бұзушылықтарды әшкереледі. Оның бір себебін, про­цедуралардың қиындап кеткендігімен байланыстыруға болады, деді О.Пе­ре­печина. Сондай-ақ, депутат бюд­жеттің анықталу уақытын шектеу туралы да ұсыныс жасады. Кірістер мен  шығыстар бекіді Соңынан баяндаманы талқылау басталды. Оған Б.Бекназаров, А.Жа­малов, В.Редкокашин, А.Перуашев, т.б. қатысты. Талқылау ұзап бара жат­­қан соң, сенатор В.Бобров рег­ла­мент бойынша ұсыныс жасап, тал­­қылауды аяқтау жөнінде ұсыныс жа­сады. Сөйтіп, талқылау аяқталып, бір­лескен отырыс Қазақстан Рес­­пуб­­­ликасы Үкіметінің 2015 жыл­ғы рес­­публикалық бюджеттің атқа­ры­луы туралы есебін: 1) кiрiстер – 6 136 967 569 мың теңге; 2) шығындар – 6 789 829 432 мың теңге көлемінде бекітті. Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі де қолдау тапты. Жақсыбай САМРАТ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»  
Соңғы жаңалықтар