• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Ел деп елеңдейміз

293 рет
көрсетілді

– дейді Қытайдан сапарлап келген қандасымыз, қолөнер шебері Жанар Ешімханқызы Кез келген пенденің кеудесі қазынаның қоймасы секілді. Олардың ішінде арманы алтын, мақсаты маржан жандар да жоқ емес. Ондай жандардың өмірге деген көзқарасы, ойлау бағыты да бөлек. Зердесі де зерек. Сен ойлап, жоспарлап жүрген істі олар жасап қойған болуы мүмкін, ал сен істеп жүргеннің олар жемісін жеп отырған болуы да ықтимал. Міне, қиял көкжиегінің кеңдігі де осы шығар. Қазіргі адамдардың қиялы тар, ойлау шекарасы шектеулі деп сөгіп жүргендерді көп кездестіреміз. Олардың осындай болуы интернеттің зияны деп дамыған дәуірге дау айтып жатқандар да жетерлік. Әрине, әрбір нәрсенің ағы мен қарасы, пайдасы мен зияны қатар жүретіні белгілі ғой. Ал оны қай жағына қарай пайдаланатыны ол адамның ақыл-санасына байланысты болар. Өзінің атамекенге деген адалдығын, салтқа деген сақтығын, жұртқа деген жанашырлығын осы ғаламтор арқылы білдіріп жүрген жандардың бірі Жанар Ешімханқызы. Атажұртқа атбасын бұрып, аз күн аялдайды деп естіген соң, әңгімеге тартқан болатынбыз. – Жанар, әуелі Қазақстан дейтін қарашаңыраққа қош келдіңіз дейміз. Қалың оқырманға өзіңіз жайлы айтып берсеңіз? – Рахмет. Отан деген сөз ойланған адам үшін от беретін ошағы ғой. Оны қадірлеу, сүю пенденің пешенесіне жазылған бұйрық іспетті. Мен 1979 жылы ҚХР-дың Қарамай қаласында дүниеге келдім. «Майтау» мұнай оқу орнында программистке оқыдым және «Күйтің» университетінде аудармашы мамандығын тәмамдадым. – Енді өзіңіздің ғаламтор арқылы жасап жатқан жұмысыңызға тоқта­лып өтсеңіз? Бұл жұмысты қашан бас­тадыңыз? – Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрге берік, дастарқаны бай халық. Осы құнды­лықтарды құлдыратпай, кері­сінше, әрі қарай дамытып, жаңғырту үшін 2016 жылдың 18 наурызынан бастап қазақтың ұлтжанды 13 қызы бірігіп Wechat әлеуметтік желісінде «Жанар сырғалым» атты топ құрып, қазақ қыздары мен әйелдеріне арнап әртүрлі ұлттардың тағамдарын, дәлірек айтсақ, сусынды, күлшені, қуырып дайындайтын тағамдарды, балмұздақты қалай әзірлеу керектігін сурет және бейнежазба арқылы көрсетіп, үйрете бастадық. Бір топқа 100 адамнан жинап, осы 13 қыздың ішінен ұстаз тағайындап, ол тіркелген адамдарға сабақ ретінде жұмысын жүргізеді. Қазірге дейін тағам жасауды үйрететін топтарымыздың саны 30-дан асты. Оған тіркелген 3000-нан астам қыз-келіншек аспаздықты тегін үйренуде. Топқа мүше болған арулар үйренген тамақтарын өздері дайындап көріп, ұстаздарына сурет арқылы жіберіп, бағасын алуда. Қазақтың қыздарының қолынан бәрі келеді. Олардың білетінін жетілдіріп, білмейтінін үйретуге жарасақ, біздің топтың негізгі міндеті орындалды дер едім. – Топтың ішінде тамақ дайындаудан бөлек тағы қандай бөлімдер бар? – Иә, өте орынды сұрақ. Біз тек бір бөліммен шектеліп қалған жоқпыз. Бірнеше топтар бар. Соларға тоқталып өтсем, «Қазақы салт» деген тобымыз да өзінше өзекті деп ойлаймын. Онда ел арасында жойылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізден сабақ өтеді. Топ құрамындағылар өздерінің білмегенін біліп, білгенін толықтыра түседі. Мен өзімнің ұзату тойымда сыңсу айтпағанмын. Осы жай да бұл топты ашуыма тікелей түрткі болды. Бұл, бәлкім, салтыма деген салғырттықтың сипаты шығар. Енді менің осы қателігімді ізімнен ерген сіңлілерім қайталамай, біздің топ арқылы салт-дәстүрді санасына сіңіріп алса, жетістіктің шыңы сол болар еді. «Қазақ емшілігі» деген тобымыз ар­қылы ата-бабамыздан келе жатқан емшілік дәстүрді дәріптеудеміз. Бүгінгі таңда көп адамдар укол, дәрі қолдануға қорқады. Бұл жағынан келгенде, біздің топқа тіркелген, дертіне шипа іздеген адамдар сырқатын айтып сыр ақтарып, ауруына көмек, кеңес сұрап хат жазады. Ал оған үлкендер немесе табиғи ем жолын білетін адамдар ақылын айтып, жол көрсетеді. Екі шөпті қайнатып, ебін де, емін де табуға болатынын біздің қазақ баяғыда білген ғой. Ал «Балауса бала тілі» деген бөлім кішкентай бүлдіршіндерге арналған. Ол жерде олар өздерінің жаттаған өлеңдерін бейнежазба арқылы жолдап, бір-бірімен танысып, жаңа достар тауып жатады. Мысалы, Қытайда тұратын қазақтар шетел азаматы есебінде ғой. Олардың басшысы да басқа, өмір сүру ортасы да өзгеше. Бұл топтың бір міндеті сол жақта тұрып жатқан қазақ балаларын өзінің ана тілін ұмытпауға, салтын сақтауға, тарихын тануға талпындыру, үйрету болып табылады. Бұлардан бөлек психологиялық, отбасылық топтар бар. Ол жерде арнайы мамандар қызмет атқаруда. Олардың негізгі міндеті – қыздардың жүрегінде жүрген сауалдарға жауап беру, психологиялық күйзеліске ұшыраған жандарға дәріс оқу, отбасылық кикілжіңдерді болдырмаудың жолын іздеу, отбасындағы әйел мен ердің қарым-қатынасын түсіндіру, олардың орнын анықтау. Санада сабылысқан сан түрлі сұрақтар адамның жүйке жүйесін жұқартатыны ақиқат. Сол себепті осы топқа тіркелген әрбір адам өзін мазалап жүрген маңызды мәселелердің шешімін таба алады. Көкейінде жүрген сұрақтың жауабын табу арқылы жеңілдеп қалады. – Топтың атын «Жанар сырғалым» деп атауыңыздың сыры неде? – Жоғарыда атап өткенімдей, біздің топтың құрылғанына көп болған жоқ. Оның атауына келетін болсам, «Жанар»  өзімнің атым. Сол топтың құрушысы әрі бастамашысы болғасын солай атадым. Ал «сырғалым» деген сөз аруларға қаратылып айтылатыны белгілі ғой. Осы топты құруға, жұмысын жетілдіруге өзімнің сіңлілерім септесіп серіктес болғасын осылай атауды жөн санадым. Мен бұдан бөлек, ою-өрнектермен безендірілген киім-кешек, алқа-моншақ дайындаумен айналысам. Соған байланысты «Janar sirgalim» деген марка да дүниеге келген болатын. Ұлттық киімді ұлық­тау мақсатында бір күнді «Ұлттық киім кию күні» немесе «Тақия кию күні» деп белгілесек деген өзімнің ойым бар. Мейлі ол Қытайда болсын, мейлі Қазақстанда болсын, әйтеуір дәстүрге енсе ғанибет болар еді. Тақияны қадірлеуге қатысты ағалардан көп өкпе естіп жатам. Олар айтады: «Тойда аталар, ағалар бата жасайды. Оларға сыйлап тақия кигізеді. Бірақ тойдың соңында сол сыйланған тақиялар әр бұрышта шашылып жатады. Бұл бас киімге деген құрметсіздік қой», дейді. Сол себепті осы үрдісті енгізе алсақ, ұлттық киімге деген ұғым өзгеріп, оны қадірлейтіндердің қарасы көбейе түсері сөзсіз. Сонымен қатар, мен өз қолыммен өрнектеп жасаған оюлы шапанды Қытай елінің басшысына сыйға тарттым, ол кісінің қолына тиді деген жақсы хабар келді. Осыдан кейін алтынмен аптамасам да күміспен күптеп, әсем оюлармен әспеттеп әзірлеген шапаным Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да иығында жүрсе екен деген ниетпен ол кісіге де тарту-таралғы әкелдім. Өмірде екі арманым болса, соның бірі – Нұрсұлтан Әбішұлымен екі минут болса да дидарласу. Ол кісіге деген сый-сияпатымды өз қолыммен табыстау. – Сіз осы кәсібіңізді бастаған кезде Қытай билігінің тарапынан қандай да бір талап қойылды ма? Немесе шектеу болды ма? – Шектеу жоқ. Бірақ талаптар қойылды. Діни уағыз таратпа, ұлттар ынтымағына кері әсерін тигізетін әрекет жасама деген шарттар болды. Ол да орынды деп ойлаймын. Менің тобыма тіркелген адамдардың көбісі қарапайым қатардағы шаруа адамдары. Олардың ондай арам пиғылдары жоқ. Ниеттері таза. Тек қана бірдеңе үйренсем деп, бірдеңе білсем деп талпынады. Әңгімелескен Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»