• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Шілде, 2018

Зейнолла Самашев: Кезінде Алтын адам болған

2245 рет
көрсетілді

Бүгін Тарбағатай ауданының Елеке сазы деген жерінен белгілі археолог Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған алтын бұйымдар облыс әкімі Даниал Ахметовтің назарына ұсынылған еді. Реті келгенде айта кетейік, Елеке сазындағы қазба жұмыстарды 2016 жылы археолог Ерден Оралбай бастап, ғылыми айналымға енгізген болатын. Барқытбел баурайынан табылған құнды жәдігерлер туралы жан-жақты мәлімет алу үшін ұялы телефон арқылы Зейнолла Самашевпен сөйлескен едік.

– Зейнолла аға, құтты болсын! Табылған дүниелер жайында айтып өтсеңіз.

– Бұл қазба жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданындағы тау арасындағы Елеке сазы деген жерде жүргізілді. Біз ерте сақ дәуіріне жататын екі-үш қорғанды қазуды бастағанбыз. Сол қорғандардан ақырындап жәдігерлер шығып жатыр. Қорғанды қазу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Табылған заттар аса құнды. Ерте сақ дәуіріндегі халықтардың мәдениетінің деңгейін, технологиясын көрсетеді.

– 3 мыңнан астам алтын бұйымдар шықты дейді.

–  3 мыңнан көп. Әлі де шығады. Бұл – бір жағы. Екіншіден, осы маңда қорғандарды тонаушылар көбейіп кетіпті. Үлкен сақ қорғандарын металл іздеуші құрылғылармен анықтап, жүк көліктерімен келіп, қазып әкетіп жатыр. Қара күзде, сосын сәуір айында тонайды екен. Қазіргі заманның тонаушылары көп ескерткіштерді тонап, быт-шытын шығарыпты. Сондықтан «алтын шықты», «бәленбай шықты» деп айғайлай берудің де қажеті жоқ сияқты. Сондай адамдар археологтардың соңынан жүретін секілді. Жергілікті құқық қорғау органдарының дұрыс жұмыс істемеуінің де бұған әсері бар деп ойлаймын. Тонаушыларды жергілікті адамдар көреді екен. Тұрғындардың өздеріне қаздыратындары да бар секілді. Оларға ақша беріп, аузын жауып қоятын көрінеді. Осы жағдай мені алаңдатады.

–  «Алтын адам» деуге бола ма?

– Кезінде Алтын адам болған. Кейіннен тоналғаннан соң алтындары жан-жаққа шашырап кеткен ғой. Мүрдесіне әлі жеткен жоқпыз.

– Бұл бір айдың ішіндегі жұмыс қой.

– Бір ай ғана жетпейтін уақыттағы жұмыс. Бірақ әлі аяқталған жоқ. Бір-екі апаталық жұмыс бар.

– Қанша қорған қазылды сонда биыл?

– Үш қорған қазылды. Бұл жерде 200-ден астам қорған бар. Қаржы бөлінсе, жалғастыра береміз. Биылғы меже – осы үш қорғандағы қазба жұмыстарын соңына дейін жеткізу.   

Сұхбаттасқан Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар