Тоқсаныншы жылдардың басында Шолпан жұлдыздай жарқырап шыққан бұл топты бүгінгі жастардың көпшілігі білмеуі де мүмкін. Бірақ сол кездегі аға буын өкілдері олардың әуелете шырқаған әндерін әлі күнге ұмытқан жоқ. Сағынады, іздейді. Бұл «Жерұйық» ансамблі еді. Кезінде өнерімен Шығыс өңірін ғана емес, күллі Қазақстанды тәнті еткен ансамбль мүшелері қазір қайда жүр?
...80-жылдардың аяқ кезінде Зайсанда жүрген Марат Қондыбаев, Есбол Кирчибаев, Бауыржан Зейнеш, Қанат Закарьянов сынды жүрегі өнер деп соққан жігіттер бір күні Катонқарағайға тойға барады. Сол сапарда ауданның сол тұстағы басшысы Жанымқан Құндызбаевпен кездесіп, өнерге жанашыр азамат сол жерде өнерпаз жігіттерге «құда» түсіп, сонда қалуларын өтініпті. Содан не керек, төртеуі тәуекелге бел буып Алтайға келеді, жұмыспен, баспанамен қамтылады.
– Катонқарағай жер жәннатындай көрінді маған. Сөйтіп, табиғатымен байланыстырып, тобымызды «Жерұйық» деп атауды жөн көрдік, – деп еске алады сол шақтарды сазгер Марат Қондыбаев.
Осылайша, 1989 жылы «Жерұйық» тобы өнер әлеміне жол тартады. Әуелі Катонқарағайда тұсаукесер концерттерін өткізіп, 1990 жылы Өскеменде ұйымдастырылған «Восток» атты ән байқауына қатысады. Сахнаға 15 минуттық «Невада-Семей» музыкалық композициясын алып шыққан топ мүшелері қазылар алқасын тәнті етіп, 1-орынды иеленеді. Бұдан соң Павлодарда өткен республикалық байқауда топ жарады.
– Сөйтіп, тобымыз өңірге ғана емес, Қазақстанға таныла бастады. «Қариялар», «Сағыныш», «Алаш», «Құрбым-ай» сынды әндеріміз сол кездің хитіне айналды. 1990 жылы «Азия дауысы» фестиваліне өтініш жібердік. Алғашында музыкалық аспаптарда ойнауымыз түсініксіз деп қабылдай қоймады. Стиліміз түсініксіз болған көрінеді. Өйткені, біздікі этнофольк поп еді, – дейді топтың бұрынғы мүшесі Бауыржан Зейнеш.
Арада аздаған уақыт өткеннен кейін Алматыдан «Азия дауысына» шақырту келеді. Ән байқауына Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Сингапур, Украина мемлекеттерінің өнерпаздарымен қатар, біздің елден «Ассалаумалейкум» атты топ қатысады.
Катонқарағайдан келген жігіттер әуелі Есбол Кирчибаевтың «Алаш» әнін, одан соң «Қараторғайды» акапелламен орындайды. Төрт жігіттің мерейі бұл байқауда да үстем болып, халықаралық өнер бәсекесінде 3-орынды иеленеді. Шалғайдағы алыс ауданнан келіп, Алатау баурайын дүр сілкіндірген өнерпаз жігіттерді фестивальдан кейін Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов арнайы келіп құттықтап, ізгі тілектерін айтады. Айтып қана қоймайды, Алматыда қалу жөнінде ұсыныс білдіреді. «Қазақконцертке» жұмысқа шақырады. Алайда, топ мүшелері туған жерлеріне қайтуға асығады.
Тоқсаныншы жылдары Шығыс жұртын ғана емес, күллі Қазақстанды өнерімен мойындатқан топ мүiелері бүгінде еліміздің әр аймағында тіршілік кешіп жатыр. «Жерұйық» тобына жетекшілік еткен Марат Қондыбаев Астанада сазгерлікпен айналысып жүрсе, Қанат Закарьянов пен Есбол Кирчибаев Алматыда тұрып жатқан көрінеді. Топтың тағы бір мүшесі Бауыржан Зейнеш Өскеменде театрда музыкант болып қызмет атқарады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН