• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
12 Шілде, 2016

Бастама жақсы-ақ. Бірақ...

599 рет
көрсетілді

Біздің өңірде қазір жергілікті жердегі туризмді қолға алу мәселесі басты тақырыпқа айналды. Облыстық әкімдіктің отырыстарында, кеңейтілген мәжілістерде шенеуніктер бас ауыртар сұрақтарға жауап іздеп, туризм жайлы жиі сөз қозғайды. Соңғы апталарда облыс әкімі Болат Бақауовтың өзі де туризмді қалай дамыту керек деп тыным таппады. Қасына бір топ әкімдік адамдарын ертіп алып, алдымен Баянауылға барды. Өңірімізге келетін саяхатшылар, жергілікті жұрт Сабындыкөл, Торайғыр, Жасыбай көлдерінің жағалауында демалады. Жұрт­тың демалуынан бұрын, қазір та­биғатқа обал болып тұр. Көлдер әбден лайланған, су бетін балдыр басқан. Жағалаулары «жабайы» де­малыс орындарына айналып, түрлі тұрмыстық және шаруа­­шылық қоқыс қалдықтары ш­а­шы­луда. Әкім бұл жайды көріп, қатты сынға алды. Амал қан­ша, жылда осы. Саябақтың өкіл­дері, ауыл тұрғындары облыс әкіміне көлдердің түбін таза­лау­дың биологиялық жаңа тәсілін ұсынды. Яғни, көлге балықтар мен шаяндар жіберу керек екен. – Олай болса, көлді тез арада тазарту қажет! Торайғыр көліне туристерді көбірек тарту керек. Торайғыр ауылының кіреберісіндегі ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, билбордтар ілейік. Көлдің маңайындағы бос үйлерді тексеріп, рұқсат беру құжаттары дұрыс болмаса, оларды ұлттық саябақтың балансына аудару қажет. Туризмді дамытуда ұлттық дәстүрлерімізді ұмытпай, сая­хат­шыларға қымыз бен ат үстіндегі экскурсия­ларды ұсыныңыздар, – деді әкім қасындағы шенеуніктерге. Жасыбай көлінің жағалауындағы туристік ахуал Торайғыр көлінің жағасындағы жағдайдан нашар. Айналасы ластанған, шағын бизнес нысандары шашыраңқы орналасқан, заманауи инфрақұрылым дегеніңіз жоқ. – Арнайы жұмыс тобын құрып, демалыс аймағындағы сауда орындарының жалгерлеріне, медициналық тексеріске қойылатын талаптарды күшейтіңіздер. Жергілікті полицияның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жұмысы дұрыс жолға қойыл­сын, – деді осы жағдайға орай облыс әкімі. Көлді тазалау да оңай шаруа емес, мысалы, облыстық жер қойнауын бақылау басқармасының хабарынша, Баянауылдағы Сабындыкөлдің түбін тазалауға республикалық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген екен. Олай болса, Жасыбай, Біржан, Торайғыр көлдерінің түбін тазалау үшін де осыншама қыруар қаражат қажет. Әкім Баянауылдан келе сала, өңірдегі туризмді дамыту мәселесі бойынша басқарма басшысы Ардақ Досановтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма алдағы жылдарға Маралды, Тұзқала және Қызылтұз тұзды көлдерін «Емдеу- сауық­тыру туризмінің» нысандары ретінде дамытуды жоспарлапты. Ал, «Ертіс орманы» резерваты экологиялық және діни туризм нысандарымен, жолақты қарағайлы орман белдеулерімен, Шарбақты ауданында тұрғызылған «Ғабдыл Уахит Хазірет» кесенесімен белгілі. Баянауылдағы туризмді дамыту басқармасының алдағы жоспар-жобаларынан ерекше орын алады. Б.Бақауов Баянауыл туристік аймағы «Астана-ЭКСПО-2017» компаниясының талаптарына дайын болсын деді. Ол үшін үш тілдегі ақпараттық тақтайшаларды, әжетханаларды орнату, көрініс алаңдарын құру, жол бойындағы демалыс орындарын қалыпқа келтіру, аудан мұражайларында аудио гидтердің жұмысын жолға қою, демалыс орындарында туристерге ақпараттық буклеттер тарату қажет. Қалалар мен аудандардың туристік паспорттарын әзірлеу, жаяу, ат үстіндегі, вело және автокөлік мар­шрут­тарын әзірлеу, Ертіс өзенінің жағасында аква-саябақ құру жұмыс­тарын аяқтауды тапсырды. Бұдан кейінгі, облыс әкімі Б.Бақауовтың «Өңірдегі туризмді дамыту» сапары Лебяжі ауданындағы «Тұз қала» демалыс аймағында жалғасты. Тіпті, бұл жобаға қолдау көрсетуге уәде де берді. Демалыс аймағына электр желісін тарту қажет. Болат Бақауов бизнес өкілдерінен демалыс аймағының жобасын қайта қарауды сұрап, инженерлік инфрақұрылымды тартуға қажетті қаражат мәселесін қараймыз деді. Кәсіп­кер­дің 2008 жылы «Тұз қала» демалыс орнын ашпай тұрып, инфрақұрылым жүргізіп, электр желілерін тартып барып, іске кірісуі керек еді. Баянауылдағы жағдай да дәл осылай инфра­құрылымдар жасалмаған, кәріз жүйелері жоқ, кәдуілгі дәретханалары жоқ, ал, бірақ демалыс орын­дары қаптап тұр. Шетелдіктер керісінше жасай­ды ғой. Бір үйренбей-ақ қойдық. Баянауылдың демалыс аймағын дамытудың бас жоспары 2005 жылдары жасалған-ды. Тіпті, туризмді дамытуға қаржы салып, кәсіп табамын деген инвесторларға конкурстық негізбен жер телімдері де бөлініп берілген-ді. Торайғыр көлінің жағасына жақын орналасқан мал бағатын шаруа қожалықтарынан жерді алу керектігі де осы басқосуда айтылды. Бірақ, өзгерген ештеңе де жоқ. Көл маңайына құрылыс салуды тоқтату керек. Қоқыс тастайтын жәшіктер жетіспейді. Демалушыларға жағдай жасалмаған. Көл жағалауында өскен шөптер де шабылмайды. Судан құтқарушылардың қызметі бақыланбайды. Жасыбай көлінің демалыс аймағы ретсіз, қалай болса солай пайдаланылуда. Баянауылға барар жолдың туристік маршруттарының жобасының өзі де кеш жасалды. Баянауылда «Экологиялық-этнографиялық туризмді дамытамыз» деп шулағалы үш-төрт жыл өтті. Сөйтсек, аздап қателесіп кетіппіз. Өйткені, айрықша қорғалатын рекреациялық аймақ болуына байланысты экология мәселесіне келгенде қатты ойлануымыз керек екен. Баянауылдың атам заманғы табиғи балансын бұзбау керек. Қайран, сұлу табиғат жыл сайын жазғы мезгілде демалушылардың аяқтарының астында тапталып қалып барады. Туризмді дамытамыз деп жүргенде табиғатқа өзіміз зиян жасап жүрмейік. Сондықтан, Баянауылдың табиғатын қорғау мәселесі қазір туризміңді дамытудан да басым мәселеге айналып отыр. Үшіншіден, баянауылдықтардың туризмді дамыту дегеннен гөрі тарихи маңызы бар, табиғаты көз сүріндірер жерімізді, көлдерімізді сақтап қалуымыз керек деген шынайы патриоттық сезімдеріне сүйсінесің. Қызылтау мен Желтауды мекендейтін топ-топ арқарларды, тау-тастарды, тарихи үңгірлерді сақтап, табиғатты қызғыштай қорғайды. Бұл күндері демалыс аймағынан жерді жалға алып, өз кәсібін жасаушылар табиғатқа зиян келтіруде. Көл жағасында 30-ға жуық жекеменшік демалыс үйлері бар. Санитарлық қадаға­лау болмаған соң, демалыс үйлерінен, кафелер мен мейрамханалардан шығатын қалдық судың барлығы көлге құйылады. Келесі мәселе ол өмірі жыры бітпейтін – жол. Туристерге жоғары деңгейлі қызмет көрсету жолдан, көлік­тік инфрақұрылымнан басталады. Облыс орта­лығынан Баянауылға жету үшін Альпінің шыңына шығатындай қиналасың. Былтыр қара тасқын жүріп бәленбай миллионға жөндеген жолдың тасын шайды да кетті. Баянауыл – Біржанкөл – Мәшһүр Жүсіп кесенесі бағытындағы, Жасыбай көліне Торайғыр ауылы арқылы келетін жолдар іске қосылса, ауыл халқына да жақсы болар еді. Ішкі туризмді дамыту жоспары жыл бойына жұмыс жасай алатын туристік желілерден құралады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл аталғандарды іске асыруға ұлттық парктің немесе ауданның шамасы жетпейді. Негізі, Баянауылдағы туризмді дамыту үшін 2005 жылдан бастап талай кешенді жоспарлар жасалды. Ұлттық парк аймағындағы туризмді дамыту мәселесі қаржыға кеп тірелген уақытта жанталасып инвесторлар көмегі ауадай қажет деп зар қағамыз. Өз жерімізді өзіміз көріктендіруге, асыл құнды табиғатты қорғауға, сақтауға ниет пен пейіл жоғалғандай. Аумағы 70 мың гектар жерді алып жатқан Ұлттық парк 1985 жылы құрылған. Экотуризмнің талабы бойынша, мемлекеттік ұлттық парк қызмет­шілері жергілікті тұрғындар мен қоғамдас­тықтардың жетекшілерімен, сондай-ақ, туристік индустрияның түрлі өкілдерімен, оның ішінде туроператорлар әрі турагенттіктермен тығыз байланыста жұмыс істеуге қабілетті болуы керек. Жыл сайын жазғы уақытта 100-150 мың адам келіп-кететін Баянауылдың туристік әлеуеті, мүмкіндігі жетеді. Тек соның қажеттісін пайдалана алмай отырмыз. Ішкі туризмге мән берілмегендіктен бәріміз жан-жаққа, шетелдік демалыс орындарына жүгіреміз. Мысалы, облыстық туризм басқармасының мәліметінше, қазір өңірде 91 туристік ұйым жұмыс жасайды екен. Оның 10-ы ғана ішкі туризмге арналыпты. Жасыбай жағасында 10 демалыс орны халықаралық талаптарға сай, тағы да 2 демалыс үйінің құрылысы жүргізілуде деп жауап берді. Айтпақшы, Баянауыл да ЭКСПО-2017-ге дайындалуда. Халықаралық көрмеге келетін шетелдік туристер саны көбейері анық. Отандық туризмнің жолын ашуға тамаша мүмкіндік. Жалпы, Баянауылға біз өзіміз барып демалған Қарқаралы, Ыстықкөл курорттарынан жақсы үлгі алуға болар. Жергілікті туристік операторлар интернетте Қарқаралы курорты, табиғи жерлерін насихаттайды. Киіз үйді жалдап тұруға 2 мың теңге төлейсің, қонақ үй – бір тәулікке 2500 теңге. Гид маманның қызметі бар. Дастарқан толы ұлттық тағамдарды жергілікті тұрғындар әзірлейді. Баянауылда демалыс аймағына жақын орналасқан «Қоңыр әулие» үңгірі, «Кемпіртас», «Найзатас», «Торайғыр» көлі, «Қызылтау» қорығы, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау кесенелері, Біржанкөл секілді шежірелі орындары бар. Әулиебұлақтың суынан ұрттаған адам бойындағы аурудан сауығып кетеді деседі. Бұлақ суының құрамында қажетті мөлшердегі иод, фтор, натрий бар көрінеді. Кезінде Баянауылда шағын әуежай да болды. Әрине, біз мақала жазу барысында бәрі жаман деп бүкіл Баянауылдың туризмін түкке тұрғысыз етіп тастағымыз келіп отырған жоқ. Керісінше, кемшіліктер жақсы істермен жалғасып, жарасым тапсын деп отырмыз. Бұл күндері алысқа сапар шеккенше, Баянауылдың әсем табиғаты аясында демалғанды әдетке айналдырған павлодарлықтар да аз емес. Жаз басталысымен-ақ бүкіл қала халқы бала-шағасын алып, Жасыбай көлінің жағасына көшіп барғандай әсер қалдырады. Бір кішкене бүлдіршін қайда тұрасың деген сұраққа: «қыста Павлодарда, жазда Жасыбайда тұрамыз», деп жауап берсе керек. Бұл да жергілікті халықтың туризмге қызығып, демалуға қарай өте белсенді түрде бет бұрғанын көрсетеді. Ал, табыс көзі саналатын туризм, туризм кластері жайлы жоба-жоспарларға қарап, тарихи, экологиялық, спорт­тық және экстремалды туризмнің бірнеше түрін саналы түрде дамытуға мүмкіндік те бар. Бұл үшін тәртіп пен талап керек. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Баянауыл ауданы