• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Әркімнің бақыты еңбекте

311 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерімен бір кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағ­д­арыс жағдайында біздің еліміз­дің еге­мен­дігін нығайту үшін әрбір қазақстан­дық­тың еңбектену қажеттілігіне ерек­ше көңіл бөлді. «Еңбек – ең бастысы. Біз еңбекші елміз... Адам өзін, өз от­басын қамтамасыз ету үшін еңбек етеді», деген еді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Президент Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында: «ХХІ ғасырда қоғам­ның барлық салаларын үздіксіз жаң­ғырту дамудың басты факторына айналып отыр, сол үшін жұмысшы маман­дықтарына шақырамын» деп атап өтті. Экономикалық, әлеуметтік сала­ның қайсысы да маңдай терін сүрт­кізген еңбексіз дамымайды. Бұл мағына­да Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы бірегей және ол жастар үшін маман­дықты дұрыс таңдауына тамаша үлгі болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстың жеткі­лік­сіздігі біздің облысымыздың заң­гер­лер мен экономистерді «қайта өнді­руге» әкеліп соқты. Бірақ, қазір жағ­дай өзгеріп келеді. Дегенмен, Прези­дент айтқан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеяларын іске асыру және жастарға ұғындыру, оларды кәсіби бағдарлау бағытында алда педагогика қоғамдастықтары атқарар орасан зор іс күтіп тұр. Істі неден бастау керек? Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу­де зайырлы білім беру жүйесінің бір­туар ұйымдастырушысы, педагог, әдіскер, алғашқы оқулықтар авторы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы үлгі дер едім. Оның «Жомарт адам», «Қалай бай болуға болады», «Қыпшақ Сейітқұл», «Білімнің пайдасы», «Әкесі мен баласы», «Өрмекші, құмырсқа және қарлығаш», «Бай баласы мен жарлы баласы» сияқты балаларға арнал­ған ертегілері, әңгімелері оқушы­ларды бастауыш сыныптардан бас­тап адал еңбекке баулуда бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Алтынсарин әр әңгімесінде шынайы еңбекті дәріптейді. «Алдағы уақытта да есіңде болсын және ұмытпа, егер де жеңіл еңбекті ауыр деп есептесең, онда аса ауыр жұмыспен кездесесің, егер де шағынға риза болмасаң, онда үлкеннен айырыласың», «Еңбек етпеген бірде-бір тірі жан жоқ, сені Құдай бос сандалу үшін жаратқан жоқ. Еңбекке үйрену керек» деген секілді балаларға өте түсінікті және қанатты сөзге айналып кеткен тіркестерді оның шығармаларынан жиі кездестіруге болады. Ыбырай Алтынсарин біздің еліміз­дегі кәсіби білім берудің негізін қалады. Ол патша өкіметінің тиісті орындарына көптеген өтініштер жазған. Сол табан­дылығының арқасында 1883 жылғы 15 қарашада Торғайда балташы-ұсталық ісі мен қыздарға іс үйрететін бірінші қолөнер училищесін ашуға мүмкіндік туды. Көптеген 2-ші сыныптық училищелерде бақша өсірушілік, бағбандыққа, май шайқау кәсібіне үйрететін бөлімше құрды. Ол жұмыс істеуге, барлық жаңа нәр­селерді қабылдауға асық еді. Ыбырай Алтынсарин өзімен қа­рым-қатынаста болған, сөйлескен, оны қор­шаған барлық педагогтар үшін еңбекқорлықтың үлгі­сіндей еді. Шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийдің Ыбырай туралы: «...дұрыс және адал адам, ақылды, адал, білімқұмар және сүйкімді», деп жазуы оның еңбегіне сүйсінгендіктен болатын. Ол өте көп жұмыс істейтін. Ағартушының педагог А.А.Мозохинге жазған хаты: «Жазып отырып мен ұйық­таймын. Көздерім жұмылып кетуде, түні бойы ұйықтаған жоқ­пын. Хаттың бейберекеттігі үшін кешір», деген сөздермен аяқталады. В.В.Катарин­ский­ге жазған бір хатында: «Көп жазу­ға күшім жоқ, қолым шаршады», деп жазуы оның жанкештілігін баян­да­ғандай. 1888 жылы 5 қарашада Ыбырай Алтынсарин А.А.Мозохинге: «Мен өте жиі сырқаттанудамын, әлі күнге дейін мен өзімнің болашақ тағ­дырымды және отбасымның тағдырын ойлаған емеспін, осы туралы ойлаған жөн шығар», деп жазады. Ыбырайдың балаларға арнаған кітап­тарын, оның оқулықтарын оқып, білім нәріне сусындаған талай ұрпақ еңбектің арқасында ғана адамның өз мақсатына жететінін, болашақтың нұрлы болатынын түйсініп өсті. Олардың арасында Ахмет Байтұрсыновтан бас­тап халқымыздың талай біртуарлары өсіп-жетілді. Олардың барлығы да тек еңбекті пір тұтты. Қазақстанда да Жалпыға бірдей Еңбек Қоғамы салтанат құрғанда ғана Тәуелсіздіктің іргесі мықтала түседі. Кәсіби мамандар барда астықтың алтын таулары көбейеді, құрылыс үйлері биіктейді, өндіріс, ауыл шаруашылығы, өмірдің барлық саласы жандана түседі. Еңбек еткен адамның рухани жан дүниесі де таза, рухы мықты болады. Әлемнің бар бақыты еңбекте, бақытқа кенелудің басқа жолы жоқ, оны біздің балалар білуі тиіс. Марионелла СЛЕСАРЬ, педагогика ғылымдарының кандидаты ҚОСТАНАЙ