Жақында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қоршаған ортаны қорғау комитетін экологтарға қайтарғымыз келеді. Басшылық тарапынан бұл мәселеде қолдау таптым. Сондықтан, қызметкерлердің біліктілігіне талапты күшейтіп, жұмыстың нәтижесін арттыруға күш саламыз. Бұл органның ашықтығын қамту керек, себебі, қоршаған ортаның мәселесі қоғамның ажырамас бөлігі», дегенді айтты. Өйткені, экология мәселесіне бірден-бір жауапты министрліктің атауы 1995-2014 жылдары аралығында 6 рет өзгеріп, ал 2014 жылы тамыздың 2-і күні біржола келмеске кеткен болатын. Соңғы рет Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі деп аталған бұл министрліктің функциялары Энергетика министрлігіне ауысып еді.
Сондықтан жоғарыдағы жаңалыққа экологиямен айналысатын әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен ғылыми мекемелер, өзге де табиғат жанашырлары елең еткені күмәнсіз. Алайда, бұл комитеттің өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, халықтың үмітін толық ақтай алатынына сенім аз. Өйткені, министрліктегі өзінен қызметі мен лауазымы жоғары басшыларға тәуелді комитет басшысы дербес шешім қабылдай алмайтынына ешкім дауласа алмайды.
Осы арада Қазақстанның қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақтағы 5 елдің ішінде қоршаған ортаны қорғауға арналған министрлігі, не арнайы құрылған агенттігі жоқ жалғыз ел болып отырғанын айта кеткен артық болмас. Мәселен, Ресейде Табиғат ресурстары және экология министрлігі, Беларусьте Орман министрлігі, Арменияда Табиғатты қорғау министрлігі, Қырғызстанда Үкімет жанындағы Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігі бар. Ал Қазақстанда Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қатысты қызмет түрлері бір емес, бірнеше министрлікке бөлініп берілген. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мәселесінде олардың көзқарасы мен ұстанымы «аққу, шортан, шаянның» кейпін еске түсіреді.
ХХІ ғасырда әлемнің дамыған елдері жер қойнауындағы минералды қазба байлыққа емес, ондағы өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің қорғалуына көбірек көңіл бөліп жатқанын ескерсек, қазіргі жағдайымызбен бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына қосылуымыз үшін әлі көп жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағытта түрлі заңнамалар қабылдап, халықаралық және әлемдік деңгейге көтеріп жатқан елдердің тәжірибесін зертеу қажет. Басқасын айтпағанда, дәрілік және өзге де өнеркәсіптік маңызы жоғары өсімдіктер дүниесінің қорғалуы бізде әлі көңіл көншітпейді. Нарықта құны валютамен бағаланатын көптеген өсімдіктер заңсыз айналымға түсіп, шетелдіктердің табыс көзіне айналғанын бұқаралық ақпарат құралдары айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып келе жатыр. Алайда, оған құлақ түріп, жауап берген құзырлы орган өкілдерінің үнін естіген ешкім жоқ.
Кейбір мамандардың айтуынша, Қазақстан қоршаған ортаны қорғау бойынша кейбір заңнаманы қабылдау жағынан да көршілес елдерден кейін келе жатыр. Мәселен, елімізде әлі күнге дейін «Өсімдік жамылғысын сақтау» заңы жоқ. Сондықтан әлемде сирек кездесетін немесе еліміз олардың отаны саналатын көптеген өсімдіктер шикізат ретінде ғана емес, оны өсіріп, көбейтіп, зерттеу үшін аса құнды гендік материал тұрғысынан да жеткілікті деңгейде қорғауға алынбаған көрінеді. Мысалы, қызғалдақ пен алманың тарихи отаны саналатын Қазақстан қызғалдақты Нидерланд, алманы Польшадан экспорттайды. Өркениетті өзге елдер әлемде теңдесі жоқ осындай бірегей дүниелері болса, оны өз мемлекетіне алып барып, көбейтіп, өзгелерге сатып табыс тапқандардан белгілі бір мөлшерде алым алады. Біз неге олардан үлгі алмаймыз? Оны жүзеге асыруға кім кедергі болып отыр?
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
АЛМАТЫ