• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Ресейдің «қазақ қыздары»

475 рет
көрсетілді

  Биылғы жылдың тамыз айында Ресейдің Отан соғысы жылдары қанды майдан өткен Новосокольники қаласына 115 жыл толмақ. Міне, осы батыр қаланың айтулы мерекесіне Қазақстаннан М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының кафе­дра доценті, техника ғылымдарының кандидаты Кеңес Жүсіпов құр­метті қонақ ретінде шақырылып отыр. Көзіқарақты оқырманда «Ресейдің түкпіріндегі қаламен Қазақстандағы жоғары оқу орнының оқытушысының қатысы қанша? Неге тек Кеңес Жүсіповті шақырып отыр?» деген сауалдың туындауы заңды да. Әңгімені әріден бастайық. ...1943 жылдың мамыр айында Мәс­кеудегі әйелдер мергендер мектебін үз­дік бітірген Әлияны әкімшілік әдіскер-нұсқаушы етіп қалдыруға ұйғарады. Алай­да, өжет қыз майданның алғы шебіне сұра­нуын қоймай, 1943 жылдың тамыз айынан 2-ші Прибалтика майданында 54-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, мергендігімен көзге түседі. 1944 жылдың 14 қаңтарында Ново­со­кольники маңындағы Насва теміржол стансасы үшін болған ұрыста қазақтың қаршадай қызы жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза табады. Ол кезде батыр қыз 19-ға да толмаған өрімдей жас еді. Кеңес Одағы тұсында балаларды жас­тайынан патриоттық рухта тәрбиелеу үшін мектепте октябрят, пионер, комсомол ұйым­дары құрылып, ол жемісті жұмыс жасағаны белгілі. Әрине, бұл ұйымдардың жақсы жұмыс жасауы әр мектепте әр­түрлі жағдайда өтті. Мәселен, Кентау қаласындағы №2 мек­теп-интернаттың 5-ші сынып оқушылары – Әлия атындағы отряд мүшелері өздері есімін иеленген батыр апаларына қандай да бір құрмет көрсетуді алдарына мақсат етіп қояды. Тәрбиешілері майдангер ұстаз Әбден Тұржановтың бастамасымен Әлия апаларын есте қалдырып, артында іздеп, сұрайтын елі, жұрты бар екенін білдіру мақсатында жерлестерінің атынан батыр қызымыз жатқан қалаға сыйлық жасауды ұйғарады. Сөйтіп, 1973 жылдың көктемінде отряд мүшелері 20 тонна қара металл, 3 тонна түсті металл жинап, Кентаудағы экс­каватор зауытына тапсырады. Одан зауыт жұмысшылары су жаңа №2639-шы экскаватор жасап, оған Әлия есімін жазады. Осылайша Әбден ағалары 1973 жылдың маусым айында өзімен бірге алты оқушыны ертіп, қазақтың батыр қызы ерлікпен қаза болған Псков облысының Новосокольники ауданының еңбеккерлеріне экскаваторды сыйға тартуға алыс сапарға шығады. Сол оқушы балалардың ішінде бүгінгі біздің кейіпкеріміз Кеңес те бар еді. Ал сапарды ұйымдастырушы Әбден ағаның өзі де Ұлы Отан соғысының ардагері, 1-ші При­балтика майданындағы №314-ші дивизия құрамында шайқасқан, сұра­пыл соғыстың отты жылдарын Әлия Молда­ғұлова қан төккен Псков облысында өт­кер­ген, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегері атанған майдангер ұстаз болатын. Сыйға тартылған техника жайында сол кездегі одақтағы орталық «Правда» га­зеті (09.07.1973ж.) де жазады. Ал экскава­тор мыңдаған қала тұрғындары қатыс­қан митингіде Псков облыстық «Обл­меж­кол­хозстрой» мекемесінің озат механизаторы Александр Арбузовқа тапсырылады. Сол жолы кентаулық делегация Әлия және Мән­шүк апаларының жатқан жерлеріне барып, гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етеді. Осы сапарда небәрі бесінші сыныптың оқушылары партия, комсомол, пионер ұйымдары басшыларымен, сон­дай-ақ соғыс тауқыметін тікелей көрген жергілікті халық өкілдерімен кездеседі. Бұл кездесулердегі ерекше бір оқиғаны Кеңес былай деп еске алады. – Бесінші сыныпта оқысақ та, естияр кезіміз ғой. Сондай бір кездесуде Гри­го­рий Бойков деген ақсақал сөйлеп, Әлия­ның сүйегін кезінде жерленген алма аға­шы түбінен қайта қазып алып, 60-шы жыл­дар­дың басында Монаководағы бауырластар зиратына шашы қап-қара қызды көмгені жайлы айтқанын естіген едік. Сондықтан мен Әлия сол Монаковоға жерленген деп есептеймін. Ұлы Отан соғысының батырлары уақыт өтуіне байланысты, өкінішке қарай, олардың көбісі ұмытыла бастады, кейбірінің іздеушілері жоқ десе де болады. Мысалы, Әлия жерленген Монаково зиратында батыр қызымыздан басқа Нас­ва стансасын азат етуге қатысқан төрт Кеңес Одағының Батыры жатыр. Олар: подполковник Ян Людвигович Райн­берг (ұлты латыш), майор Эсед Ба­бас­танович Салихов (дағыстан), майор Алексей Тимофеевич Яковлев (орыс), сержант Прокопий Иванович Аврамков (беларусь). Әскери шен бойынша салыстырсақ, ең төменгісі біздің Әлия апамызда (ефрейтор), атақ-даңқты көбінесе басшылар алатынын ескерсек, апамыздың ерлігі ке­зінде тайға таңба басқандай көрініп тұр­ған болуы тиіс. 2010 жылғы, яғни Ново­сокольникиге барған төртінші сапарымызда аудандық мұражай қызметкерінен сұ­рағанымызда, оларды іздеп келіп жатқан жан жоқ екендігін, ал қазақтардың батыр қыздарын ұмытпайтындығына риза­шылығын білдірген еді. Оған қосымша Но­восокольники қаласының көрікті жерінде, Малый Удрай өзенінің бойындағы биіктікте апамыздың өзенге қараған үл­кен мүсін келбеті 1979 жылдан бері тұр­­ға­нын атап өткім келеді. Жергілікті би­ліктің айтуы бо­йынша, ескерткіш маңайы патриоттық акция­лар өткізілетін орталыққа айналған, яғни Әлия апамыздың ерлігіне тек қазақ халқы ғана емес, орыс халқы да тәнті деген сөз, – деді Кеңес өткен күндерге көз жүгіртіп. Иә, ұлағатты ұстаздың өнегелі ісін қазіргі таңда қазақтың бүгінгі нағыз патриоты, бала кезден қанына сіңген отансүйгіштік қасиетке адал қызмет етіп келе жатқан Кеңес Жүсіпов жалғастыруда. Оның қазақтың қос батыр қыздары жерленген Ресейдің Псков облысының Новосокольники және Невель қалаларына бүгінге дейін төрт рет жолы түседі. Екінші рет 1977 жылы Әбден ағайдың басшылығымен 9 сыныпта оқитын алты комсомол мүшесімен (бұрынғы барғандардың ішінде Кеңес қана бар) барып қайтады. Үшінші рет 1990 жылы іссапармен Ресейдің Ржев қаласына барғанда, өз қаражатымен арнайы Новосокольникиге соғып, апа­ла­рының бейіттеріне гүл шоқтарын қо­йып, рухтарына құран бағыштап, тағзым етеді. Ал 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай өзі дәріс беретін академия басшылығы өнерлі үш студентімен дәстүрді жалғастыру мақсатында жол шығынын өз мойындарына алып, үшінші рет жібереді. Сол жолы арада 37 жыл өткенде зейнет жасындағы А.Арбузовпен кездескендегі ыстық ықыласты сөзбен жеткізу қиын деседі. Қарт еңбек ардагері кентаулық мектеп оқушылары мен оларды бастап келген соғыс ардагері Әбден Тұржановты ұмытпай, қашанда еске алатынын жеткізген. Сөйтіп, Кеңестің бір өзі екі көршілес елдің достығын нығайтуға, ең бастысы, ер­лі­гі­мен қазақ халқының даңқын әлем­ге әй­гілі еткен шығыстың қос шынары Мәншүк пен Әлияның өмір жолын екі халықтың ұрпағына мақтан етіп, қайсарлықтың белгісін көрсетеді. Елбасымыз «Қазақстан-2050» – Стра­тегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз Қа­зақстанның барлық азаматтарының отан­шылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз. Жаңа қазақстандық патриотизм – еліміздің жарқын болашағының тірегі», – деп атап өткен болатын. Жас ұрпақты Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу дегеніміз – Кеңес сияқты азаматтардың осындай ұлтжанды әрекеттерінен бастау алса керек. 2015 жылдың маусым айында Ақтөбе жұртшылығы қазақ халқының даңқты қызы Ә.Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Оған Кеңес те шақырылады. Тойға жалғыз өзі бармай Әбден ұстазы секілді М.Тынышбаев атын­дағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының жазғы демалыста жүрген ақтөбелік бір топ студенттерін ерте барады. Тойға сонымен бірге Ресейдің көршілес жатқан Орынбор және Астрахань облыс­тарынан қандастарымыз бен Мәскеудегі Ә.Мол­дағұлова даңғылы бойында орна­ласқан Әлия атындағы №891 мектептен де делегация келеді. – Қазақта той көп-ақ, алайда бұл тойдың қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Бұл – ерліктің тойы, ерлікті ұлықтау тойы, ерлікке тағзым тойы болды. Бұл той сонымен бір­ге тек ақтөбеліктердің ғана емес, бүкіл қазақ­тың тойы еді. Себебі, қазақта батыр – баршаға ортақ, қазақ халқы Әлиясын сүйеді, құрметтейді. Әлия мен Мәншүк тек қазақтың ғана мақтанышы емес, оларды Ресейде де құрметтейді, сондықтан оларды қазақ және орыс халықтары арасындағы достықтың символы десек те болады», – дейді Кеңес аға. Тағы бір ерекше айтып өтерлік жағым­ды жа­ңалық, ұзақ жылдық тарихы бар ресейлік байырғы басылым – «Гудок» газеті биылғы жылдың 17 мамыр күнгі санында Кеңес Жү­сіповтің «Казахские дочери России» деген тақырыппен көлемді мақаласын жариялады. 85 жылдық тарихы бар аталмыш академияның еліміздің көлік және коммуникациялар саласына дайындаған білікті мамандары тек еліміз аумағында ғана емес, ТМД елдері мен Ресейде де еңбек етуде. М.Тынышбаев атын­дағы қазақ көлік және коммуникация академиясы Мәскеу транспорт-инженерлері институты мен Сібір мемлекеттік жол қатынастары университетімен де тығыз байланыс орнатқан. Негізінен жол қатынастарын қамтитын «Гудок» газетінің байырғы оқыр­мандары аталмыш академияда да бар, кітапханада газет тігіндісі сақталған. Енді міне, Новосокольники қаласының 115 жылдығына арнайы шақыру академия басшылығының атына келіп, оған ректор Б.М.Қуанышев қолдау білдіріп, қаржылық қиындықтарға қарамастан жол қаражаттарына көмек көрсетуге уәде етеді. Бұл жолы да Кеңесті жалғыз жібермей, қасына академияда оқып жатқан екі өнерлі студентті қосып, 1 тамыз күні үлкен сапарға шығарып салмақ. Сөйтіп, сәтін салса, 5-7 тамыз күндері Новосокольникиде болып, қаланың мерейтойына, әрі теміржолшылар күніне де қатысып қайтпақ. Өйткені, қала негізінен теміржолшылар қаласы болып саналады. «Мәскеу-Рига» және «Киев-Санкт-Петербург» бағыттары бойынша тораптық стансадан күніне 80-ге жуық жолаушы және жүк поездары өтеді. Ендеше, осындай ел өміріндегі маңызды шараларға қолдау көрсеткен академия басшылығы мен 2010 жылы Новосокольники қаласындағы балалар үйіне демеушілік көрсетіп, 15 мың рубль, заттай да қаржылай қаражатын берген Кеңестің сыныптас досы, «Абди» фирмасының президенті Әбдібек Би­мен­диевке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жолы да Әбдібек сыныптасы Невельдегі ба­ла­­лар үйіне қайырымдылық қаражатын беріп жібермекші. Сондай-ақ 1973, 1977 жылдары Ново­сокольникиде өздерімен кездескен азаматтармен жүздесуді де жоспарлап отыр. Қаланың мерейтойына және сол достарға сыйлық алумен қатар, кәсіби суретшіге Әлия мен Мәншүктің портреттерін майлы бояумен салуға тапсырыс та беріп қойыпты. – Қазақтың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк Ресей жерінің сонау алыс түкпірінде ұлтымыздың мерейін үстем етіп, қайсар қазақтың рухы мен асқақ ерлігін әлемге танытып, мәңгі ұйқыда жатыр. Олардың ерлікке толы қысқа ғұмыры жайлы зерттеушілер жазып бітті, көзкөргендер, өкінішке қарай, бүгінде жоқ. Ендігі мәселе – батыр апаларымыздың бейіті сонда жатқандықтан сол жердегі жергілікті халықпен достық қатынасты үзіп алмай, жастар жағы жиі-жиі атбасын бұрып, үнемі тығыз байланыста болғанымыз абзал, – дейді үлкен жүректі, отаншыл азамат Кеңес Жүсіпов. Иә, Ресеймен екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуде қос батыр қызымыздың ерлігін паш етіп, жас ұрпаққа насихаттауда қырық жылдан бері еңбектеніп жүрген академияның қатардағы доценті, 2015 жылдың үздік оқытушысы Кеңес Жүсіповтің еңбегі, азаматтық тұлғасы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Студенттерге ғана емес, жалпы жастарға саналы тәрбие мен сапалы білім беруде осындай тағылымы мен тәлімі мол іс-шаралар өткізу – олардың елін шынайы сүюге, үлкенді сыйлауға, өткенді қадірлеуге, өз елінің тарихын терең білуге, патриотизмге тәрбиелеуде маңызы орасан зор. Ең бастысы – Кеңес сияқты азаматтың бұл қадамы Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм деген ұғымдардың бос сөз емес екендігіне тағы да бір көз жеткізеді. О­ған үлгі – тек қазаққа ғана емес, атағы мұқым Шығыс халқына ортақ қос батыр қыздарымыздың өшпейтін ерен ерліктері! Гүлзейнеп Сәдірқызы, «Егемен Қазақстан»  Алматы Суреттерде: Кентаудан Псковка бар­ған 6 оқушы өздерінің ұстазы Ә. Тұржановпен бір­ге Ә.Молдағұлова қабірінің басында. 1973 жыл; қазақ­стандық оқушылар делегация­сы Невель қаласында. 1973 жыл;  К.Жүсіпов пен А.Арбузов. 1997 жыл.  
Соңғы жаңалықтар