Марокко шегірткесінің жанында Крыловтың шырылдауық шегірткесі нағыз айналайынның өзі екен. Көгалды қуып гөлайттап шыбық басын сындырмайтын, қыс келетінін білмей бүрсеңдеп шаруақор құмырсқаның есігін қағатын шырылдауық шегіртке жатыпішер жалқау болып мысалға іліксе, марокко тұқымдас шегірткелер топтасып ұшып жайылымға қонғанда, бір сабақ қалдырмастан жеп кетеді.
Биыл Шардара, Арыс және Ордабасы аудандарының бірталай диқандарының бақшалығына түсіп, шаруаларды ойбайлатып кетті.
Шарасы таусылған шаруалар бақшалықты басып қалған шегірткелерді үркітіп қуу үшін балаларымен желпуіш алып, жұмылып қаз-қатар жүйек-жүйекке түссе, енді бірі түтіндетіп от жағуда. Пісіп үлгермеген қауын-қарбызды пәлегінен үзіп, жапырағын жеп қойған жалмауыздар ештеңеден тайынбайды. Миллиондаған шығын шеккен шаруалар егіс алқаптарын тастап кетуге шақ жүр. Осыған байланысты облыс әкімдігінде тиісті мамандардың қатысуымен түрлі жиындар өтті.
Біздің анықтағанымыз, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ОҚО филиалының марокко шегірткесінің ошағын анықтаудағы салғырттығы болса, екіншіден, министрлік мемлекеттік сатып алуды кеш өткізгендіктен шегірткелер бел алып кеткен.
Осы жағдайға байланысты ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізген ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков жан-жақты түсінік берді.
Серік Ордабекұлының айтқанындай, шегірткенің 122 түрі болады екен. Осының 118-і қауіпсіз, кейбірі «Қызыл кітапқа» енген. Өлтірсеңіз, жауапқа тартыласыз. Ал марокко, италиялық прус сияқты шегірткелер қауымы – егістіктің жауы. Бұларды анықтап жою – Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі арнаулы бөлімдердің жұмысы.
Ал марокко шегірткелеріндей топтанып емес, саяқ жүретін шегірткелерден келетін қауіпті облыс өз міндетіне алады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 48 млн. теңге қаржы бөлініп, саяқ шегірткеге қарсы күрес жұмыстары үшін 26,7 мың гектарға жұмыс жүргізілгенін айтады. Яғни, облыс өз міндетін орындаған.
Ал марокко шегірткесінің жыртқыштығы сол, жейтін көк табылмаса, киіз үйдің түте-түтесін шығарады екен. Ашықса, қойға жабылып жүнін жеп кетеді. Сондықтан, 1911 жылы ІІ Николай патша заманында Түркістан аймағында осы шегірткеге байланысты заң қабылданып, жою жұмыстарына үкіметтен қаржы бөлінген.
– Мұның тұқымын тұздай құрту мүмкін емес, – дейді Серік Тұрбеков.
Марокко шегірткесі жұмыртқасын күн көзі молырақ түсетін, шеге қақсаң зорға кіретін керіш жерге салады екен. Тұқым саларда керішке денесінен сұйықтық бөліп, жібітіп алады. Бір аналығы 150-ге дейін жұмыртқа салады. Шегірткелердің бір шаршы метрдегі саны 5-тен асқан жағдайда қауіпті болып есептеледі. Олардың тұқым салған жерін GPS арқылы дәл анықтап, жөргегінде жоюды ұйымдастыру Ауыл шаруашылығы министрлігіне қатысты «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» екендігін айттық. Ал олар неге ие бола алмай қалды?!
Марокко шегірткесінің алды 31 наурызда оянып, тіршілік белгісін берген. 5-6 сәуірде жою жұмыстары басталып кетуі керек болса, тендер кеш өткізіліп, қолдарында қажетті қаржы болмаған.
Бұл шегірткелеріңіз ертегідегідей күн санап өседі. Мәселен, 31 сәуір мен 1 мамыр аралығындағы шегіртке 4 жасқа жетеді. Министрлік ауы мен бауына шуалып жүргенде бес, алты, жеті жасқа өткен шегірткелер күшейіп, өздері бұрын аяғы жетіп үлгермеген Сырдың арғы бетіне ұшқан.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ОҚО аумақтық инспекциясы анықталған 91,37 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіп, шегірткенің тұқымын тұздай құрттық деп рапорт беріп жатқанда Марокко шегірткесі Шардара ауданының Қазақстан, Сүткент, Достық, Көксу, Ұзын ата ауылдарындағы шаруаларды ұлардай шулатып жатқан.
Әрине, шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағыныстағы салалардың жауапсыздығынан осындай шығынға ұрынды деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Шегірткелердің өңдеу жұмыстарынан аман қалуының бір себебі көктем жаңбырлы болып, көдедей ұйысқан шөп астында қалған. Химиялық өңдеуге қатысқан мамандар күн-түн алқап басында жүріп, алды уланып ауруханада жатыр.
Облыс әкімі аумақтық инспекциядан қайран болмағаннан кейін Серік Тұрбековке тапсырма берген. Конкурс жеңімпазы «Өсімдік қорғау» ЖШС химиялық өңдеу жұмыстарына ұшақ, дельтаплан пайдаланғанымен Қарағандыдан алдырылған Як-12 ұшағы 25 градус ыстық болғанда ұша алмаған. Сондықтан, оны қайтарып, Тараздан Ан-2 ұшағын алдырған. Өңдеу тиімді болып, зиянкестердің 90-92 пайызы өлгенімен қалың шөп астында қалған 5-10 шегірткенің өзі қауіп екен.
Болар іс болды. Осыған байланысты дембіл-дембіл жиын өткізіп, шегірткелерді жою жұмыстарымен айналысып жатқан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің әңгіме барысында кінәні бір-біріне аударуға тырысатындығы байқалып қалады.
Бұдан шаруаға келіп-кетері жоқ, ешқайсысы да ұтысқа шықпайды. Мәселе, кінәліні табу емес, экономикалық шығынның орнын толтырудың жолын іздеу. Тағдыр талқысына салып қойсақ, шаруаларды алқаптардан бездіріп аламыз. Мамандар әзірге мынадай жолдар ұсынып отыр.
Біріншіден, аумақтарды сапалы тазартып, шегірткелердің бірігіп, топтасуына мүмкіндік бермеу. Осы мақсатқа Ауыл шаруашылығы министрлігінен 10 мың гектардың улы химикаттары бөлініп, облысқа жеткізілді. Қосымша тағы 6,5 мың гектарға химикат бөлініп жатыр.
Екіншіден, болжам орталығы және аумақтық инспекциялар мамандары мен ауыл округтерінің әкімдері қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тұқым салынған алаңдарды анықтау бойынша шараларды тез арада қабылдауы қажет.
2016 жылы залалданған алаңдардың көлемдері ұлғаюына байланысты 2017 жылы үйірлі шегірткелермен күресу бойынша шараларды қабылдау бүгіннен басталуы керек.
Крылов мысалындағыдай, «қыс келерін білмей жаз бойы көгалды қуып гөлайттағанның» зиянын екі тарап та ұғынып, бірлесіп жұмыс жасауы керек.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы