• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2016

Ядролық қауіпсіздік – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе

248 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының талдау кешені Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен (ХҒТО) бірлесіп, «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр – жаһандық даму қауіпсіздігінің жаңа парадигмасы» атты халықаралық конференция өткізді. Бұл іс-шара еліміздің аумағындағы Еуроодақ Өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Алдымен ХҒТО-ның өзі қандай ұйым екендігі туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Ол – 1992 жылдың қараша айында Америка Құрама Штаттары, Еуропалық одақ, Жапония және Ресей Федерациясы арасындағы келісім негізінде құрылған үкіметаралық мекеме. Қазақстан ХҒТО-мен ынтымақтастық туралы келісімге 1995 жылы қол қойып, ұйымның қатарына енген. 2015 жылы 9 желтоқсанда Астана қаласында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісім қабылданған. Сол уақыттан бастап ұйымның штаб-пәтері Астанада орналасып, Қазақстан ресми түрде қабылдаушы мемлекет болып есептеліп келеді. Ұйым Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Грузия ғалымдарының іскерлік байланыстарын орнатып, оларды қаржыландыру жұмыстарын шешеді және ЕО, Жапония, Корея Республикасы, Норвегия, Ресей Федерациясы мен АҚШ мемлекеттерінің зерттеу ұйымдарының әріптестерімен іскерлік байланыстарын ұлғайту жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күнге дейін ХҒТО нанотехнологияларды қолдану арқылы жасалған құны 1 млрд. АҚШ долларынан асатын 2 753 химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық полигондардың залалды аймақтарын тексеріп, олардың адам денсаулығына қаншалықты зиянды екенін анықтаған зерттеу жобаларын қаржыландырыпты. Сонымен қатар, ХҒТО мүше мемлекеттеріндегі сейсмикалық белсенділікке мониторинг жүргізу арқылы болжау салалары сияқты ғылыми-техникалық жобаларды қолдауға да көңіл бөледі екен. Қазақстанда ХҒТО құны 80 млн. АҚШ долларынан асатын 210 ғылыми жобаны қаржыландырыпты. ХҒТО пайдалы деп санаған экология мен әлеуметтік денсаулық сақтау саласындағы жобалар Жапониядағы «Фукусима» апатының зардабын жою жұмыстары кезінде пайдаланылған. Ал конференция дәстүрге айналған ашық пікірталас пішімінде өтіп, қатысушылар баян­дама жасаған сарапшыларға сұрақтарын ашық қойып отырды. Оның жұмысын Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шәймергенов ашып, жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде модератор Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың үстіміздегі жылы жаңа антиядролық бастама: «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр – жаһандық даму қауіпсіздігінің жаңа парадигмасы» атты бастама көтергенін айта келіп, оның бүгінгі күннің үрдістеріне қорытынды жасаған маңызды құжат екенін атап өтті. Бүгінгі таңда ядролық қару жасау технологиясына қол жеткізетін жаңа қауіптер туып жатыр, соның ішінде ядролық нысандарға киберқауіптің төніп тұрғаны жасырын емес. Оның үстіне, ядролық материал­дар бақылаусыз тарап, кейбір террористік ұйымдар оны қазірдің өзінде қолға түсіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Осындай қатерлер ядролық қауіпсіздік саласындағы істерді жетілдіріп отыруды талап етеді, дей келіп, ол алғашқы сөзді Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавэбатаға берді. Осындай форумның өткізіліп отырғаны өте орынды және пайдалы деп білемін. Жапония ХҒТО құрылған кезінен бастап, оның жұмысына белсене араласып, көмек қолын созып келеді. Былтырғы жылдың қазан айында Астанаға жасаған сапарында Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ «Назарбаев Университетте» студенттер мен оқытушылар алдында сөз сөйлеп, онда біздің елдің Қазақстанмен ХҒТО шеңберіндегі ынтымақтастығына арнайы тоқталып, бұл істің алдағы уақытта да тереңдей түсетініне сенім білдірген еді, дей келіп, содан бері қандай салаларда ортақ жобалар іске асырылып жатқаны туралы баяндады. Соның ішінде Жапонияның биология, химия, экология, атом реакторы және т.б. салалар бойынша жасалатын жобаларға қаржылық қолдау білдіретінін айтты. Екінші болып Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілетті министрі, Саясат, баспасөз, және ақпарат мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Камен Величков сөйледі. Аталған мәселенің Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің қатарына сайланғалы отырған кезеңде талқыланғандығының маңызы зор. Таяу арада Еуропалық одақ пен Қазақстан арасында халықаралық ядролық қауіпсіздік, соның ішінде таратпау режімін нығайту мәселелеріне арналған келісім өз күшіне енеді. Осы орайда, Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы ең үлкен әріптесі екенін айта кетейін. Қазақстанның уран өндірісі бойынша әлемде екінші орын алатындығы да бұл бағыттағы келісімдердің маңызын арттыра түседі, деді К.Величков. Одан әрі шешен Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, оны таратпау бағытындағы істері мен бастамаларын жоғары бағалады. Сонымен қатар, ЕО мен Қазақстанның ХҒТО шеңберіндегі ынтымақтастығы туралы әңгіме қозғады. Осыдан кейін сөзді Қазақстан Рес­публикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов алды. Ол Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту және әлемдік қауіпсіздікті сақтау, ядролық жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, шектеу мен азайту бағытындағы Қазақстанның бастамаларының орындалу барысы туралы баяндады. Конференцияның басқа да спикерлері қатарында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың басқарушылар кеңесінің мүшелері: Лоуренс атындағы Ливермор Ұлттық зертханасының (АҚШ) әлемдік қауіпсіздік мәселелерін зерттеу орталығының директоры, доктор Рональд Ф.Леман II, АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық қауіпсіздік және тараптау бюросы хатшысының орынбасары Саймон Лимаж, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры Дэвид Клив, Еуропалық комиссияның көмек көрсету жөніндегі Бас директорат бөлімшесі жетекшісінің орынбасары Эдди Мэйер өз ой-пайымдарын ортаға салды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, министрліктер мен ведомстволардың жетекші қызметкерлері, Парламент депутаттары қатысты. Конференция барысында жарыссөзге қатысқандар жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, халықаралық қауіпсіздік, әлемде қалыптасып отырған қазіргі ахуалға байланысты осы бағытта жаңа, нақты тетіктерді әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»