• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Наурыз, 2019

Отбасылық дәрігер, болдың неге әбігер?

1836 рет
көрсетілді

2018 жылды қорытындылаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сапасыз медициналық қызметтің емханаларда, жедел жәрдем және ауруханалардың қабылдау бөлімдерінде жиі кездесетінін айтқан болатын. Әсіресе емханалардағы учаскелік терапевтердің орнын басқан жалпы тәжірибелік дәрігерлердің (ЖТД) көпшілігінің біліктілігіне тұрғындардың сенімі әлі күнге артпай отыр. «Отбасылық дәрігер» деп те аталатын жалпы тәжірибелік дәрігерлерге бүгінде адамдардың жасы мен жынысына, ауруының түріне қарамастан, алғашқы және шұғыл медициналық көмек көрсету міндеті жүктелген.

Баланы педиатр қарауы керек

«Маған балалардың 60-70 пайызы ауруы асқынған, нақ­ты диагнозы қойылмаған күй­де келеді. Олардың көбі емха­надан жеткендер», дейді Аста­надағы Aray medical center ем­ха­насының дәрігер-педиатры Ғалия Сейдалиева. Оның ай­туын­ша, жасқа толмаған нәресте мен үш жасар баланың ағзасы, да­муы мүлде ұқсамайды. Ал ба­лалар мен үлкендердің ағзасы тіп­тен өзгеше. Сондықтан ере­сектер мен балаларды бір дәрі­гердің қарауы көптеген қате­лік­ке ұрындыруы мүмкін. 

Елорда тұрғыны Тоғжан Ха­лықова 7 жастағы баласының учас­келік жалпы тәжірибелік дәрігердің нақты диагноз қой­мауынан ауруы асқынып кет­кенін айтады. «Өткен жылы қараша айының ортасында ұлым жөтеліп, қызуы көтеріле бер­ген соң емханаға алып бардым. Әдеттегідей учаскелік дә­рігер өкпесін тыңдап, дәрі­лер жазып, тамағын тұзбен шаю керектігін айтты. Темпе­ра­турасы көтерілсе, парацетамол ішкізуді ескертті. Бірақ ба­лам­ның қызуы түнде түскен жоқ. Әлсіреп, арықтай бастаған соң пульмонолог әпкеме барып өкпесін тыңдап беруін өтін­дім. Ол ересектер пульмонологы болғандықтан бала мен ере­сек­терді тыңдауда әжептәуір айыр­ма­шылық бар екенін айтып, қа­раудан бас тартты. Сөйтіп 19 қа­раша күні өз еркіммен ба­ла­ны рентгеннен өткіздім. «Экссудативті плебрит» диагнозы қойылып, ауруханаға шұғыл жатқы­зылды. Төрт аптадай ауруханада жатып емделген балам, қазір дәрігердің бақылауында. Аурухана дәрігерлері, плебритке дейін жеткізіп, не істеп жүр­сіңдер деп кінәлады. Өз еркіммен рент­генге түсірмегенде қазір не болатынын білмеймін. Учаскелік дәрігерге шағымданып барғанымда, өкпесі дұрыс тыңдалмады деп кібіртіктеді де қойды. Ана ретінде балаларды өзінің маманы – педиатрлардың қарағаны дұрыс деп есептеймін. Емханада учас­келік дәрігерлер бір уақытта үлкен­дер мен балаларды араластырып қарап қана қоймай, бірнеше адамды қабылдап жатады», дейді Астана қалалық №11 ем­ха­на пациенті.

Министрліктің Медициналық көмек­ті ұйымдастыру департаменті Амбу­лато­риялық-емханалық және жедел ме­дициналық көмек басқармасының басшысы Бауыржан Жүсіпов бұл халық­аралық тәжірибе отбасылық дәрігер­ді қалыптастыру мақсатында қолға алын­ғанын алға тартады. Педиатр Ғалия Сей­далиева болса, бұл жаңашылдықтың ем­ханаға ауырғанда ғана ем іздеп баратын аза­маттарымыз үшін әлі ерте екенін айт­ады. «Бізде адамдар ауруы асқынған жағдайда ғана дәрігерге жүгінеді. Ал шетелде алдын алу шаралары кезінде келеді», дейді ол. 

Педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығының мәліметіне сүйенсек, отбасы дәрігерінің көмегіне жүгініп келген Еуропа елдері балаларын педиатрларға қаратуға көше бас­тады. Нәтижесінде, бала денсаулығы бойынша жақсы көрсеткіштерге де қол жеткізді. «Еуропа елдерінің көбін­де балаларға алғашқы дәрігерлік көмекті дәрі­гер-педиатрлар көрсетеді. Про­фес­сор И.М.Воронцовтың (Ресей) дерект­ері бойынша жалпы тәжірибелік дәр­ігерлер жүйесінде көп жылдық тари­хы бар елдердің өзі қазіргі кезде бас­тапқы педиатриялық көмекке бет түзей бастаған. Еуропа елдерінде отба­сы­лардың баланы педиатрға қаратуға өтуінің тұрақты түрде өсу беталысы бар. Батыс құрлықта педиатрлар жеткіліксіз және олардың санын көбейту үшін бар­лық шаралар жасалуда. Еуропаның 12 елін­де алғашқы педиатриялық көмек көр­сету жүйесі жұмыс істейді. Онда бала­лар тек қана педиатрларға емделеді. Ал Еу­ро­паның 6 елінде жалпы тәжірибелік неме­се отбасылық дәрігерлер қызмет көр­сетеді. Отбасының таңдауы бойынша науқасқа бірлесіп қызмет көрсету 16 елде тіркелген. Балаларды педиатр­лар қарайтын елдерде балалардың ден­сау­лығы бойынша айтарлықтай жақ­сы көр­сет­кіштердің тіркелгені анық­талған. Бүгін­де Еуропаның 14 елінде алғашқы көмек педиатрлары, балалардың дамуын бақы­лау жөніндегі мамандар, дені сау бала­лар­ды қарау жөніндегі мамандар, мек­теп педиатрлары және т.б. қызметтер бойын­ша шағын педиатриялық қызметтер ашыл­ған. Әлемдік тәжірибе педиатр дәрі­гер­лердің қажет екендігін көрсетті. Өйт­кені, бала­ның ағзасы ересектердің ағза­сынан түбегейлі өзгеше. Сәби өзінің қай жері және қалай ауыратыны туралы айта алмайды. Ана мен баланың денсаулығын қорғау әр мемлекетте айрықша орын алады. Қазақстанда да балалар денсаулығын қорғау мемлекет пен қоғамның негізгі және басым міндеттерінің бірі ретінде белгіленген», дейді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ төрайымы Риза Боранбаева. 

Жуырда редакциямызға Раиса Жанайдарқызы есімді оқырманымыз хабар­ласты. Ол өзі тіркелген Астана қала­лық №1 емханадағы жағдайды баян­дады. «Емханаға барсаңыз, учаскелік дәрі­гер балалар мен ересектерді аралас­тырып қабылдап жатады. Бұрын ауылды жерлердің өзінде педиатр болушы еді. Қазір бір жағында күркілдеп біз тұрсақ, бір жағында нәрестелерді де қатар қарайды. Бұл гигиена жағынан да дұрыс емес қой», деп кейіді 76 жастағы әже.

Баланың денсаулығы үшін аса қажетті маман иелерін даярлау медициналық жоғары оқу орындарында 2017 жылдан бері қайта ашылғанын білеміз. Бүгін­де С.Асфендияров атындағы ұлт­тық медицина университетінің педиат­рия факультетінде 500 педиатр білім алуда. Педиатрлардың қажеттілігін қайта қарастырған Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы 208 педиатрия учаскесін жаңадан ашты. Яғни, қазір елімізде 2058 педиатрия учаскесі бар. Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, қазір кей емханаларда педиатрия учаскесі болса, кейінде педиатрлар бейінді маман ретінде қарастырылған. Ал бейінді мамандарға да (узкий специалист) тек отбасы дәрігерінің жолдамасы арқылы ғана өтуге болады. 

Учаскелік дәрігердің жүктемесі көп

Жалпы тәжірибелік дәрігерлер өз учаскесіндегі халықтың қандай ауруы болса да қарауға міндетті. Созылмалы ауруы барлар да бейінді мамандарға осы учаскелік дәрігер арқылы ғана бара алады. Яғни, жалпы тәжірибелік дәрігердің мойнындағы жүк жеңіл емес. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында министр Е.Біртанов олардың жүктемесін азайту бойынша жұмыс атқарылып жат­қ­анын жеткізген еді. 2016 жылы әрбір учаскеге дәрігерге жүктеме 2074 тұр­ғыннан келсе, 2017 жылы 1981 адам болған. Былтыр әр учаскедегі пациенттің саны 1773-ке дейін азайтылған. 

«Бейінді мамандар көпшілікке тәулік бойы қызмет көрсететін стационарлар мен клиникаларда жұмыс істейді, ал амбулаторлық қабылдауды олар кеңес беруші ретінде күніне бірнеше сағат қана жүргізеді. Өйткені бейінді мамандарды даярлау ұзаққа созылатын қымбат шара. Сондықтан елімізде бейінді мамандар тапшы. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде де бейінді маманның қабылдауын бір аптадан бірнеше айға дейін күтеді. Ал оларға учаскелік дәрі­гер арқылы өтуді енгізудегі мақсат – кезекті азайту. Бұған дейін біздің емханада да бейінді мамандарға кезек мәсе­лесі болған. Әрине, бұл мәселе толық жойылған жоқ, бірақ бүгінде бейінді мамандарға кезек әжептәуір азайды. Бұрын пациенттер оларға өз бетімен, көр­сеткішсіз жүгінетін болса, қазір тұр­ғын­дар жаңартылған талаптарға бейім­­делуде», дейді Астана қалалық №11 ем­ха­на­ның бас дәрігері Жаңалық Сағандықов. 

Сондықтан да жалпы тәжірибелік дәрігердің алдына баратын тұрғындар қатары әлі азаймай тұр. Бұл бір жағынан олардың жүгін жеңілдетпей отырса, екінші жағынан дәрігердің әр аурудың бетін ғана сипап өте ме деген сенімсіздікті сейілтпей отыр. «Бір учаскеде бір дәрігер, үш мейірбике және шектеулі тұрғындар болады. Учаскелік дәрігер пациентті толықтай қарайды. Ал бейінді мамандар өзінің саласына қатысты ғана тексереді, емдейді. Кейбір науқастар бір-бірімен байланысты көптеген аурулармен ауырады және оның ауруларын басқыш бойынша емдеуге тура келеді. Мұндай жағдайда жалпы тәжірибелік дәрігер профилактикалық бақылау жүр­гізеді. Екінші жағынан, ауылды жер­лерде бейінді мамандар жетіспейді. Сон­дық­тан да пациентті жан-жақты қарау учас­келік дәрігерге жүктеледі. Яғни, шетел­дермен салыстырғанда елімізде тұр­ғын­дар бейінді мамандарға 4 есе көп барады. Бұл пациенттердің учас­ке дәрі­геріне сенімсіздігінен екенін, кей жағ­дайда олардың шынымен білікті­лігі төмен екенін мойындауға тура келе­ді. Сондықтан ауруды басқару бағдар­лама­сына сай биыл барлық учаске дәрігерлері мен мейірбикелерін оқытып жатырмыз. Осылайша, созылмалы ауруларды дұрыс қадағалай алатын деңгейге жет­кіз­бекпіз», дейді Медициналық көмек­ті ұйымдастыру департаменті Амбула­то­риял­ық-емханалық және жедел меди­циналық көмек басқармасының басшысы Б.Жүсіпов.

Әрине, денсаулық – Алланың аманаты, оны күтуге әр адам өзі жауапты. Алайда, басың ауырып, балтырың сыз­даға­нда ақ желеңді мамандарды демеу тұ­та­тынымыз бар. Бірақ туғаннан қар­тай­ғанға дейінгі денсаулықты бір ғана от­ба­сылық дәрігерге сеніп тапсыруда жұрт­шылық пікіріне жүгінген де жөн сияқты. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»