• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Шілде, 2018

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ілкімді іс

406 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алдына еліміздің ақпарат пен коммуникация саласындағы мәселелерді реттеуге қатысты бірқатар міндеттер қойғаны белгілі. Соның ішінде отандық медиа кеңістікті нығайту, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі айрықша аталған. Салалық ведомство бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Күні кеше министрлік осы жұмыстардың аясында шекара маңына жақын аудандарды отандық ақпарат құралдарымен қамту бойынша ілкімді істің жүзеге асқанын хабарлады.

Министрліктің хабарлауын­ша, биылғы жылғы маусым айын­да Түркістан облысының Түл­кібас пен Сайрам аудандарының 72 елді мекенінде, сондай-ақ Арыс қаласында «Шалқар» ра­дио­сының таратылымын кеңей­ту жұмыстары толық аяқталған. Осының нәтижесінде 185 мың адам ұлттық радио игілігін көреді. 

Шекаралық аймақтарда отандық радио хабар тарату жұмыстары алдағы уақытта одан әрі жалғасады. Демек бүгінгі қадам ақ­па­раттық қауіпсіздік саласын­да­ғы іргелі шаралардың бастауы болып отыр.

Жалпы, бұл бұған дейін ел тұр­ғындары мен депутаттар тара­пынан жиі көтерілген түйткілдің бірі. Еліміздің шекара­лық аймақтарындағы отан­дық радио хабарларын тарату мәсе­лесін реттеуді сұраған өтініш­тер министрлікке де көптеп кел­ге­нін айтады, министрліктің баспасөз қыз­меті. Алайда талай жылдан бері қор­да­ланған проблеманы шешуге біраз уақыт керек еді. Алғаш­қыда министрлік бүкіл Қа­зақ­стан бойынша мемлекет­тік радиостансалардың қамту ая­сына талдау жасаған. Осы зерттеулерге қарағанда еліміздің біраз аумағында, оның ішінде шекараға жақын аймақтарда, әсіресе оң­түстік өңірлерде отандық ра­дио­­сиг­нал­дардың өте нашар екен­дігі анық­та­лып­ты. Есесіне, жергілікті жұрт­шы­лық­тың радио қабылдағыштарында көр­шілес Қырғыз, Өзбек, Ресей, тіп­ті Қытайдың радиолары саң­қыл­дап тұрған. Бұл бір мезеттік мә­селе болмағандықтан, ми­нистр­­лік тарапынан әуелі отан­дық радиохабарды дамыту туралы арнайы кешенді жоспар әзірленді. Осының ая­сында «Қазақ радиосы», «Шал­қар» сияқты радиостанция эфир­лерін бүкіл Қазақстан аума­ғына таратуға басымдық берілді.

Осыдан бір жыл бұрын «Еге­мен Қазақстанға» сұхбат берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Тозған сигнал таратқыштарды ауыстыру арқылы мемлекеттік радиохабар желісін жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Сонда радио­ха­бар­ларымыз қала мен ауыл тұр­ғын­дарында бірдей деңгей­ге жетеді. Сонымен бірге ра­дио­лар­­­дың мазмұнын жақсарту жұ­мыс­­тары да жүргізіліп жатыр», деген болатын. Міне, жақ­сы жа­ңа­лық­тың жаңғырығы естіл­ген бой­да игілігі де көп күттірген жоқ.

Ақпарат және коммуникация­лар министрлігі Медиа талдау басқар­масының басшысы Мә­ди Уаи­совтың айтуынша, бос радио­жиі­ліктерді пайдалануға қатысты ашық конкурс өткізіліп, радиохабарлар тарату аумағы кеңейе түскен. Ал шекараға жа­қын елді мекендерге радио жиі­лігін тарту үшін халықаралық ұйым­дардың келісімі қажет және бұл жұмыстар едәуір күш пен уақытты талап етеді. Өйт­ке­ні Қазақстанның ше­ка­раға жақын стан­салары көрші мемле­кет­тердің аумағына асып өтетін­діктен, әлемдік тәжірибе бойынша халықаралық рұқсаттама жүйесі арқылы жүзеге асыры­лады. Осыған қарамастан, ми­нистрлік тарапынан бірінші кезекте осы шекараға жақын елді мекендерді отандық ақпарат құ­ралдарының хабарларымен қамтуға басымдық берілген.

Жалпы, отандық телевизия мен радио саласының бәсекеге қа­білеттілігін арттыру, қамту аума­ғын кеңейту бо­йын­ша жоға­рыда аталғаннан бөлек кешенді шаралар қолға алынып жат­қанын айта кеткен ләзім. Соның бірі – телеарналардың аналогтық хабар таратудан цифрлық хабар тарату жүйесіне көшірілуі. Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жылдың қазан айында Маңғыстау облысы, ал желтоқсан айында Түркістан мен Жамбыл облыстарына хабар тарату толықтай цифрлы жүйеге ауысады. Өзге өңірлер әрі қарай кезең-кезеңі­мен көшіріледі. Бұл ретте ми­нистрлік жергілікті әкімдік­термен бірлесе отырып тұрғын­дар­ды цифрлы жүйені пайдаланатын құрылғылармен қамту жоспарын да бекіткен.

Ал радиохабарларын тарату аймағын кеңейтуге қай­та тоқталар болсақ, бұл Арыс пен Манкентке радио қабылда­ғыш­ты апарып, тоққа қоса салу емес. Алғашқы талдаудан бас­тап, орталық пен жергілікті жер­лер­дегі рәсімдік шаралар, келісімдер мен заң талаптарына байланыс­ты құжаттардың өзін әзірлеуге орасан күш жұмсалады. Бұған қоса Қа­зақстанның байтақ дала­сын­да радиостансаларды көбі­рек жә­не жиірек са­лу да қажет, ол қо­мақ­ты ресурсты қажет етеді.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұлттың үнжариясы болып келе жат­қан «Шалқардың» көкжиегі кеңейе түскен елдің қуанышы.

– Бұл тыңдармандарымыздың ұзақ күткен қуанышы. Бүгінгі іс-шараны үлкен шаруаның басы деп ойлаймын. «Шалқарды» ұлт­тың үні, үнжариясы деп аспан­датып, асқақтатып айтып жүр едік, енді міне сөз бен іс қа­бысып жатыр, – дейді «Шал­қар» радиосының директоры Қал­қаман Сарин.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар