• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2016

Азаттықтың айшықты рәмізі

410 рет
көрсетілді

Еліміз үшін әрбір жылдың бел ортасында әлемге бере­келі тір­лігін паш етіп, жаһан­ға жасам­паз істерін жарқы­рата көрсе­тетін айтулы мем­лекеттік мере­келерінің бірі – Астана күні екені ақиқат. Ғасырлар бойы елдікті аң­сап, ерлікті жырға қосып, ел ор­­талығының қазығын қағу­ды мұрат тұтқан асыл баба­ларымыз өз заманында «Қаша­ғанның ұзын құрығы, Ақ Ор­даның тіреу сырығы» деп Ұлы Даланың еркіндігі мен еңсе­лілігін ұлықтап өткені мәлім. Сол сияқты Астана – еге­мендіктің мызғымас тұғыры, азаттықтың айшықты рәмізі. Қазақстан халқы алдағы Астана күнін сүйінші хабармен, ақжолтай жаңалықпен қарсы алатыны да көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатуда. Еліміздің Орталық Азия аймағынан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне екі жыл­ға сайлануы мемлекетіміздің мәр­тебесін асқақтатты. Бұл айтулы жеңіс Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың елдегі бірлікті, әлемдегі қауіп­сіздік пен бейбітшілікті сақтау­ға бағытталған сындарлы сая­сатының жемісі екені ақиқат. Біріккен Ұлттар Ұйымының дең­гейіндегі бұл асқаралы сенім мемлекеттілігіміз мызғы­мас­тығының тарихи дәлелі, Отаны­мыздың дара дамуының айшық­ты белгісі, қастерлі Тәуелсіз­діктің толағай табысы. Биыл мемлекетіміздің мерейлі белестерінің бірі – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Азаттықтың арайлы таңы атқан бұл қастерлі де мәртебелі мейрамды бүкіл халық болып елеулі табыстармен, нәтижелі көрсеткіштермен лайықты қарсы алу елдігімізге сын. Өткен жылы 30 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халық­қа Жолдауында аталған мереке­нің маңыздылығына айрықша тоқтал­ды. Мемлекет басшысы: «Бұл – тәуел­сіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуел­сіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», деген сындарлы пікірін тұжырымдады. Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің мәні мен мазмұнын, асыл құндылығын халыққа жеткізуде нақты жұмыстар қолға алынды. Ел Президентінің «Қазақ­стан Республикасының 25 жыл­дығын мерекелеу туралы» Жарлы­ғы жарияланды, арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, ол туралы ереже мен комиссияның дербес құрамы бекітілді. Бірегей жылды «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекелеу туралы тұжырымдама қабылданды. Сол себепті, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар Қазақстан тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы – ел тарихындағы бетбұрысты кезең екенін, ол елімізді түбегейлі жаңғыртатын ұлы реформалар жиынтығы – Ұлт Жоспарын қарқынды жүзеге асыру кезеңіне сәйкес келіп отырғанын ескеруіміз керек. Мерейлі жыл еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, мемлекеттілік тамырын тереңдетіп, халықты рухани-мәдени жағынан біріктіре түсуге, сабақтастық пен сатылап дамуды қамтамасыз ету ісіне серпін беруі тиіс. Өйткені, Тәуелсіздік жылдарында Елбасының сындарлы саясатының арқасында барлық салаларда табысты реформалар жүзеге асырылды. Әлемдегі ең қарқынды дамушы елдердің бірі атанып, дүниежүзі елдеріне сыйлы, әрі мәртебелі мемлекет атанды. Қазақстан елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтып, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтаудың тарихи үлгісін танытты. Белгілі неміс философы Новалистің «Англия ғана емес, әрбір ағылшындықтың өзі жеке арал» деген сөзін еске алсақ, еліміз­дің ең бас­ты байлығы – Қазақстан аза­маттары. Сондықтан, қасиетті тәуел­сіздігіміздің арқасында еліміздің қол жеткізген осы қомақты табыстарын Отанымыздың түкпір-түкпірінде бейбіт тірлікте өмір сүріп жатқан әрбір азаматы жанжүрегімен айрықша сезінуі қажет. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесіндегі тағы бір тағылымды қадам – елімізде ұзақ жылдар ажал уытын сепкен Семей ядролық сынақ алаңы­ның б іржола жабылуы дер едік. 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» дәуірлік мәні бар тарихи Жарлығына қол қойды. Соның нәтижесінде, 29 тамыз Қазақстанның бастамасымен бүгінгі таңда Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып белгіленді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарары қабылданды. Бұл айтулы датаның адамзат тарихындағы маңызын ескере отырып, биылғы жылы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жаңа сыртқы саяси бастамасы – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жаһанға жария етті. Маңызды құжат халықаралық тұрғыдан кең серпіліс туғызып, БҰҰ-ның ресми құжаттарының тізбесіне енді. Манифест өзінің өзектілігі мен мазмұндылығы бойынша қазіргі таңда Жер-жаһанды алаңдатып отырған аса маңызды мәселелерді қамтуымен барша әлем жұртшылығының назарына ілікті. Елбасының халықаралық деңгей­дегі тарихи құжаты қа­зіргі әлемдік шиеленістердің асқынып кеткен тұсында ха­л­ық­аралық жағдайдың күретамырлы мәселелерін сипаттап беруімен де құнды. Мемлекет басшысы дүниежүзіндегі дүмпулерге себеп болып отырған сан алуан факторларды сараптай отырып, көшбасшы елдердің басшыларына алаңдаушылықпен және ерекше ықыласпен қазіргі әлемдік құрылыс жүйесіндегі теңгерімсіздікті одан әрі болдырмауға және халықаралық қауіп­сіздікті нығайтуға бағыт­тал­­ған нақты шараларды қабыл­дау­ға шақырды. Мемлекет басшысы әлемдік құрылысқа сын-қатер төндіретін жаһандық және өңірлік өзгерістер орын алып жатқан­ды­ғының шүбәсіз шындығы айқын бай­қалып тұрған жаңа мың­жылдық маңызды сая­си, әске­ри және гуманитарлық оқи­ғалар­ға толы екендігін еске салды. Манифесте көрсетілгендей, бейбітшілік пен халық­аралық қауіпсіздікке қазіргі қа­терлердің мүмкіндігі мен әрекеті бұрынғылардан әлдеқайда қауіпті. Олар осы ғасырда жаһандық сипат алып, өзге қауіпті сегменттердің басын құрайды. Осы жағдайды ескере отырып, Елбасы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті жаһандық ынтымақтастыққа қол жеткізу арқылы қамтамасыз етудің сындарлы жолын ұсынды. Жаһанда қалыптасқан осындай қауіпті жайттерді ескерер болсақ, әлемдік саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында тек біртұтас және берік топтасқан ұлт қана өз тағдырын дербес айқындауға, болашағын құруға қабілетті болатынына тағы да анық көз жеткіземіз. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атты күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында жаһандық трансформация мен экономикалық турбуленттік кезеңінде Қазақстанды ілгері дамытудың шарты ретінде бейбітшілік пен келісімді нығайтудың маңыздылығы жан-жақты ашып көрсетілді. Соның іс жүзіндегі айқын дәйектемесі ретінде аталған сессияда «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қабылданды. Бұл мәні терең Патриоттық актіні қабылдау жөніндегі ұйғарым біраз жылдардан бері егжей-тегжейлі екшеліп, таразыланып, халықтың жүрегіндегі асқақ мұраттары сұрыпталғаны белгілі. Айталық, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын ж әне берік тұрақтылықтың символы», деп ел-жұрттың назарына салды. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісіне келер болсақ, «Біз, байырғы қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жад арқылы байланысқан, Ұлы Дала елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан азаматтары, көптеген ұрпақтың тәуелсіздік туралы арманын іске асырып, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын сезініп, қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында осы «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін қабылдаймыз», деп басталатын тарихи құжатта Елбасының маңына топтасу арқылы біз ұлы жетістіктерге толы жолдан өткеніміз және бүгінде өзімізді Тәуелсіз Қазақстанның – қуатты әрі табысты мемлекеттің азаматымыз деп мақтанышпен айтатынымыз келер ұрпаққа аманат ретінде тасқа басылды. Сонымен бірге, ел азаматтарының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи «Тәуелсіздік толғауын» негізге ала отырып, Болашағы Біртұтас Ел – Мәңгілік Елді құру жолында бірге екені, Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққаны, Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғы­рын н ығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақыратыны көрсетілді. Тағылымды құжаттағы: «Мәңгілік Ел, бұл – Тәуелсіздік және Астана. Біз тәуелсіздікті нығайтудың тарихи ұлы миссия­сына адал боламыз. Біз Астананы халқымыздың гүлденуі мен қуа­тының жарқын белгісі ретінде әрқа­шан мақтан тұтатын боламыз» деген сөздер Тәуелсіздік пен Астана ұғым­дарының ажырағысыз бір екенін немесе бірін бірі рәміздік тұрғыда толықтырып тұратынын тағы да дәлелдей түседі. Еңселі елорданың Есілдің жаға­сын­дағы байтақ мекенге көшірілуі ел Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екені мәлім. Осынау құнды идея­ны халыққа ұсынып, оны жүзеге асыру жолында ерекше саяси ерік-жігер, тұлғалық қажыр-қайрат, табандылық танытқан Елбасы осы шешімі арқылы ел дамуының тағы бір жаңа арнасын ашып бергенін бүгінгі тарих дәлелдеп отыр. Бұл тарихи шешімнің түп-төркіні тәуелсіздікке қол жеткізген еліміздің сенімді жарқын болашағы болуы үшін, әлемдік өркениет айдынында кемеміздің өзгелермен өресі бірдей биіктерді бетке алып жүзуі үшін сан ойланып, сан толғанған сарабдал даналықта жатыр. Бас қалаларды ауыстырудың бірқатар халықаралық тәжірибелеріне тоқталсақ, таяу мерзімде ХХХІ Жазғы Олимпиаданы өткізуге әзірленіп жатқан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы аталған елдің байырғы орталығы болып табылады. Қала халқының күрт өсуі және шаһардың мұхит жағалауына орын тебуі мемлекеттің өзге өңірлерімен байланысына біршама қиындықтар туғызғаны белгілі. Сондықтан, 1960 жылы бас қала мәртебесін елдің орталығында орналасқан Бразилиа қаласы алып, мемлекеттің жан-жақты дамуына жол ашты. Мұндай мысалды Азия жолбарыс­тары­ның бірі – Малайзияның өз астанасы Куала-Лумпурдан жаңа тұрпат­ты Путраджая қаласына көшіру тәжіри­бесімен де келтіруге болады. Қазақ­стан Президенті 1997 жылғы 20 қазан­да Ақмола қаласын сол жылғы 10 жел­­тоқсаннан бастап Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы етіп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылғы 6 мамырда «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласын Қазақстан Рес­публикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығын жария­лады. Сонымен, еліміздің бас қаласы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа елордасы – Аста­на қаласы деген жасампаз жаңа атау­мен әлем картасынан ойып тұрып орын алды. ХVI ғасырда ерлік пен елдіктің жырын еркін толғаған Доспамбет жыраудың «Еңсесі биік ақ орда – еміне кірер күн қайда» деген арман-мұраты қазіргі таңда ақиқатқа айналды. Бүгінде Астана жаңа ғасырдың жауһар қаласы ретінде ел-жұрттың еміне кіріп, елдіктің салтанатын сезініп, халықтың еңсесін тіктейтін шаттық рухының шаһары ретінде орнықты. Сол себепті, Қазақстан халқының елордамен өз тағдырын, өсер ұрпағының келешегін байланыстырғысы келген үкілі үміті Астана тұрғындары саны­ның күрт өсуіне негіз салды. Өткенге шолу жасасақ, 1997 жылғы 13 желтоқсанда Астанада өткен салтанатты жиналыста Елбасының: «Астанаға сәйкес келуге тиіс 32 өлшем айқындалды. Олардың арасында – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, сейс­ми­калық жағдайы, қоршаған орта, инже­нер­лік және көлік инфрақұрылым­дарының, коммуникациялардың қолда бары мен даму перспективалары, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқалар. Әрине, елдің дамуының алыс келешегі мен стратегиялық мүдделері де есепке алынуы тиіс болды. Бәрінің ішінде Ақмола нұсқасы неғұрлым қолайлы болып шықты», деген сөздері бүгінде шұғылалы шындыққа айналды. Қазіргі уақытта Астана елдің барлық өңірі бой түзейтін өркенді қалалардың қатарында тұр. Халықаралық «Moodys» рей­тингтік агенттігі жүргіз­ген зерттеу­лерге қарағанда, Астана Би-эй-эй 3 рейтингіне толық сәйкес келеді. Мұндай көрсеткішке инвестиция тартуға қолайлы, даму қарқыны және әлеуметтік ахуалы тұрақты, болашағы зор саналатын қалалар ғана ілігеді. Ондай қалалардың қатарын­да қазіргі уақытта Барселона, Ыстан­бұл, Мадрид, Рига сияқты іргелі ша­һарлар бар. Сонымен бірге, Астана еліміздің елордасы ғана емес, үлкен экономикалық аймақ ретінде де жоғары даму қарқынын көрсете бастады. Мәселен, өткен жылы ел­орда Қазақстан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті. Астананың ішкі жалпы өнімінің өсімі де өзге өңірлерден оқ бойы озық шығып, бес пайыздық өсімді көрсетті. Статистикалық мәліметтер бойынша өңірлік жалпы өнімнің көлемі 4 триллион 560 миллиард теңгеге жеткен Астана қаласы бүгінде өсім қарқыны бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сонымен қатар, елордада бала­лар­дың 84,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, балабақшалар мен мектептер құрылысы жалғасуда. 2015 жылы жаңа туған 100 мың сәбиге шаққанда ана өлімі 7 адамға тең болса, биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш нөлге теңескен. Елорда барлық бағыт бойынша үлгі көрсетуде. «Ақылды қаланы», балама энергетиканы дамыту, жылумен жабдықтау, көшелерді абаттандыру, автотұрақтар салу бағытында игілікті істер жүзеге асырылуда. Жаңа өнеркәсіпті дамыту да елордадан бас­тау алуда. Мемлекетіміздің үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Астанада шығарылған «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жүрдек жолаушылар пойыздары еліміздің барлық өңіріне қатынайды. Елордалық зауытта отандық өнім көлемі 20 па­йыз­дан асып, бүгінге дейін 400-ден астам жолаушылар вагоны пайдалануға берілген. Астанаға төрткүл дүние көз тігіп отыр­ған іргелі жобалардың бірі – келесі жылы елорда төрінде өтетін «Ас­тана ЭКСПО-2017» маманданды­рылған көрмесі екені белгілі. Әйгілі көрмеге қатысатыны жөнінде қазір­ге дейін дүниежүзінің 91 елі мен 15 ха­лықаралық ұйым растады. Нәтиже­сінде, келесі жылы елордадағы халық­аралық көрмеге 3 миллион адам келіп, жалпы алғанда, 5 миллион адам қаты­сады деп межеленуде. 174 гектар аумақ­ты алатын көрме нысандарының құры­лысында бүгінде 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істеуде. Қазіргі уақыт­та энергия көздерін үнемдеу, күн энер­гия­сын балама қуат көзі ретінде пайда­лану, радио байланысы, тексеру құ­рал-жабдықтары және басқа да игілік­ті жобаларды келушілерге паш етудің нақты шаралары жүзеге асырылуда. Елордада 2017 жылы жұмысын бастайтын «Астана» халықаралық қар­жы орталығы ЭКСПО-2017 көрме­сінің жиырма шақты нысанына орна­ластырылатыны да бас қаланың іскерлік әлеуетін арттыра түспек. 20-ға жуық нысанның 14-і халықаралық павильон, корпоративті павильон, көрме ұйымдастырушылар кеңсесі, конгресс кеңсе, конгресс орталық, «Ұлттық күн» павильоны, «Энергия» холы, қалғаны басқалай нысандарды құрамақ. Бірегей архитектуралық кешен түріндегі көрменің мұралары, сондай-ақ көрменің көптеген экспонаттары, ғылыми жетістіктер мен алдыңғы қатарлы технологиялар инно­вациялық Қазақстанның болашақ іргета­сына айналмақ. Бұлар елордаға келетін мәртебелі меймандар мен турис­тердің назарын аудартатын бір­ден-бір нысандар болатыны сөзсіз. «Астана» қаржы орталығы халық­аралық құқықтар негізінде жұмыс жасайтын болады. Жаңа қаржы құры­лы­мының жұмыс тілі – ағылшын тілі болып бекітілген. Арнайы қабылданған заңда көрсетілгендей, қаржы орталығының қатысушылары 2066 жылдың бірінші қаңтарына дейін корпоративтік кіріс салығынан, мүлік және жер салығынан босатылады. Яғни, елу жылдай осы салық түрлерін төлемейді. Бұған қоса, шетелдік қызметкерлер де жеке кіріс салығын төлеуден босатылған. Былайша айтқанда, қаржы орталығына ірі көлемде инвестиция салатын алпауыт компаниялар мен онда жұмыс жасайтын шетелдік мықты мамандар құқықтық жағынан мықтап қорғалады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің, Малайзия, БАӘ, Сингапур мен Монако, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындаған елдердің азаматтарына 30 күнтізбелік мерзімге елімізге визасыз кіру құқығы берілген. Астана тек сәулетінде сән тұнған ғима­раттарымен, керемет үлгідегі кешендерімен, абат нұрға бөленген барша бол­мы­сымен ғана емес, тұрғындары ізгілікті, татулығы жарасымды өңімен де өзгешеленеді. Бейбітшілік қаласы атанған қазіргі елорда мәдениет пен өнер­дің өрісті ордасына айналды. Бүгінгі таңда елордада 70 мәдени орталық жұмыс істеп, онда 2000-нан аса сала қызметкерлері еңбек ететіні көңіл қуантарлық жағдай. Өткен жылы Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығы, ел Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығы, Ұлы Же­ңістің 70 жылдығы елдік деңгейде өткізіліп, осы мерейтойларға арналған 7 мыңнан астам мәдени шаралар ұйымдастырылып, 3 миллионға жуық көрерменнің қатысуы елорда мәде­ниетінің еңсе тіктегенін нақты дәлелдейді. Өткенге тағзым жасауда, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұра­жай кешеніне келу­шілер саны толастаған емес. Елор­дадағы 23 кітап­ханадағы 700 мың кітап қоры астаналықтардың рухани азы­ғына айналып отырғаны да игілікті көр­сеткіш. Сондай-ақ, бас қаладағы әлем­дік талаптарға сай келетін басқа да мәдени жауһарлар Астана қаласының тұрғындары мен меймандарына әр­дай­ым есігін айқара ашып, тәуелсіз еліміз­дің мәдени әлеуетін паш ете бермек. Осылайша, ширек ғасыр көлемінде баянды болашаққа қарай байыпты қадамдар жасап келе жатқан Қазақстан халқы өзінің түпкілікті мұраты – Мәңгілік Елдің қазығын азаттықтың айшықты рәмізі Астанада қағып, мызғымас мемлекеттіліктің шұғылалы нұрын Ұлы Дала еліне тарата беретініне сенімдіміз. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы