• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Үшқоңыр үлгісі

2582 рет
көрсетілді

Көптеген елдерді араладым... бірақ бәрі өзім туып-өскен  қазағымның жеріне,  Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған Үшқоңыр төбесіне жетпеді.  Балалығымның,  сағынышымның алтын қазығы сонда екен...

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Иә, әркімнің өз туған жері өзіне ыстық, өзіне ардақты, өзінің Мекке-Мединесі. Мейлі өзгенің туған өлкесінің көкорай шалғыны белден асып, тас-тасты қуалай аққан бұлағы сылдырлап, табиғаты тамылжып тұрсын, мейлі ол желі азынап, аптабы қуырған сүреңсіз елді мекен болсын – балғын балалық шағың өтіп, алаңсыз шыбық мініп, көбелек қуған туған жерің – мәңгілік жырлап өтер жырымыз, мәңгілік сағынышымыз. Өйткені, адам бойындағы тұлғалық, азаматтық, перзенттік қасиеттер, Отанды сүю, оған деген махаббат  осы туған жерден, туған елден, туған тілден бастау алады. Туған жер, балалық шақ жайлы әңгіме қозғала қалса, кез келгеніміздің көңіліміз шалқып, көзіміз жайнап, сағынышымызды жасыра алмай жататынымыз да содан-ау. Олай болмаса, Елбасының өзі туып-өскен ауылын «Туған жерім, рақым нұры тұнған жерім», «Үшқоңыр Алатаудың қойнауында, әкемнің ізі қалған жайлауында. Қасқасу гүр-гүр тасып, гүл еркелеп, Арқарлар жайылатын аймағында...» деп жырға қосар ма еді?! Шыңдарын Төле бидің қалпағына, жуасы, қарақаты мен бүлдіргенін «әжесінің шекер қосқан талқанына» теңер ме еді?! Елбасы атамекенге атізін сирек салғанымен, туған жері жүрегінің бір түкпірінде жүретіні, үшқоңырлықтарды көре қалса, алдымен ел-жұрттың амандығын, жағдайын сұрап жататыны, сол туған елге, жерге деген сүйіспеншілігінен, құрметінен, сағынышынан туса керек. Міне, сол қасиетті де киелі жердің бірі – Елбасының туған ауылының бүгінгі тіршілігі қандай? Алақандай ауылдағы 37 ұлт өкілінің айрандай ұйып отыруының себебі неде? Сәулеті мен дәулеті қандай? Халықтың несібесі нешік? Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кіндік қаны тамып,  ержетіп, есейген құтты мекені несімен мақтана алады?.. Иә, Үшқоңыр ауылының тари­хы тым әріден бастау алады. Ол кездегі атауы Шамалған ауылы – Алматы облысының батыс бөлігіне орналасқан Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданының құрамына кіреді. Төбелі қоныс Үштөбе, Май­төбе тауының шығысынан 15 ша­қы­рым, Аршалы­кезең асуының сол­түс­тік баурайында көсі­ліп орын теп­кен. Батысында Ұзын­қарғалы, шы­ғысында Шамалған өзендері ағып өтеді. Алматы облысы әкі­мі­нің 2010 жылдың 10 ақпан­да­ғ­ы қаулысы негізінде, Шамал­ған ауылдық округі –Үшқоңыр ауыл­дық округіне, ал Шамалған ауылы – Үшқоңыр ауылы болып өз­гер­тілді. Үшқоңыр ауылдық ок­ругі­нің жалпы жер көлемі 5898,5 гек­тар­ды құрайды. Оның ішінде 1451,5 га егістік, 1032,0 га жайы­лым, 3415 га таза қоныс алқабы бар. Дерек бойынша 1913 жылы мұнда 140 қана түтін болса, бүгінде 2778 отбасында ынтымағы жарасқан 40-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын 17 мың­ға жуық халық тату-тәтті өмір сүруде. Шынында да, алақандай ауыл­да осыншама ұлттың ұйып оты­руының сыры бар. Біздің бала кезімізде туған ауылым Ақтеректен Ұзынағаш арқылы Алматыға бір рет қатынайтын автобус ол кезде бүгінгідей сайрап жатқан тас жол жоқ, Қарғалы, Шамалған, Қас­келең елді мекен­деріне аял­дама жасай­тын. Сонда ғой таза қазақ ауылда өскен (екі-үш үй орысымыз бар, олардың өзі қазақ­ша сөйлейді) біздерге жолай шама­сы тау халқының өкілдері болуы керек авто­бусқа көп мінетін. Ал ауылдан шық­паған біздерге бас­қа ұлт өкілдерін көру таңсық жайт. Оларыңыз автобусқа отырған соң қазақша да, өз тілдерінде де сай­рап қоя беретін. Қазақ тілінің қаймағын бұзбай сөйлегенде бір-бірімізге қарап таңға­ла­тынбыз. Сөйтсек, Үшқоңыр ауылы соғыс кезінде солақай саясаттың құрбаны бол­ған талай ұлтқа қорған болып, өздері жетісіп отырмаса да, бір бөлме үйінің бұрышын, екі бөлмесі болса біреуін беріпті. Жартыны жа­рып, бүтінді бөліп ауыздарынан жы­рып тамағын беріп, сол ағайындар­ды бауырына басқан екен. Бір қызығы, сол ауыл­да тұратын қазақ бала­лары да бірге ойнап жүріп олардың да тілін үйренген. Қазір үшқоңыр­лық­тар­ға өздеріне етене жақын болып кет­кен басқа ұлт өкілдерімен бір-бірінің ана тілінде сөйлеу түкке тұрмайды. Ал тіл білу де бай­лық. Сондықтан бұл ауылға жолыңыз түсе қалса, қазақтарыңыз түрік, болгар, т.б. тілдер­­інде сайраса, ал керісінше олар қазақ тілінде сөйлеп жатса таңғалмаңыз. Оларға үйреншікті жайт. Шынында да, қазақ деген ел бар екенін жаһанға паш етіп, жар­­­ғақ құлағы жастық­қа тимей, бүгінде қарышты қадам­мен өркен­деп, дамып, гүлденіп келе жат­қан Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауы­лы қандай екен деген сауал бәрі­­мізді қызық­тырары сөзсіз. Біз­де де сол оймен әлемге аты мәш­һүр ауылға атбасын тіредік... «Күмбезді ел – көрікті» демек­ші, кіре­беріс­тегі ауылдың ажарын ашып, әрі сән беріп, имандылыққа ша­қырып менмұн­далап тұрған облыстық «Қарасай батыр» мешіті – бүгінгі сәулет өнерінің сән-сал­танатымен салынған 2530 шаршы метрге орналасқан көркем де ай­шықты ғимарат. Осында баһадүр батыр Қарасай Алтынайұлының қасиетті қара шаңы­рағы сақталған. Мұнда алыс-жақыннан келушілер қатары әсте толастамайды. 2008 жылдан мешіт жанынан Үшқоңыр медре­се­сі ашылып, қаншама иманды шә­кірт дайындауда. Медресе кі­тап­­хана, дәрісхана, компьютер за­лы, жа­тақ­хана, медициналық кө­мек пунк­ті, асханамен қамта­ма­сыз етілген. Елдің ертеңі – жастар. Ал білім­сіз қай елдің де болашағы жоқ. Бір қуанарлығы, Үшқоңырда бала саны жылдан-жылға көбею­де. Соның арқасында мектеп саны да өсуде. Бүгінде 4500 өс­ке­лең ұрпаққа тиянақты білім бе­ре­тін 5 мектеп, 838 студенті бар 2 колледж, бір мемлекеттік, бір жеке­меншік балабақша бар. Сол мектептердің ішінде Елбасы оқыған Қарасай батыр (бұрынғы Фурманов) мек­тебінің орны да, жөні де бөлек. Мұнда оқушының сапалы білім алуына қажеттінің бәрі бар. Әсі­ресе, ондағы ауыл тарихы мен Ел­ба­сының өмірі, еңбек жолынан сыр шертетін «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайынан талай құнды жәдігерлерді көре­сіз. Кең де, жарық спорт залы, 200 орындық асханасы, 185 адам­­ға лайықталған акт залы бар білім ұясында мыңнан аса шәкірт оқып, тәрбиеленуде. Үшқоңыр ауылындағы оқып жатқан шә­кірттер өздеріне үлгі болар елі­міз­дің Тұңғыш Прези­денті сияқты көшбасшы болуға ұмтылады. Ауылда тұрғындар денсау­лы­ғына да жақ­сы ден қойылған. Өйткені, денсаулық бар байлықтың негізі болып саналады. Мұн­да ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеріп, емдеп, аурудың алдын алуға байланысты барлық жағ­дай жасалған. 4 ғима­раттан тұра­тын, яғни 50 төсектік стационар, күніне 300-350-дей адам қабыл­дайтын емхана, асхана, кір жуу бөлімшелері бар жаңа аурухана пайдалануға берілген. Ондағы 144 қызметкердің 29-ы дәрігер, 61-і медбике. Стационарда терапия, балалар, ішкі ағзалар бөлімшесі болса, емханада терапевт, педиатр, тіс дәрігері, акушер-гинеколог, хирург, невропатолог, офтальмолог, психолог дәрігер, 10 төсектік күндізгі бөлім бар. Емдеу орны ФГДС, УЗИ, компьютерлі ЭКГ, рентген, флюрография, биоптрон, элек­трофорез, УВЧ, УФО, электросон, дар­санваль, автоматты гематологиялық, жар­ты­лай автоматты биохимиялық анализа­тор, видеоскопиялық аппарат сияқты заманауи медициналық жабдықтармен қамтыл­ған. Әрине, ауылдық жер үшін бұл үлкен мүм­кіндік. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, көрші ауылдардай Алматыға сабылмайды. Мәдениет үйі, Жастар орталығы ауыл­дың ажарына ажар қосқаны өз алдына, үшқоңырлықтардың рухани өсуіне де қалтқысыз қызмет жасауда. Үш­қоңыр ауылдық округінің әкімі Әділбек Дала­баев­тың айтуынша, мұнда ауыз су, көгілдір отын мәселесі шешілген, алты жүзден аса бағаналар самала­дай жарқырап тұр. Округтегі «Сигма» ЖШС 3171 аула­ға газ тар­тып, халықтың 93 пайызы көгіл­дір отын­мен қамтамасыз етілген. Күл-қоқыс­тар­ды шығаратын «Тазалық» ЖШС 950 ауланың, 11 жауап­кер­шілігі шектеулі серік­тес­тік пен білім беру мекемелерінің күл-қо­қыс­­тарын шығарып, арнайы орын­ға тасымалдайды. Аталмыш елді мекен Алма­ты­дай үлкен мегаполиске тиіп тұр­ғандықтан халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына өте ыңғайлы. Мұндағы «БН» арақ-шарап зауыты, «Ақмекен» аяқ-киім майын өндіруші мекемесі, « Бақыт-Нұр», «Изат» кірпіш зауыты, «Керуен» агрофирмасы, нан өнімдерін өндіретін «Бисартов» пен «Хачиева» фирмалары тұр­ғын­дарды жұмыспен қамтып отырса, сонымен қатар, округте 51 дүкен, 6 дәріхана, 1 мейрамхана, 1 әмбебап сауда орталығы, 1 жанармай бекеті, 7 шаштараз жұмыс істейді. Округ бойынша мал басының саны – 3525 ірі қара, 388 жылқы, 6553 қой, 37 шошқа, 6400 әртүрлі құс өсіріледі. 3 ауыл­шаруашылық кәсіпорны, 306 шаруа қожалығы бар. Жуырда ғана Қазақстанда тұң­ғыш рет қоспасыз жасалған та­биғи таза шырын шығара бас­таған «Агрофирма» күніне 500 литр тәтті өнім өндіруде. «Агро­фирманың» ди­ректоры Сәбит Нұртазиннің айтуын­ша, отандық сапалы тауар тікелей алма шырынынан қант та, консервант та қосылмай өндіріледі. Келешекте бұл өнімді ТМД аумағына экспорттауды жолға қоймақ. Бүгінде өндіріс кешенінде 29 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі дағдарысқа қарсы ауыл­да ел әлеуетін көтеруге арнал­ған бірнеше әлеуметтік дүкен ашыл­ған. 600-ге жуық мүгедек пен 252 ардақты ана, 291 көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жағ­дайы төмен отбасыларына 8 әлеу­меттік бұрыш ашылып, оларға арзан азық-түлікпен көмек көр­сетіледі. Мәселен, «Шұбарат» супер­мар­кетіне кірсеңіз, іші де, сырты да қаладағы сауда орындарынан еш айыр­масы жоқ, қызмет көрсету мәдениеті де жоғары, сөрелерде базар нарқынан төмен отандық азық-түліктер самсап тұр. Аспаздық дүкендегі ұннан, ет қосылып жасал­ған өнімдер 20-30 пайызға арзан. Дүкеннің бас директоры Гүл­жан Төлегенқызы мұндағы баға Алматыдағы «Магнум» көтерме-сауда орталығының бағасымен бірдей екендігін алға тартады. Экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру жолында халықты бір шаңырақ астына ұйыстырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуда «Нұр Отан» бүгінде көшбастаушы және жалпыхалықтық партияға айналып отыр. – Ауылымызда 1475 зейнеткер, 1 ҰОС, 37 ауған соғысының арда­гері, 54 тыл ең­бек­кері тұрады, – дейді Үш­қоңыр ауылдық округінің әкімі Әділ­бек Далабаев. – Көпұлтты қазақ­стан­дықтардың қолдаушысы мен сүйенішіне айналған «Нұр Отан» партиясының 13 жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Жеңістің 70 жылдығына арналған 4 мере­келік іс-шара өткізіп, оған соғыс, еңбек және тыл ардагерлері, белсенді азаматтар мен ауыл жастары қатыстырылды. «Ер есімі – ел есінде» атты дөңгелек үстелге ҰОС ардагері В.Шустов ақсақалды шақы­рып, 90 жас мерейтойымен құттықтап, арна­йы сый-сияпат көрсеттік. Мектеп оқу­шы­лары тарапынан басқа да ардагерлерге қам­қорлық көмектер жасалып тұрады. Ауған со­ғысының ардагерлерімен «Ауған­ның асуында от кешкендер» тақыры­бында кездесу өтті. Әкімнің айтуынша «Кедергісіз келешек» жобасы аясында да Үшқоңыр ауылдық округінде тұра­тын 38 мүгедекке жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп, тиісті іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде «Кәсіп түбі – нәсіп», «Ұлт ден­саулығы» дөңгелек үстелі, «Аза­мат­тарды әлеумет­тік қолдау», «Инкл­юзивті білім беруді дамыту», «Мүмкіндігі шектеулі тұлға­лар­­дың құқықтары» тақыры­бын­да семи­нар-кеңестер өткен. Сонымен қатар, пандустар салу және бейімдеу жұмыс­тары жал­ғас­тырылып, үйден білім алатын оқушыларға жан-жақты қол­дау көрсетілуде. «Бақытты отба­сы» жобасы бойынша семинар, «Мерейлі отбасы» ұлт­тық, «Әкем, анам және мен!» бай­қау­лары ұйымдастырылып, оған үлгілі отбасылары қонаққа шақырылған. Әкімдік тарапынан көпбалалы шаңырақ­тарға демеушілік көмектер көрсетіліп, жағдайы төмен отбасыларға көмір мен отын берілген. Ауылда 5 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 тұлдыр жетім бала бар. Жоба аясында «Жетім көрсең жебей жүр» қамқорлық акциясы, «Балаларды әлеуметтік қолдау» семинары, «Балаға мейірім сыйла» сурет көрмесі, «Мен бақытты баламын» атты мәдени іс-шаралар өткен. «Біздің ауыл», «Мықты бизнес – қуатты мемлекет», «Stop қылмыс» жобалары бойынша да айтарлықтай жұмыстар ат­қарылуда. «Партияның 50 тұл­ғасы» жобасы бойынша Яя Фазыл­ұлы тұрмысы төмен отба­сы­ларға қайырымдылық көмек берсе, Қара­сай батыр атындағы орта мек­тептің директоры Динара Әлім­жанова 3 сынып оқушысы Диас­ты қамқорлығына алып, кәме­лет­ке толғанша арнайы есеп-шотына қаржы аударып келеді. «Жастар – Отанға» жобасы аясында 35 іс-шара ұйым­дас­тырылды. Ауыл жастары мен колледж студенттерінен құралған «Жас Отан» жастар қанаты қо­ғам­дық бірлестігінің белсенді мүшелері бірлесе жас­тар саясатын, «Жасыл ел» бағ­дар­ламасын жандандыра отырып, дебат орта­лықтарын құрып, аудандық пікір­сайыстарда жетіс­тіктерге жетіп жүр. «Сәтті қадам» жобасымен Қарасай батыр атын­дағы орта мек­тепте «Тілашар» мере­кесі ұйым­дастырылып, аудан­дық Тұң­ғыш Президент қоры 1 сы­­ныпқа қабылданған 50 оқушыға ар­найы сыйлық табыс етті. – Бүгінгі таңда «Жемқорлыққа қарсы әрекет» жобасы негізінде ауылымызда «Сенім телефоны» мен «Сенім жәшігінің» жұмысы жолға қойылған. «Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу» пікір­талас, «Сыбайлас жем­қор­лыққа жол беріл­месін!» та­қы­рыбында сауалдама жүргізілді. Бі­лім мекеме­лері арасында «Құқық­­­тық сауаттылықты көтеру мем­ле­кет­тік заңсыз әрекетке жол бермеу» тақы­ры­бында дебат ұйым­д­астырылды, – дейді қара­пайым мінезімен елге жаққан әкім. «Жас келсе іске» деген, орда бұзар жастағы әкім Әділбек Қамбарұлының ізденгіштігі, істің көзін білетін ұйымдас­тырғыш қабілеті ауылдастарының көңілі­нен шығады. Осы қызметке келген үш жылда өзінің тиянақты жұмысымен біраз ша­руаның бетін қайырды. Соның бір парасы былтыр ауылда мемлекеттік жол картасы бағдарламасымен 287 адам жұмыс тауып, еңбекке араласқан. Шағын және орта кәсіппен айна­лысуға ниет білдірушілер саны­ның артуына орай атқарушы билік ауылшаруашылық жер­лерін тиімді пайдаланып, дамы­туға қолдау көрсетпек. Ол үшін бұрын­нан келе жатқан су арна­ларын іске қосу мақ­сатында аудан, облыс әкімдеріне өтінішін біл­дір­ген. Егер осы жайт шеші­мін тауып жатса, онда ауылдағы бір­қатар мәселенің түйіні тар­қа­мақ. Ендігі бір жағымды жаңа­лық, Үшқоңыр ауылында Тұң­ғыш Президент паркі мен мұражайы салынбақ. Оның ал­ғашқы қадасын қағуға Қара­сай ауданының бұрынғы әкімі Амангелді Дәуренбаев, Елбасы­ның отбасы мүшелері – Болат Әбіш­ұлы мен Әнипа Әбішқызы қаты­сып, жерлестерін осы бір үл­кен істің басталуымен құттықтады. Осы ретте Үшқоңыр ауыл­дық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Я.Ишиговтің де айтары бар. Ол өткен жылға өкпе жоқтығын, өйткені, туған ауылы үшін табыс­ты да тарихи жыл болғанын тілге тиек етті. – «Біріншіден, – деді ауыл ақсақалы, – Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жылы болды. Өздеріңіз білесіздер, Үшқоңыр ауылында 40-қа жуық этнос өкілдері тату тәтті, түсі­ніс­­тікте өмір сүруде. Екіншіден, ауы­лымызда үлкен өзгерістер болды. Үш шақырымға арнайы су каналын тартқызып, өзенге әкеліп құйғызды. Әр көшедегі қажетті жерлер­ге көпір салынды. Күн санап ауылдың сән-салтанатын арт­тырған әсем үйлер мен ғима­раттар көптеп бой көтеруде. Бір­неше көше жол­дары­на, тротуар­ларға асфальт төсел­ге­ніне халық алғысын айтып отыр...». Иә, Үшқоңыр – меймандос, мерейі тасыған аяулы мекен. Бүгінгі заманға икемделіп, көркейіп, сәулеті мен дәулеті артып, берекесі ортаймаған үшқоңырлықтар бірліктерін осылай бекемдей түскен. Үлкен-кішісіне ізет білдіріп, сыйластығы жарасқан елді мекенде Елбасының туып-өсіп, балалық шағын өткізген қара шаңырақтың да түтіні түзу шығып, оты өшпей маздап тұр. Бір қарағанда, үлкен жолдың бойына орын тепкен қарапайым ауыл адамдары таңмен таласа тұрып, бірі малын жайғап, бірі бақшасын баптап қоңыртөбел тіршілік кешсе, ал кешкілік ел орынға отырғанда телеарналарға үңіліп, Қазақстандағы бейбіт те бақуатты өмірді өз қолымен жасаған Елбасының жерлестері болғанына кеуделерін мақтаныш сезімі кернеп, сол адамның іштей амандығын тілеп отырғаны... Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Қарасай ауданы
Соңғы жаңалықтар