• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Наурыз, 2022

«Қазақстан халқына» түйткілді мәселелердің түйінін тарқатады

301 рет
көрсетілді

Қай мемлекетің болсын әуелгі парызы – тұрғындардың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыру, мұң-мұқтажына құлақ түріп, өтініш-тілегіне зер салу. Себебі әуелгі назар әлеумет мәселесіне аударылғанда ғана ел ереуілге шықпайды, қоғамның шырқы бұзылмайды. Жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы отандастарымызға осы ақиқатты аңғартты. Бұл ретте елімізде қордаланған мәселелерге қозғау салатын «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылған еді.

Алдағы бағыт айқындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында егемен елімізді өркендетіп, Жаңа Қазақстанды қалыптастыратын басым бағыттарды айқындай келе дәл осындай тапсырма берді. «Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-əлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мəселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мəдениетті қолдаймыз. Алматының сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен əскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл Президенттің, Үкіметтің неме­се басқа мемлекеттік органның қоры бол­май­­ды. Бұл – барша қазақстандықтың қоры, халықтық қор болмақ. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Бар­­лық ақпарат ашық болады.

Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Осы мерзім аралығында аталған Қор­дың төрағасы мен Қамқоршылық кеңе­сінің мүшелері сайланды. Жуырда Ор­талық коммуникациялар қызметі ала­ңында өткен баспасөз мәслихатында Қор­дың қандай міндеттері бары және ол мін­дет­терге қалай қол жеткізілетіні туралы «Қа­зақстан халқына» қоғамдық әлеу­мет­тік қорының қамқоршылық к­е­ңе­сі­нің тө­ра­ға­сы Юрий Пя егжей-тег­жейлі баяндап берді. Оның айтуынша, ең бастысы, Қор өз бағытын айқындап алды.

– Қолдау көрсетілетін төрт негізгі бағыт – денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет, сондай-ақ төтенше жағ­дайлар салдарынан зардап шек­кен­­дерге көрсетілетін көмек. Қор мін­дет­тері мемлекеттік органдардың негіз­гі қызметтерін қайталамау екенін тағы да атап өту маңызды. Егер құры­лы­мына келсек, Қор атқарушы орган – Б.Жәмішев мырза басқаратын бас­қар­ма­дан, сондай-ақ бақылаушы органнан, яғни қамқоршылық кеңестен тұрады. Бұл құрылымның әрқайсысының өз қызметі бар. Тікелей көмек көрсету тура­лы шешімді Қор басқармасы қабыл­дайды. Ал қамқоршылық кеңесі қыз­мет­тің стратегиялық бағытын бекітеді. Қамқоршылық кеңесінің құрамы кеңес­тің әрбір мүшесінің кәсіби білік­ті­лі­гі мен дағдылары Қор жобалары бойынша негізделген шешімдер қабыл­дау­ға мүмкіндік беретіндей етіп қалып­тас­тырылды. Өздеріңіз білетіндей, Қам­қор­шы­лық кеңес қоғамдық бастамаларда жұмыс істейді, – деді Ю.Пя.

 30 мыңнан аса өтініш түсті

Қайырымдылық көмекке қатысты барлық өтініш Қорға электронды портал арқылы келіп түседі. Бүгінде 30 мың­нан аса өтініш келіп үлгерді. Оның 70%-­ Қордың негізгі міндеттеріне сәйкес келмейді. Мұны «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді. Бұл негізінен тұрғын үй сатып алуға және несиелерді өтеуге байланысты болып отыр. Қалған өтінімдер, негізінен, Қор анықтаған жар­ғы­лық міндеттерге сәйкес келеді. Бірақ оның өзі қатаң іріктеуден өткізілуі керек.

– Адамға көмек керек болып тұрған жағ­дайда да, кейбір кезде ешқандай құ­жаттар болмайды. Біз бастап­қыда бол­жағанымыздай, олардың қолда­уы­мен өтініште баяндалған барлық фак­тіні растау үшін қайырымдылық ұйым­дарымен жұмыс істеуіміз керек. Біз осы жұ­мыстарды қолға аламыз. Сон­дық­­тан осы бастапқы ұйымдастыру кезе­ңінде Қор бағытына сай келмейтін өтінімдер өте көп келіп түскен кезде қызметкерлеріміз жұмыстан қол үзіп, онсыз да өте шектеулі штаттың уақытын алады. Біз бұл қиындықты еңсереміз һәм өтінімді қарау мерзімі қысқаратындай етіп жұмысты ұйымдастыруға көшеміз, – деді Б.Жәмішев.

Қордың ресми порталында спорттық инфра­құрылым нысандарының қолже­тім­ді­лігін қамтамасыз ету, білім беру, әлеу­меттік қорғау, мысалы, био­ни­ка­лық протездермен қамтамасыз ету сала­ларындағы жүйелік жобаларға қойы­латын талаптар орналастырылады. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­ның алғашқы жобасы – ДЦП-мен ауыратын балаларды денешынықтырумен айна­лы­суға тарту тәжірибесін кеңейту. Қор басшысы Б.Жәмішев осылай деп отыр. Екінші жоба – жұлын-бұлшықет атрофиясы бар балалар үшін аса қымбат дәрілерді сатып алу.

– Осы күннің өзекті мәселесі орфан­дық аурулар болып отыр. Бұл жағ­дай ең алдымен осындай дертке шалдық­қан науқастарға көмек көрсетудің қан­ша­лықты маңызды екенін еске салады. Мен Шәрбаттың отбасына көңіл айтамын. Біз оны емдеу үшін әлемдегі аса қымбат препаратты сатып алу туралы шешім қабылдадық. Бірақ кеше бала қайтыс болды. Бұл – өте ауыр дерт. Ол ағзадағы генетикалық ауытқулармен байланысты болып отыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен орфандық ауру­лар­мен ауыратын науқастарды дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз ету жөніндегі өкі­л­ет­­тігімізді бөлісуге тиіспіз деп айт­қым ке­леді. Бұл ауру балалардың ата-аналары мен дәрігерлер кімнің не үшін жауапты еке­нін білуі үшін қажет. Осы бағытта жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл – өте күр­делі жұмыс. Біз бұл мәселені қысқа мерзімде шешеміз, – деді Қор басшысы.

Жарым көңіл жандарға жан-жақты қолдау

Сонымен қатар қамқоршылық кеңес қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына (21 адам), осы санаттағы ауыр жа­ра­қат алғандарға (94 адам), қаза тап­қан балалардың отбасыларына (3) және жараланған балаларға (4), қаңтар оқиға­ла­рының кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан азаматтық тұлғалардың отбасыларына (25 адам), көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қаза тапқандардың әр отбасына 7 млн теңге көлемінде, ал ауыр жарақат алғандардың әр отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді.

– Бұл жаңалық баспасөзде күні бүгін ғана шықты. Солай бола тұра бір­­қатар сұрақ пайда болатыны анық. Күш­­тік құ­рылымдардың басшылары ұсын­­ған ті­зімдер, әрине, күмән тудырмай­ды. Аза­маттық тұлғалар тізіміне келе­тін болсақ, біз омбудсмендерден ал­ған тізімдерді назарға алдық. Олар – Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Аружан Саин және Адам құқықтары жө­­ніндегі уәкіл Эльвира Әзімова. Олар бей­біт тұрғындардың қайтыс болуының бар­лық фактісін білмейтіні түсінікті. Алайда оларға жүгіну негізінде, кейбір резонанстық істерге сүйене отырып, олар біз назардан тыс қалдыра алмайтын 2 тізім жасады. Құзыретті ор­ган­дармен бірге осы адамдардың өлі­мінің мән-жайын егжей-тегжейлі анық­­т­ап алуымыз керек. Содан кейін ғана кө­мек көрсетіледі. Омбудсмендер тізі­мі­­не кездейсоқ енбеген бірқатар тұлға бо­йынша шешімдер санаулы күнде қабылданады. Басқаларына қатысты шешімдер кейінге қалдырылуы мүмкін. Себебі тергеу органдары бұл адамдардың өлімінің мән-жайын әлі де анықтап жатыр, – деді Б.Жәмішев.

Бұған қоса Қорда портал арқылы жү­­гінген мұқ­таж адамдарға атаулы әлеу­­­меттік көмек көрсету мәселелері пы­сық­­талуда. Ол үшін жергілікті ат­қа­ру­­шы орган­дардың басшыларына көмек көр­­се­ту жө­нінде өз ұсыныстарын және аса мұқтаж азаматтардың тізімін әзірлеу бо­­­йынша ұсыныс жасалды. Қор төра­ғасының орынбасары Ләззат Шыңғыс­баеваның айтуынша, «Қа­зақстан халқына» қоғамдық қоры еш­кімге баспана сатып бермейді. Банк­тегі несиелерді өтемейді. Қор қиын жағ­дайға душар болған отбасыларға қол­ұшын созады.

– Жалпы, өтінімдердің барлығы күн сайын мұқият қаралады. Жергілікті атқа­ру­шы органдармен жұмыс жолға қо­йыл­ды. Олар 5 наурызға дейін жергілікті жерлерде де қандай отбасыларға көмек керек екені туралы өз ұсыныстарын беруі тиіс. Өтініштердің барлығын қарас­ты­рып, қорытындысын айтамыз, – деді Л.Шыңғысбаева.

Оның айтуынша, отандастарымыз үйде интернет болса, ешқайда бармай-ақ смартфон немесе компьютер арқылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының сайтында өз өтінімін бере алады. Дұрыс толтырылмаған өтінімдерді қарауға уа­қыт көп жұмсалатындықтан, оған аса мұ­қият болып, жалпы жағдай туралы егжей-тегжейлі жазған абзал.

 Орфандық ауруларға шалдыққан отандастарымыз көп

Мемлекет басшысы «Қазақстан хал­қына» қо­ғамдық әлеуметтік қоры сирек ауру­ға шалдыққан балаларға кө­мек көр­сететінін айтқан еді. Бұл ретте Қор­дың Қамқоршылық кеңесінің мү­ше­­сі, «Орфандық аурулармен ауыра­­тын науқастарға көмек көрсету қауым­дас­­тығы» ЗТБ құрылтайшысы Бақыт Байғалиеваның айтуынша, Қорда сирек кездесетін орфандық аурулармен ауыратын науқастармен жұмыс істеу жөніндегі комитет құрылғанын жет­кізді.

– Мен Қорға сеніп, бірінші бағытта орфандық аурулары бар науқастарға көмек көрсеткен ел Президентіне зор алғысымды білдіремін. Бүгінде елімізде орфандық аурулары бар 40 мыңға жуық пациент және 27 мың бала бар. Біз комитет отырысында қарап, шешім шығарған алғашқы өтінімдер қабылданды. Яғни жұлын-бұлшықетінің атрофиясы сияқты сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастарға қолұшын созамыз. Біз бұдан тыс қала алмадық. Себебі бұл аурумен 5 жылдан бері айналысып келеміз. Науқастар көмексіз қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға, ден­сау­лық сақтау басқармаларына ай­та­рым, бүгінде көптеген науқасқа көмек көрсетілмейтін үрдіс бар. Бізге осын­дай қоңыраулар келіп түседі. Осы мәселені барлығымыз бірігіп, жүйе, мемлекет деңгейінде шешуге шақырамын. Себебі «Қазақстан халқына» қоры мемлекеттік қыз­меттердің атқармайды. Осы мәсе­ле­лерді жүйелі түрде бірлесіп шешуге тиіспіз, – деді Б.Байғалиева.

Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған, қаза тапқан азаматтардың, күштік құрылымдар қызметкерлерінің тағдыры адамзат баласын алаңдататыны анық. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қамқоршылық кеңе­сі­нің мүшесі Қайырбек Сүлейменов қай­ғылы жағдайға душар болған қазақ­стан­­дықтарға қандай көмек көрсетіле­тінін түсіндіріп берді.

– Тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан асығудың, уайымдаудың қа­жеті жоқ. Тізімдер толықтырылады. Біз мәселенің анық-қанығына жетуге тырысамыз. Алайда сот-медициналық сараптамалар мен тергеу амалдары ұзаққа созылып жатыр. Қор өз жұ­мысын бастаған соң мемлекет бірден мұқтаж науқастарға, қиын материалдық жағдайдағы адамдарға көмек көрсету қаржысын азайтады, не болмаса қыс­қартады деуге болмайды. Басқа қа­йырымдылық қорлары да өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бір айда 30 мың өтініш келіп түсті. Олардың үштен екісі құзыретімізге сай келмейді. Сондықтан Қордан көмек күткен көп адамның көңілі қалуы да мүмкін. Біз бә­ріне бірдей көмектесе алмаймыз. Алайда көмек көрсетілетін адамдарға әділ­дік, адалдық және объективтілік қам­та­ма­­сыз етіледі деп айта аламын, – деді Қ.Сүлейменов.

Адамдар ауыр жағдаймен жалғыздан-жалғыз қалмағанын, қандай да бір қолдау бо­латынын сезінсе, алдағы күнге деген сенім, жігер пайда болады. Үміті үзілмейді, тауы шағылмайды. «Қазақстан халқына» қоры құрылған кезде осындай ойда қалған едік. Сол сенімге селкеу түскен жоқ. Ең бастысы, жұртқа қамқор, көңілге демеу болатын қозғаушы күшіміз бар. Ендігі мақсат – осы Қордың көсегесін көгерту, қоржынын құр қалдырмау. Қалталы кәсіпкерлер қомақты əрі тұрақты ауда­рымдар жасауды жалғастыра береді деп сенеміз.