Мамыр айында Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің «Арулар» одағының құрылғанына 10 жыл толды. Біз осыған орай Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен олардың қоғамдағы орны туралы одақ төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы Айнагүл САРАЙҚЫЗЫН сұхбатқа тартып едік.
– Айнагүл Сарайқызы, «Арулар» одағы қашан және қандай ой-мақсатпен құрылғанын баяндап берсеңіз?
– Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің «Арулар» одағы 2006 жылы 11 мамырда құрылды. Одақтың атын Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Сұлтан Тәукейұлы ұсынды. Үкі мен ою әшекейленген ұйымның таңба белгісін «Адмон» компаниясының дизайнері Табиғат Абдоллаұлы жасады.
Бұл қоғамдық ұйым Моңғолиядағы азғана қазақтың, соның ішінде Ұлан-Батыр қаласы мен орталық аймақтағы қандастарымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін насихаттау, келешек ұрпаққа жеткізу және түрлі салада еңбек ететін қазақтың қыздары мен әйелдерін Моңғолия көлемінде және өзге де шетелдерде таныту әрі олардың тілек-армандарын тиісті органдарға жеткізу, басқа да бейресми ұйымдармен бірігіп жұмыстануды өзіне мақсат етіп қойды. Біз Моңғолия көлеміндегі осы бағыттағы басқа да бейресми ұйымдармен бірігіп жұмыс жасаймыз. Бұл елдегі 50-ге жуық бейресми әйелдер ұйымдары арасында қол жеткізген жетістіктері, қоғамдағы абыройы мен беделі жағынан «Арулар» одағы көшбасшылар қатарынан көрініп жүр.
– «Арулар» одағының үніне айналған «Ару жұлдыздар» журналы қашан дүниеге келді?
– Бұл әдеби-көркем журналдың шыға бастағанына да биыл 10 жыл толып отыр. «Ару жұлдыздар» басылымында да өз мақсатымыз бойынша Моңғолиядағы қазақ әйелдерінен шыққан ғалымдар, жазушылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа үлгі-өнеге болатын аналарды насихаттаймыз. Таралымы 1000-1500 дана көлемінде. Осыған қарамастан журналымыз тек Моңғолияда ғана емес, Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ және Еуропа елдеріндегі қандастарымыз арасында да өз оқырмандарын тауып жатыр. Бүгінгі күні журналдың 41 саны жарыққа шықты.
– Осы арада «Арулар» одағы мен «Ару жұлдыздар» ұйытқы болған шаралардың ауқымы туралы да аз-кем айтып өтсеңіз?
– Атажұртта сырт елдерде тұрып жатқан қазақтардың бір бөлігі Моңғолияда. Олар Моңғолия қазақтарының орталығы атанған Баян-Өлгий аймағынан басқа, ел астанасы Ұлан-Батыр қаласы мен Ховда, Төв, Хэнтий, Дархан уул, Орхон, Сэлэнгэ сияқты орталық аймақтарда да қоныс тепкен. Біз ішкері аймақтардағы қандастарымызбен көбірек жұмыс жасауға тырысамыз. Онда одақтың алдына қойған мақсат-міндеттеріне сай іс-шараларды қала тұрғындары, студент жастар ішінде ғылыми конференция, кездесу түрінде өткіземіз. Мәдени іс-шараларды, әдетте, басқа ұйымдармен және ондағы кәсіпкер ағайындармен бірігіп тек қазақ тілінде жүргіземіз. Бұл осындағы аз ғана ағайын сол елдің тіліне, дініне кіріп кетпесін, өзіміздің қазақтығымызды, салт-дәстүрімізді сақтасын деген оймен жасалады. Сондай-ақ, салт-дәстүрді, қолөнерді насихаттау үшін, әсіресе, шебер әйелдердің кездесуі мен солардың көрмелерін ұйымдастырамыз. Бұдан бөлек жыл сайын ұлағатты ұрпақ өсіріп, тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы болып, ел мәртебесін көтеруге сүбелі үлес қосқан аналарды «Ару ана» атағымен марапаттаймыз. Оған ие болғандарды «Ару жұлдыздар» журналы мен Моңғолия ұлттық телеарнасындағы «ТВ-Толқын» бағдарламасы арқылы бүкіл жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырдық.
– Моңғолияның әйелдер одағы сияқты өзге қоғамдық ұйымдар мен құзырлы мекемелермен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– «Арулар» бүгінгі таңда 90 жылдан астам тарихы бар Моңғолия әйелдер одағының белді бір мүшесі. Әйелдердің құқығы, гендер мәселесі, жанұядағы зоракерлік, қайшылықтан туындайтын келеңсіз жағдаймен күресетін, одан алдын ала сақтану барысында жұмыс жасайтын көптеген ұйымдармен бірігіп жұмыстап келеміз. Біз, сонымен қатар, Моңғолдың ұлттық адам құқы комитетіне де мүшеміз. Сол себепті үкімет деңгейінде болып жатқан іс-шараларға да қатысып, «Арулар» одағының атынан өз ойымызды жеткіземіз.
– Жастармен тәлім-тәрбие жұмысы жүргізіле ме?
– Одақ жанында жастардың «Береке» деген клубы жұмыс істейді. Бұл қазақ жастарының қазіргі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ондағы өзгерістерден хабардар болып отыруға мол мүмкіндік береді. Жастарымыздың өзінің ана тілін, діні мен ділін сақтауы қандай деген мәселелер бойынша осы клубпен бірлесіп, түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Мәселен, жаңа оқу жылының басында Ұлан-Батырда оқитын 1-курс студент қыздарымен кездесу өткізіп, тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Онда жас қыздарға өзіне таныс емес үлкен қалада өзін қалай алып жүрудің тәртібі мен жөн-жоралғысы туралы кеңес беріледі. Мәселен, Баян-Өлгийден келген жастарымыз моңғол тіліне шорқақ болса, ішкері аймақтағы балалар қазақ тілінде сөйлей алмайды. Сол себепті жоғары оқу орындарының оқытушылармен бірлесіп оларға қазақ тілінде курс аштық. Жоғары оқу орнында салт-дәстүріміздің сақталуы қандай деген тақырып бойынша ғылыми конференция жасадық.
Сондай-ақ, Толғойттағы Омар мешітінің жанындағы «Ел бірлігі» бейресми ұйымымен бірлесіп қандастарымыз көптен мекендейтін Налайх ауданында бірқатар жұмыс атқардық.
– Мерейтойға арналған іс-шаралар қалай жүріп жатыр?
– «Арулар» одағының 5 жылдығында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Төлендиевтің «Арулар» әніне бейнебаян түсірген едік. Ал Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық мерейтойына «Қазақтың маңдайалды арулары» атты жинақ шығарып, оны жұртшылыққа тарту еткенбіз. Бұл кітапта 1930-2010 жылдар аралығында аймақ пен еліміздің дамуына қазақ әйелдерінің қосқан үлесі паш етілді.
Ұлан-Батырда қазақ әйелдері арасында Олимпиада ойындарына ең алғашқы болып қатысқан Алданыш Рамазанқызы деген апайымыз тұрады. Оған Моңғолияға еңбек сіңірген спортшы деген атақ әперу туралы Президентке хат жазып, тиісті ұйымдармен байланысып жатырмыз. Бұған дейін Алданыш апамыздың «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуына өз үлесімізді қостық.
Енді 10 жылдық мерейтойға жоспарланған 10 үлкен шараның қатарында, одақ жанындағы жастардың «Береке» клубы «Жастардың үні» атты форумды Ұлан-Батыр қаласында, «Біз қазақтың ұрпағымыз. Тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұмытпайық» атты кездесу сұхбатты Дархан-Уул аймағының Шарынгол сұмынында өткізілді. Налайх ауданында «Қыздармен сырласу», «Бата сайысы», «Тілімізді, мәдениетімізді құрметтейік», «Сұрақ. Жауап. Сұрақ» атты қазақ мақал-мәтелдерінің сайысы ұйымдастырылды. Баян-Өлгий аймағында «Сағындырған әндер-ай» концертін ұйымдастырып, «Көктемнің көрікті аруы» атты ару қыздар сайысы өтті. Кешікпей «Қазақ қызы» деген әнге бейнебаян түсіріп, «Арулар – 10 жылда» деген деректі фильм жасауға ниеттеніп отырмыз.
Әңгімелескен
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
АЛМАТЫ