Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты баяндап, журналистердің сауалына қарай көпшілікті толғандырған өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
2021 жылдың 5 айында өңірлердің даму қорытындысына сәйкес Маңғыстау облысы өте жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Алдымен осыдан бастаған Серікбай Трұмовтың айтуынша, өңір өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары және тұрғын үйді іске қосу сауда, көлік қатынасы, яғни экономиканың барлық 7 бағыты бойынша оң өсімге қол жеткізді.
– Биыл 5 айда өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 4,5% өсіп, 63,5 млрд теңгені құрады. Мысалы, минералды тыңайтқыштар, битум, мұнай өнімдерін өндіру біршама өсті. Ақтаудағы Каспий битум зауыты аталған мерзімде жалпы елімізде өндірілген жол битумының 48%-ын қамтып отыр. Биыл бұл салада жалпы құны 21 млрд 700 мың теңге болатын 8 жаңа жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, 200-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сонымен қатар Маңғыстау облысы – инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде облысқа тартылған инвестиция көлемі 5 айда 12,9%-ға артып, 216,1 млрд теңгені құрады. Биыл облыста 270 млрд теңгеге жуық қаржыға 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 2 600 адамды жұмыспен қамту көзделген. Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1 800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 5 жоба жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймағының тиімділігі мен толымдылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасына сәйкес сапалы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда, – деді С.Трұмов.
Оның айтуынша, Маңғыстау – Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарда эко, этнотуризмді дамытуға мүмкіндік зор. Бұл мақсатта кешенді жоспар жасақталып, саланы жетілдіру бағыттары айқындалды. Былтыр өңірге 160 мыңнан аса турист келген. Биыл Маңғыстауға 200 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде. Былтыр теңіз жағалауында «Риксос» туристік кешені іске қосылған. Күні бүгінге дейін бұл қонақүйге 124 мыңнан аса адам демалуға келген. Ал биыл жыл басынан бері 46 мыңнан аса адамды қабылдады. Бұл қонақүйге 600-ден аса тұрғын жұмысқа орналасты, бірнеше жергілікті тауар өндірушілер және қызмет көрсетушілермен келісімшарттар жасалды. Бұл келісім облыстағы шағын және орта кәсіптің жандануына септігін тигізіп отыр.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен қаржы бөлініп, Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда. Курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында ірі компаниялар жаңа қонақүйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық саябағының құрылысын жүргізуде. Бұл жобаларға 180 млрд теңгеден аса инвестиция тарту арқылы 1600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінде ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын іске асыруда.
– Өңір экономикасын әртараптандырудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығын дамыту. Биыл 5 айда ауыл шаруашылығының 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3% өсім қамтамасыз етілді. Осы жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы 8 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Биылға жоспарланған инвестициялық жобалардың ішінде жақында құс фабрикасы ашылды. Бұл фабрикада жылына 5 мың тонна тауық еті өндіріледі. Аталған кәсіпорын болашақта тауық етіне деген ішкі сұраныстың 50%-ын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен қатар Мұнайлы ауданы 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауытты іске қосты. Жыл сайын жылыжайлар алаңын 7 гектарға ұлғайта отырып, бақша және көкөніс өнімдерін 10%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта қазіргі таңда Aktau Green House компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлерге жылыжай алаңдарын көбейту үшін арнайы жер телімдері беріліп, арнайы жұмыстар басталып кетті. Аталған жылыжай іске қосылған жағдайда кемінде 22 мың тонна өнім алуға болады. Бұл ішкі нарықты 35-40%-ға дейін өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар әкім өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұрақтандыру қоры қалыптасып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 11 түрі бойынша 2 мың тонна қор жасақталды. Аталған азық-түлік бағаларын төмендету және ұстап тұру мақсатында облыста барлық сауда желілерімен меморандумдарға қол қойылды. Сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылатын «Әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылды.
С.Трұмовқа журналистер тарапынан қойылған сұрақтардың ішінде қуаңшылық мәселесі жиі қозғалды. Өз кезегінде өңір басшысы бұл жағдайды барынша реттеу амалдары жасалып жатқанын айтты.
– Биыл қыста қардың, көктемде жауын-шашынның түспеуі мал өсіріп отырған шаруаларға қиындық тудырып отыр. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылды. Өлкенің жеке шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін жақын орналасқан Ақтөбе облысымен келіссөздер жүргізілді. Оның ішінде мал азығын қажетті мөлшерде жеткізуге және Маңғыстау облысының шаруашылықтарына жайылымдыққа, шабындыққа жер учаскелерін беруге келісілді. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды бастап кеттік. Жергілікті бюджеттен мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Көрші облыстардан тиелген жем-шөп өңір шаруаларына жеткізілуде. Сонымен қатар орын алған жағдайға байланысты құрамында Ауыл шаруашылығы, Экология министрлігі өкілдері, Мәжіліс депутаттары, республикалық «Қазгидромет» басшысы, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылып облыстың қазіргі жағдайымен танысты, жергілікті халықпен кездесті. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізу, Үкімет тарапынан қолдау көрсету қажеттігі бойынша ұсыныс беріліп жұмыс жалғасуда. Осы жұмыстар аясында «Азық түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы 1 700 тонна арзан бағада арпа алдыру жоспарланып отыр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, Маңғыстауда жауын-шашынның мөлшері қажетті норманың 17% құрап отыр, – деді С.Трұмов.
Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясынан жем-шөп алу бойынша тиісті қаражат бөлінді, 15-20 маусымға дейін 10 вагон жем жеткізіліп, шаруашылықтарға жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, көктемде 1 мыңнан аса мал басы өлген. Бұл жағдайлар бойынша сараптамалық комиссия жұмыс істеуде, тиісті шешімдер қабылданады.