Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес өкілі
Беларусьтің басты ақпарат агенттігі Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің атынан 2017-2018 жылдарға сайланғанын жеткізді. Бұл туралы 28 маусым күні Нью-Йоркте БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру кезінде белгілі болды.
Қазақстан – Орталық Азиядан бірінші болып БҰҰ-ның маңызды саяси органы құрамына сайланған алғашқы мемлекет. Оған Ұйымның Жарғысы, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөнінде өкілеттік жүктелді.
Қазақстанның халықаралық ұйымдарға белсене қатысуы елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың және барынша танымалдығын қамтамасыз етудің маңызды құралы, сонымен қатар, аймақтық және жаһандық сыртқы саясатының қозғаушы күші болып табылады.
Қазақстан қызметін ресми түрде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғастыратын болады.
Таиландпен бәсекеге түскен еді
«Росбалт» ақпарат агенттінің мәліметінше, Азия-Тынық мұхиты елдерінің атынан Қазақстан мен Таиланд сынға түскен. Қазақстан осыған дейін Қауіпсіздік Кеңестің тұрақты емес мүшесі болып сайланбаған. Ал Таиланд 1985-1986 жылдары құрамына кірген.
Мәліметтер бойынша, Батыс Еуропадан және өзге де елдерден екі орынға Италия, Нидерланд, Швеция таласқан. Латын Америкасынан жалғыз орынға Боливия түсіпті. Сонымен қатар, Африкадан Эфиопия сайлауға қатысты.
Жеңіске жету үшін БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісінің дауысын жинауы керек. 1979 жылы 155 раундтық дауыс беруден кейін өзара келісіммен Куба мен Колумбияның орнына Мексика сайланған. Ал 1956 жылы 52 раундтық дауыс беруден кейін Польша мен Түркия екі жылдық мерзімді теңбе-тең бөліп алған.
Ұйым қатары жаңарады
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы өткен сейсенбі күні Эфиопияны, Боливияны, Швецияны және Қазақстанды Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі ретінде сайлады.
Қытайдың «Синьхуа» агенттігі аталған мемлекеттердің дауыс берудің алғашқы турында қажетті дауыс жинағанын хабарлады. Қалған орындарға Нидерланд және Италия таласып отыр. Олар 5-турдан кейін бірдей дауыс жинады. Нидерландтың сыртқы істер министрі Берт Кундерс екі елдің бұл орындарды бірдей етіп бөліп алуы туралы ұсыныс жасаған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі 15 мемлекеттен тұрады. Олардың бесеуі тұрақты мүшесі деген мәртебеге ие (Ресей, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ және Франция), ал қалған 10 мемлекет екі жыл сайын сайланады. Қазақстан Азия-Тынық мұхиты елдерінің атынан Малайзияны алмастырады.
Астананың айқын жеңісі
Мәліметтерге сәйкес, сайлауға қатысқан 193 мемлекеттің ішінен 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдаған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, республика БҰҰ-ның ең маңызды саяси органы құрамына сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды, оған Ұйымның Жарғысын, жаһандық бейбітшілікті және қауіпсіздікті ұстау өкілеттігі жүктелді.
2015 жылдың 27 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ-ның мерейлі 70-ші Бас Ассамблеясына қатысып, бірқатар ұсыныстар ұсынған: Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045, Ұйымның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін жаһандық даму кеңесіне айналдыру, сол сияқты штаб-пәтерін Нью-Йорктен Азияға көшіру, т.б.
2017 жылдан бастап қызметіне кірісетін болды
Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне алғаш рет тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Оның басты бәсекелесі саналған Таиланд 55 елдің ғана қолдауына ие болды.
Тұрақты емес мүше елдердің арасында өзгерістер болып тұрады. Жаңа жылдан бастап Қауіпсіздік Кеңестегі Ангола, Венесуэла, Испания, Малайзия және Жаңа Зеландия өз орындарынан кетеді.
Қарсыласынан басым түсті
Қазақстан жылдар бойы әлемдік деңгейде мойындалған елдердің біріне айналу үшін тынбай еңбектенді. Оның басты инициаторы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көптеген бастамалардың иесі атанды. Бұл ретте «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам», «Бес институттық реформа» және «Нұрлы Жол» бағдарламалары дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін маңызды рөл атқарады.