• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2016

Үкімет басшысы Моңғолиядағы қазақ диаспорасымен кездесті

354 рет
көрсетілді

Моңғолияға келген Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Өлгей қаласына барып, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті.  Естеріңізге салсақ, Премьер-Министр 15 шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтетін XI АСЕМ саммитіне қаты­су үшін Моң­ғолия­ға кел­ген болатын. Өлгей қаласы орналасқан аймақ ха­л­қының басым бөлігін қазақ диаспорасы құрайтынын атап өткен жөн. Мұнда барлығы 90 мың адам тұрса, оның 88,7 пайызын қазақ­тар құрайды. Кәрім Мәсімов Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­масымен Үкімет Өлгей қала­сын­дағы селден зардап шеккен отба­сы­ларға қаржылай көмек көрсе­тетінін атап өтті. Премьер-Министр жақын күн­дері көрсетілетін қолдау қан­дас­тары­мызға табиғи апат сал­дарын жою­ға жәрдемдеседі деген үмітін білдірді. Айта кету керек, Моңғолия­ның Өлгей қаласында 10 шілде күні сел жүріп, соның салдарынан тұрғын үйлер қирап, су астында қалған еді. Бұдан кейін Кәрім Мәсімов Баян-Өлгей аймағының өлке­тану мұ­ра­­жайы­на барды. Аймақта мәдени сала жергілікті қазақ диаспорасының арқасында дамып отыр – қазақ драма театры жұмыс істейді, жыл сайын Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтіп, бүр­кіт­шілер арасында жарыстар ұйым­дастырылады. Осыған орай, өлкетану мұра­жайының экспозициялары да жер­гілікті тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігіне арналған. Мұражай 1948 жылы құрылған. Қазіргі кезде оның қорларында 5200-ден астам экспонат бар. Мұражайды аралаған К.Мә­сім­ов мұндағы экспозиция­лар­мен та­нысып, оның басшылы­ғымен, жер­гілікті қазақ зиялылары­ның өкіл­дерімен әңгімелесті. Премьер-Министр Кәрім Мәсім­ов Өлгей қаласында болған­да Баян-Өлгей округінің әкім­шілік ор­­т­а­­лы­ғындағы №1 қазақ мектебіне барды. Баян-Өлгей округінің әкімші­лік орталығындағы №1 қазақ мектебі 2014 жылы ашылған. Сол кезде Қазақстан Үкіметі білім меке­месін мектепке қажетті керек-жарақтармен және оқу құрал­дары­мен қамтамасыз еткен болатын. Білім саласындағы екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Респуб­ли­касының Білім және ғылым министрлігінің және Моңғолия­ның Білім, мәдениет және ғылым министрлігінің арасындағы келісім аясында жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Жыл сайын ҚР БҒМ шетелде мекен­деп жатқан қандас­тары­мыз­дың балалары өз халқы­ның та­ри­хын, мәдениетін және тілін оқып-үйренуі үшін оқу-әдіс­те­мелік құралдарды жіберіп отырады. Мәселен, 2016 жылы Моңғо­лия­дағы қазақ мектебі 7-8 сы­нып­­тардың оқушылары үшін Қазақ­станнан 4 мыңға жуық оқулық мен оқу-әдістемелік материал алды. Сонымен қатар, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім саласындағы байланыстар дамуда. Атап айтқанда, біздің еліміздің азаматы болып табылмайтын қазақ студенттеріне квота бойынша білім грантын алу үшін конкурсқа және Қазақстан азаматтарымен теңдей жалпы конкурсқа қатысу мүмкіндігі беріледі. Тек 2015 жылдың өзінде квота­ны Моңғолиядағы 44 этнос­тық қазақ пайдаланып, елімізде білім алу мүмкіндігіне ие болған. 2001 жылдан бастап Баян-Өлгей­де С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің фи­лиа­лы ашылған. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі ШҚМУ үшін Моңғолия азаматтарына арнап 25 мақсатты грант бөледі. Сондай-ақ, Премьер-Министр жергілікті музы­калық драма театрында болып, шетелдегі қазақ өнері­нің дамуы­на өз бағасын берді. XI АСЕМ саммитіне қатысу аясын­да Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Моңғолиядағы «Шың­ғыс­хан мүсіні» туристік кешенін аралады. Ескерткіш Ұлан-Батыр қаласы­нан шығысқа қарай 53 шақырым қашықтықта ор­на­ласқан. Алып ескерткішті жасау үшін 250 тонна болат жұмсалған. Ескерт­кіштің тұғырынан төмен тұсында Шың­ғыс­ханнан кейін Моң­ғолия­ны биле­ген 36 ханды білдіретін 36 колонна бар. Ескерткіштің жоғар­ғы бөлігінде 30 метрлік биік­тікте айналаны барын­ша шолу­ға мүм­кін­дік беретін үлкен алаңқай бар. К.Мәсімов кешен ішіндегі мұражайды аралады. Ондағы негізгі экспонаттардың бірі – символдық алтын қамшы болып табылады. Аңызға сүйенсек, Темуджин (болашақ Шыңғысхан) мүсіні орналасқан нақ осы жерде табыстылықтың белгісі болып саналатын қамшы тауып алған. Бұдан соң оған моңғолдарды бір халық ретінде жұмылдыру мүмкін болған деп саналады. Сонымен қатар, Моңғолия сапары аясында Үкімет басшысы К.Мәсімов байырғы түркі бабаларымыздан жеткен асыл мұра – Тоныкөк ескерткішіне бар­ды. Бұл туралы ол өзінің твиттер­дегі ресми парақшасында жазды. Айта кету керек, бұл жерде түркиялық профессор Аxмет Ташағыл жетек­шілік ететін маман­дар қазба жұ­мыс­­тарын жүр­гізіп жатыр. Бүгін Премьер-Министр Ұлан-Батыр қаласында өтетін ХІ АСЕМ саммитіне қатысады. «Егемен-ақпарат»
Соңғы жаңалықтар