Тірі өледі, жер қойнауы – жатағы, Ізі қалады, болса жақсы атағы. Жүсіп Баласағұн
Данышпан Аристотель: «Өмірдің бар мәні неде?» деген сұраққа: «Басқалар үшін қызмет ету мен ізгілікті іс атқару» деп жауап берген екен. Осы бір қанатты сөзге Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Қылмыстық құқық және криминология кафедрасында қырық жылдан астам тапжылмай жастарға білім берген ардақты ұстазымыз Роза Балбатырқызының өмірі мен қызметі дәлел дер едім. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор, полковник, «Құрмет» орденінің иегері ұстазымыз адамгершілігі және иман ұйыған тазалығымен өзінен білім алған жастардың өмірі бойы үлгі тұтар ұстынына айналды. 90-шы жылдары еліміз тәуелсіздігінің елең-алаң тұсында қазақ тілінде жоғары білім алу мүмкіндігі толыққанды мемлекеттік дәрежеге көтерілді. Аталарым аңсаған арманға менің де қолым жеткен еді. Сол уақытта қылмыстық құқық пәнінен дәрістерді, семинарларды, тәжірибелік сабақтарды Роза Құлжақаева жүргізді. Қылмыстық құқық ғылымын мемлекеттік тілде сөйлетіп, көкірегімізді ұлтжандылық нұрға, зердемізді білімге тұндыратын еді. Ол жылдары пәндерді мемлекеттік тілде оқуға қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жоқтың қасы болатын. Роза Балбатырқызының мазмұнды дәрістерінен қазақ топтарының бірде-бір курсанты қалмайтын. Дәріс оқу кезінде ұшқыр ой түйіндеулері мен мәселені жеткізудегі өзіне тән әдіс-тәсілдері курсанттарды баурап алатын. Білімге құштар, белсенді жастар үшін марқайып, жоғын тапқандай қуанатын. Ол мемлекеттік тілде ғылыми кадр мәселесін жетілдіруге, әсіресе, жастармен толықтыруға қомақты үлес қосты. Сонымен бірге, Р.Құлжақаева талабы бар жастарды ғылымға тартты, жас ізденушілерге жетекшілік жасауға да уақыт таба білді, ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындап, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының профессорлық-оқытушылар құрамына ұлттық кадрларды тартып, орнықтыруға Р.Құлжақаеваның сіңірген еңбегі зор еді. Роза Балбатырқызы алпыстан астам ғылыми еңбек жазып, ғылымға сүбелі үлес қосты. Олардың арасында оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, мазмұны терең зерттеу мақалалары бар. Көпшілік оқырманға өте түсінікті тілмен жазылған «Қылмыстың құрамы» атты мемлекеттік тілдегі алғашқы оқу құралы осы саладағы маңызды еңбек еді. Айта кету керек, бұл оқу құралы әлі күнге дейін заң саласын, оның ішінде қылмыстық заңнаманың қыры мен сырын білем деуші курсант-студенттердің және профессор-оқытушылардың қолынан түспейтін басты оқулығы болып келеді. Роза Балбатырқызының ізденістері мен кешенді еңбегі заң ғылымын тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілінде сөйлетуге жасалған алғашқы қадамның бірі және қомақты үлес десе болады. Ұстазым осындай игілікті істің бастауында тұрды. Солақай саясат құрсауында есіктен қарап қалған қазақ тілінің еңсесін көтеруге талпынып жатқан тұста тәуелсіз елдің заң ғылымы мемлекеттік тілде жазылуы керектігін бар ақыл-парасатымен түсінген ғалым еді және оны жүзеге асыруға атсалысты. Қазір бұл айтуға ғана оңай. Ал сол уақыттың өлшемімен алғанда білімділік пен қайрат-жігерді талап ететін қиын шаруа еді. Ғалым Роза Құлжақаевамен бірге қызмет атқарып, жан шуағына бөленген уақытымды өмірімнің бақытты сәттерінің біріне балаймын. Ұстазым бізді өмірде де, кәсіби қызметте де адамгершілік қағидаларының басым болуына, білімге талпынуға, тазалық пен адалдыққа баулыды. Р.Құлжақаева ерекше адал және шыншыл адам болды. Жұмысқа шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарайтын. Тәртіпті талап етсе де, ол кісі педагогикалық әдептен аспайтын. Шәкірттерін де мәдениеттілікке, сабырмен жұмыс істеуге тәрбиеледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында: «Менің тағдырымды басшылықтағы бір-екі адам шеше салған жоқ... Басқа адамдар деген кімдер? Олар менің бүкіл өмір жолымда кездескен адамдар, маған ұстаздық еткен, жәрдем көрсеткен, менімен бірге жұмыс істеп, маман ретінде шыңдалуыма, азамат ретінде қалыптасуыма септескен жандар. Қарағанды облысының сол кездегі атқару комитетінің төрағасы С.Досмағамбетов секілді адамдар өз тәжірибесімен, нақты ісімен, қолдауымен көмек етті деуге болады», деп жазды. Нұрсұлтан Әбішұлы жазып отырған Сұлтан Қаппарұлы Досмағамбетов – Роза Балбатырқызының өмірлік жолдасы. «Жақсыдан – шарапат» деген осы. Өсіп келе жатқан жас маманға жол сілтеп, шынайы қамқорлық көрсетіп, өз өнегесімен үлгі бола білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Екі жақсының ұлағатты, үлгілі отбасы болғаны өткен жылы Роза апамыз дүниеден озғанда Елбасының Сұлтан Қаппарұлына шілденің 13-і күні салған көңіл айту жеделхатынан да білінеді. «Ол кісіні жақсы білетінмін. Марқұм халқымыздың қазақ қызына тән жақсы қасиеттерін бойына жинаған, өзіңіздей қайраткер азаматтың ел үшін алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдайды жасай білген жаны жайсаң жан еді» деп жазылған жеделхатта Нұрсұлтан Әбішұлының марқұм Роза Балбатырқызына деген терең құрметі де сезіліп тұр. Роза Балбатырқызы өмірінің соңына дейін еліміздің құқық қорғау саласы үшін маман дайындау ісіне қалтқысыз қызмет етті. Өзі тәрбиелеген шәкірттер жүрегінен өшпестей орын алған ұстазды өлді деуге бола ма? Өнегелі ізі сайрап жатыр. Мирлан ҚЫЗЫЛОВ, Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі, профессор ҚОСТАНАЙ
•
13 Шілде, 2016
Асыл қасиетті ұстаз
567 рет
көрсетілді