• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2016

Тағзым тұғырындағы жан

310 рет
көрсетілді

Халық өзінің көңіл төріне қойып, емен-жарқын араласып жүрген адал жандардың қадірлі атын үлкен құрметпен атап, атқарған қызметтерін үнемі ізетпен еске алып отырады. Осындай асыл азаматтың бірі – Мұхамбетрақым Қаппасұлы еді. Тек өкініштісі, мұндай азаматтар туралы өткен шақта еске алатынымыз. Мұхамбетрақым Қаппасұлы Көкшетаудың тумасы, нақтылап айтар болсақ, 1925 жылы Красно­армейск ауданы (қазіргі Тайынша ауданы), Кеңес ауылында дүниеге келген еді. Қарапайым ауылда алаңсыз балалық шағы өтті. Алдан тек жақсылық, бақытты болашақ күтіп жүргенде, ойламаған жерден сұм соғыстың ызғарлы хабары естілді. 1941 жылы соғыс бас­талғанда, Мұхамбетрақым не­бәрі 15 жастағы жасөспірім боз­бала еді. Бірақ, өмір сынағы оны ерте есейтті. Соғыс салған ауырт­палыққа кәдімгі ересек адамдардай саналы ой жүгірткенін айтады көзкөргендер. Әсіресе, кешегі өзіне ағалық жасап жүрген, кейінгі інілеріне қамқор болудан тайынбайтын жерлестерінің бірінен кейін біріне қаралы хабар келіп жатқаны жанына аяздай батты. Соғыс болса бітер түрі жоқ, созылып барады. Ақыры, жаны жай таппаған бозбала 1943 жылы аудандық әскери комиссариатқа қайта-қайта өтініп жүріп соғысқа аттанды. Он жеті жасқа енді ғана толған жап-жас жігіттің есіл-дерті Отанын, туған өлкесін қасық қаны қалғанша қорғау болатын. Мұхамбетрақым батылдығымен, елгезек тіл алғыштығымен, өзі­не тапсырылған бұйрықтарды тыңғылықты орындауымен көзге түседі. Шайқастарда көрсеткен ерлік істері елеусіз қалған жоқ, бірнеше медальдармен марапатталады. Ол туған елге 1948 жылы орал­ды. Бұл соғыстан кейінгі арпа­лыстың да жеңіл болмағанын ағар­тады. Ағайын-туыс туған же­ріне абыроймен оралған жас жі­гітті үлкен құрметпен қарсы алды, аман-есен қайтқанына шүкіршілік етті. Елге келген соң, соғысқа қатыстым деп ешкімге міндетсінбей жұмыс істеді. Осы жылы жұбайы Әмина апамен отау құрып, балалы-шағалы бол­ды. Өзіне ұнайтын бухгалтер мамандығына оқып, білім ал­ды. Тайынша ауданының Тер­новка ауылында бас бухгалтер болып еңбек жолын бастады. Одан кейін 1966 жылы Шучье ауданының Қарабауыр ауылына қызмет бабымен қоныс аударып, мұнда да бухгалтерлік қызметін жалғастырды. Мұхамбетрақым қай жер­де қызмет атқарса да, өзі­нің адал­дығымен, іске тындырым­ды­лығымен көзге түсті, абыройға бө­ленді. Осындайда бір мысал еске түседі. Сол кезде «Зеленый бор» кеңшарының бас бухгалтері болып еңбек еткен, қазір осы ауылдың 90 жастағы қарт тұрғыны, көп жылғы әріптесі Нина Ивановна Изерская мен оның жұбайы Франц Иванович зейнет демалысына шыққаннан кейін де Мұхамбетрақым ақса­қалдың отбасымен тығыз араласып, туғанындай болып кеткен. Нина Ивановна Мұхамбетрақым ақсақал туралы аса толғана сөйлеп, ол кісінің көп жақсылықтарын, адамгершілік қасиеттерін жиі еске алып отырады. Өзге ұлт өкілдерінің осын­шалық құрметіне бөленуі еріксіз сүйсіндіреді. Сол Нина Ивановна Мұқаң ақсақал қайтыс болғанда жаназаға жиналған жұртқа, ағайын-туыстарына оның адал­дығы, әділдігі туралы көзіне жас ала отырып, мынадай әңгіме айтып беріпті: «Ол кезде еңбекақы әр бөлімшеге бір адам арқылы таратылатын. Бір мейрам алдында Мұқаң бухгалтер болып еңбек ететін Қарабауыр ауылына атпен ауыл еңбеккерлерінің ақшасын беріп жібереді. Мұқаң жұмсаған адамынан мынадай мазмұнда хат жазып жіберген екен: «Нина Ивановна, кассир 2000 рубль артық ақша беріп қойыпты, сірә, санап отырғанда қателесіп кетсе керек. Ол ақша менде, алаңдамаңыз. Ер­тең өзім алып келіп тапсырамын». Хатты алғаннан кейін кас­сирге барып, «қалған ақшаны қайта санап шығыңыз», – дедім. «Жоқ, бәрі дұрыс», – деді кассир. «Дегенмен, қайта санап шық» деп едім, өтінішімді орындады. Сол заматта-ақ өңі құп-қу болып, түсі бұзы­лып кетті. Ол заман үшін бұл көп ақша болатын, кассирдің сот­талып кетуі әбден мүмкін еді. Ертеңіне Мұхамбетрақым Қап­пасұлы ақшаны өзі алып келді. Сөйтіп, біз үлкен қауіптен құтыл­дық. Ол кісі осындай адал, әрі өз ісіне тиянақты қарайтын, есепке жүйрік адам болатын», деп әңгі­мелеген еді Нина Ивановна. Кейінірек ол «Абылайхан» кеңшарында қойма меңгерушісі болып еңбек етіпті. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отыра алмай, Қарабауыр ауылында мал шаруашылығын басқарды. Мұхамбетрақым ақсақал 2000 жылы 75 жасында дүниеден өтті. Артында 3 қыз, 3 ұлы қалды. Оқу-білімге, еңбекке құмарлық қанмен берілетін нәрсе ғой. Бұл кісілердің балалары да белсене еңбек етуде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» КӨКШЕТАУ
Соңғы жаңалықтар