Дауласу да, татуласу да оңай екен
Ресейдің Сочи дейтін курортты қаласында Ресей мен Түркияның сыртқы істер министрлері кездесіп, біраз мәселелердің басын қайырған келіссөздер жүргізді. Әңгіменің ауанына қарап, қол жеткен келісімге қарап, осыдан бір апта бұрын бұл екі елдің арасында келіспеушілік болды дегенге сену де қиындай көрінеді.
Басын ашып айтайық, бұл екі ел арасында жағдайдың оңалғанын құп көретіндер қатарынанбыз. Солай болғаны біздің елімізге де қажет-ақ. Бірі – ағайын ел, бірі – жақын көрші. Біраз мәселеміз ортақ. Несін жасырайық, бұлар осылай оңай татуласа қалады дегенге көңіл сенбеген. Өзің суын ішетін құдыққа түкірме деген бар. Ал бұлар түкірмек түгілі, ортақ құдықтарына көп былғаныш нәрсені тастап та жіберген. Енді...
Екі министр мұнда арнайы жолығуға келген жоқ. Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымы дейтінге қатысушы елдердің сыртқы істер министрлерінің басқосуына келгенде кездескен. Сол жиынға келген журналистер де, сарапшылар да, жалпы жұрт сол жиналыстағы әңгімені емес, Ресей мен Түркия министрлерінің кездесуінде қандай әңгіме болатынын күткен. Әңгіме жабық болды, сөйтсе де онда не айтылғаны жасырын қалған жоқ. Оған қатысушы екі министр: Сергей Лавров пен Мәуліт Чауышоғлы неге келіскендерін жайып салды. Әсіресе, түрік министрі «өзінің қымбатты Сергей досымен» тіл табысқанын қуана хабарлады.
Бұлардың келісетін мәселесі көп еді. Оны президент Ердоған президент Путинге жолдаған кешірім сұраған хатында айтқан, екеулерінің телефон арқылы әңгімесінде де айтылған. Бұдан кейін Ресей президенті өз үкіметіне туризм саласындағы шектеуді алып тастауды тапсырған еді, арада екі-үш күн өткенде туризмге қатысты шекара ашыла бастады. Енді бұрынғысынша Ресейдегі түркиялық құрылысшыларға да жұмыс табылады. Олардың министрі қуанбағанда, кім қуанады?!
Түріктерге мұндай келісім керек еді. Соңғы кезде бұлар алыстау достарымен де, жақын көршілерімен де болмас нәрсеге дауласып, оқшау қалған. Мына заманда оқшау қалған жаман. Оны Анкара өз басынан кешіп, Мәскеудің аяғына жығылғандай болып, енді олармен арақатынасын түзегендей. Бұл да жақсы. Жасыратыны жоқ, түрік жағы кешірім сұрап, иілгенде, дәл бүгінгідей жылдам жараса қалады деп ойлағанымыз жоқ. Сірә, мұндай келісім екі жаққа да аса қажет болғанға ұқсайды. Екіншіден, Ердоғанның АҚШ-қа өкпесі қара қазандай болып өсіп кетті...
Қысқасы, Ердоған Путиннен кешірім сұрағанды жөн көрді. Бір Ресей емес, біраз жақын көршілерімен дүрдараз еді. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді. Онда күн көру де қиын. Соны Ердоған мықтап түсінгендей. Тек Мәскеумен ғана емес, Анкара келісімді басқаларға да ұсынғаны айқын болып отыр. Дәл осы кезде Израильмен де тіл табысты. Мұны біреулер кездейсоқ десе, екіншілері заңдылық дейді.
Бұл екі ел ғана емес-ау, басқа көршілермен де тіл табысу қажет. Кеше бұлар Мысырмен, Иракпен кетіскен. Еуропаның біршама елдерімен кетіскені өз алдына. Бәрімен де табысу керек. Ол оңай емес. Бұл жерде азын-аулақ саясат та керек болып тұр. Біраз мүдделі адамдар осы жерде Ердоғанды ақтап, кінәні бұрынғы ұзақ жылғы сыртқы істер министрі, кейін премьер-министр болған Ахмет Дәуітоғлыға аударғысы келеді. Бұл осынау парасатты қайраткерге обал. Ол қолынан келгенше басқалармен тіл табысқысы келген. Оны кінәлау басқалармен тіл табысуға мүмкіндік берсе, оған да баруға болатын шығар.
Екі елмен, нақтырақ айтқанда Ресей, Израильмен тіл табысу онша қиынға соқпады. Бұл жолда, яғни басқалармен тіл табысуда Анкараға табыс тілейміз.
Кэмеронның орнын кім басады?
Соңғы кезде Ұлыбритания әлемдік оқиғалардың ортасында. Кеше Еуроодақтан шығатын болып, әлемді дүрліктірсе, бүгін онда елдің үкіметін кім басқаратыны жөнінде күрес жүріп жатыр. Еуроодақпен келіспеген, одан іргесін бөлген елдің үкіметін кім басқаратыны да маңызды.
Ең алдымен бұған дейін әлемдік қайраткерлердің алдыңғы легінде жүретін, Ұлыбританиядай алып елдің лидері болған Дэвид Кэмеронның биліктен кету шешімінің өзі атап айтуға тұрарлық. Оның бұл қызметте қала беруіне де болар еді. Бірақ ел халқының басым көпшілігі өз пікірін қолдамағанын аңғарған соң, ол кетуді жөн санады. Көп адам мұндайға бара бермейді. Басқасын былай қойғанда, өз партиясы билікте. Ал партияда оның беделі жоғары.
Қалай дегенде де, Кэмерон кетуге шешім қабылдады. Дәстүр бойынша бұл шешім құрметтеледі. Демек, партия өзінің жаңа лидерін сайлауға тиіс. Елдің заңы бойынша, партия көсемі үкімет басшылығына тағайындалады. Сөйтіп, партия көсемі болу үшін күрес – үкімет басшылығы үшін күрес. Содан да бұл күреске консерваторлық партия мүшелері ғана емес, бүкіл британиялықтар көз тігеді. Жоғарыда айтқандай, Еуроодақтан кетісетін елдің басшысы кім болатынына әлем де назар аударады.
Бұл елде бұл күрестің де ерекшелігі бар. Көсемдікке әркім өзін ұсынады. Біраз адам белгілі болған соң, оларды парламенттегі партия фракциясы іріктейді. Араға бірнеше күн салып дауысқа салғанда, соңғы орындағы адам шығып қалып отырады. Сөйтіп, ақырында қалған екеудің бірі таңдалады. Бұл жолы күреске бес адам түскен: ішкі істер министрі Тереза Мей, бұрынғы қорғаныс министрі Лайам Фокс, еңбек министрі Стивен Крэбб, энергетика министрінің орынбасары Андреа Лидсом және әділет министрі Майкл Гоув.
Сейсенбі күнгі електе бір адам емес, бірден екі адам кетті. Соңғы орындағы Лайам Фокспен қоса, төртінші орынды иеленген еңбек министрі Крэбб күрестен шығатынын, сөйтіп, Тереза Мейді қолдайтынын мәлімдеді. Осы жолғы дауыс беруде 330 консерватордың 165-і Мейді қолдады. Екінші, үшінші орындағы Лидсом мен Гоув үшеуі келесі дауыс беруге қатысады.
Алғашқы күннен-ақ Тереза Мейдің таразысы басып тұр. Көпшіліктің оның жеңісіне күмәні жоқ. Бірақ рәсім атқарылуы керек. Бұл күреске сонау қыркүйекте нүкте қойылады. Дэвид Кэмерон сонда кетеді. Тек дауыс берушілер ғана емес, консерваторлардың жетекші қайраткерлері де ішкі істер министрі Мейді қолдайтынын білдірді. Еңбек министрі өз кандидатурасын Мейдің пайдасына алып тастаса, күреске тіке қатыспаған сыртқы істер министрі Филип Хэммонда оның атына жақсы сөздер айтты. Британиялық прагматизмді жүзеге асырады деп қолпаштады. Жұрт Тереза Мейді елді 11 жыл басқарған «темір леди» Маргарет Тэтчермен салыстырады.
Тэтчердей қайраткер келсе, Ұлыбританиядай елдің желі оңынан соғар. Оны көруге де көп қалған жоқ.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист