• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Экстремизм: себептер мен салдарлар

2187 рет
көрсетілді

Елді қорқытып билеме,  оқытып биле.

Әйтеке би

Бүгінгі ғылыми айналым мен сая­сатта экстремизмнің себептеріне байланысты екі бағыттағы пайым басымдыққа ие. Ең алдымен бізде жиі қолданы­латын және исламға, басқа дін­дер­ге көлеңке түсіретін «діни экст­ремизм» термині туралы. Бүгін әдебиетте «зорлықшыл экстремизм» терминін қолданғанды жөн көреді. Ал «исламдық экстре­мизм» термині тек ресейлік және қазақ­стандық авторлардың оқу­лықтары мен оқу құралдарында сақ­та­лып, бірте-бірте күнделікті қол­да­ныс аясынан ығыстырылу үстінде. Бірінші бағыттағы ғалымдар зорлық­шыл экстремизмді туында­татын түбегейлі себептер бар деп санайды. Экстремизмнің мұн­дай себептері санатына әртүрлі дін­дер өкілдерінің мәдениет, тіл, еңбекке орналасу, қызмет ету, еңбекақы салаларындағы теңсіз­­дігі, ұстаған дініне байланыс­ты сая­­си қуда­лануы және тағы бас­қалар жат­қызылады. Бұл бағыт­ты «зерт­теушілік бағыт» деп атайды. Екінші бағыт өкілдерінің пікірінше, экстремизмнің себеп­терін анықтау оны ақтаумен пара-пар. Экстремизмнің ешқан­дай өзін­дік объективті себептері жоқ. Ол экст­ремистердің, фанатиктердің қалып­ты жағдайды талқандап, саяси билікке қол сұғуды көздеген зымиян пиғылынан туын­дайды. Бұл бағытты «практикалық бағыт» деп атайды. Біріншісін ғалымдар жақтаса, екіншісін үкіметтік ұйымдар, полиция өкілдері, ә­с­кери­лер, қауіпсіздік құрылымдар қызметкерлері қол­дай­­ды. Бірақ себептерсіз қақ­ты­ғыс­тар­дың болмайтыны белгілі. Бұл екі ба­ғыт бір-бірін толықтырып тұр. «Араб көктемі» деп аталған араб елдеріндегі жағдай біздің елде болуы мүмкін бе?» – деген сауал соңғы кезде жиі қойылады. Қазақстанның Араб елдері­мен сырттай ұқсастықтары бар. Эконо­­ми­каның негізінен шикізатқа не­гіз­делуі, жұмыссыздық, әсіресе, білім­ді жастар арасындағы жұмыс­сыз­дық, мо­но­центристік саяси жүйе, жемқорлық, клан­дық бөліну, ауылдық жерлердегі халық­­­ тұрмысының әлі де болса төмен­­­дігі. Алайда, Қазақстан халқы Кеңе­с­­тер заманының талай тар жол, тай­ғақ кешуінен өткен, партократияның қазақ­­тың тіліне, мәдениетіне зор­лығын көр­ген, өткен ғасырдың тоқ­саныншы жыл­­дарының басында дағдарысты бас­тан кешкен. Сондықтан олардың басым көп­шілігі қазіргі заманға шүкір­шілік етеді. Халық­тың негізгі бөлігі­нің басында баспанасы, жұ­мысы бар, ол елдермен салыс­тыр­ғанда біздің тұрмысымыз жоғары. Дегенмен, ойландырмай қой­май­тын жағдайлар бар. Экстре­мизмнің туу ықти­малдығын қалып­тастыруға тікелей немесе жанама түрде толып жатқан ішкі әлеу­­мет­тік факторлар, социумның әртүр­лі деңгейлерінде, басқару құры­лымдарында бой көрсететін қоғамдық сана көріністері, сондай-ақ, индивидтердің діни тіршілігінің жеке басқа тән қырлары әсер етеді. Осыған орай, қазақтардың діни көңіл-күйіне кері әсер ететін бірнеше факторларды атап кетуге болады. Бұлар ел ішінде теріс этнодіни және этноәлеуметтік ахуал қалыптасуына жағдай туғызады. Ақпараттық кеңістігіміздегі Ресей телеар­­наларының басым­ды­ғы, ислам дәс­­түр­леріне жат кинофильмдер мен өзге де өнімдерді көрсету діндар мұсыл­ман­дарға басқа тілдің, басқа мәде­ниет­тің, ақыр аяғында өзге діннің өктем­ді­гін, оның экспансиясын әйгі­легендей көрі­неді. Бұл адамдардың іштей қарсы­лығын, мемлекеттің мәдениет, ақпарат сала­ларындағы ішкі саясатымен келіспеу­шілігін туғызбай қоймайды. Әлеуметтік және рухани ахуал да күрделі күйінде қалып отыр. Бас прокуратураның статистика­сына сәйкес, 2012 жылы 647 ба­ла қаза тапқан, олардың 166-сы өз­­деріне өздері қол салған, ел­і­міз бо­йынша 2300 адам жол апатынан көз жұмып, 19 964-і жарақат алған. Бұл баршаға мәлім фактілер. Зорлықшыл экстремизм құрбандарының нақты саны көп емес. Экстремизмнен шеккен зар­дабымыздың салыстырмалы түрдегі аздығы – экстремизмді жақ­таушылардың психологиялық соқтығыста ақталуына, өздерін діннің қорғаушылары ретінде көрсетіп, жамандық атаулының кінәсін мемлекеттің өзіне аудару­ға сылтау. Мұның барлығы бұқа­раның көңілін аулап, халықты өздеріне жақындатуды көздейді. Бұл, сөз жоқ, әлеуметтік ортаға, адамдардың жеке талпыныстарына, жастардың әлеумет­тену үдерісіне әсерін тигізбей қоймайды. Кеңес дәуірінде қазақтар негі­зі­нен ауыл шаруашылығында, бі­лім, мәде­ниет сала­ларында еңбек етті, ал славяндық диаспоралар өкіл­дері негізінен өнеркәсіп, ғы­лы­ми-техникалық, инженерлік сала­лар­ды жайлады. Мұндай «ең­бек бөлінісі» қазақтардың өмір салтына, қоныстануына, денсау­лы­ғы­на, психикалық жай-күйіне, маман­дықтардың, материалдық және рухани игіліктердің қолжетімді болуына кері әсерін тигізді. Бүгінгі күні де қазақтардың үлесі білікті жұмыс күшінің жалпы санында мардымсыз күйде қалып отыр. Оның үсті­не табиғи байлықтарымыз діні де, тілі де басқа шетелдіктер иелі­гін­де. Батыс Қазақстанды АҚШ, Анг­лия, Қытай компаниялары жай­ла­ды. Бұларда еңбекақы және тағы басқа салаларда қазақ­тарды кем­сіту саясаты жалғасын табуда. Қазақстандықтар жақсы біле­ді, әле­мнің мұнай мен газға бай ай­мақ­­­тарында, мәселен, араб елдерінде, Малай­­зияда жергілікті халық әлеу­меттік сала бойынша көптеген жеңілдіктерге ие. Ал  Қазақтанның батыс аймағының байы­р­­ғы халқы мұндай қолдаудан ада, кері­сінше, игерілген табиғи байлықтардың эко­ло­гиялық зардаптарынан жапа шегуде. Осы­лайша экономикалық және әлеуметтік мәсе­лелер этника­лық және конфессиялық мәсе­лелерге ұласып отыр. Экстремистік ахуалдың қалып­тасуына бір-біріне керағар екіұдай жағ­дай дем береді. Бір жағы­нан – көз­ге ұрып тұрған ха­лық та­бы­сы­ның көлеміндегі айтар­лық­тай ал­шақ­тық, аста-төк той-тома­лақ, жер­леу рәсімдері, жемқор­лық және бас­қа ислам­дық өмір салтына жат фак­тор­­лар. Екінші жағы­нан – кедей-кеп­шік, мар­гинал­дар, жұмыссыз жас­тар және олар­ды қолдаушы өз­ге де әлеу­мет­тік топтар. Бұл ретте мы­­на­­дай қорытынды ойға орала­ды: «Бүгін­гі қазақстандық террорист дегені­міз кім? Бұл сұраққа ста­тис­­­­ти­­калық мәліметтерге сүйе­ніп мына­дай жауап беруге болар: Бас про­курор Ж.Асанов «Қыл­мыс жа­са­­ған­дардың 84 пайызы жұ­мы­­­сы жоқ азаматтар» деп түйді. («Еге­мен Қазақ­стан, 24.06.2016 ж.). Сот­тал­ған террористердің 60%-ға жуығы 29 жасқа дейінгілер. Бас­қаша айтсақ – жас­тар. Олардың 95%-ы, жұмыссыз бол­ған. Осы­лай­­ша, Қазақ­стан­дағы терро­рис­тің пор­т­­­реті айқын­дала­ды: бұлар – өмір­­ден өз орнын табуға ұмтылып, бі­рақ оны таба алмаған жастар. Кө­бі­­­н­е­се, жұмыссыздар, жақсы бі­лім ала ал­май, келешегінен күдер үзгендер. Криминометрика болжамы бойынша, қоғамдағы шиеленістердің өз өлшемдері бар. Жан басындағы орташа табыспен террористік әрекет арасында тікелей байланыс жоқ. Тер­рор­лық қылмысқа кедей отбасы­нан шыққан жастар да, дәулетті от­ба­сы­нан шыққан жастар да барады. Ал тыйым салу, ашық пікір білдіруді, сөз бостандығын шектеу, әлеуметтік, әділет­сіздік, адам құқын бұзу, бір сөзбен айт­қанда, қатаң саяси режім мен терроризм арасында байланыс бар. Саяси еркіндік ашықтық, демократиялық ахуал, сөз еркін­дігі, бизнеспен айналысуға мүмкіндік қақ­тығыстардың алдын алады. Адамдар қар­ны­ның ашқанынан ғана емес, қадірінің қашқанынан да қарсылық білдіреді. Мынадай жазылмаған ереже бар: экст­ремизм мен жанжал ту­ғы­зу­дың жақсы амалы – діни ұйымдарды, күдік­тілерді бұрышқа тықсыру. Осыған бай­­ланысты құқық қорғау органдары қызмет­керлерінің жұмысындағы мы­на­дай жайт­тар назар аударуға тұрар­лық. Шын­ды­­ғында құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың құқын қорғау мен сақтау барысында олар­дың қандай дінді ұстанғанына қара­мастан, моральдық және конс­ти­туциялық принциптерді қатаң түрде басшылыққа алулары тиіс, қандай да болмасын жанжал туғыз­бау мақсатында түсіністік танытуға тырысулары қажет. Көптеген елдерде құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері үшін арнайы жаттығу оқуларын өткізу жолға қойыл­ған. Мұнда ел­де таралған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат беріледі. Кей­бір елдерде жергілікті құқық қор­­ғау органдары­ның қызмет­кер­­леріне арналып өңірдегі діни ұйым­дардың тыныс-тіршілігі тура­лы жадынама-анықтамалықтар шы­ға­рылады, онда осы ұйымдар­дың ме­кенжайы, байланыс теле­фон­дары, қызметкерлердің діни дә­ре­жесі, оларға тіл қату үлгісі: «Құрмет­ті имам» немесе «Қадір­мен­ді мәр­тебелім» және т.б. көрсетіледі. Терроризмді зерттеуде ғылыми ақтаң­дақтар, заң саласында дау-дамайлар өте көп. Ресейде 2006 жылы терроризмге қарсы іс-әрекет туралы заң қабылданды. Бір мәселе төңірегінде үлкен пікірталастар туды. Террористер бортында 250 жолаушы бар ұшақты басып алып, атом электр стансасына қарай бет алды. Не істеу керек? Егер ұшақ атом электр стансасын жарса, құрбандар саны мыңдап еселенеді, сондықтан ұшақты атып түсіру қажет пе? Қажет. Мұндай заң көптеген елдерде бар екен. Террористер үшін қанша адамның құрбан болғандығы маңызды емес, ең маңыздысы – күш көрсету, қорқыту. Ал мемлекет адам шығы­ны­ның аз болуын ойлайды. Террористермен келісімге, диалогқа бару керек пе? Көптеген елдерде бұл мәсе­леде қарсы пікір ұсталынады. Бірақ ой­ла­на­тын тұс­тары да жоқ емес. Террорис­тер­дің мақсаты өздеріне биліктің назарын аудару, тілек-талаптарын жеткізу. Келісімге бармаған тұста қайшылықтарды шешудің жолы кесіледі. Ал келісім, диалог болса, билік те өз пікірін, талаптарын жанжалды шешудің жолдарын оларға да, халық­қа да жеткізеді, болмаса билік те өз талаптарын айтудан, диалогқа бару дағдысынан айы­рылады. Террористер үнде­мей шабуылдарын жасай береді, бұза­ды, жарады, құқық қорғау органдары оларды жояды, қолға түсіре береді. Негізінде де адам­ның өмірі таразыға түскен тұста биліктің «кішіреюі» де дұрыс. Бірқатар елдерде келістіретіндерді («пере­говорщик») әдейі дайындайды, кейде олар террорис­тер­дің ата-аналары, туыстары, бейтарап адамдар болады. Бізде бұл істе тәжірибе жоқтың қасы. Ақтөбе облысында 2011, 2012, 2016 жылы экстремистік шабуыл қантөгіспен аяқталды. Терро­ризм­нен күресте жеңіс деген не және қалай жеңімпаз болуға болады? – деген сауал туады. Мүмкін ол тер­рористердің көзін жою болар. Бірақ ол уақыт­ша жеңіс. Ақ­төбе оқиғалары көзін жой­ған бір өлген террористің орнына екі зор­­лық-зомбылық технологиясын меңгерген тер­рорист келетінін көрсетті. Террористік оқиғалардың төңі­ре­гінде террористерді есір­кеп, жана­шыр ниет білдіру де бай­қалып қалады. Бірқатар аза­маттар Солтүстік Кавказ респуб­ли­­ка­ларында содырларды қолдай­тын кө­рі­неді. («Социально-гумани­тар­ные знания», 2005, №3, 28 бет). Біз қаралы күн жарияладық, жазық­сыз қаза тапқан азаматтарды аза тұт­тық. Әрине, қарақшылардың ата-ана­лары да қан жылап отыр. Олар­ға өкініш көңілін білдіру жа­­на­­­шырлық таныту да дұрыс. Олар­­дың аналары террорист туған жоқ, орта, әсіресе, салафилер ортасы со­ған ықпал етті, оған біз де кінәліміз. Ал терроризмге ниеттестік, сөз жоқ, оған дем береді. Ақтөбе­дегі террор­лық қыл­мысты да қол­дау­шылар бар. Бұл қоғам­ға емес, тек погон­дыларға, полиция қыз­мет­­­кер­леріне шабуыл деуші­лер кез­деседі. Полиция қызметкер­лері­не шабуыл ол осы қоғамды қор­ғай­тын­дарға шабуыл екенін түсінбейді. Ақтөбе облысында ел ішінде террористерге жанашырлық ниет 2011 жылғы Темір ауданында бол­ған оқиғадан кейін қалыптас­ты. Оқиғаға берілген ресми баға қоғам­дық пікірмен сәйкес келе бермеді. Қарулы қақтығыс кезінде көптеген куәгер бола алатын жанжалға қаты­су­шылардың 2011 жылы көздері құртылды. Жұрттың бәрі бірдей зұлымдық сазайын тартты, әділ жазасын алды деп есептемеді. Ақтөбе­дегі лаң­кес­тік актілерге байланысты ресми ақпараттар құқық қорғау органдары­ның қызметін жоғары бағалады. Деген­мен, жемқорлық індеті олар­дың арасында да көрініс алып отыр. Айта кетейік, Ақтөбе облысын­да 2016 жылдың маусым айында мұнай ұрлады деген күдік­пен бір топ жоғары шенді поли­ция қыз­мет­керлері қамауға алынды. («Акт­ю­бин­ский вестник», 24.06.2016 г.) Орталық және жергілікті билік 2011 жылғы оқиғалардан кейін жұрт­шылықты идеологиялық тал­қы­дан өткізуді қолға алды. Темір ауданында аз уақыт ішінде қырық­тан астам кездесулер өткізіліп, дәрістер оқылды. Ақыр аяғында мұн­дай шаралар жергілікті халық­ты ығыр қылды. Шұбаршы ауылын­дағы және басқа да елді мекен­дер­дегі мектептер, мәдениет ошақ­тары құрылысы, жол жөндеу жұмыс­тары басталды. Мұның өзі басқа аудан­дар және елді мекендер тұр­ғын­дарының түсінбестігі мен осы­ған байланысты заңды сұрақ­тарын тудырды: «Сонда қалай, әлеу­меттік және мәдени-тұрмыс­тық мәселелерді шешу үшін мін­детті түрде экстремистік әрекетке бару керек пе?!». Жүйелі, жоспарлы жұ­мыстың жоқтығы ашық, бүкпе­сіз болған оқиғаны талдап, халық­тың көзін шындыққа жеткізбеу кейінгі оқиғаларға себеп болды ма деген ой, қоғамдық пікір де бүгін жоқ емес. Шынында да, неліктен қанды оқиға­лардың алды алынбады, нелік­т­ен жұртшылық экстремизм­мен күрестен оқшауланды? Өңір­лік билік біртұтас мемлекеттік ма­ши­наның құрамдас бөлігі ретін­де қалыпты тұрмыс-тіршілікті қамта­масыз етуге жауапты бол­ғаны­мен, төтенше жағдайларға мүл­дем дайын болмай шықты. Басты себеп мынада: өңірлердегі билік­тің жұртшылықпен, жастар­мен, мәслихат депутаттарымен, жер­гі­лікті зиялы қауым өкіл­дері­мен, ардагерлермен байланысы мәз емес, болса да тек мақұлдауды күтеді. Жергілікті билік көп нәрседен бейхабар, кейіннен белгілі болғандай, аталмыш оқиғаларға қатысты түскен дабылға мән бермеген. Сондықтан, өңірлік билік өз рөлін айқын анық­тай алмай, 2011 жылы сырттан бақы­лаушы, көбінесе сырткөз ре­тін­де қабылданды. Бұл жағдайда қа­лың бұқара экстремизмнің алдын алу жұмыстарында белсенділік танытпайды, бар үмітін құқық қорғау орган­дары мен арнайы қызмет өкіл­деріне артады. Бір сөзбен айтсақ, пісіп жетілген қалыпты азаматтық қоғам жоқ, өзін-өзі басқарудың жер­гілікті қоғам­дық институттары дамы­маған. Аза­мат­тық белсенділік жоқ жерде экстремис­тер күш алады. Бүгінгі жағдайда БАҚ, ғылым, мәдениет пен білім салаларында исламның өзге бағыттарына да, басқа діндерге де төзім­ділік танытатын ханафитік исламды мем­лекеттің ұстануы өте орынды. Қалып­ты жағдайды бұзуға ниетті бүлдіргіш күштерге қарсы мәдени-ақпараттық майдан ашу аса маңызды. Бұл күрес қазақ мәде­ниетін, дәстүрін, тілін, халқы­мыздың түбегейлі рухани құн­дылықтарын кеңінен насихаттау жұмысымен қатар жүргізілуі тиіс. Провинциялық-колониалдық санадан шынайы өмірде ұлттық құнды­лықтарды белсенді түрде орнықтыру мәселесін кешеуілдет­пей шешуге көшуіміз қажет. Экст­ре­­мистік идеология ұлттық идея ар­қылы және де оған қазақтың шынайы мен­талитеті мен дүние­таны­мының озық элементтерін қар­сы қою арқылы ығыс­тырыла алады. Өңірлерде бабалардың таным-сенімін, діни қайраткерлердің, имамдардың тарихи болмысын, сондай-ақ, ханафит мәзһабы мешіт­терінің қазақ халқын тәрбие­леу ісіне қосқан үлесін зерделей­тін ғылыми-зерттеу жұмыстарын өрістету қажет. Осындай жұмыс­тар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универ­си­тетінде бас­талып кетті. Бүгінгі экстремизмнің қауіп-қатері өршіп тұрған кезеңде ақпарат­тық, мәдени және ғылы­ми саясатты әлеуметтік-мә­дени құн­ды­лықтарға негіздеп түбегей­лі түр­де қайта құру – кезек күттір­мей­тін мәселе. Әйтпеген күнде, теріс тенденциялар күш ала бермек. Бір сөзбен айтсақ, идея мыл­­тық­пен емес, тек идея арқылы ығыс­тырылуы тиіс. Кезінде Платон айтқандай, өз еліңде жауыңның болуы мүмкін емес. Егер де қарсыластарың, келіспеушілерің болса, онда оларды сабырмен ақылға шақырып, ымыраға келген жөн. Сөйтіп, олардың өмірін сақтап қалуға жұмыстану қажет, өйткені, шалыс басқанның бәрі бірдей жау емес. Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры АҚТӨБЕ