Алматыда дельфиндерді балалардың церебралды тырысқақ ауруын емдеуге пайдалана бастады. Небәрі 10 сеанстан тұратын ем-дом бағдарламасын қазірдің өзінде 50 балаға қолданып көрген дәрігерлер бұл емнің жақсы нәтиже көрсеткендігін айтуда.
Ғылыми жетекшілер мен дәрігерлер ұсынған 25 минуттық емдік бағдарлама 2 бөлімнен – «жағалаудағы жүздесу» мен «судағы серуеннен» тұрады. Ем жүргізу ісін бақылаушы мамандардың айтуынша, сырқат балалардың 90 пайызы су жануарымен кездескеннен кейін жағдайлары оңалып, сөйлеуге талпынып, түрлі қимылдар жасағысы келіп, өмірге деген құлшынысы артқан.
– Дельфиндер – бала психологиясына ерекше әсер ете алатын сүтқоректілер. Біріншіден, олардың түрі үнемі күліп тұратын жанды елестетсе, екіншіден, адам бойындағы психологиялық ауыртпалықты алып тастайтындай қасиетке ие. Көбіне біз бұйырған тапсырмадан гөрі өз бетінше басқа да қимыл-әрекеттерге барады. Бір жақсысы, іс-әрекеттері балаларға көп әсер етеді. Осыған қарағанда, су жануарын дұрыс баулыса, адам жаны мен тәнін емдеудің жаңаша тәсілі пайда болуға тиіс, – деді Алматы дельфинатерапия бөлімінің жетекшісі Алексей Полищук.
Николь, Катя және Юми атты 3 дельфин суда да, жағада да сырқат балалардың көңілін аулап, өз ойынын көрсетеді. Сипауға, ұстап көруге және бірге жүзуге тырысқан балалар бір сәт өздерінің дертін ұмытып, өмірге деген құлшынысы артады. Дәрігерлердің айтуынша, олардан шығатын ультра дыбыс адам ағзасына ерекше әсер етіп, әлсіз дененің иммунитетін көтеруге және психикалық қалыбын жақсартуға зор ықпал жасайды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ