Қазақ қай заманда да білімге, білмекке ұмтылған. Бұл оның төрт құбыласын түгендей алатын білгірлігін танытады. Мектебі жоқ кезде ауыл елдегі ақыл иелерінің қол иініне кіріп, түпкі ойды ұғып, сөз қадірін түсінуге ұмтылған. Үлкеніне ұйып, алдын қиып өтпеген. Кейін Кеңес заманында бүкіл бір ұлтты сауатсыздар қатарына қосты. Оған тұяқ серпи қоймадық. «Е», деген болдық. Сөйтсек, білім мен білік қазақта жатыр екен. Тек тамырымызды түгендеп едік: «Таза мінсіз асыл тас» (Асан Қайғы) ғасырлар қойнауынан болат топшы қыран ұлдар шоғыр-шоғыр болып қанат қақты. Қазір оларды түгендеу жолындамыз. Ұлт ісінде, білім ісінде биікте тұрған дара Абай: «Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат көрсетер ме?!» десе, Абайдың ізбасары, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «...Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі», дейді. Осы ұлы қағидалар ұлт жолына серік болып келіп, Кеңес дәуірінде ортақ қағида өріс алды, соның аясында біркелкі білім алуға ден қойдық. Оның жетістігі де, кемшілігі де болмай қалған жоқ.
Ал тәуелсіздік тұсында нағыз ұлттық оқу жүйесін қалыптастыру жолындағы табанды талпыныстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатымен жасалып келеді. Иә, қазақ қазір де балам оқыса екен дейді. Оқыса ой-санасы биік болатынына сенеді. Оқымай қалса, жуан жұдырықтың бірі болып қала ма деп сескенеді. Қызмет істеп, папка құшақтамаса да, төңірегін танып білсе, адам қадірін ұқса, ел жайынан хабардар болып отырса адаспайтынын, алжаспайтынын іштей ұғады. Біздің ұлт – осының бәрін көңіл түпкірінде топшылаған жұрт. Соны білген «құлға» көрсетер құрметтен де кенде емес. Жақсы сөзін, ілтипатын танытудай танытады.
Жақында сондай ілтипатқа лайық абыз дерлік ақсақалмен дидарласқанымыз бар. Ол – өткен ғасырдағы ұлт біліміне өзіндік үлесін қосқан, қолтаңбасын қалдырған, 13 жылдан аса уақыт бойы Қазақ КСР Оқу министрі қызметін абыройлы атқарған, үстіне шаң жұқтырмаған, артына жағымсыз сөз ілестірмеген қоғам қайраткері Қажахмет Балахметұлы еді. Ақ шашты, еңсегей бойлы ағамыз есік алдында күтіп тұр екен. 90 деген жастың биігіне көтеріліп, 100 жастың шыңына қарай көз тіккен ардақты ұлдың кісілігі мен кішілігіне иланғанмен, именшектедік. Ағамыз да оны жазбай түсініп: «Бабалар салты бар емес пе, ыңғайсызданба, інім», деді қалбақтаған бізді сабырға шақырып. Бүкіл саналы өмірін елдің ертеңі, ұлттың болашағы саналатын ұл мен қызға білім беру ісіне арнаған асылдардың сынығы сергек, жады да мықты екен. Үй тірлігі қарапайым, тұнып тұрған түк жоқ. Қилы кезеңдердің күйініші мен сүйінішін жаңылмай еске түсіреді. Бір сүйсінерлігі, біреуді айыптап, біреуді асыра мақтамайды. Өмірдің қалыбында, көңілдің қалауында сыр етіп шертеді. Табиғаты келісті Арқада өмірге келгенімен, өткен ғасыр тоғысындағы аласапыранда балалық дәуірі бал татырлық бола қоймапты.
– Қазақ анасын ардақтаған халық қой. Ұлы шешеміз Ұлыш 38 жасында жардан айырылып, жеті баламен жесір қалыпты. Жеті балаға жетімдік көрсетіп, көз түрткі етпеймін, өзім жеткіземін деп әмеңгерлік жолды айтып, әлек болғандарды кері серпіп тастапты. Сөйтіп, үш ұл, төрт қызды ыстық алақанында аялапты, – деп әжесінің адамгершілігі мол, ақылды, қарапайым болғанын, арабша сауаттылығының арқасында арғы бабаларынан қалған қара тысты Құранды оқып, ондағы мұсылмандық белгілерін ұрпағына жеткізіп отырғанын, қызыл империя қанша қысса да, бес уақыт намазын, отыз күн оразасын қаза етпей, 1949 жылы өмірден озғанын әңгімеледі. Өзінің кіндік қаны тамған, топырағы құнарлы Көкше өңірінің Айыртау ауданындағы атына қарай заты да керемет Саумалкөл ауылы жайлы ағынан жарылды. Әкесі әкесін көрмегенін, атасы Әбілқайыр дүние салғаннан кейін екі ай өткен соң туғанын айтты. «Әкелерім мен әпкелерім неге олай еткеніне қазірге дейін көзім жете қоймайды. Тектерін Әбілқайыр демей, Қайыров деп жазған. Қарғадай болсам да, осы көңіліме қонбай әкемнің атына, яғни Балахметов болып шыға келдім», дегенде көпті көрген көнекөздің бала кезінен арғы тегіне тартқан саналылығын көргендей болдық.
– Апырай десеңші! – дейді Қажахмет аға, – ана заманда бүкіл қазақтың екі пайызы ғана сауатты десе, соған сеніппіз ғой. Әкем қазақ тілін терең білетін еді. Оған қоса орысша да, арабша да өте сауатты болатын. Әжемнің Құран кітабына жүйріктігін алда айттым, – деген ақсақал өзінің мектеп табалдырығын 8 жасында аттағанын, Мырқасым деген мұғалімнің хат танырлық халі болғанымен, білімі терең емес екендігін, әйтсе де ұлт ұрпағына деген сергек көңілінің бөлектігін, 1937 жылы қазақ мектебі мүлде жойылып, өзі бір сынып шегеріліп, үшінші орыс сыныбына қайта отырғанын еске салып, – менің қазақша оқуым сол үш сыныппен бітті. Бірақ ана тілімізді ұмытпадым, деді.
Әкесі Балахмет сол заманның талабын орындайтын қызметтер атқарыпты. Шаңырақ көтерсем деген болашақ жары байдың қызы екен. Оған айдап беретін 47 қара қолбайлау. Ақыры алып қашып алғанымен, арты дауға айналып, соңы түсіністікпен бітіпті. Енді ес жиып келе жатқанда, 37-нің ойраны басталып, Балахметке қарадай жала жабылады. Кәмпескеге тап болған байдың қызына үйленген, алашордашылармен байланысы бар – осылай тізбектелген арыздар өрге қарай жөнелтіледі.
– Қайдам, осы арыз жазу деген алапат қазақтың соңынан қалмай келеді. Жаптым жала, жақтым күйенің кесірінен әкемнің бауырлары Мырзахмет Ғабдолла тұтқындалды. Осыдан қаймыққан әкем бас сауғалап, Түмен облысындағы жамағайындарын жағалады. Мұндай сұмдықтардың халқымызға тигізген кесір-кесапаты орны толмас демографиялық олқылыққа ұрындырды ғой. Оның үстіне, шаш ал десе, бас алатындар да ұлт жақсыларын әлсіретуге, не жойып жіберуге өз «үлестерін» қоспай қойған жоқ. Сөзім жалаң шықпасын, мен осыған бір мысал келтірейін. Сол тұстағы Солтүстік Қазақстан обкомының және облаткомының газеті «Ленин туы» «Алашордашыл екіжүзді сұмдардың бет-пердесін жырту керек» деген мақала жариялады. Онда: «Айыртау ауданындағы «Саумалкөл» колхозында ұялаған халық жаулары алашордашылар мен ұлтшыл-фашист сұмырайлар көп уақытқа дейін өздерінің зиянкестік әрекеттерін істеп келген. Өткен кезде Совет үкіметіне қарсы күрескен ежелгі жау Әбілғазин Фаттах (Балахметтің немере ағасы) деген колхозда өзіне тән адамдардан контрреволюциялық топ ұйымдастырған. Дәулетбеков Қаббас, Баймұқанов Шәкір, Молдыбаев Біләл және Қайыров Балахмет деген алашордашыл сұмырайлар 1920-1921 жылдары осы Әбілғазин Фаттахтың бандасына қосылып, Совет үкіметіне қарсы күреске аттанған. ...Қайыров Балахмет деген еңбекшілерді мейлінше қанаған атақты феодал Күшіковтің тұқымдарымен ауыз жаласып, ым-жымын қосып келген сұмырай еді... Ендігі жерде Қайыров, Әбілғазин, Кереевтерді колхоз шаруашылығының бұл хас жауларын, олардың сілімтіктерін жеріне жете әшкерелеп, күл-талқан ету керек. Ол жауыздардың колхозға жүргізген зиянкестік әрекетінің зардабын тез арада жойып, колхоз шаруашылығын дұрыс жолға қою керек», деп қаһарын төгеді. Осыны жазып отырған өз қандасымыз. Міне, біздің алдыңғы толқын осындай адам айтса сенгісіз қилы трагедияны бастан кешті, – деген Қажахмет Балахметұлы сәл ойланып қалды. Артынан: «Олар сол жылдары-ақ атылып кеткен екен. Партияның тарихи ХХ съезінен кейін сұрау салғанымызда Мырзахмет тәтем (біз ол кісіні тәте дейтін едік) 1949 жылы Амурдегі-Комсомольск қаласында рак ауруынан қайтыс болды деген жауап алғанбыз. Сөйтсек, ол өтірік екен. 1938 жылдың 28 ақпанында Қызылжар қаласының түбінде атылыпты. Тәуелсіздіктен кейін бәрі де анықталды. Әкем Түменнен қуғын-сүргін сәл саябыр тапқанда елге қайта оралды. Өзі сұранып, 1942 жылдың ақпанында майданға аттанды. Айтулы ақынымыз Сырағаң – Сырбай Мәуленов жырға қосқан Волхов майданында болған. Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысқан. Ауыр жарақаттанған соң елге келді. Аяулы шешем екеуі 17 ұрпақ көрген екен. Мен 1926 жылы өмірге келсем, кенжесі Тортай 1953 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Көбі сәби кезінде о дүниеге кетіп, 7-еуіміз ғана қалыппыз. 17-іміз тірі болсақ, 17 рулы елдей болып кетер едік-ау деген ой да жоқ емес. Бұл да қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза жазғандай «бір кем дүние емес пе?» – деп терең күрсінді.
Ол заманның балалары болаттай берік, темірдей тегеурінді болғанын Қажағаңның әр сөзінен айқын аңғарасың. Алғыр жас 9-сыныпта жүргенде өз уақытындағы белді ұйым комсомолға өтуге тілек білдіреді. Бірақ мектеп директоры «халық жауының ұрпағы» деген сөзден секем алып, көлденең тұрыпты. 9 сыныптан кейін қабырғасы қатайып қалғандарды әскерге дайындау кезінде ұйымға мүшелікке алады. Өйткені, ол аудандық комсомол комитетінің ауылға келіп өткізген көшпелі отырысында топ жарып сөйлейді. Іркілмей ойын ортаға салады. Оны сол тұста комсомолға алу былай тұрсын, мектептегі ұйымға жетекші етіп сайлайды. Аудандық, облыстық комсомол конференцияларына делегат болып қатысып, төрден орын алады. 1945 жылы орта мектепті бітіреді. Бір жыл бұрын Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, оныншы сыныпты өте жақсы бітіретіндер уақытша әскерден қалдырылған екен. Ондағы мақсат, елдің ертеңгі тірлігіне тірек болатын қарымды жасты ел ісіне қалыптастыру көрінеді. Солардың қатарынан Қажахмет Балахметұлы да табылыпты. Жоғары оқу орнына түседі. Екі жылдан кейін денсаулығына байланысты туған ауылына келіп, мұғалімдік қызмет атқарады. Әр жақтан, балалар үйінен келген оқушылармен жұмыс істеу жас маманға оңай соқпайды. Сондықтан Қ.Балахметұлы күндіз-түні ізденіп, атақты педагогтардың еңбектеріне зейін қояды. Әсіресе, тәртібі нашар балалармен жұмыс істеген А.Макаренконың құндылықтарына құлақ қойып, араларындағы білімге құштарларын өзгелеріне үлгі ете отырып, бар баланың көңілін табады. Еңбек ете жүріп тарих мамандығы бойынша жоғары оқу орындарын бітіріп шығады.
– «Халық жауының құйыршығы» деген «атақ» көпке дейін қыр-соңымнан қалмады. Партияға өтетін кезде де аяққа тұсау болды. «Менің әкемнің ағасы Қайыров Мырзахмет 1938 жылы 58-статьямен сотталған» деп өтінішіме жазып қойсам да «жазалы» бола беретінмін. Бала кезімде де «жаудың тұқымы» деп шолақ белсенділер қамшымен жон арқамнан талай осқан. Талмай іздену, көп оқу соңыма шам алып түскендерге берік тосқауыл болды. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» атты романдары жастығымның астында жататын еді. Мектепте мұғалім болып жүргенде облыстан бір топ өкілдер келіп, жиналыс өткізді, дәріс оқыды. Мен партия саясаты туралы, жастарға білім беру жайы, әсіресе, қазақ балаларына жете көңіл аударуды көсіле айтқаным бар. Содан бір күні аудандағылар облыс шақырып жатыр деген соң бардым. Обкомға қызметке алмақ болыпты. Оның реті келмеді білем. Облыстық білім бөлімі басшысының орынбасары деген қызметке тағайындады. Ол кезде Көкшетау шағын қала еді. Баспана жағы қиын. Бірер жылдан кейін ауылға кетейін дедім. Басшылар онда бір мектепке директор бол деген тілек айтты. Егер бос орын болмаса, біреудің орнына бармаймын. Маған жай мұғалімдік те жететінін жеткіздім. Мен өмірімде нәсілімнің тазалығын сақтадым. Ешкімге қиянат жасамадым. 15 жыл Жоғары Кеңеске депутат, 13 жылдан аса министр болған уақытта – көкте бір құдіреттің барын көкейімде ұстадым, Меккеге бармадым, әйтсе де ойымды, бойымды таза ұстадым. Көп жасаудың сыры осында жатқан болар, – деген ақсақал селдіреген ақселеу шашын салалы саусақтарымен сипап қойды.
Ол біраз жыл мектептерде директор болып, одан соң Көкшетау облысында талай лауазымды қызметтер атқарады. 1974 жылы Қазақ КСР Оқу министрі болып, отандық білімнің дамуына кең ойлап, алыстан болжайтын қадірлі қасиеттерімен өзіндік үлесін қосады. «Біреуге ақыл айту үшін жан сарайыңда білім көзі мол, білігің мықты, көргенің көп, түйгенің жетіп артылуы тиіс. Әңгіме қозғайтын саланы ойлылықпен талдап, сауаттылықпен саралай алуың қажет. Болжаммен, тұспалмен қарсы алдыңдағы адамды ықтырып алсам деп бос кеудемен сөз айтсаң – үлкенді қойып, бала да иланбайды», деген кезіндегі ұстаздардың ұстазы. «Менің мамандығым тарихшы. Бірақ мектеп басқарып жүргенде барлық пәндерден хабарым болды. Мұғалімдердің сабағына қатысып, тақырыпты бірге отырып талқылайтын едім. Методика деген бар, оған жетік ұстаздың шәкірті қырандай шарықтайды. Білім көгінде өзін танытып, өмір көшінен орнын нық алады. Бала бір тақырыпты толық меңгермей, екіншісін бастап жіберу – оқушыны шатыстырады. Қазір тақырыпты бала меңгерді ме, меңгермеді ме ол жағына ешкім мән бере қоймайтын секілді. Төпелеп балаға тапсырма бере береді. Үйге келген соң олар «анау қалай, мынау не» деп ата-анасын мазалайды. Ата-ана зерек болса, әңгіме басқа. Олай болмаса, баланың оқуға деген ынтасы жоғалады. Мектеп десе, мұғалім десе төбе шашы тік тұрады. Біздің заманымызда бірінші сыныпқа тапсырма берілмейтін. Екінші сыныптағы тапсырма бір сағаттан аспайтын. Мен мұны неге айтып отырмын? Себебі, бүгінгі ата-аналар ұл мен қыз ес білген күннен бастап, неше түрлі өнер салаларына, оқу түрлеріне апарып жатады. (Әрине, таланттылардың жөні бөлек). Сөйтіп, оларды балалық дәуренінен айырады. Бірте-бірте ондай балалар қажиды, шаршайды, бәрін меңгере алмаса, жаттауға тырысады. Жаттанды нәрсе мида тұра ма? Бұл қазір қала баласын «жаулап» алды. Тағы бір айтайын дегенім, репетитор жалдау деген шықты. Менің топшылауымша, бұл мүлде дұрыс емес. Оны жою керек. Қойшы көп болса, қой арам өледі. Мұғалім беделі түседі. Бар жауапкершілікті ата-ана мен мұғалімге жүктеу керек. Кім білсін, менің бұл ойым қате де шығар. Дегенмен, әр нәрсе өз дәрежесінде болса екен. Ең бастысы баланы балалық кезеңінен айырмағанымыз жөн секілді», деп жақсы мұғалім қайдан шығады деген сұраққа да өз ойын білдірді. «Бұрын елімізде 19 педагогикалық жоғары оқу орындары болатын еді. Біразының ашылуына себепкер болғаным бар. Қазір 6-уы ғана қалды. Университет жалпы білімді оқытады ғой. Оны көрмей отырғаным жоқ. Педагогикалық оқу орындары нақты пәнге ден қояды. Әр курстың студенттері атқаратын міндет-мақсаттар тайға таңба басқандай айқындалады. Соны мүлтіксіз орындаған жастан мықты мұғалім шығады. Біз осы үрдістен айырылып қалған секілдіміз. Содан да шығар, мұғалімдердің атына кейде сын айтыла беретіні».
Қажахмет Балахметұлы министр кезінде қағазбастылыққа қарсы тұрыпты. 50-60 беттен тұратын көпірме есептерді 5-6 бетке дейін «құлдыратыпты». «Жақсы нұсқаушы алдымен өз ісіне өзі сенетін болсын, одан соң өзгені иландырсын», деген идеяны қалыптастырыпты. Мұғалімдердің Одақ көлеміндегі алқалы жиындарға қатысып, тәжірибе алмасуына, ондай басқосуларды өз Отанымызда өткізуге де мүмкіндік жасапты. Атақты академик Ю. Бабанский елімізге келіп, ұстаздар қауымымен дидарласқанда олардың ізденісіне тәнті болып: «Не деген ақылды жандар еді», деп осындай ынталы болуына жағдай жасаған Балахметов секілді министрге ерекше ілтипат танытыпты. Әр саланың өз саясаты болады, соны мүлтіксіз жүргізу парыз. Білім сапасын арттыру жолындағы ізденістерді жетілдіру кезінде ол сол саясатты басшылыққа алыпты. Оқулық жазудың оңай еместігін қадап айтқан атақты математик, академик А.Колмогоров пен физика пәнін оқыту әдістемесін жетік білетін академик И.Кикоинмен берік қарым-қатынаста болғанын айта кетуге тиістіміз. 11 жылдық білім беруге көшу, 6 жасар балаларды мектепалды дайындықтан өткізу – мұның бәрі кадрдың қолынан келетін жұмыс екенін алдын ала зерделеген Балахметов 4 педагогикалық институтта білім жетілдіру факультеттерін ашады. Мұнымен қатар, мектептер мен мектептен тыс мекемелердегі, жоғары оқу орындарындағы оқу-методикалық базаны заманға қарай жабдықтау ісін де бір сәт назардан тыс қалдырмапты. Кітап пен методикалық құралдар мұғалім үшін ауадай қажет екенін ескерген ол, әр жыл сайын, «Мектеп» баспасынан 100-ден аса кітаптар мен кітапшалар шығаруға ұйытқы болған. Совхоздар мен колхоздардың орталығынан интернаты бар мектептер салуды да негізгі нысанаға қойған. Себебі, малшының балалары мен шағын елді-мекендерде тұратын азаматтардың ұл-қызы ағайын-туыстың отбасында емес, жан-жақты жарақталған мектеп-интернатта жатып оқыса, білім деңгейі биік болады деген қағиданы өзінен де, өзгеден де талап етіп отырған. Ол: бала – мектеп – мұғалім қағидасын қатаң ұстанған. Ұрпақтың білімді де білікті болып өсуі үшін мұғалімге жағдай жасауды, ең бастысы жас мұғалімді баспанамен қамтамасыз етуді, оларды тәжірибелі ұстаздардың үлгісінде баулу секілді жұмыстарды тиісті басшыларға міндеттеген. Әсіресе, жетім балалар мен ауру балаларға арналған мекемелердің жұмысын ерекше бақылауға алған. Еліміз бойынша мектептердегі оқушылардың 67 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің 50 пайыздан астамы балабақшаға орналастырылған екен. Барлық аудандарда әдістемелік кабинеттер жұмыс істеп, онда қызмет ететін азаматтардың саны артқан. Мұғалімдердің іс-тәжірибесін көрсететін, методикасын таныстыратын басылымдарға ерекше мән берілгенін де айта кетуіміз керек. Мұның бәрі Қажағаңның тек идеяның адамы ғана емес, оны іске асыратын қажырлы азамат екенін де аңғартады.
– 1980 жылы еліміздегі 10 мектепке араб тілі пәнін енгіздім. Оның себебі, ата-бабаларымыздан қалған қазына сол тілде болатын. Ол жас буын тілді меңгеру арқылы тарихымыздың шаң басқан беттерін ашып, түп тамырымызды түгендесін деген ниеттен туған еді. Тәуелсіздіктен кейін сол ойдың ақталғанына көз жеткіздім. Тәубе келтіремін. Бірақ 1986 жылғы сүргіннен соң сол «ісіме» жауап бердім. «Неге араб тілін мектепте оқытуға мүмкіндік жасадың?» деген сауалға, бүгежектемей тарихымыз сол тілге қатысты екенін, көптеген еңбектердің архивте жатқанын айттым. Осы үшін қуғындалдым. Басымдағы бес бөлме пәтерді қайтарып алып, үш бөлмеге кіргізген кездер болды. Оған жасымадым. Ешкімге бұл қалай демедім. 60 жасқа толғанда Дінмұхаммед Ахметұлына зейнетке кетейін дегенімде: «Мен де жүрмін ғой, елге адал қызмет еткен адамның қуаты болса, жасы кедергі етпеуі тиіс», деген болатын. 1987 жылы мұғалімдердің съезі болып, сол күні зейнетке шықтым. Жоғары оқу орындарында дәріс оқыдым, бірнеше кітап жаздым, – деді Қажахмет Балахметұлы.
Осы арада ардақты азаматтың беделі өз елімізде ғана емес, одақ көлемінде де биік болғанына бір дәйек келтіре кетсек дейміз. 1978 жылы болған Одақ мұғалімдерінің құрылтай қорытындысында 50-ге таяу ұстазға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті. Соның арасында Қазақ елінен төрт мұғалім, атап айтсақ, Құдыс Әбсәметов, Зоя Жукова, Нина Полтавец, Маржан Тасова бар еді. Бұдан өзге ұлт ұстазына айналған көзі тірі Қ.Айталиев пен өмірден озған Қ.Бітібаева да сол тұста танылған болатын.
Қажахмет Балахметұлы құрметті зейнетке шыққаннан кейін Отанымыздағы Балалар қорын басқарды. Бұл істе ол жетім балалардың денсаулығы мен өмірін қорғау, экологиялық, экономикалық жағынан нашар өңірлердегі азаматтардың ұл-қызын, көп балалы отбасылар жағдайын жан-жақты зерттеп, зердеден өткізіп, оларға әркез көмектесіп отырды. Қ.Балахметұлы – мемлекеттік қызметпен қатар, отбасының да ұйытқысы бола білген азамат. Жары медицина ғылымдарының кандидаты Сараш Байгенжина екеуі 6 бала өсіріп, олардың бәрі әр саланың білікті маманы ретінде әке мен ана үлгісін ұштастыруда. Олардан өрбіген ұл мен қыз ардақты аталары мен аяулы әжелерінің сүйіктісі екені сөзсіз.
Ағадан ақыл, ініден ізет деп әңгіме түйінін түйер тұста Отанымыздың «Парасат», Ресейдің «Қайырымдылық істері үшін» атты тақуа ханзада Дмитрий ордендерінің иегері Қажахмет Балахметұлы: «Білім жоқ жерде ізденіс те, алға даму да жоқ», дейді. «Адамның сыйлы, құрметті болуы – оның адамгершілігіне, адалдығына тікелей тәуелді. Әке-шешесін сыйлаған бала – Отанын құрметтей алады. Жақсы бала – бақ, бақыт. Бір кемістігі болмаса, бала жаман болып тумайды. Бала өнегесіздігі білім беру тәсілінен, тәрбиенің кемдігінен болады. Бүкіл саналы өмірімді ұстаздыққа арнаған адам ретінде менің көкейге түйгенім осы», – деді де данышпан Абайдың Алтыншы қара сөзіндегі: «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап – ұялмас», деген төрт жол өлеңді еске түсіріп: «Ұрпақты осыдан аулақ ұстасақ, елдігіміз еңселі болып, арман-мақсат орындалып, береке-бірліктің алтын діңгегі нығая береді. Ұтылмаймыз, ұтамыз!» деген байламын жеткізді. Біз мұны ізгіліктің ізі деп ұқтық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА