Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева баспасөз мәслихатын өткізді. Ол бизнес-ахуалды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Департамент директоры 2016 жылы наурызда рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері жөніндегі заң туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, заңнамалық құжат кәсіпкерліктің дамуына, бизнестің жандануына және оның қызметін кеңейтуге әсер ететінін жеткізді. Бұлармен бірге заңның қабылдануына байланысты кәсіпкерлік саласында 34 рұқсат беру қағазы заң бойынша мүлде жойылғанын мәлімдеді.
Спикер Үкімет әкімшілік кедергілерді жою мақсатында бизнес-ахуалды жақсарту мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. «Кәсіпкерлікті дамыту – бұл еліміздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатына әсер ететін ең маңызды фактордың бірі. 2016 жылы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйелендірілді. Өзін өзі реттеу институты енгізілді. Рұқсат беру құжаттары екі есе қысқарды. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік кодекс жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік кодекс пен Қазақстандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілеттіліктің рөлін күшейту бойынша шаралар қабылданды. 2016 жылы наурызда рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері жөнінде заң қабылданды. Заң кәсіпкерліктің дамуына, бизнестің жандануына және оның қызметін кеңейтуге әсер етеді. Өйткені, осы заң бойынша рұқсат беру жүйесі елу пайызға қысқарды. Бұл дегеніміз, 34 рұқсат беру қағазы заң бойынша мүлде жойылғанын, 14 рұқсат беру ескертпе тәртібіне ауыстырылғанын білдіреді. Оңтайландыру аясында 105 рұқсат беретін құжаттар алынып тасталды», деді Ғ.Жолдыбаева.
Ағымдағы жылдың мамыр айында қолданысқа енген «Өзін өзі реттеу туралы» заң «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында жасалғанын айтқан департамент директоры, оның негізгі мақсаты өзін өзі реттейтін ұйымға ерікті және міндетті мүшелікке негізделгенін айтты. Ол экономиканы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыратын көрінеді. «Қабылданған шаралардың нәтижесінде адал кәсіпкерлер өзін өзі реттеу ұйымының адал емес мүшелерін қатардан шығарып тастауға мүдделі болады. Нәтижесінде, бұл шара бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», деді департамент басшысы.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»