Биыл бүкіл елімізде 150 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласы бар. Сонда Әлекең: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», – деп жазған болатын.
Сол Қараөткелге, яғни қазіргі Астананың дәл ортасы, елорда орнатуға отарлаушы жүйе ешқандай мүмкіндік бермеді. Мұндай мүмкіндік қазақтың Азаттығымен бірге келді. Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Мемлекет басшысы, тәуелсіз еліміздің іргесін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды. Сол кезеңнен бастап Қазақ елінің жаңа тарихының айшықты парақтары ашылды. Астана қаласы туралы толғауын Елбасы: «1992 жылы, Қазақстанның президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» – деп жалпақ жұртқа ашық айтқаны бар еді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешімдерінің қатарында болды. Бұл мәселені Президент Н. Назарбаев тұңғыш рет 1992 жылы көтерген болатын. Жоғарғы Кеңестің елорданы көшіру туралы шешімі елдің аса маңызды оқиғалары хронологиясында 1994 жылғы 6 шілде болып белгіленді. 1998 жылғы 6 мамырға дейін Ақмола деп аталған Астана, Президенттің Жарлығымен 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының елордасы деп жарияланды. 1998 жылғы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық дәрежеде тұсауы кесілді.
Қалың қатпарлы қазақ тарихына қарасаңыз: бір кезде біздің еліміздің бірнеше астанасы болған – Сарайшық, Сауран, Түркістан, Орынбор, Қызылорда Алматы. Қазір елордамыздың сол жағалауында бұрынғы астана атаулары сәнді де сәулетті көшелерге берілген. Ел тарихы жаңа Астанада осылайша керемет көрініс тауып отыр.
«Қазақтың қолынан не келеді?» деген сауалды қалың қабағын түкситіп қоятындар көп еді. Әсіресе, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы сынақты жылдарда. Міне, сондай аса қиын кезеңде Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алысты болжайтын көреген қасиетімен керемет шешім қабылдап, елордасын өзгертті. Экономикалық ауыр жағдайға қарамастан әлем картасына өзінің әсемдігімен енген Астана қаласының құрылысын асқан зор тәуекелмен бастап кетті.
Бұл күнде Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналды. Қалада әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, ғылыми, білім беру нысандары және іскерлік-орталықтар, тұрғын үй кешендері алдыңғы қатарлы мемлекеттер астаналарының стандарттарына сай келетін құрылыс нысандары бой көтерді. Азғантай ғана уақыттың ішінде осындай зор қарқын, ғаламат құлшыныс өмірге шын мәнінде жаңа тұрпатты заманауи қаланы әкелді. Бұл тараптағы Мемлекет басшысының атқарған жұмыстарын қандай дәрежедегі ерлікке балауға болатынын кез келген азамат бағамдай алады. 2002 жылы сол жақ жағалауда «Бәйтерек» монументі мен қазіргі Индустрия және даму министрлігі орналасқан ғимараттан басқа құрылыс нысанының нобайы да жоқ болатын. Бүгінгі таңда Астананың жаңа әкімшілік орталығында Президент резиденциясы – Ақорда, Парламент пен Үкімет үйінің ғимараттары елордаға айрықша көрік беріп тұр. Елорданың іскерлік орталықтарында қаншама осы заманғы офистер, сауда орталықтары, мейманханалар, ал әлеуметтік-мәдени орталықтарда театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорттық нысандар, ойын-сауық орталықтары пайда болды.
1998 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астана – «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танылып, арнайы медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана ең жоғары атақты иеленді. Астана 1999 жылдың шілде айында ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корея Республикасы), Амман (Иордания Хашимиттік Корольдігі) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады. 2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚ-тің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып табылатын Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясына мүше болды.
Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозоқ қаласы Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен. Тағы бір еңбегінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» екені айтылады. Астана қаласының маңына орналасқан Бозоқ қаласының орны 1998 жылы анықталып, 1999 жылы Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі, академик Кемал Ақышев бастаған археологтардың осы жерде алғаш рет қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның пайымдауынша, «Бозоқ» – түркі-оғыз термині. Яғни, көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың бузук (боз оқ) термині – тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге, түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағынада түсіндіріледі. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал ХІV ғасырдан бастап Бозоқ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында жүргізілген іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа тұжырымдар пайда болды. Енді Астана қаласының хронологиялық шеңбері бұрынғы тарихи анықтамаларда жазылып жүргендей, Астана «қаласының негізін қалаған 1830 жылмен» шектелмейді, оның ауқымы кеңейтіліп, орта ғасырлардағы түркі дәуіріне дейін жетті. Бұл кезең біздің жазба тарихымыз басталған уақытпен де сәйкес келеді. Екінші өрлеу кезеңі кеңестік кезеңмен (1920-1990 жж.) байланысты айтылады. «Өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында Кеңес өкіметі жылдарында, Ақмола жерінде қаланы одақтың теміржол жүйесіне қосқан және көлік ағынына ілестіріп әкеткен теміржол магистральдары салынды. Бұл өз тарапынан өнеркәсіптің әртүрлі салаларының кең дамуына және Ақмоланың ірі көлік торабына айналуына алып келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери-көлік торабы болды. Экономиканың барлық салаларының дамуына жаңа тынысты «тың дастаны» дарытты. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және Тың өлкесінің орталығына айналды. Осы кезде Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов орталықпен күресіп бақты. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.С.Хрущевтің әрекетіне талай тойтарыс беріп, «бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы болды». Оның кеңестік «империялық» кезеңде туындаған жер дауында Мәскеудегі «біріншіге» ашық қарсыласуы – ел тағдырын шешудегі батыл қадам болатын. Үшінші өрлеу кезеңі (1991 ж. – бүгінге дейін) Одақтың ыдырауы мен егемен мемлекетіміздің іргесі қаланған кезеңмен байланысты. Бұл кезең Қазақстан орталығын, қазіргі Астанаға айналған Ақмолаға көшіру, Қазақстан мемлекеттілігі дамуының өзінше бір жаңа кезеңі болды. Астанаға айналғаннан кейін, қала өз тарихының үшінші дәуірін бастады.
Жаңа Астананың жарқын келбеті қалыптасты. Бұрын Астананы тың игерушілердің астанасы ретінде біліп келсек, енді тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналды. Жаңа, тәуелсіз Қазақстанды бейнелейтін жаңа елордамен қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының арманы мен үміті астасып жатыр. Астана, бір жағынан, жаңа Қазақстанның мақтанышына, екінші жағынан – ұлттық идеяны орнықтырудың және елді біріктірудің нышанына айналды. Ол елдің орталығында, тарихи кезеңдерде Еуропа мен Азияның транзиттік күретамырын байланыстырған, дамыған индустриялық өңірде орналасқан.
Атақты Макиавелли былай депті: «…Қандай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қаласынан гөрі кіндігіндегі мекен алғашқыда көзге қораш, елеусіздеу, жұпыны болып көрінгенімен, келе-келе үлкен күш-қуатқа ие болып, мемлекеттің темірқазығына айналады. Өйткені, өмір, тіршілік – ортада, орталықта».
Демек, қазақтың жүрегі қайда? Астанада. Астана – Елбасы егіз ұғымдай. Ел ордасы – ұлттың тірегі, қазақтың тілегі. Қызу тіршілігінің ордасы. Айбынды қаланың туған күні құтты бола берсін!
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты