• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2016

Ұлттық құндылық және ұрпақ

1235 рет
көрсетілді

Білім беру деңгейі – эконо­ми­калық және ғылыми-техни­калық ілгерілеуінің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның табыс­ты дамуының кепілі. Бұл салада кенжелеп қалу елдің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлт болашағына және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан да білім беруді дамыту – жалпы ұлт үшін аса маңызды міндет болып табылады. Барлық өркениетті әлемде мемлекет пен эко­номи­ка­лық өрлеу мен әлеу­меттік-сая­си тұрақтылыққа ұмтылатын қоғам, білім беруді дамытуға қызығушылық танытып қана қоймай, оған өзінің қатысуын үнемі ұлғайтып отырады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлт­тың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте оның білімділік дең­гейі­мен анықталады. Бізге эконо­микалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қа­жет», – деп атап көрсетті. Демек, басты мақсат жас ұр­пақ­қа саналы тәрбие, сапалы білім беру. Осы мақсатқа жету жолын­да елімізде көптеген реформалар жүргізілді, енді 2020 жылға дейін толық 12 жылдық мек­тепке өту және үш тілде дәріс беру мәселесін іске асыру жө­нінде шешім қабылданып отыр. Бұл шешім қоғамда үлкен тал­қылау туғызып, көптеген пікірлер айтылуда. Ол күтілген заңды құбылыс. Осыған орай біз де өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Таяуда үлкен аудиторияда үш тілдік оқу жүйесіне қатысты сұрақ қойылды. Мұқият тыңдағаннан кейін: «Кім өз баласының үш тілде еркін сөйлегенін қаламайды?» – деп, қайыра сұрақ қойдым. Залдан ешкім жауап бермеді. Содан кейін: «Өз сұрақтарыңызға өздеріңіз жауап бердіңіздер ғой», – дедім. Зал тағы да үнсіз қалпын сақтады. Расында да, балаларымыз үш тілде еркін сөйлейтін болса, одан кім ұтылады? Ешкімде ұтылмайды, қайта ұтарымыз көп болар еді. Елбасының түпкі арман-мұратының да осы екенін толық түсінуіміз керек. Қандай да болмасын тіл жаңа бір әлем есігін ашады. Ал ағыл­шын тілі болса әлемдік тілге айналып барады. Барлық маңызды халықаралық конференциялар, қай елде болмасын, ағылшын тілінде өтеді. Ғылыми еңбектер негізінен ағылшын тілінде жазылуда. IТ-технология, кибер­нетика, машина өндірісі, биомедицина, инженерия мен адам­ның ақыл-ой ұшқырлығын қажет ететін жаңа ғылым салалары ағыл­шын тілінде дамуда. Осыны терең түсінгенмен, білім беру са­ла­сында жүргізілген көптеген ре­формалардың жақсы нәтижесін көре алмаған ата-аналар бұл жа­ңа­лыққа үлкен күмәнмен қарап отыр. Басты проблема – үш тілді оқытуға баса назар аударып, тәрбие мен білім сапасын ақсатып алмау, қайта оны көтерудің тиімді жолын табу. Бұл аса күрделі мәселе болып табылады. Халықты алаңдататын да осы. Тіл тірегі – педагог кадрлар­дың кәсіби біліктілігі. Барлық пәндерден сапалы дәріс берілген жағдайда ғана, білімде сапа болады. Ол үшін ұстаз өз пәнін терең білетін, дәріс беру әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген әдіскер болуы, сонымен бірге, бір пәнді ағылшын тілінде беру үшін cол тілде еркін сөйлей білуі тиіс. Бұл басты талап. Ал бұл пәнді оқушылар ағыл­­­шын тілінде жақсы меңгеруі үшін, олар оны мұғаліммен еркін сөй­­ле­се алатын деңгейде білулері қажет. Ағылшын тілін білмейді екен деп біз қазір білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген тәжі­рибелі ұстаздардан айырылып қалмауымыз керек. Ағылшын тілін білгенмен, мектепке келген жас мұғалімге әдіскер деңгейіне көтерілу үшін мықты тәжірибелі ұстаздардың көмегі қажет. Демек бұл асығыстыққа салынбай, асқан сабырлылықпен атқарылуы тиісті жұмыс. Осы арада тағы бір білім құрау­шысы туралы айта кеткен дұрыс болар. Ол – білім мониторингі. Біз білім сапасын анықтаудың шынайы бағалау жүйесін жасауымыз керек. Ал ол жүйе біз­де әлі жасалмаған. Дәріс қай тіл­де берілсе де, оқушылардың нақ­ты алған білімдерінің сапасы анық­талуы қажет. Білім сапасын баға­лаудың нақты жүйесі жасалмай, білім сапасын көтеру мүмкін емес. Бағалау критерийлер жүйесі жасалған уақытта ғана әр тілде білім алған оқушылардың білім деңгейі нақты анықталатын болады. Осындай бағалау негізінде қорытынды жасалып отыруы тиіс. Ұстаз еңбегі де осы нәтиже негізінде бағалануы керек. Мұндай өлшемдер жүйесі жасалғанша, алдымен мектептерде кәсіби құзыреті жоғары ұстаздардың дәріс беруі қамтама­сыз етілсе. Білім беру ісі дамыған елдерде мектепке жұмысқа келген ұстаз қоғамдық комиссия алдынан өтеді. Бізде мұндай тәжірибе жоқ. Бірақ осындай сынақтың білім сапасын көтеруде ерекше маңызды рөл атқаратынын дамыған елдер тәжірибесі дәлелдеп отыр. Сондықтан әр мектептің жанынан құрылған қоғамдық комиссия құрамына білімді, өмірлік тәжі­рибелері мол, ұстаздық еңбек­тің қыр-сырын білетін ата-аналар, тәжірибелі тәлімгерлер ен­гені жөн. Комиссияның негізгі мақсаты – жас маманның ұстаз болып еңбек етуге қабілетін анық­тау. Комиссия оң шешім қабыл­дамаса, талапкердің мектепке алынбағаны дұрыс, ал алынған жағдайда, оған нақты талаптар қойылуы қажет. Осындай талап ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдерге де қойылуы тиіс. Бұл біріншіден, жас талапкерге үлкен жауапкершілік артатын болады, екіншіден, оларды оқытқан оқу орнының жұмысына баға беріледі, үшіншіден, ата-аналардың жауапкершілігі артады, төртіншіден, қоғам мен мектеп арасындағы шынайы қауым­дастық құрылады, бесіншіден, балалардың сапалы білім алуларына ата-аналар да себепкер болады, алтыншыдан, ең маңыздысы білім сапасы көтеріледі. Қоғамда үш тілді оқытқанда балаға алдымен ана тілін мең­гер­ту, ана тілі негізінде ұлт­тық рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесін шешу керектігі ай­тылуда. Дұрыс пікір, кім бұл пікір­ге қарсы уәж айта алады. Енді осы мәселеге тереңдеп бара­йықшы. Қазақ – ықылым заманнан бала тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Ер­терек­те ауыл-аймақтарда бала оқы­татын мұғалім елдің шынайы құрметіне бөленген, оған қашанда төрден орын берілген. Алаш арыс­тары­ның: «Ұстазы мықтының – ұста­ны­мы мықты», – деген сөзіне тоқ­таған халқымыз. Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыз: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас», – деген. Бұл сөздердің өте терең тәрбиелік маңызы бар. Баланы бес жасқа дейін патшадай күт деген сөз, бес жасқа дейін балаға шынайы мейіріммен, асқан ізеттілікпен, үлкен талғампаздықпен қарым-қатынас жасау қажеттігін, ол бар жерде ешқандай әдепсіздікке жол бермеу керектігін меңзейді. Міне, осындай жағдайда баланың психо-физиологиясы дұрыс қалып­тасып, ойлау қабілеті дамып, ол мейірімді, адами қасиеті бай аза­мат болып өсетінін ата-бабалары­мыз жақсы білген. Ал бала тәр­биесіндегі ананың атқаратын рөлін толық мойындай отырып, оның тұлғалық қасиетінің дұрыс қалыптасуының ерекше маңыз­дылығын ескеріп, «қызға қырық үйден тыйым» деген. Қазақтың осындай даналығын дүниежүзі ғалымдары ғылым мен техниканың озық дамыған кезін­де көлемді зерттеулер жүргізіп, дә­лел­деп отыр. Sony кор­порация­сы­ның негізін қалаған, талантты ғалым, өнертапқыш Масару Ибука жас бала психологиясын зерттеуге ерекше мән берген. Өз зерт­теулерінің қорытындысын: «Үш жастан кейін кеш болады» деген кітабында егжей-тегжейлі баяндаған. Онда: «Жас баланың ми физиологиясын, бір жағынан психологиясын зерттеу болса, екіншіден, оның ақыл-ой қабі­летінің даму ерекшелігін анық­тайды. Бұл зерттеу оның ақыл-ой қабілетінің даму көзі – алғашқы үш жыл өміріндегі, яғни ми жасушаларының даму кезеңіндегі жеке таным тәжірибесі екенін көрсетті. Бірде-бір бала данышпан да, ақымақ та болып туылмайды. Барлығы бала өмірінің шешуші жылдары миының даму дәрежесі мен стимуляциясына байланысты. Барлық адамдар, егер жарымжан болмаса шамамен бірдей болып туады. Баланың ақылды немесе ақымақ, зерек және табанды болып өсуі үш жасқа дейінгі алған тәрбиесіне байланысты. Балабақшада тәр­бие­леу әлдеқашан кеш болмақ. Жаңа туған баланың миы – таза қағаз парағы сияқты. Баланың қаншалықты дарынды болаты­ны осы қағазға не жазылатынды­ғына байланысты. Нәрестелік кезең – адам өміріндегі өте алғыр кезең. Адам миында шамамен 1,4 мил­лиард жасуша бар дей­ді, ал жаңа туған балада оның көбісі әлі әрекетке араласпаған. Жасушалар арасындағы байланыс, едәуір қалыптасатын кезең – бұл баланың туғаннан үш жасқа дейінгі кезеңі. Бұл уақытта осындай байланыстың шамамен 70-80 пайызы пайда болып, ми 80 па­йызға дейін жетіледі. Осы ке­зеңде бала миына не жазылса, сол оның болашақ дамуының негізі болады. Яғни адамның миы компьютердің жады сияқты, үш жасқа дейін көп дүние жазылса, ол өсе келе жады мықты компьютердей жақсы жұмыс жасайтын болады», – дейді. Бұл қорытындының бала­лары­­­мыздың ана тілін жетік білу­леріне тікелей қатысы бар екенін баса айтуымыз керек. Олар ана тілінде еркін, әрі таза сөйлесін десек, туғаннан үш жасқа дейін мүмкіндігінше ана тілін мол естулеріне жағдай жасауымыз керек. Өзіміз олармен тек ана тілінде сөйлесіп, қазақ тілінде ер­те­гілер айтып, қазақ әндері мен күйлерін естуіне мүмкіндік жа­сау­ға тиіспіз. Оның қазір жолдары көп. Қазақ тілінде салиқалы түрде сөйлесіп, мол мағлұматтар беруіміз керек. Нәресте баланың естігенінің бәрі оның ми жасуша­ларына жазылып, кейін оның ақыл-ойының жақсы дамуына оң әсер етеді, ол бала ана тілінде таза сөйлейтін болады және оның сөз байлығы да мол болады. Баланың ойлау, қажетсіну, шығармашылық сезіну сияқ­ты қабілеттері үш жастан кейін дами бастайды және ол осы жас­қа дейін қалыптасқан базаны қол­да­нады. Міне, осы кезеңде оның зорлық-зомбылыққа толы шетел­дік фильмдерді көрулерін мүм­кін­дігінше азайту керек. Себебі, мұн­дай фильмдер баланың психо-физиологиясының дұрыс қалып­тасуына кері әсер етеді. Екінші жағынан, бала фильмдерді орыс тілінде көп көретін болса, оның тілі орысша шығады. Ата-анасы бала­сына бір сөз үйрететін болса, теле­дидар он сөз үйретеді. Бала­ның осындай мықты даму фунда­ментін қалыптастыру ата-ананың, алдымен ананың міндеті екенін біз жақсы білгеніміз абзал. Ол міндетті орындау үшін болашақ аналардың бойында мол ұлттық адами қасиеттер болғаны дұрыс. Жапония елінде 1994 жылы жүр­гізілген жаппай сұрақ-жауап барысында ата-аналардың шамамен 64 пайызы тәрбиелеудегі басты рөл өздеріне тиесілі деп есеп­тейтіндерін растады. Ал сауал­намаға қатысқан басқа жауап берушілер, тіпті тәрбиелеу түгелімен отбасының ісі болуы тиіс деген. Оңтүстік Корея елі ата-аналарының жауабы да осы көрсеткіштер аясында болған. Жастайынан баланың бойына берілген, біз бере алған адами қасиеттерін одан әрі дамыту үшін бастауыш сыныптарда ана тілінде оқытуға басымдық берілгені дұрыс. Оларға ұлттық құндылықтарды одан әрі терең меңгерту керек. Ұстаздармен өткен бір кездесуде 9-шы сынып жетекші­сі, жас мұғалім: «Түнгі сағат 2 ша­ма­сында сыныбымда оқитын бала­ның анасы телефон шалып, ашулы дауысымен айғайға басты. «Менің баламның қайда жүргенін неге білмейсің? Сен қандай сынып жетекшісісің. Ұлым бұзақы­лық жасап полицияға түсіп қал­­ды. Сен қандай тәрбие бергенсің?» – деп, жерден алып, жерге салды. Ертеңіне мектептегі талқылауда менің атыма тағы да көптеген сыни пікірлер айтылды. Қазір бала бұзақылық жасаса, тек мұға­лім кінәлі дейтін болды. Осы дұрыс па? Қазіргі уақытта мұға­лім­­дердің қоғам алдында да, ата-аналар алдында да, тіпті оқу­шы­лар алдында да ешқандай абыройы жоқ. Бұған не айтасыз?» – деген сұрақ қойды. Мен қатты ойландым, көңілім де қатты құлазып қалды. Мәселе өте тереңдеп кет­кен екен, мұны біз ел болып тал­қы­лап, бір қорытынды жасауы­мыз керек екен деген байлам көкейде тұрды. Жапонияда «Ұстаз – ұлттық құндылық», «Үш қадам шегін, еш уақытта ұстазыңның көлеңкесін баспа» деген, халық иіліп отырған ұстанымдар бар. Біз неге осындай ұлттық ұстанымдардан кетіп қалдық?.. Елімізде 2016-2019 жылдар­ға арналған Білім мен ғылым­ды дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданды. Оны іске асырудың іс-шара жоспары жа­са­луда. Енді білім сапасын көтеру үшін жоспарланып отыр­ған іс-шаралардың жүйелі түрде, кезек-кезегімен іске асырылуын қам­та­ма­сыз ететін ғылы­ми негізделген ар­найы құжат қа­был­дануы қажет. Міне, осындай құжат қабылданған жағдайда ғана білім сапасы артады. Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті АЛМАТЫ