• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Тиімді әдістер табу – үлкен міндет

319 рет
көрсетілді

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсановадан апатты оқиғалардан зардап шегіп, мүгедек болып қалған жандардың зәру мәселелеріне депутаттар тарапынан қандай көмектер жасалып жатқаны туралы сұраған едік.        – Апатты жағдайлардан алған соқ­қ­ылардан кембағал болып қал­ған жандардың пробле­масы қазір бүкіл әлемнің әлеуметтік мәселе­сіне айналып отыр. Біздің елімізде осындай оқиға­лардың салдарынан көз жұмған адам­дардың саны қан айналымы, миокард инфарк­ты және қатерлі ісік дерттерінен кейін­гі төр­тін­­ші орынды алып отыр. Эко­номикалық ын­­ты­­мақ­­тас­тық және даму ұйымына мүше ел­де­р­дің 100 мың адамға шаққандағы орта­ша көр­сет­кі­­шін­ен біздегі өлім-жітім саны екі есе артық. Мүгедектердің жалпы саны­ның 12,7%-ы апатты жағ­дайлардағы түрлі соққылар алудың кесірінен болады. Нақты айтар болсақ, жыл сайын бізде 600 мың адам осындай қайғылы жағдайларға ұшырап қалып жатады екен. Соның – 22%-ы балалар, 78%-ы – жасөспірімдер мен ересектер. Үстіміздегі жылдың 9 мау­сымын­да ха­лық­­тың өлім-жіті­мін көп тудыратын дерт­терге қарсы мемлекеттің жүйелі шара­лары­на арналған «Нұр Отан» пар­тия­сының Мәжі­лістегі фракциясының оты­рыс­ында жыл сайын елі­мізде бақытсыз жағдайдан 16 мың адамның өмірмен ерте қош­таса­тындығы айтылды. – Бұл өте көп қой... – Әрине. Халқы онсыз да аз Отанымыз­да жыл сайын осын­ша адамның көз жұматыны алаң­датпай қоймайды. Бұл проблеманың екінші жағы да бар. Қаза болғандардың дені тұрғындардың экономикалық тұрғы­дан белсенді бөлігі екен. Мәселенің эконо­микалық жағына көңіл аударатын болсақ, қаза бол­ғандар мен зардап шегіп, мүгедек болы­п қалғандардың себебінен бюджетке түсетін салық көлемі 44,8 млрд. теңгеге азайып қалған. Ал егер көз жұмғандар мен мүгедектік алғандар санын 10 пайызға ғана азайтсақ, бюджеттің кіріс бөлігі 2,1 млрд. теңгеге артатын көрінеді. – Сонда қандай шаралар қол­ға алы­нуы керек деп ойлайсыз? – Бұл тұрғыда денсаулық сақтау нысан­­дарының ғылыми-емдеу бағыт­тарын дамыту барынша өзекті болып отыр. Олар трав­матизммен бай­ланысты дерттерді зерттеу және санитарлық бақылаумен айна­лы­­сады. 2001 жылы Астанада 1972 жы­лы салынған екінші қала­лық ауру­ха­наның негізінде Трав­мато­логия мен орто­педия ғылыми-зерттеу институты (ТОҒЗИ) ашылған. 2009-2011 жылдары ТОҒЗИ мемлекеттік тапсырыс бойынша Қазақстан тұрғындарына тегін консультативтік-диаг­ностикалық жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Алайда, қазір салынғанына 43 жыл болған бұл ғимараттың мүмкіндігі бүгінгі стандарттарға сәйкес функционалды қызмет көр­сету орындарына жетпей отыр. Сон­дықтан да ТОҒЗИ-дің жаңа ғи­ма­ратын салу мәселесі аса зәру проблемалардың біріне айналды. – Сіздердің тараптары­ңыз­дан бұл мәселені шешу үшін қандай қадамдар жасалуда? – Мен осы мәселелердің бәрін айтып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдадым. Онда бұл құры­лы­стың халық зәрулігін өтеу­мен қатар, денсаулық сақтау сала­сы­на жоғары инновациялық техно­логияларды енгізудің бір жолы екендігі айтыл­ды. Егер травматология мен ор­то­педияның жаңа зерттеу институты салынса, онда Қазақстанның осы сала бойын­ша халықаралық стан­дарт­тарға жақын­дай түсуіне де бір нақты қадам болар еді. Түрлі апат­ты соққы­лардан зардап шеккен адам­­дары­мызды емдеудің жолдары табы­лып, оларды қоғамымызға дені сау етіп қайтарып жатсақ, ТОҒЗИ-ді салуға кеткен қаражаттың арты­ғы­мен қайтарылғандығы емес пе? Ықтимал экономикалық тиім­ді­лігі де орасан болар еді, өйткені, дені сау адамдары­мыз­дың саны көбейіп, олар еңбекке араласып, бюджеттің түсім бөлігін арттыра түседі ғой. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»