• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2016

Авторлық қолтаңба айшықтары

568 рет
көрсетілді

Елордамызда осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы өз есігін айқара ашты. Осынау заманауи ғылыми, біліми және мәдени орталықта әр жылдарда Нұрсұлтан Әбішұлына әлемнің аймаңдай мықтылары, сонымен қатар, жай қарапайым адамдар сыйлаған кітаптар ерекше орын алады. Баспасөз бетіне осы бір то­сын­дау, бірақ қызықты тақырыпты мен алғаш рет шығара отырып, оны жекелеген мысалдар негізінде баяндамақпын. Кітаптың ашылар бетіндегі автор қолтаңбасы немесе ондағы ілеспе хат – білмекке құштар әрі ойлы оқырман үшін кейде, тіпті, кейбір ұзын-сонар зерттеулерден де анағұрлым құнды ақпарат беретіні бар. Көптеген білімдарлардың мына бір пайымға тоқайласуы тегін емес: қысқа үлгідегі сыяпаттық жазбада адамдардың жеке және қоғамдық байланыс­тарын білуге ғана емес, сонымен бірге, сол заманның немесе нақ­ты ахуалдың ақиқат мәніне тереңі­рек бойлауға мүмкіндік беретін бірегей тарихи, мәдени һәм пси­хо­логиялық тұрғыдағы ақпарат жатады. «Президент Назарбаевқа ізгі тілектермен. Маргарет Тэтчер» – Ұлыбританияның аңызға айналған Премьер-министрі өзінің 1995 жылы шыққан «Билікке жол» атты ғұмырнамалық кітабын осылай деп жазып берді. Мұның алдында олар бірнеше рет жүзбе-жүз жеке кездескен еді, соның ең алғашқысы Кеңес Одағы тұсында, 1991 жылдың жазында болған. Сол кездің өзінде-ақ «темір леди» көп адамдар үшін күтпеген жер­ден: «Қазір әлемде ірі және өте ық­палды 5-6 саясаткер бар, Нұрсұлтан Назарбаев солар­дың бел орта­сында», деп кәміл сенім­мен мәлімдеді. КСРО тұсында отаршыл-өктем­шіл­діктен көз ашпаған әрі бола­шағы мүлдем бұлыңғыр көптеген одақ­тас республикалардың бірінің бас­шысы туралы осындай лебіз айту үшін аса сұңғыла адам болу керек­тігіне келісерсіздер деп ойлай­мын. Біршама уақыт өткеннен кейін Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» атты кітабының ағылшынша басы­лы­мының алғысөзінде М.Тэтчер былай дейтін болады: «Мемлекеттердің негізін қалаушы-әкелері» әрқашан дарабоз тұлғалар болып келеді, Нұрсұлтан Назарбаев та толықтай нақ осы санат­қа жатады. Президент Назарбаев Қазақ­­станды бүгінгі биігіне жеткізу үшін батылдық пен байыптылықты бірдей ұштастырып пайдалана білді. Коммунизм бұғауын сілкіп тастаған ел өзінің ерекше қазақтық қалыбын сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни өзінің кейбір көршілері байбаламдай бас тартқан нәрселерге ұмтылды, сөйтіп, ол халықаралық ұйымдарда Қазақстанға айтарлықтай бедел жинады...». Немесе таңғаларлық көрегендіктің тағы бір мысалына жүгінейік: «Прези­дент Назарбаев – саясатта жаңа жар­қырап келе жатқан жұлдыз... Егер ол республика тізгінін ұстап тұрса, Қазақстанның табысқа жету мүмкін­діктері еселеп артады». Бұл сөздер 1991 жылдың қыркүйегінде айтылған болатын және ол дүние жүзін сингапурлық «экономикалық керемет» туралы әңгі­ме қозғауға мәжбүр еткен, қазіргі Синга­пурдың негізін қалаушы-әкесі әрі осы елдің бірінші Премьер-министрі Ли Куан Юдің аузынан шыққан. Нұрсұлтан Әбішұлы ол кісімен жиі кездесіп тұрды, оны өзінің жақсы досы санады, оның тәжірибесін зейін қоя зерттеді. Өз араларындағы тығыз байланыстардың басталуы туралы Елбасы былай деп еске алды: «1993 жылы мен Ли Куан Юді Қазақстанға шақырдым. Бір апта бойы үнемі қасында болдым. Кейде біз 5-6 сағаттап әңгімелесетінбіз, мен оны тыңда­дым, жазып та алдым... Жаңа­дан білім алғандай болдым. Қайта отырып, нарықтық экономика, қаржы бойынша кітаптарды оқуға тура келді, банк жүйесін, экономиканы, саясатты, демократияны, сөз бостандығын зерде­леп оқыдым, өйткені мен білімді мүл­дем басқа жағдайларда алған едім». Өз елдерін қысқа мерзім ішінде үшінші дүниеден алдыңғы қатарға алып шыққан екі көшбасшының достығына Сингапур абызының 2013 жылы: «Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа құрметпен және игі тілекпен. Ли Куан Ю» деген ілтипатты қолтаңбамен сый­ла­ған Г.Аллисон, Р.Д.Блэквил және А.Вайнның «Ли Куан Ю. Ұлы шебердің Қытай, Құрама Штаттар және әлем бойынша көрегендіктері. Сұхбаттар мен топтамалар» атты кітабы нақты айғақ болатыны ақиқат. Өз елін «Азия жолбарыстарының» біріне айналдырған Оңтүстік-Шы­ғыс Азиядан шыққан тағы бір аса көр­некті реформатор, Малайзия Премьер-министрі Махатхир Моха­мад 2001 жылдың сәуірінде Қазақ­стан көшбасшысының тәуелсіз Қазақ­станды құру ісіндегі еңбегіне құрмет белгісі ретінде: «Жоғары мәрте­белі Нұр­сұлтан Назарбаевқа. Еліңіздің табыс­тарына менің құттықтауым деп ұғы­ңыз. Ыстық сәлемімді қабыл алғай­сыз» деген сөздермен оған «Өз елін­дегі доктор. Доктор Махатхир Мохамадтың мемуар­лары» кітабын сыйға тартты. Кітапхана тыныштығында кітап асылдарын ақтара отырып мен кенет кітаптардың адамдарға қарағанда өзгеше сирек қасиет еншілегені жайын­да ойладым: әртүрлі замандарды және қарама-қарсы көзқарас-пікірлерді паш ете отырып олар қатар жайғасып, бір кітап сөресінде тату-тәтті табыса алады. Мысалды алыстан іздеп әуре­лену керек емес. Өткен кездегі, жақын­дағы және бүгінгі Ресейдің үш көшбас­шысы­ның ғана кітаптарына зер салайықшы. «Уақыт сын-қатерлеріне үн қата отырып. Қайта құрудың сырт­қы саясаты: құжатты айғақтар» – КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы материалдарының және М.С.Гор­бачевтің әлемдік державалар басшы­ларымен 1985-1991 жылдардағы келіс­сөз­дерінің осынау жинағына олар­дың басты кейіпкері былай деп жазып, қол қойған екен: «Нұрсұлтан Әбіш­ұлына шуақты достық көңіл­ден. Құшақтаймын, М.Горбачев. 07.04.2010». Кітапханада Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н.Ельциннің көзін­дей естелік болып ол сыйлаған «Горбачев-Ельцин: саяси текетірестің 1500 күні», «Президент жазбалары», «Прези­дент марафоны: толғаныстар, естелік­тер, әсерлер» атты үш кітап жеке қолтаң­балармен сақталуда. Борис Нико­лаевичтің қолтаңбалары өмірдің өзіндей шынайы, қарапайым болып келеді әрі рәсімшіл салтанаттылық­тан ада: «Нұрсұлтан Әбішұлына махаб­батпен. Б.Ельцин. 17.05.1992», «Нұр­сұл­тан Әбішұлына құрметпен автор­­дан», «Нұрсұлтан Әбішұлына жеке достық қатынастарымыздың естелігі ретінде. 17.10.2000». Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин сыйлаған Н.Рахмановтың «Мәскеу» атты фотоальбомына ныспы­хат ілескен және күні 2014 жылғы 5 наурыз деп көрсетілген. Жалпы, Мемлекет басшысының атына келетін сый-лебіздер авторлары­ның басым бөлігі ресейліктер екені атап өтерлік жағдай. «Көрші хақысы – тәңір ақысы» дейтін ескі мақалдың айғағы осы емес пе?.. Біздің халқымызды бауырлас Түркия­мен де байланыстырып тұрған тығыз әрі жақын қатынастар осыдан бір кем емес. Туған республикамыз Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін сол бір толқулы сәттерде оны бірін­ші болып Түркияның тануы да Қазақ­станның жаңа тарихындағы айтулы оқиға болып табылады. Қос халықтың түбі бірге туысқандығы тамшы судағы­д­ай мөлдіреп көрініс табатын бір ғана жайды келтірейін. 2000 жылы О.Мухарремнің «Сүлей­ман Демирел. Ұлы түрік мұратына арналған өмір» дейтін кітабы жарық көрді. Кітаптың бас кейіпкері өзінің қазақстандық әріптесіне сыйлаған данада мынадай жүрек елжіретерлік сөздер жазыпты: «Менің асыл текті досым, қымбатты бауырым, ұлы мемле­кетшіл тұлға, түркі дүниесінің көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бақыт, береке және денсаулық тілегімен». 2015 жылдың мамырында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Президент Әкімші­лігіне белгілі қазақстандық тарихшы ғалым Ермұқан Бекмаханов­тың туыстарынан «Ноқталанған тарих­шы» атты кітап келіп түсті. Ондағы қыс­қа ғана аңдат­пада былай делінген: «Қазақстан Президенті мырзаға біздің әкеміз – есімі Отанымыздың шека­ра­сынан әлде­қа­шан аттап кет­кен Ермұқан Бекма­ханов туралы ізгі­л­і­кті естелік үшін. Құрметпен, Бек­маханов­тар отбасы». Адамгершілік парызды өтеу және өзінің ғылыми сенімдері үшін зардап шеккен осынау адамның азаматтық әрі ғылыми ерлігін паш ету – КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивтерінен алынған бұрынғы жабық құжаттарға негізделген бұл кітаптың мақсат-мазмұны осындай. Кітап авторы – бұған дейін де қазақ халқының тамаша өкілдерінің бірнеше ғұмырнамасын шығарған Медеу Сәрсеке. Ал Ілияс Есенберлиннің «Жан сырым: ойлар, нақыл сөздер, естелік­тер» кітабы Президенттің жеке кітап­ханасында халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың арқасында пайда болды. Өздерінің атақты хат алмасуларында айтылған­дай, Нұрсұлтан Әбішұлымен сеніскен көңіл­дегі шуақты қатынаста болған ақсақал жаңа кітаптың алғы бетіндегі қысқа жазбада өз жағдайын емес, рухани өсиет сияқты маңызды іс туралы айта­ды: «Құрметті Нұреке! Менің Сізге Ілияс Есенберлин туралы хат жазар­да тіліме тиек болған кітап осы... Ұмы­тыл­мас Ілекеңмен сыйлас, сырлас, ниеттес бол­ған інілерінің бірі ретінде жолдап отыр­мын. Ә.Нұршайықов. 30.06.2001 ж.». Тірі кезінде-ақ әлемнің әр елдерін­дегі оқырмандар жүрегін жаулап алған кең ауқымды эпикалық полотнолар­дың хас шебері Ілияс Есенберлиннің жеке тұлғасы мен таңдаулы туындылары­на деген Елбасы ықыласы туралы көп мысалдар келтіруге болады. Бірақ, мен бұл арада тек бір ғана ғибратты жәйтпен шектелмекпін. Бір жолы ел Президенттігіне үміткер ретінде мем­лекеттік тілді білуден емтихан тап­­сырған кезде Н.Ә.Назарбаев жаз­баша тапсырманы «Біздің күшіміз бірлікте» тақырыбына жазды, ауызша толғамды «Бабалар мұрасы – даналық көзі» тақырыбында баяндады, ал әдеби оқу машықтарын І.Есенберлин шығармасынан үзінді оқу арқылы танытты. Өз туындысы арқылы ең жо­ғар­ғы мемлекеттік лауазымға үмітке­р­дің білім деңгейі тексерілсе, жазушы үшін бұдан артық абырой-атақ бар ма?! «Қалам шеберлері, сіздер кіммен біргесіздер?» – зиялы қауымға осы сұрақты қандай да бір пішінде әрбір заманның, әрбір қоғамдық құры­лыстың, әрбір бетбұрысты кезеңнің қойып тұруы заңды. 1991 жылы тота­литаризм шеңгелінен құтыл­ған кезде көпұлтты Қазақстан әде­бие­ті­нің көптеген өкіл­дері бұған еш жалтақтамай, қобал­жымай бірден жауап берді: олар тәуел­сіз­дікті жан-жүре­гі­мен қабыл алып, өз талант­тарын сол ұлы мұрат жолына арнады. Прозашы әрі аудармашы Морис Симашко мұны арнайы дәлелдемесе де болар еді. Өйткені, ол коммунистік идеялар салтанат құрып тұрған шақта-ақ өзінің бүкіл өмір жолымен және әдеби еңбектерімен бостандық, демократия үшін, адамдар, халықтар мен елдер арасындағы ізгі ниетті өзара түсіністік үшін әлдеқашан «дауыс» беріп қойған болатын. Кейбір көбік сөзді талғамсыз жазушылардан өзгешелігі сол, осынау үлкен де дара сөз зергері, нақылға сай, аз жазса да саз қылып, оқырманын мәз қылып жазатын. Оның үстіне, қаламгердің әрбір мәтіні, ақын Н.Некрасовтың дана өсиетіне орай, «сөзге – сараң, ойға-жомарт» болып келетін. Ал ол жазған, бір қарағанда, жұқалтаң көрінетін кітаптар бірнеше жазушылық өмірге жетіп тұрар еді. Соған қарамастан, жас Қазақстан мемлекеті қалыптасуының аса қиын соққан алғашқы жылдарында жаңа ауқымды ой-мақсаттармен жігерленіп, өз хатында Президентке сыр ақтарды: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен жазып жатқан кітап біздің өзімізден гөрі, шетелдік қалың оқырманға арналған. Ол жақта Қазақ­стан мен оның Президентіне деген қызығушылық айрықша үлкен. Атап айтқанда, шетелдік агенттіктер мен баспалардың маған осы тақырыпқа жазып беру жөнінде жиі өтініш жасауы да осыны айғақтайды. Сол жағдай мына кітапты қолға алуыма себепші болды. Әлбетте, егер Орталық Азияның тарихымен, сондай-ақ, соңғы жарты ғасырдағы мұндағы саясат тәжірибесімен таныс бола тұра, Сіздің саясатыңызды түсінбесем және жаныма жақын тұтпасам, оны іске асырудағы барлық қиындықтарды және Сіздің осыған қажетті саяси һәм адами ақыл-парасатыңыз бен ержүректігіңізді көр­ме­сем, мен бұлай істемеген болар едім. Сізге кітаптың бірінші, кіріспе тарауын (жұмыс данасы) және Индо­незия сапары туралы жарияланған қоры­тынды тараудың бір бөлігін (ол бас­қа материалдар есебінен кеңей­тіледі) жіберіп отырмын. Кітаппен одан әрі жұмыс істеу үшін бұларға байланысты Сіздің ескертпелеріңіз пайдалы әрі қажет болмақ. Кітаптың негізгі, ортаңғы бөлігі – барлық ой-толғаныстарымен, күмәндарымен және үміт сәулесімен қоса көрсетілген саясаткер және адам ретіндегі Сіздің өміріңіз. Бұдан бұрын да жазғанымдай, Сізбен тым құрса бір-екі рет бетпе-бет кездесіп, әңгіме-дүкен құрмайынша, кітап көп-көрім жұтаңдау шықпақ, әрі жаңсақтықтар кетуі де мүмкін. Әңгіме кезінде бізге ешкім кедергі жасамауы тиіс. Сіздің жұмысыңыздың көптігін түсі­не­мін және бұл жайында Сізге өтініш айтуға мәжбүрлігім үшін күні бұрын ғафу өтінемін. Меніңше, осын­дай кітап қазір өте қажет сияқты. Енді кітаптың атауы туралы. Бұл Киелі кітап сюжеттерімен сабақтас. Сайтан Мәсіхті шөл далада: билікпен, байлықпен, басқа пәни дүние рахат­тары­мен қызықтырды. Хадистерге сәй­кес, мұндай арбауларға Мұхаммед те беріл­меген. Сайтанмен жекпе-жекте олар­дың құдіретті рухы жеңіп шыққан. 20.09.95 Сіздің М.Д.Симашко. Хатқа машинкада басылған 23 беттік «Экватордан өткен жол немесе Президенттің арбалуы» қолжазбасы мен «1995 жылдың маусым-шілдесі» деп уақыты көрсетілген «Экватордан өткен жол» (жазушының қойын дәптерінен)» газеттік жарияланымының ксерокөшірмесі қоса жіберілді». Президент өзімен бірге еріп баруға шақырған Израиль сапарын шығар­машылық ой елегінен өткізіп, бір жылдан соң ол жаңа ғана басылып шыққан «Қасиетті жерге бастаған жол» кітабының сүйінші данасына мынадай сүйінішті сөздер жазды: «Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлына оның мәртебелі тарихи миссиясына деген зор ықылас және мүмкіндігінше үлес қосқандық сезімімен... 27.09.1996 ж.». Өкінішке қарай, жасының ұлғаюы және науқасы Морис Давыдовичке осы топтаманы жалғастырып жұмыс жасауға мүмкіндік бермеді. Сірә, бостандықтың, былайша айтқанда, тұтас бір өмірге кешігіп жеткенін дәл осы жағдай аңғартса керек. Кешірім Бозтаев атақты сөз зергер­лерінің қатарынан емес еді. Ол өз заман­дастарына металлургиялық өндірістің қатардағы шеберінен Қазақстан Ком­партиясы Семей обкомының бірінші хатшысына дейінгі жолдан өткен қайраткер ретінде белгілі болды. Сол себептен де бұл кісінің қолына қалам алып, Семей ядролық полигонына байланысты сұмдық қасірет туралы алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан күрескерлігі әсіресе қымбат. 90-жылдары ол «Семей полигоны», «Қайнар синдромы» және «29 тамыз» атты үш кітап шығарды. 1992 жылы жарық көрген солардың біріншісін ол: «Терең құрмет белгісі ретінде» деген қысқа қолтаңбамен сыйлады. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы қабылдануына орай шын мәнінде кең қанат жайған және кейіннен Елбасының «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабында жан-жақты зер­де­ленген ғаламдық ауқымдағы іске қос­қан оның жеке үлесі осындай болды. Айтқандай, Президенттің осы кітабы туралы қатардағы оқыр­ман­дар­дан да, сараптамалық қоғамдас­тық­­тар өкілдерінен де: баяндау мәнері, проблеманы ғылыми тұрғыдан қамту сапасы және автордың өз ұстаны­мын білдіруі бойынша оны Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаулы шығар­ма­ларының бірі деп тану керектігі жөнін­де сүйінішті пікір-лебіздер жиі естіліп жатады. 2012 жылдың қарашасында Голлан­диядан Мемлекет басшысының атына Нидерланд Пен-клубының мүшесі Джоб Дегенаардың «Іch bin І am» атты өлеңдер жинағы келіп түсті. Оған қо­сылған ілеспе хатта былай делінген: «Құрметті Назарбаев мырза! Гол­лан­диядағы сіздердің елшілігі­ңіз­ден мен «Бейбітшілік кіндігі» деген кітабы­ңызды алдым. Сүйсіне оқып шы­ғып, Сіздің пікір-пайымыңызға және әлемді ядролық қарудан азат етуге құл­шынған ізгі ниетіңізге тәнті болдым. Мен Сізге өз елімнен кәдесый ретін­де – кішкентай кітапшамды, поэ­зиям­ның таңдамалысын тартқым келеді. ...Мен Сізге және Сіздің еліңізге бүкіл жақсылықтарды тілеймін! Дж.Дегенаар». «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген екен ұлы Абай. 2008 жылдың маусымында Мем­лекет басшысына Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Түлкібас ауданынан Надежда Викторовна Корончук өзінің «Көне ерте­гі­лердің жаңаша баяны» атты өлең­дер кітабын жіберді. «Құрметті Президент Нұрсұлтан Әбішұлы! Біздің тыныш әрі бейбітшіл елде өмір сүріп жатқанымыз үшін Сізге басымды иемін... Мен көз жана­рым бойынша мүгедекпін. 2007 жылы өзімнің барлық шығармаларыма ав­тор­лық құқығымды рәсімдедім. Мен сияқты әлі жас әйелді әлпеш­­­теп отырған өз еліме масыл болмай өмір кешіп, сонымен бірге, рес­пуб­­ли­камның өнеріне үлес қосып жүр­генім үшін өте қуаныштымын», – деп жазады ол өзінің Отанға және туған өлкенің қайталанбас табиғатына деген нұрлы сүйіс­пеншілікке толы өлең­дерін таныс­тыра отырып. Бұл жағдайдан тағдырдың барлық қиындықтары мен сынақтарына қарамастан өмір сүруге және тұлғалық тұрғыдан өзін танытуға ерік-жігер таба білген «кішкентай» адам ұлылығының нақты мысалын көреміз. 2014 жылдың ақпанында Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы, бірнеше өлең және проза кітаптарының авторы Л.Ю.Гирш Президентке «Өмір парақтары» кітабын сыйлады. Ондағы ілеспе хатта былай делінген: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің көңіл бөлуіңізге қатты толқыдым және менің 90 жыл­дық мерейжасыма байланысты құт­тық­тауыңыз үшін шынайы алғы­сым­ды қабыл алуыңыз­ды сұраймын. Өмірімнің 55 жылы Қазақ­станда өтті, оны өзімнің екінші Отаным деп санаймын, менің немерелерім мен шөберелерім осында дүниеге келді. ...Ұлы Отан соғысының ардагері және «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде жас ұрпақты қазақстандық патриотизм және өз еліне – Қазақстан Республикасына адалдық рухында тәрбие­леуге атсалысуды өзімнің боры­шым деп есептеймін. Мен әрқашан Сіздің саяси бағыты­ңыздың адал жақтаушысы болып келдім және солай бола бермек. ...Сізге – Ұлт Көшбасшысына Қазақстан Респуб­ликасының гүлденуі мен ұлы болашағы жолындағы барлық ізгі мақ­саттарға жетуіңізді тілеймін. Шына­йы құрметпен, гвардия полков­нигі, Алматы облысының құрметті азаматы Леонид Гирш». Жоғарыда мен кітаптар сый-сыя­пат­тық, естелік-жаднамалық, ілти­пат-ізеттік және арнаулық лебізді жол­дау­лардың дәстүрлісі және негізгісі бол­ға­нымен, бірден-бір жалғыз арқауы еместігін атап өттім. 2009 жылдың тамызында Мемлекет басшысының атына «Минги-тау» қарашай-балқар орталығы жіберген, сөзін де, сазын да А.Узденов жазған «Нұрсұлтан» әнінің дискісі келіп түсті. Ән сипатын баяндап айту абыройлы іс болмаса керек. Сондықтан, Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің студенті Фари­­зат Хаджиеваның Қазақстан халқы Ас­сам­б­леясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» тақырыбымен өткен XXIV сессиясында айтқан сөздері бұған тамаша түсіндірме болар еді деп білемін: «Мен бүгін бұл сахнаға отбасымның аманатын өтеу үшін шығып тұрмын. Жер аудару жылдарында менің атамның отбасын қайырымды қазақ отбасы паналатыпты. Мен Сіздің отбасыңыз – Әбіш атаның отбасы паналатқан Хызыр Хаджиевтің немересі, Азрет Хаджиевтің шөбересімін. Сол адамгершілік, сол кеңпейілдік, сол қамқорлық үшін сіздің ата-бабаларыңызға, сіздің отбасы­ңызға айтар алғысымыз, ақ тілегіміз шексіз. Балқар халқының ақсақалдары: «Барлық мұсылман қауымының қасиетті жері Мекке мен Медине болса, жер аударылған адамдардың қасиетті де құтты мекені – Қазақстан. Басымызды сәждеге игенде – Қазақстанның болашағы жарқын, жұртының аман болуын тілейміз», – дейді. Мен де Қазақ елінің перзенті ретінде елімді Мәңгі етуге өз үлесімді қосамын!». Осы қысқа ғана әңгімені аяқтай келе, Нұрсұлтан Әбішұлының туған күндерінің бірінде өздері сыйлаған сағатқа қыздарының жазып берген мына бірер өлең жолдарын келтіре кетпей тұра алмадым. «В этот цех угодить, где расплавилось время, Что уж там говорить, – непосильное бремя. Но из сданного в лом предыдущего царства Всем напастям назло – сотворить государство! Вот достойный венец! С днем рождения, отец!». Өлең орыс тілінде жазылған екен. Мен ақын емеспін ғой, бірақ мағына­сын беруге талпынып көрсем, шама­сы, бы­лай болып шығар ма еді деп ойлаймын: Дәуірді балқытқан сынға да түстіңіз, Айтатын несі бар, қиындық кештіңіз. Қираған патшалық қаңқасын жалғаған, Күмәнмен күресіп – мемлекет сомдаған! Міне, бұл – нағыз мәртебе! Туған күніңмен, ардақты әке! «Өнер мәңгілік, өмір қысқа», – дейді халықтың көне даналығы. Бұл нағыз шығармашылықтың әрбір актісіне адамдар өз өмірінің сәулелі шақтарын арнап, оған өзінің өлмес жанының бір бөлшегін сыйлайтындығынан болар. Өзінің соңына ұзаққа баратын игі іс қалдыру немесе із-түзсіз жоғалып кету – бұл енді әркім өзі шешетін мәселе. Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
Соңғы жаңалықтар