Экономикасы озық қоғамның өзегі – кәсіпкерлік. Ол дамыса мемлекеттің қуаты артып, халықтың тұрмысы жақсарады. Ал әр мемлекеттің қуатын нарық талабы билеп тұрған шақта бар әлем шағын және орта кәсіпкерлікке әбден ден қойғалы қашан. Соған орай бізде де елдегі кәсіпкерлікті дамыту қажет деп айтылғалы көп болды. Өйткені, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар бізде баршылық, тіпті санынан шатысуға болатындай екен. Бірақ сол кәсіпкерліктің дамымауында не сыр жатқанын ешкім жарытып айта алмайды. Мықты боламын деген әрбір мемлекет, ең алдымен, кәсіпкерлікті дамытуы тиіс деп Елбасымыз да қайта-қайта айтып келеді. Кәсіпкерлік күшті болса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болатыны сөзсіз. Алайда, мемлекетіміздің мықты болуына, халқымыздың көрінбес арман қанатында емес, нақты молшылық пен тоқшылықтың құшағында қанат жаюына жол қашан ашылатыны белгісіз. Неліктен? Не кедергі?
Олай істеу керек, былай ету керек деп кәсіпкерліктің адымын арттыру бағытында небір экономика мамандары да айтып келеді. Бірақ арман – арман ғана болып қалатын түрі бар. Сонда не істеген жөн? Міне, біз де осы бағытта не істеу керектігін еске салғанды дұрыс деп таптық. Әрине, бизнесті қолдау тек экономикалық блоктағы құрылымдардың жүгі емес. Ол бүкіл мемлекеттік аппараттың, соның ішінде құқық қорғау органдарының да міндеті. Міне, осыдан барып жарытып айтылмай келе жатқан мәселенің төбесі көрінеді. Ол – қылмыс.
Осы арада өткенде ғана «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» тақырыбындағы форумда сөйлеген сөзінде Бас Прокурор Жақып Асанов: «Неге десеңіздер, қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмысы жоқ азаматтар. Сондықтан қылмыстың алдын алудың тиімді жолы – халықты жұмыспен қамту, әсіресе бизнеске тарту», деп мәселені төтесінен қойды. Ал бірақ бірқатар жандар кәсіпкерліктің дамуына прокуратура қандай үлес қосады деп күмілжитіні тағы рас. Осы бір қатқан күдікті сейілту үшін Бас Прокурор бәріміз үшін маңызды үш сұрақ бойынша өздерінің жауабын жария етті. Ол соншалықты маңызды бола қоятындай қандай өзекті мәселе дейсіз ғой. Оны да жасырмайық. Жақып Асановтың айтуы бойынша, оның біріншісі – тексерулерді тіркеу институты каншалықты тиімді жұмыс жасап жатыр деген сұраққа жауап іздеу. Екіншісі – бизнесті прокурорлық қорғаудың мәні неде және кейде прокурорлардың өздері кәсіпкерлерді неге тексереді? Үшінші сұрақ – қадағалау шаралары арқылы қалың көпшіліктің жеке бизнеспен айналысуына ықпал етуге бола ма? Көрдіңіз бе, үш мәселе де өте маңызды.
Сондықтан Бас Прокурор осылардың әрқайсысына жеке тоқталды. Иә, сонымен, тексерулерді тіркеу институты не тындырды? Мұны тарқатып шығу үшін, алдымен, 90-шы жылдарды еске алайық. Одақтың күйреуі. Құрдымға кеткен экономика. Жұмыссыздық пен инфляция. Десек те, оның артықшылықтары да болды – табыс табу мақсаты алға қойылды. Көбі төменнен бастады. Бірақ, олардың бастамалары тексерістерден бас көтермеді. Кез келгені қалаған уақытында кімді болса да тексеретін. Осылайша кәсіпкерлер екі жақтан қысымға түсті: бір жағынан – мемлекеттік органдар, ал екінші жағынан – рэкет. Мұндай жағдайда халықтың наразылығы туындамайды дейсіз бе? Билік қайда қарап отыр дейді ғой.
Осының тамырына балта шабу керек болды. Мемлекет басшысының жеке қадағалауымен қылмысты ауыздықтап, нарық заңдарын қабылдауға мүмкіндік туды. Бизнес нығая бастады. Алайда, жаппай тексерістер әлі де жалғасып жатты. Нақты жүйе болмады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежеп отырды. 1999-шы жылы тексерістерді міндетті тіркеуді енгізген соң жағдай өзгере бастады. Соңғы 5 жыл ішінде ғана олардың саны 4 есеге азайып, айына 30 мыңнан 7 мыңға дейін түсті. Егер де бұрын әрбір екінші адамға тексеру жүргізген болса, енді жүзден үшеуі ғана тексерілетін болды.
Бірақ бизнеске жасалатын қысым әлі де басылар емес. Неге? Мәселен, Лихачева деген азаматша Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек өндіретін мекеме ашады. Сол-ақ екен фармацевтикалық тексеріс директоры оған бөгет жасауды көздейді. Себебі – шенеунікте де дәл осындай бизнес болған, сосын қарсыласын жолдан тайдыру керек. Ол шағымдарды қолдан жасап, өзі тексеріп, жарты миллион көлемінде айыппұл салады. Прокурорлар оның әрекетін тоқтатып, сотталуына қол жеткізген. Міне, көрдіңіз бе, наразылықты биліктің саясаты емес, жергілікті жердегі нақ осындай әрекеттер тудырады! Сондықтан да тексерістерге қатысты тәртіпті ретке келтірген аса маңызды екендігін Бас прокурор біліп айтады.
«Біз 2015-ші жылы қауіп-қатерді бағалау жүйесін енгіздік. Оның мәні – жаппай бәрін емес, тек жоғары қауіп-қатер тобына жататындарды тексеруінде. Жылдың соңына дейін бұл жүйені «Тексерулердің бірыңғай тізілімі» деп аталатын біздің жаңа сервиспен біріктіретін боламыз. Енді кімнің қайда тәртіп бұзғаны туралы бір-ақ сәтте білуге болады. Тексеріс жасайтын қызметкер сол жаққа барады. Тәртіп бұзушылық туралы барлық ақпарат тексеріс картасында жарияланады. Кез келген адам сайтқа кіріп, өзіне қажетті мәліметтерді алатын болады. Жиі тәртіп бұзатындар түбінде өз клиенттерінен айырылады», дейді Ж.Асанов.
Одан әрі ол екінші қадамға тоқталды. Ол – электронды тіркеу. Бұл тексерушіге де, жемқорлыққа қарсы қызметтерге де тексерулердің сатысын онлайн бақылау мүмкіндігін береді. Үшінші қадам бойынша, кәсіпкер service.pravstat.kz сайты арқылы, 115 Call-орталығы немесе телефон арқылы өзіне жүргізіліп жатқан тексерістің қаншалықты заңды екенін көре алады. Оған 3 жыл ішінде мыңнан астам бизнес субъектілері хабарласқан. Осылайша әрбір үшінші адамға көмек беріліп, 400-ге жуық лауазымды тұлға жазаланды. Мәселен, Тараз қаласында «Азимут» ЖШС-нің жалғыз табыс көзіне қамақ салынды. Бизнес тұрып қалды. 15 жұмыскер қысқартылды. Бірақ прокуратура келіп экономикалық тергеу қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне тоқтау салды.
Біле білсек, бизнестің мемлекеттік айла-амалмен жиі ұшырасатын саласы – қылмыстық процесс. Дәл осында күш-құрылымдары тарапынан қысым көрсету фактілері жиі кездеседі. Мәселен, ОҚО-да бір жарым жыл бойы «Яссы» мақта компаниясына қарсы қылмыстық іс жүргізілген болатын. Осы уақыт ішінде шикізатты дайындау 6 есеге, ал айналым 4 есеге түсті. 104 адам жұмыссыз қалды. Қылмыс құрамы болмағандықтан, ең соңында іс тоқтатылды. Тек іріктеп тексеру кезінде қылмыстың шеңберіне түскен 80 кәсіпорынның 33-і жабылып қалғаны белгілі болды. 800 жұмыс орны қысқартылған.
Сондықтан осындай жағдайда үш мәселенің шешімі табылуы қажет екен. «Біріншісі – бұл хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеген уақытта бірден тергеуге алуды бастау, шоттарға тыйым салу, тінту және алу. Бұл жағдай кезінде кәсіпкердің кінәлі әлде кінәсіз екендігі әлі белгісіз. Сондықтан да бизнесті сыртқы қысымнан құтқарады деген мақсатпен тергеуге дейінгі тексерісті қайтаруды сұрайды. Бірақ бұл жерде мынаны түсініп алған абзал: СДТБТ айқын қылмыстарды әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде тергеп-тексеру үшін арнайы енгізілді. Мысалы, адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық. Бұл тергеу қарқыны бәсеңдеп жүргізілу себебінен дәлелдердің, мүліктің жоғалуының және қылмыскердің қашып кетуінің алдын алу үшін қажет. Осындай жағдай «Азбука жильямен» болған еді. Тайжанов 3 мың салымшыны алдап, қашып кеткен болатын.
Сонымен қатар, кей жағдайларда тергеу амалдарын бастау үшін бір ғана хабарлама жеткіліксіз болып, нақты негіздемелердің қажеттігі байқалады. Аудит, тексеріс, есеп болмаған жағдайда баға беру қиындығы туындайды. Мұндай жағдайларда ҚПК СДТБТ-де хабарламаларды тіркемей, оларды уәкілетті мемлекеттік органға жіберуге мүмкіндік береді. Бірақ, бұл тәртіп жаппай бұзылуда. 2015 жылы экономика саласындағы әр төртінші іс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл сандарды қайта тексерістен өткізген дұрыс. Орташа алғанда әрқайсысы 3 айға жуық тергелсе де, оларда көптеген бұзушылықтар орын алған. Қаншамасы тоқтатылған, ал негізінде қанша кәсіпкер «қармаққа ілініп тұр»? Биыл 6 мыңға жуық хабарлама СДТБТ-ге жіберілген, олар бойынша тергеу мен жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылған», дейді Бас Прокурор.
Мұндай жағдай қалыптасқан кезде не істеу қажет? Кәсіпкерлер білетіндей, ақпараттарды тіркеу кітабы деген бар. Барлық хабарламалар соған енгізіледі. Хабарлама түскен кезде жедел қызметкерге 3 тәулік беріледі. Осы уақыт ішінде ол келген хабарламаға қатысты қандай әрекет қабылдайтынын шешуі қажет. Оған 3 түрлі әрекет жасауға таңдау берілген. Егер қылмыс белгілері болмаса және қосымша тексеру қажет болмаған жағдайда, хабарлама тізімнен шығарылады және ешқандай әрекет қажет етілмейді. Егер де қылмыс айқын болып тұрса, мысалы салық актісі болса, онда СДТБТ-ге міндетті түрде енгізу қажет екен.
Ал егер күмән пайда болып, тексеру қажеттілігі туындаса, хабарлама СДТБТ-де тіркелмей, уәкілетті органға қылмыстың бар-жоғын анықтау үшін жіберіледі. Бірақ бұл жағдайда бір сұрақ туындайды: уәкілетті орган әрі қарай қандай шаралар қабылдайды? Ол тексеру жүргізу қажеттігі бар-жоғы туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл еш жерде реттелмеген. Қылмыс белгілерін анықтаған жағдайда тергеуге жібереді. Алайда, ол тексеріс жүргізбеуі де мүмкін. Бұл жағдайда қылмысты жасыру қаупі бар деген сөз. Кей жағдайда СДТБТ-ні жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін пайдаланады екен. Демек тергеу органдары егер онда қылмыстық әрекеттер орын алғанын негіздейтін салық актісі болмаса, бизнесті қазбалаудан аулақ болуы қажет.
Жалпы қалыптасқан жағдайдың көрінісі мынадай дейді одан әрі Ж.Асанов: «Қатардағы тексеріс жүргізу үшін мемлекеттік органға негіздерді дәлелдеу қажет. Бір олқылық болған жағдайда прокуратура қабылдамай тастайды. Ал қылмыстық қудалау әрекеттерін бастау үшін ешқандай бөгет жоқ. Кез келген жедел қызметкер баянат жазып, оны СДТБТ-ге тіркейді. Ешқандай санкция, ешқандай келісім жоқ. Есесіне бизнес қол астында болады... Бұл фиксалдарға да тиімді. Тексерулерді белгілеу рәсімін сақтаудың орнына олар іс шеңберінде тапсырма алады. Бұл жағдай олардың қызметін жеңілдетеді. Тексеру жүргізу үшін негіздерді іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Өйткені, қауіптерді саралау және т.б. іс-шаралар біраз еңбекті талап етеді. Мүмкін осының барлығы СДТБТ-де жаппай тіркеуге итермелейтін шығар? Сонымен қатар, жеке бизнесті қорғау үшін осындай істер бойынша прокурордың рұқсатын алу керек деген пікір қалыптасқан.
Бұған қоса алаяқтықтық та жеңіл тіркеледі екен. Бәсекелестің үстінен шағым жазсаңыз – бұл таза азаматтық дау болғанына қарамастан, ол бірден қыспаққа алынады. Әрине, қылмыстық шоқпарды пайдалана отырып қарсыласты «жеңу» оңай. Ал өзіңнің ақтығыңды дәлелдеп шығуды қажет ететін азаматтық сот – бұл басқа мәселе. Сондықтан мұндай жағдайда Бас Прокурор егер де жазбаша келісімшартың бар болса – сотқа бар. Егер ол жерде криминал орын алған деп тапса, сот өзі жеке қаулы шығарып, сонда ғана тергеу басталады дейді. «2011 жылдан бері біз қылмыстарды тіркеуге қатаң қарайтын болдық. Сол уақыттан бері 40 полиция қызметкері қылмыстарды жасырғаны үшін сотталған. Ендігі кезекте келесі мәселе туындап отыр, ол – әсіресе қылмыстық іске кәсіпкерлерді тарту кезіндегі негізсіз тіркеулер. Демек, тек қылмысты жасырғаны үшін емес, осы әрекеттер үшін де жазалау қажет».
Сонымен тағы бір мәселе – жалған кәсіпкерлік. Расымен де, көптеген бизнесмендер жалған кәсіпкерлікпен байланысып, бюджетке ірі сомалар қарыз болып қалған. Егер 2010 жылы осындай 730 факті анықталса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 3,5 есе артық. Залал көлемі 242 млрд. теңгені құрайды екен. Мәселен, тек Ильин дегеннің ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық іс бойынша оның бақылауындағы жалған кәсіпорындар бюджетке 66 млрд. көлемінде залал келтірген. Айғақтардың арқасында 340 контрагент салық хабарландыруларын күтпей, өз еріктерімен қазынаға 9 млрд. төледі.
Салық төлеуден жалтарудың тәсілдері өте көп. Олардың қатарында қаражатты қолма-қол ақшаға ауыстыру да, біркүндік фирмалар арқылы капиталды шетелге шығару да бар. Нашақорлар, жаны науқас адамдар, панасыздар және жай ғана жасанды тұлғалар меншік иесі және жетекші есебінде тіркелген. Мәселен, «Дувайер» ЖШС бухгалтериясында барлығы өз қалпында болған – шарттар рәсімделген, төлемдер мен жұмыс актілері де бар. Ал прокуратура тереңнен қазбалап қараса, онда серіктес фирмалардың қызметкерлері де, арнайы техника да жоқ екен, ал басшыларының барлығы сотталған маскүнемдер болып шыққан.
Тағы бір мәселе – мемлекеттік кірістер комитеті салықшылар кей кезде шектен шығатынын мойындайды, бірақ ештеңені өзгертудің қажеті жоқ деп санайды екен. Ал Жоғарғы Сот ең алдымен жалған фирмаларды салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартып, содан кейін ғана мұның жалған кәсіпкерлік пе, әлде жоқ па, осыған сот кезінде баға беруді ұсынады. Пікірлердің мұндай алуандығы бұл сұрақтың екі жақты екенін көрсетеді. Осы орайда тәртіп сақтап жүргендерге тиіспей, бірақ алаяқтарды жай қалдырмауға мүмкіндік беретін тепе-теңдік табу қажет секілді. Өйткені, мұндай жағдайда кәсіпкерлер біздің мәмілелеріміз заңды, серіктестеріміз алаяқ болғанына біздің кінәміз жоқ. Мәмілелер мен құжаттардың жалған екенін дәлелдеңіз де, жазалай беріңіз, дейді.
«Істің анық-қанығына жетпей, әрқайсысының кінәсін дәлелдемей, барлығын жаппай жазалай беруге болмайды. Мәселен, «Атамекен» қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан Минаковтың ісі бойынша мәселені дұрыс қойып отыр. Оны соттады. 348 серіктесіне 10 млрд. қосымша санап берді. Тергеу барысында 69, ал сотта небәрі 8 адамнан жауап алынды. Олар мәмілелердің шынайылығын растаған болатын, алайда олардың пікірін тыңдамаған. 279 кәсіпорын бұл жағдай туралы хабарлама алған кезде ғана білді. Осылайша олар автоматты түрде қорғану құқығынан айырылды. Егер залал көлемі белгілі болмаса және ол өтелмеген жағдайда прокурорларға қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқандармен процестік мәміле жасауға тыйым саламын. Не себептен десеңіздер, өйткені олар кез келген келісімге қол қойып, айыппұл төлеп құтылып кетеді. Ал қиналатын олардың контрагенттері. Десек те, әрбір үшінші іс ымыраға келумен аяқталған», деп атап өтті Бас Прокурор.
Келесі бағыт – азаматтық даулар. Сотқа жыл сайын 1,5 млн. жеке және заңды тұлғадан 700 мыңдай арыз түседі екен. Әрқайсысынан «Қалың қалай?» деп сұрасаңыз, «Соттасып жатырмын» деген жауапты жиі естисіз. Бұл мәселеге орай Ж.Асанов: «Біз 2012 жылдан бері «Қылмыстық және азаматтық процесте бітімге келу» жобасын іске қосқан едік. Оның нәтижесі – жаңа Азаматтық процестік кодекс. Бітімге келу – соттың басты міндеттерінің біріне айналды. Ымыраға келу жолдарын іздеудің жаңа құралдары пайда болды. Сондықтан қылмыстық процестің проблемаларын шешуден бөлек, АПК-ні жетілдірудің де маңызы өте зор. Бұл бизнестің, әсіресе, шағын және орта бизнестің өз дауларын шешу кезінде ірі шығынға ұшырамауы үшін қажет. Бұған біздің «Шағымсыз қоғам» атты жобамыз септігін тигізуде. Оның мақсаты – бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды шешу кезінде сотқа жүгінуге мәжбүрлейтін себептерді жою», дейді.
Сонымен бұл сараптамамызды да қорытындылай келгенде онсыз да тексерушілер көп екен, оған қоса прокуратура да не себепті бизнеске тексеру жүргізеді деп сұрайтындардың да дені кәсіпкерлер екенін айтқымыз келеді. Өйткені, прокурорлар мына мәселелер бойынша тексеру жүргізуді қажет деп санайды: Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі саясатына сәйкестігі; бизнес жүргізуге бөгеттердің болуы; жемқорлық қылмыстар жағдайы; мақсаттың маңыздылығы, тиімділігі, соған сәйкестігі және негізділігі. Бірақ бұған әлі ешкім шындап кіріскен емес. Кәсіпкерлер теоретиктерге қарағанда құқық аясындағы әлсіз тұстарды жақсы білетіні анық.
Бұған Бас Прокурор: «Бірден айтып кетейін, прокуратурада бизнесті тексеру жоспарлары жоқ, болуы мүмкін де емес. Бақылаушылар онсыз да жеткілікті. Бірақ кейбір кездері біздің араласуымызға тура келеді. Әсіресе, бақылаушылар әрекетсіз отырған жағдайда. Өйткені, әрекетсіздік салдары ауыр болуы мүмкін. Мәселен, ШҚО-да балық инспекциясы көксерке балығын тасып шығаруға рұқсатты оңға да, солға да тарата берген. Прокурорлар 26 мың тонна балықты экспорттаудың жасырын сызбасының бетін ашты. Экология залалы – 4 млрд. 114 іс қозғалып, 45 тұлға сотталды, соның ішінде балық инспекциясының барлық басшылығы да бар. Біздің қандай жағдайда бизнесті тексеруіміз қажет екенінің барлығын заңда көрсету мүмкін емес. Теріс пайдаланушылық болмау үшін, тексерулер облыс прокурорының жеке шешімімен жүргізіледі, оған дербес жауапкершілік жүктеледі», дейді.
Осы арада жалпы прокуратура қадағалау шаралары арқылы көпшіліктің жеке бизнеспен айналысуына ықпал ете ала ма деген сұрақ та көкейге тірелетіні рас. Өйткені, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту – жергілікті органдардың басты міндеті. Мемлекет басшысы өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында осыған ерекше назар аударған болатын. «Бұл жерде ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінген. Бізде 7 мыңға жуық ауыл бар. Онда 40 пайыздан астам қазақстандық өмір сүреді. Қазіргі уақытта ауылға барып жұмыс орындарын ашатындар аз. Ал ол жақтағы адамдардың көп бөлігі қандай кәсіппен айналысатынын білмей жүр. Әкімдердің аппаратында бизнес-бағыт беріп, қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсете алатын, олардың қыр-сыры мен оңай есептері көрсетілген бизнес түрлерінің тізімін бере алатын адам жоқ. Егер әр ауыл әкімін осындай ақпаратпен қамтамасыз етсек, оларға тұрғындарды бизнеске тартуды үйретсек және оның жұмысын жағдайы жақсы отбасылар саны арқылы бағалайтын болсақ, бұл жаппай бизнес ынтасын тудыруы мүмкін еді», дейді Ж.Асанов.
Иә, бұл тиімді әдіс екені даусыз. Оны прокуратура қолдауға да дайын екен. Неге? Себебі, бұл еліміздегі криминогендік жағдайға тікелей байланысты болып отырған көрінеді. Қылмыстардың 84 пайызын жұмыссыз адамдар жасаған. Ақтөбелік террористер де жұмыссыздар қатарында болған. Бізде жұмыссыздықтың негізгі себебі жұмыс орындарының болмауы емес. Оған сандар дәлел. Өткен жылы бізге табыс табу мақсатымен миллионға жуық Қырғызстан және Өзбекстан азаматы келген. Олар өз отанына банк арқылы 100 млрд. теңге аударған. Қолма-қол ақшалай қанша қаржы кетіп жатқанын ешкім білмейді. Алайда, бізде жарты миллион жұмыссыз бар. Демек, қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы – жұмыс орындары. Оларды қалыптастыратын кім? Әрине, бизнес. Сондықтан біз бәріміз бірігіп жұмыспен қамту және тұрғындардың табысының өсу мәселелеріне ерекше назар аударуымыз қажет.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»