• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Ғылым мен дін: ақиқат жолын бірігіп іздеу қажет

704 рет
көрсетілді

«ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буындағы технологиялар жасап жатыр, адамзат өзі дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамы­рына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр», деді Елбасы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде. Расында да өз дамуында қиял-ғажайып жетістіктерге қол жеткізген адамзат қауымы сол жетістіктерді пайдалану мәселесінде қандай қатерлерге ұрынып отыр? Оның осындай жетістіктерге жетуіне жол ашқан ғылым саласының өзі қайда бара жатыр? Елбасы аталған манифесте «БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланыла алатын ғылыми жаңалықтардың тіркеу реестрін құрған абзал», деп айтып кеткеніндей, ғылыми жаңалықтардың жекелеген түрлеріне бақылау орнату қажет пе? Міне, осы сұрақтар төңірегінде Ұлттық ғылым академиясының академигі Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВТІ әңгімеге тарттық. – Құрметті Зайролла Дүйсенбекұлы, сіз­дің ғылым саласымен шұ­­­ғыл­данып келе жат­қа­ныңызға жарты ға­сырдай уақыт бол­ған екен. Осы уақыт ара­­­лығында әлем­дік ғылымның қол жет­кіз­ген жетістіктері оның бұрынғы бейкү­нә қа­лыптан шығып, ендігі уа­қытта адамзат өміріне қауіп төндіре алатындай ядролық қаруларды туындатуға дейінгі шек­­ке жеткендігін көр­сететіндей. Сіз мі­не, осындай жетістіктерімен ғылым қайда барады деген сұраққа қалайша жауап берген болар едіңіз? – Кезінде бұл сұраққа ғылым адамзатты прогреске апарады деп бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болар еді. Ал қазіргі шақта ойланып сөйлеуге тура келеді. Өйткені, ХІХ ғасырда ғылыми зерт­­теулер мен жаңалықтардың жекеле­ген нәтижелері адамзат өміріне қауіп төндіре алатындай шекке дейін жете алады деген қауіп болмаған еді. Соңғы елу жыл­да ашылған ғылыми жаңалықтар бұл түсінікке елеулі өзгерістер енгізсе, соңғы 10-15 жылда әлемдік ғылымның қарыштап алға басуы және содан пайда болған зерттеулер нәтижесі адамзат қауіпсіздігі мәселесінің барынша күр­делене түскендігін көрсетіп берді. Әрине, ғылым бейбіт мақсаттарға қыз­мет етуі тиіс. Бірақ осылай дегені­мізбен ғылым жаңалықтары шексіз баю мен үстемдікке ие болуды ғана көксейтін же­келеген топтар мен компаниялар­дың, кек қайтаруда жазықты мен жазық­сыз­ды талғап жатпай кез келген қатерге бас тігуге дайын тұрған терроршылар­дың мүд­­десіне қызмет етуі мүмкін екен­дігін түсінетін кез де жетті. Бұл жерде басты мәселе ғылымның өзінде емес, оның жетістіктерінің қандай мақсат­тарға пайдаланылатындығында болып отыр. Рас, ғылымның күшімен адамзат өзін табиғат әміршісі сезініп, оны өз­гер­туге кірісті. Осыған орай ғылымды ком­мерцияландыру мәселесі белең алған қазіргі тұста нақты нәти­жесі қалай болып шығатындығы белгісіз эксперименттер жасауға ойланбастан баратын ғалымдардың болуы мүмкін екендігін де ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі күні ғылымның алды­нан өткен кезеңдердің ең батыл деген фан­­­таст жазушыларының өзі бара ал­ма­ған қиял-ғажайып деңгейдегі жаңа мүмкіндіктердің беті ашылуда. Материя мен энергия және құбылыстардың құ­пиясын меңгеріп, олардың терең құ­рылымдарын анықтау, вакуум мен фи­зи­калық өріс туралы жаңа тү­сінік­терге қол жеткізу, қуаттардың жа­ңа түрлеріне иелік ету, жаңа лазерлік тех­нологиялардың жоғары өткізгіштік тиімділігін пайдалану, ғарыштық жер маңайы кеңістігін игеру, ДНК ма­ғы­насын ашу, тірі клеткадағы гендік тетіктердің құпиясына қанығу, ком­пьютерлік жүйені дамытып, бүкіл әлемге ортақ интернет желісін құру – міне, бұлардың барлығы нақты өмір шындығына айналып келе жатқан ғылым жаңалықтары болып табылады. Өкінішке қарай, адамзат қауымы ғылым саласында осындай зор жетіс­тіктерге қол жеткізе отырып, ал ғы­лым­ның өзі болса, жаңа жаңалықтар ашу бағытында артқа бұрылып қарауға мұрша бермейтіндей қатаң бәсекеге кірісе отырып, адамзаттың өзін-өзі сақ­тап қалу мәселесін естен шығарып ал­­ғандай. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының Брукхейвендік ұлттық зертханасында кварк-глюондық плазмаларды алу жөнінде эксперименттер жасалынды. Бұл не деген сөз? Көптеген ірі ғалымдардың пікірі бойынша, біздің әлеміміз «Үлкен жарылыс» нәтижесінде пайда болды деп есептелінеді. Міне, осы «Үлкен жарылыс­тан» кейінгі алғашқы қас-қағым сәт кварк-глюондық плазмалардан тұрды деген болжамдар бар. Жаңағы зерт­ханадағы экспери­менттер әлем алғаш пай­да болған осы қас-қағым сәттің күйін зерт­теуге бағыттал­ған. Қа­­зіргі күні көптеген ға­лымдар мұндай экс­пе­рименттердің нәтижесі ба­қылауға көн­дікпейтін тізбекті реакцияны туындатуы мүмкін деген қауіп білдіріп отыр. Демек, Елбасымыздың Вашинг­тонда өткен антиядролық кезекті саммит кезінде адамзатты осындай жағ­дай­лардан, әсіресе, қатерлі қаруларды жасауға мүмкіндік беретін зерттеу нәтижелері мен технология­лардан сақ­тандырып, өз манифесін жарияла­уы және онда БҰҰ аясында жаппай қы­рып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланылатын ғылыми жа­ңа­лық­тардың тіркеу реестрін құру жөнінде ұсыныс тастауы әбден орынды мәселе. – Сіз ғылымның еркіндігі, оның белгілі бір сенімнен, мәселен, діннен тыс тұ­руы туралы қағидатқа қалай қа­­райсыз? – Бұл осы уақытқа дейінгі ғылым дамуының басты қағидаттарының бірі болып келді және алдағы уақытта да солай бола беретіндігі айқын. Бірақ бұл қағидат алғаш пайда болған кезде ғылымның өзі балаң жағдайда болды. Оның дамуына еркіндік қажет бол­ды. Мәселен, осыдан 400 жылдай уақыт бұрын Галилей Күннің Жер­­ді айналмайтынын, керісінше Жердің Күнді айналатынын ашқан кезде католиктік шіркеу оған осы көзқарасы үшін үлкен айып тағып, 1633 жылы оны инквизициялық сот пәрменімен соттап, оның бостандығына шектеу қойған болатын. Ал мұның алдында, яғни 1600 жылы католик шіркеуі көзқарасымен келіспей Коперниктің көзқарасын жақ­тағаны үшін шіркеу қызметкері Джордано Бруноны отқа жаққан еді. Міне, осы тұста ғылымның діннен және қоғамның қалыптасқан қағидаттарынан ада тұруы және өз қызметінде еркін болуы басты қажеттіліктердің бірі болды. Осы еркіндіктің нәтижесінде ғы­лым керемет дамыды. Ол адамзат тағ­дырын өзгертуші басты күштердің біріне айналды. Демек, қазіргі уақытта ғылымның шек­сіз еркіндігінің өзі ойландыратын мәселе. Менің ойымша, қазіргі уақытта ғы­лым мен дін өзара түсіністікке келуге және адамзаттың ғылыми-техникалық про­грестің қарыштай дамуынан пайда болған жаңа қатерлерді еңсеру бағытында кейбір мәселелерде бірлесе қызмет етуі қажет деп есептеймін. – Ондай мүмкіндікті дін өкілдері ғылымға ұсынып отырған секілді? Мә­селен, католик шіркеуінің басын­да ұзақ жылдар қызмет еткен, Қа­зақстанға да келіп қайтқан Рим па­пасы Иоанн Павел ІІ 1998 жылы католик діні мен ғылым өкіл­де­рі­не арнап энциклика (маңызы жа­ғы­­нан апостольдік конституция­дан кейінгі екінші құжат) жариялап, онда шіркеудің осы уақытқа дейінгі ғылымға қатысты жасаған қателіктерін мойындайтындығын, Галилео Галилейге кезінде тағыл­ған айып шіркеу тарапынан алын­ған­дығын айтып, ғылым өкілдерін адамзат болашағы жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырған екен. Бірақ Рим папасының бұл энцикликасы­на ғылыми қауымдастықтың ұйым­­даса қайтарған жауабы әзірге белгісіз. Міне, осы ретте ғылым мен дін өкіл­де­рінің алдағы уақытта адамзат қауіп­сіздігі жолында бірлесе қыз­мет етуінің мүмкіндіктерін қалай баға­лайсыз? – Папа энцикликасына ғылыми қа­уымдастық тарапынан ұйымдасқан жауаптың болмауының бір себебі ғылым дамуының осы уақытқа дейін басты қағидаттарының бірі болып келе жатқан, жоғарыда өзіміз сөз қозғап өткен ғылыми ізденістердегі еркіндік мәселесіне байланысты болар деп есептеймін. Иоанн Павел ІІ өзінің энцикликасын «Сенім және сана» деп атаған екен. Бұл жерде сенімнің бірінші тұруы түсінікті. Өйткені, сенім болмай дін де болмайды. Кез келген дін адамды белгілі бір сенімге уағыздайды. Осы жағдайға орай ресейлік атақты физик ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Виталий Гинзбургтің Рим папасының энцикликасына қайтарған жауабын оқығаным бар. Онда ғалым шынайы жетістіктерге қол жеткізу үшін ғылымның діннен тыс тұруы керектігін айтады. Өзінің атеистік бағыт ұстап келгендігін баяндайды. Жауабының соңында ол былай дейді: «Иоанн Павел ІІ өз энцикликасында сенім мен сананы құстың қос қанатына теңеген екен. Осы қос қанатқа сүйене отырып, рух ақиқатты айқындау биігіне көтеріле алады деп есептейді. Ал ғылым, әсіресе, атеист үшін мұндай метафора дұрыс болып табылмайды. Өйткені, қос қанаттың бірі ретінде бағаланған жол – Құдайға деген сенім жолымен санадағы шындықты, яғни ақиқатты айқындау ғылыми көзқарас бойынша мүмкін емес. Дегенмен, прогрестің символы ретінде биіктерге шарлап ұша алатын құстың тамаша бейнесін пайдалану жөнінде ұйғарымға келетін болсақ, онда бірінші кезекке сананы шығаруымызға, яғни «сана және ерік-жігер» формуласын қолдануымызға тура келеді. Міне, осы формула ғана адамзат өркениеті мен мәдениетін үлкен биіктерге көтере алады. Бұл жерде сананың алып отырған рөлі түсінікті. Бірақ оның бір өзі ғана адамзат қоғамының қазіргі дұрыс жолдан тайқып кетуіне, мәселен, тоталитаризм құшағына қайта барып құлауына бөгет жасай алмайды. Сол үшін сана (ғылым) жемістерін қорғай алатындай күшті жігер, демократия, еркіндік пен прогресс қажет деп есептеймін», дейді. Мен Виталий Гинзбургтің бұл айт­қаны қаншалық шындық екендігіне төрелік жасай алмаймын. Бірақ мұны Рим папасының дін мен ғылымның бірлесе отырып адамзаттың бола­ша­ғына қызмет етуі жөніндегі ұсыны­сына үлкен ғалымдардың бірінің беріп отырған қағидатты жауабы ретінде қабылдауға болады. Осы ретте еске сала кететін тағы бір жағдай, Гинзбургтің 90-нан асып, 100-ге таяп барып қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ. Қайтыс боларының алдында ол кісі қатты ауыр­ған екен. Сол кезде «Жаным қиналған осынау сәттерде Құдайдан медет сұрар едім. Бірақ олай істей алмаймын. Өйткені, мен атеист болдым ғой», деп сәл өкініш танытқандығы жазылды. Оның үстіне, данышпан Абай атамыз «Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Сондықтан сенім мен ғылым, дін мен ғылым қарым-қатынасы секілді аса күрделі мәселеде толыққанды жауап бе­ру ешкімге жеңіл емес. Бұл мәселеде ешкім де ақиқатты білдіремін деп тап басып айта алмас. Оның үстінде өз дамуының бастапқы кезеңінде аб­солюттік шындыққа қол жеткізу мақ­сатын алға қойған ғылымның өзі уақыт өте келе бұл мақсатынан бас тар­тып, салыстырмалы шындықты айқындау мәселесімен ғана шектелуге көшті. Бірақ қазіргі заман өзгерістерінің жеделдігі, жаңа технологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы сондай, алдағы уақытта біз өзіміз тудырған прогрестің тұтқынында қалып кетпеу мәселесін адамзаттың барлық озық ойлы өкілдерін, соның ішінде, ғылым мен дін өкілдерін қатыстыра отырып дұрыстап ойластырып, екшеп алуымыз қажет секілді. Қазіргі заман ғалымдардан ғылыми жаңалықтарды ашу барысында адам­затқа деген адалдықты күтеді. Міне, осы тұрғыда дін өкілдерімен бірлесіп қимылдайтын жағдайлар бар секілді. Сондықтан мен біздің елімізде өтетін діндер өкілдерінің дүниежүзілік съезіне ірі ғалымдарды шақыра отырып, дін мен ғылым қарым-қатынасындағы іргетастық мәселелер жөнінде қайтадан бір үлкен ой қозғаса, өте орынды болар еді деп есептеймін. Бұл Елбасы манифесінің жалпы адамзат қауымының алдындағы маңыздылығын арттыра отырып, онда айтылған бастамалар мен идеяларды, ұсыныстарды қолдаушылар қатарының көбеюіне себеп болар еді. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» Астана
Соңғы жаңалықтар